2017-06-08 (0) (10531)

Белгілі қари Мишари Рашидтен Құранға байланысты 16 кеңес

Белгілі қари Мишари Рашидтен Құранға байланысты 16 кеңес

 

1. Құранды Алла разылығы үшін жаттау.

Кейбір кісілер Құранды басқалардан (жаттағандардан) қалып қалмайын деп, немесе мақтану үшін жаттайды. Алайда, бұл – дұрыс емес. «Амалдар ниетке байланысты» деген хадисті көптеген имамдар, оның ішінде имам Бухари мен имам Муслим өзінің еңбектеріне осы хадисті басшылыққа алған.

2. Құран жаттау алдында  жоспар құру.

Мысалы, «бір аптада Құранның бір бетін жаттаймын» немесе «бір күнде 3-4 қатар жаттаймын» деген сияқты жоспар құру.

3. Өз уақытың мен іс-әрекеттеріңді реттеп алып, Құранға бөлінген уақыттарыңды жіберіп алмай, табандылық таныту.

Яғни, апта күндерінің ішінде қай күні босайтыныңызды анықтаңыз. Сол босаған күнге Құран уақытын белгілеп, өзіңізге кесте құрыңыз.

4. Өзіңе тиімді уақыт пен ыңғайлы орынды таңдап ал.

Мысалы, үйде кішкентай балалар көп болса немесе үйде қандай да бір ыңғайсыз жағдайлар туындаса, өзіңіздің бөлмеңізге кіріп жаттаңыз немесе мешітке баруыңызға да болады.

5. Құран жаттауда өзіңе жеке бір Құран кітабын арнағаның жөн.

Яғни, Құран жаттағанда тек бір ғана Құраннан жаттаған дұрыс. Себебі сол Құранның әріптері мен аяттардың орналасу тәртібіне көзіңіз үйренеді. Бұл есту бен көру арқылы есте сақтау қабілетін күшейтеді.

6. Алғашқыда кездесетін қиындықтарға шыдамдылық пен төзімділік танытыңыз.

Құран жаттай бастағанда әркімнің басынан өтетіні – әріптерді дұрыс шығармау. Құрандағы қиын сөздердің дұрыс айтылуына мән беріп, тіліңізді сындырыңыз. Осы кездегі қиындықтарға сабыр етіңіз. Себебі спортпен шұғылданған кісі бастапқыда әбден қиналады. Сол сияқты бастапқыда қиналу ол заңдылық.

7. Жаттаған сүрелеріңізді ұстазға тексерткеніңіз абзал.

Ең көп оқылатын «Фатиха» сүресінің өзінде қате кетіп қалып жатады. Өзіміз қанша оқысақ та, қатемізді байқамауымыз мүмкін. Сондықтан жаттаған сүрелеріңізді ұстазбен отырып талқылап, қателерін түзеткізіп тұрыңыз.

8. Жаттаған аяттарыңыздың қысқаша тәпсірін біле жүріңіз.

Құран сүрелерін жаттаумен қатар олардың қысқаша мағынасы мен тәпсірін біле жүріңіз. Құранды арабшасынан оқығанның сауабы көп, ал мағынасын түсініп оқысаңыз сауабы одан да көп болады.

9. Егер айналаңыздағы адамдарға кедергі келтірмейтін болсаңыз, Құранды дауыстап оқығаныңыз жөн.

Себебі, дауыстап оқысаңыз әріптердің дұрыс шығуына себеп болады, сондай-ақ, өзіңізден естіген аяттар есіңізде жақсы қалады.

10. Жаттаған сүрелеріңізді  жиі-жиі тапсырып тұрыңыз.

 Қасыңыздағы туыстарыңызға,  достарыңызға  жаттаған сүрелеріңізді жиі-жиі тапсырып тұрыңыз. Себебі, өзіңіз қате жаттап қалуыңыз да ғажап емес. Ал өзіңіздің қате жаттағаныңызды өзіңіз байқамауыңыз мүмкін.

11. Жаттаған сүрелеріңізді намазда оқыңыз.

Бұл тәсілдің пайдасы көп. Біріншіден, жаттаған сүреңізді қайталаған боласыз, екіншіден, намазда дүниені емес, тек сол жаттаған сүренің аяттарын ойлап тұрасыз. Үшіншіден, Құранды ашып оқыған мен Құранға қарамай оқығанның айырмашылығын сезесіз.

12. Құран жаттаудағы зейініңіз артсын десеңіз, күнәға бой алдырмаңыз.

Алладан білім сұрап, дұға етіңіз. /Аллаһумма зидни ъилмә/. Күнә жасамауға тырысыңыз, себебі күнә істегеніңіздің себебінен Алла біліміңізді алып қоюы мүмкін.

13. Жастығыңызды пайдаланып көп Құран жаттап қалыңыз

Егер жас болсаңыз, жас ерекшелігіңізді пайдаланып, есте сақтау қабілетіңіз әлсіремей тұрғанда Құранды көбірек жаттауға тырысыңыз. Өйткені жас келгенде қабілетіңіз төмендеуі мүмкін.

14. Құран оқу мен жаттауда Алладан жалқаулықтың кесірінен пана сұраңыз.

Құран жаттау барысында бойыңыздан жалқаулықтың, еріншектіктің белгілері көрінуі мүмкін. Осы кезде Алладан жалқаулықтың кесірінен пана сұрап дұға қылыңыз.  /Аллаһумма инни әъузу бикә минәл-ъажзи уәл-кәсәл/.

15. Құран жаттаушы адам өзінің тамақтану уақыттарына көңіл бөлуі қажет.

Себебі, тамақтанудан кейінгі тоқтық адамның ұйқысын келтіріп, маужыратып жібереді.

16. «Осы жетеді көп жаттап қойдым» деп өз-өзін алдамағаны жөн.

Егер біршама Құран аяттарын жаттасаңыз, сонымен қанағаттанып қалмаңыз. «Көп жаттап қойдым, енді біраз уақыт жүре тұрсам болады» деген ойға алданып қалмаңыз. Себебі, олай ойлау Құраннан біраз уақыт қол үзіп қалуыңызға себеп болуы мүмкін.

10531 рет оқылды