2016-04-11 (0) (11163)

Кемеңгер ананың келешек ұрпаққа айтқан өсиеті!

Кемеңгер ананың келешек ұрпаққа айтқан өсиеті!

 

Құлыным!

...Сенің тілеуіңді, жаратқан Жалғыз Алланың алдына сәждеде құлап тұрып, езіліп жылап тұрып, өзге түгіл өзін де ұмытып тілейтін жалғыз жан бар, балам. Ол ‒ сенің Анаң...

Балам, мен сені Раббымнан, ізгі бір ұрпақ болса деп, сұрап алғам. Құрсағыма бітпей тұрғаныңда-ақ, сен анаңның дұғасында болғансың. Жаратқанға талпынып, дұғамда табанды болып, өзіңді сұрайтынмын. «Ия, мейірімділердің ең Мейірімдісі! Құдіретті, Жоқтан бар етуші, Ұлы Аллам! Маған ана болу бақытын сыйлашы! Мені де бір ізгі ұрпақпен несібелеші! Өзің разы болатын, Өз қасыңда «шыншыл!» деп жазылатын, тек бір Өзіңе құлшылық жасап өтетін, соңымыздан кешірім, дұға тілейтін, Қияметте тәж кигізетін хайырлы бір ұл берші!» ‒ деп тілейтінмін.

Сенің пайда болуыңды аңсап, кеудемді сағыну, жүрегімді мейірім кернегенде, бір тамшы боп жатырда жаратыларыңнан алдын мен жасырын Аллаға жылайтынмын. Сен, бәлки, менің қабыл болған дұғамсың...

Сағына жеткен тілеуіңнің тәттісі-ай десеңші. Аса Мейірімді Алланың жомарттығында шек жоқ қой. Әл-Хамид, әл-Мужиб Раббым тілегімді қабыл етіп, тәп-тәтті ғып сені берді, құлыншағым. Елжіреп емізіп, жұпар иісіңе елітудің ләззатына малындырды. Шүкір Аллаға!

Міне, содан бері қызығыңа тоймай, қолымнан келгенше бір Алланың жәрдеміне арқа сүйеген халде тәрбиелеп келемін!

Балапаным, тал бесіктен алдын, тоғыз ай бойы намазымда тербелдің. Бесік жырымнан бұрын, құрсағымда Құран үнін тыңдап жетілдің. Ана сүтімнен алдын, кіндігіңнен тек қана астың адалы өтуі қадағаланған баласың. Отыз күн оразада аштығыма, сабырыма ортақтасқан данамсың...

Ендеше, ұлым, сені сый қылып берген Раббыма шүкір етуіме көмектес. Көзімнің қуанышы бол! Сені көргенде, Алла тағала және Ақырет еске түсетіндей шыншыл бол! Енді, біз, жаратылғандағы таза болмысымызды сақтауға, әл-мисақтағы уәдемізді орындауға міндеттіміз. Өйткені, Алла бізді тек Өзіне құлшылық етуіміз үшін жаратқан, балам.

Сен бізге сый болып берілдің, сонымен қатар, сынақ та боп тапсырылдың. Ақырет күні, мен сенің анаң болғаныма, ал сен менің балам болғаныңа өкінбеуіміз үшін, мен саған имани тәрбие беруге жауапкермін, ал сен анаңды тыңдауға, құлақ асуға міндеттісің.

Құлыным! Жастығыңда жиған білім, қарттық келгенде қазынаға айналады. Бұл өсиеттер екі дүниеңе пайда келтіргей деген ниетпен жазып отырмын. Ұғып алуға ұмтыл, ұлым! Амалыңда асыруға тырыс.

Ақылдым! «Алланың хақысын сақтағын. Сонда Алла да сені сақтайды. Еш уақытта Алланы есіңнен шығарма. Сонда Ол да сенімен бірге болады. Бір нәрсе қажет болса, оны тек Алладан сұра. Жәрдем керек болса, оны да жалғыз Алладан тіле. Біл! Бүкіл үммет жиналып, сен үшін қандай да бір пайда келтірмек болса, Алланың жазғанынан артық пайда келтіре алмайды. Сондай-ақ, олар саған бір зиян тигізуге жиналса да Алланың жазғанынан артық зәредей де зиян тигізе алмайды...» (Ибн Аббастан, Алла оған разы болсын, Тирмизи, Ахмад)

Алла тағала кешірмейтін ең үлкен күнә ‒ Оған серік қосудан жан-тәніңмен сақтан! Аллаға серік қосудан сақтайтын, пайғамбарымыз үйреткен, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Ия, Алла! Біле тұрып Өзіңе серік қосудан мені сақта және білмегенімді кешіре гөр!» /Аллаһуммә инни әъузу бикә ән ушрикә бикә уә әнәә аъләму, уә астағфирука лимәә лә аъләму/» ‒ дұғасын дәйім айтып жүр. Бұл дұғаны әр намазыңда ықыласпен қайтала.

Қайда болсаң да намазыңа мұқият әрі берік бол! Өйткені, кім намазын жоғалтар болса Алладан алыстай бастайды.

Хафизім! Құраннан қол үзбе. Сенің күнделікті амалдарыңның ішінде: Құран оқу, аяттарға терең үңіліп, ой жүгірту - сенің дәрежеңді көтеретін ең құнды амал балам.

• Ұлым! «Адамдардың дүниеге асыққанын көрсең, сен ақыреттік сауапты істерге асық!  Алланы еске ал! Сонда, Оны еске алып, зікір етсең, әрбір тас та, кесек те саған дұға қылады. Мұсылмандардың біреуін де жек көрме, шынында мұсылмандардың ең кішкентайының өзі Алланың алдында үлкен»! (Әли ибн Әбу Тәліптен, Алла оған разы болсын)

Барлық ісіңде Алла тағалаға жүгін. Ісіңді Оған тапсыр. Алла тағала тәуекел етушілерге жеткілікті. «Егер адам басқа адамдардан көмек сұрайтын болса, ол өзінің мұқтаждығынан ешқашан құтыла алмайды. Ал, егер, кім Алладан сұрайтын болса, онда Алла ерте ме, кеш пе оның ризығын жібереді» (Ибн Масъуд р.ъ. әбу Дауд, Тирмизи)

Қайда болсаң да Алладан қорық! Уаһб ибн Мунаббиһ: «Алладан қорқумен тең келетін бірде-бір ғибадат жоқ», ‒ деген. Раббыңның «әр-Роқиб» ‒ әрдайым Бақылап тұрушы екенін естен шығарма.

Имансыздықтан ‒ иманға, надандықтан ‒ ілімге, күнәлар мен бағынбаудан ‒ бойсұнуға, қаперсіздіктен ‒ қырағылыққа, естілікке, парасаттылыққа қарай жүгір! Алла тағала жек көретін нәрсенің бәрінен аулақ бол!

Жан балам! Жүрегіңді үнемі бақылап отыр. Оны таза ұста, кірлетпе. Өкпе, реніш, ыза мен кек, қызғаныш пен тәкаппарлықтан тазарт! Өйткені, Қиямет күні Алла алдына сау жүрекпен барғандар ғана құтылады. Алла тағала түріңе, байлығыңа емес, жүрегіңнің тазалығына қарайтынын ұмытпа.

Құлыным! Жарлы болсаң да, арлы бол! Алладан өзге, ешкімнен ешқашан ештеңе дәметпе! Сонымен қатар, атақ қума, танымалдылыққа, биік мансапқа талпынба. Бұл дүние қандай жалған болса, ондағы табыстар мен жетістіктер де сондай өткінші. «Шынында, Алла тағала Өзінен қорқатын, ешкімге алақан жаймайтын арлы, адамдар арасында елеусіз және құлшылығы мен ізгі амалдарын жасырын түрде жасайтын құлын ерекше жақсы көреді» (Муслим)

Балапаным, таңғы және кешкі уақыттағы Алланы еске алу дұғаларын амалыңнан тастама. Ол амалды орындаудың астарында біз білмейтін үлкен жақсылықтар мен екі өмірдің амандығы бар. Орайы келген сәттің бәрінде де Алладан үнемі, өте көп кешірім тілеуші әрі шүкіршіл бол! Айша анамыз, Алла оған разы болсын: «Кім өз кітабында (яғни, амал кітабынан) кешірім өтінгені туралы (жазуды) көп тапса, сол игілікке бөленді дей беріңіз», ‒ деген.

Сабырлым, басыңа бір қиындық түссе, Алладан күдер үзбе. Ондай сәттерде бір басыңдағы сансыз нығметтерді сана. Шынында, Раббымыздың бізге берген нығметтері қиындығымыздан әлдеқайда көп.

Алтыным, айналаңа тек Алладан қорқатын аманатшыл, шыншыл, ілімге талпынушы достарды жина. Ондай достар Алланы еске түсіреді. Иманыңды қуаттайды. Оларға өзің де адал бол. Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Адам өзіне дос тұтқанның әдетін ұстанады, сондықтан әрқайсың кіммен достасқанына қарасын», ‒ деген. (әбу Һурайрада, Алла оған разы болсын, Ахмад, әбу Дауд, Тирмизи) «Ең жақсы дос ‒ Алла тағаланы еске алған кезіңде көмектесетін, ұмытқан кезіңде есіңе түсіретін адам», «Ең жақсы дос ‒ сөздері ілімдеріңді арттыратын, амалы Ақыретті еске түсіретін адам» (Хаким).

Мейірбаным, қолыңнан келгенше адамдарға пайдалы бол! Имандыларға барынша кішіпейіл, мейірімді, жұмсақ бол. Жаралы жүректерге қуаныш сыйлауға тырыс. Ізгі амалдың ешбірін, тіпті бауырыңа күлімдеп қараудың өзін азсынба.

Боташым, өз-өзіңе сүйсінбе! Алла тағала тәкаппарлар мен мақтаншақтықты жақсы көрмейді. Шаң тозаңындай тәкаппарлықтың өзі күнә ретінде жеткілікті. Нуъман ибн Башир, Алла оған разы болсын, мінберде тұрып: «Расында шайтанның тұзағы бар. Ол ‒ пенденің Алла тағаланың бергеніне шүкірлік етпеуі және Алла тағаланың бергенін «өзім таптым» деп маңғаздануы, бойын өзгелерден жоғары ұстауы мен нәпсіге беріліп, Алла тағаланың жолынан басқа жолға түсуі», ‒ деп ескертіпті. (Бұхари)

Құлыным! Қолыңа харам жұқпасын! Ішетін, жейтін тамағыңның халал болуына ерекше мән бер. Қарынды хараммен толтыруды ‒ отпен толтырумен бірдей көр.

Ұлым! «Пенде күнә жасаса да Алла тағала оның төрт нәрсесін үзбейді: оның ризығы тоқтатылмайды, денсаулығына зиян етілмейді, күнәсі халайыққа жария етілмейді және жазасын тез арада татпайды» (Саъд ибн Біләл, Алла оған разы болсын) Сондықтан, күнә жасап қойғаныңда, егер, оның жазасына жолықпай жатсаң, оған мәз болма. Күнәңді жалғастырмай, тез Аллаға бойсұнуға қайт. Ұмытпа, Алла тағала жақсы көрген құлының жазасын Ақыретке қалдырмайды, бұл дүниеде береді. Қаласа, жазаламай, кешіріп жібереді. Ең бастысы, күнәлардан барынша сақ бол!

Шыншылым! Өзгелер туралы тек қана жақсы ойда бол!

Өзге мұсылманды өзіңнен гөрі жақсы деп ойла. Ибн әл-Мубарак, өзгеге деген менсінбеушілігі бола тұра, тақуасынған бір кісіге: «Қашан үйіңнен шықсаң, көзің түскен қай адам болмасын, оны өзіңнен қайырлы деп сана», ‒ деген өсиет айтқан екен.

Ақылдым, кемшіліксіз Алла ғана! Егер біреу кемшілігіңді айтса, оған ренжіме. Сындарға сынып кетпе, сабырмен қабылда. Кейін, сол кемшілігіңді түзетіп алуға дағдылан. Айбатынан шайтан қорқып, жұрт қаймығатын, Омардай алып сахабаның өзі, Алла оған разы болсын: «Кім менің кемшілігімді айтса, соны Алла мейіріміне бөлесін», ‒ демеп пе еді?! Сен де кемшілігіңді айтушыға разы бол. Әрбір пенделіктен, иманмен көркемделген ер мінезің арқылы биік тұр!

 

...Балам, бұл ‒ саған айтылатын өсиеттердің басы емес, соңы да емес. Уақытыңды, жастығыңды, өміріңді босқа құртпа. Жақсы сөздер мен істер  жақсы адамға лайық. Жақсы адам жақсы сөздер мен іске лайық. Айтылған сөздерден пайда алып қалуға ұмтыл. Жүрегіңе тек жақсы сөздерді сіңір. Зікірді, өсиеттерді өзіңдікі болып қалғанға дейін қайтала. Ал, анаң, сенің табысқа жетуің үшін дұға жасаудан, Жомарт Раббысына, тілеуіңді тілеп жалбарынудан аянып қалмайды, ин шәә Алла.

 

Абдулланың Анасы

11163 рет оқылды