10:45 | Жас қари
2016-04-08 (0) (11441)

ЖАСТАРҒА 5 КЕҢЕС

ЖАСТАРҒА 5 КЕҢЕС

 

Жастық шақ – адам өмірінің көктемі, қайрат пен жігерге толы жалындаған кезең. Ол мөлдір бұлақ, тұнық бастау секілді. Жас кезінде  бейнеттенген адам қартайғанда зейнетін көреді. Қырықтың қырқасына шығып, өткеніне көз жүгірткен ақын Мұқағали Мақатаев бір өлеңінде:

Қырық...

Қырық...

Қай жерге тоқтар екен?

Жайлауында жастықтың жоқ па мекен?

Жастық – өлең, жігіттер,

Жастық – өмір,

Қалғанының барлығы оттау екен! –

депті. Ендеше, өзгелер секілді біздің де өкініп қалмауымыз үшін жастық шақта не істеу керек деген сауалдың төңірегінде төмендегі 5 кеңесті назарларыңызға ұсынып отырмыз:

 

1. Адам баласынан Қиямет күні ең бірінші сұралатыны – намаз.  Ендеше, намазға көңіл бөліңіз, егер білмесеңіз, үйреніңіз. Үлгеріп қалыңыз. Намазды демалысқа, зейнетке шыққанда оқимын деу немесе сондай ойда жүру – лағнеті шайтанның қақпанына ілігу ғана. Жас кезінде алған білімнің ғұмыры ұзақ болады. Әрі ол білім сіз үшін өмір бойы қызмет етеді.  Жас кезде сүре жаттау, Құран оқып үйрену де жеңіл. Оның үстіне «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» - дегендейін, жастайынан бес уақыт белін бүгіп, Жаратушысына шүкірлік еткен, Алламен байланыс жасап өскен жас бала болашақта да сырын бермеген, тың, қуатты, әлді болып қартаяды.  Намаз – адамды барлық арсыздықтан тыяды. «Жасында байқары жоқтың қартайғанда айтары жоқ» дегендей, кейінгіге сөзін тыңдата алатын қадірлі, өзгелерге өнеге болуға тұрарлық салмақты жан болуыңызға жол ашатын құлшылықтың түрі намаз деп аталады. Намаз ғаламның Иесі Алла алдындағы, адамдар арасындағы қадір-құрметіңізді арттырады. Көзіңізді, аузыңызды, құлағыңызды керексіз дүниелерден тыйып, рухани кемелденуіңізге жол ашады. Ақын М.Тазабек ағамыздың

 

Жігітті жастық шақта еркі жеңер,

Сеніммен ұсталмаса сертің егер.

Аллаға құл, адамға ұл болу ғой

Намазға кеп түйіссе тең тізелер, -

дейтін өлең жолдары соны меңзеген.

 

2. Жас кезіңізден ораза ұстап дағдыланыңыз. Ораза – адам бойындағы шақуатты, алып-ұшып тұратын албырттықты ауыздықтайтын кісен. Ораза – нәпсіні тежейтін тізгін. Онсыз да жыл бойы аузымыз тамақтан босамайды.  Бір ай ораза ұстау – адамды сабырлы, төзімді, көнбіс болуға тәрбиелейді. Жауапкершілікті арттырады. Ораза ұстаған адам өз бойындағы нығметтердің қадірін түсініп, айналасына мейірімді, жанашыр бола түседі.

 

3.Садақа беруге дағдыланыңыз.  Садақаның ең қайырлысы – өзің мұқтаж бола тұрып берген садақа. Жоқ кезде елу теңгесін қимаған адамның байыған соң елу мың теңге садақа бере қоюы екіталай. Сондықтан садақа беруге, жомарттыққа жас кезіңізден бой үйретіңіз.

 

4. Сенің мақсаттарың қаншалықты айқын болса да, жүрген ортаң, араласатын адамдарың өмірлік көзқарастарыңа, танымдарыңа әсерін тигізбей қоймайды. Қоғам, араласатын орта адамға тікелей ықпал ететін болғандықтан, айналаңызға барлау жасап, жақсы мен жаманды ажыратып, сұрыптай біліңіз. Көпті көрген, ойға көсем, тілге шешен ақылды, тәжірибелі, иманды адамдармен жолдас болу – адамды кемелдендіре түседі. Себебі, «Адам  - өз досының дінінде...» (Әбу Дәуд, Тирмизи). Достың ең абзалы - Құдайды ұмыттырмай, үнемі есіңе салып отыратыны. Дана Абай: «...Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген  кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», - деген (19-қара сөз). 

 

5.Кітап оқуды әдетіңізге айналдырыңыз. Кітап – ұстаз. Өмірді тануыңызға, тәрбиелі, ізетті болуыңызға, сабырлы, әдепті болуыңызға кітаптың тигізетін пайдасы орасан. Дінімізде білім алуға, ізденуге аса қатты көңіл бөлінген. Білім іздену – әрі парыз әрі құлшылық. Оның үстіне, «Білім талап ету – әрбір мұсылманға парыз» (Ибн Мәжәһ)

Осы орайда жоғарыдағы хадиске сай амал етем етем деп ниет еткен            жандарға бірнеше кітаптың тізімін бере кетуді де жөн көріп отырмыз:

 

Сонымен неден бастаймыз?

 

1.Кез келген ақыл иесіне ең бірінші парыз болған құлшылық – Алланы тану. Негіздердің негізі, білімдердің қайнары – Құран. Құран – діннің Иесі Алланың сөзі.  Білімді Құраннан бастау – шыншылдықтың көрінісі.  Құран – жүректердің емі, көркем мінезді кемелдендіруші. Әрбір аят – адамды тәрбиелейді, рухын сусындандырады. Ендеше, Әлемдердің Раббысы Алланың сөзіне ден қоюды кейінге ысырмаңыз. Қазақша  мағыналық аудармасын оқыңыз және даналықтың бұлағы болған хадистерге де уақытыңызды қиыңыз. Ол өміріңіздің әрбір сәтіне нұсқау бола алады. Науауидың қырық хадисін, Бұхаридың, Муслимнің жинақтарына көз жүгіртіңіз.

 

2.М.Әуезовтің «Абай жолы» романын оқып, қазақы болмысыңызды, таным-түсінігіңізді бір пысықтап алыңыз. Ғ.Мүсіреовтің «Оянған өлке» романымен бірге санаңызды оятыңыз. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Бексұлтан Нұржекеевтің  «Бір өкініш, бір үміт», І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романдарын оқып, өз халқыңыздың тарихынан хабардар болыңыз, таным көкжиегіңізді кеңейтіңіз. Бұдан өзге Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», М.Мағауиннің «Аласапыранын», т.б шет ел әдебиеттерін де оқуға болады. Бұл тізім қатып қалған қағида емес, әрине. Ең бастысы, қандай кітап оқысаңыз да, ол сіздің иманыңызға, адамдық болмысыңызға әсер етсе, жақсы бағытқа қарай тәрбиелей алса болғаны. Уақытының қадіріне жетпей, жастық шағын уысынан шығарып алған адамды Абай атамыз «есер» деген. Бұл туралы он бесінші қара сөзінде: «Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмай-ды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады  екен», - дейді. Сондықтан, қайтып келмес алтын уақытыңыз уысыңызда тұрғанда, пайдаланып қалыңыз деген кеңес айтамыз...

 

11441 рет оқылды