10:45 | Жас қари
2016-03-30 (0) (19962)

Қандай жағдайда өтірік айтуға болады?

Қандай жағдайда өтірік айтуға болады?

 

Расында Алла Тағала адамзатқа көптеген ұлы нығметтерді сыйлады (берді). Бұл нығметтердің ішінде ислам нығметінен кейінгі ең ұлысы – тілмен сөйлеу нығметі. Тіл екі қырлы құрал. Егер оны Құран оқу, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтару және жәбірленген кісіге көмектесу сияқты т.б. Аллаға бағыну жолында қолданса, онда ол әрбір мұсылманның дұрыс құлшылық жасағаны, нығметке шүкіршілік еткен болады. Ал, мұсылмандар жамағатын бөлектеу (ажырату), өтірік, ғайбат, өсек, мұсылмандардың намысын таптау сияқты т.б. Алла және Оның елшісі харам еткен нәрселермен шайтанға бағынуда (шайтан жолында) қолданса, онда ол әрбір мұсылманға тыйым салынғанды жасап, нығметке шүкірсіздік еткен болады. Тілде екі үлкен апат бар:

     1.     Өтірікті сөйлеу апаты.

     2.     Шындықты сөйлемеу апаты.

Шындықты сөйлемеген (айтпаған) адам – мылқау шайтан, Аллаға күнәһар. Ал, өтірікті сөйлеген адам – сөйлеуші шайтан, Аллаға күнәһар. Адамдардың көпшілігі сөйлеу мен сөйлемеуде осы екі түрде адасып жүр. Ал, нағыз дұрыс жасаушылар – тілдерін өтіріктен тыяды және пайдасы бар нәрселерді айтады.

Таласымыз жоқ, көкейінде Құраны бар әрбір мұсылман өтірік айтқысы келмейді. Кейде жағдайлар мәжбүрлейді, кейде иман әлсірейді, кейде қаншалықты күнә екендігін естен шығарып аламыз. Біз де, сіз де бұл күнәдан барынша аулақ болуды көксейміз. Ал амал жасаудың алғашқы баспалдағы – білу. Осы орайда, өтіріктің зияны мен нәтижесі, рұқсат етілген жағдайлары туралы ақпарат әзірледік.

Өтірік айту екіжүзділіктің белгісі

«Төрт түрлі белгісімен ерекшеленетіндер (толығымен) екіжүзді есептеледі, ал кімнің бойында осылардың бірі болса, одан құтылмайынша оның бойында екіжүзділіктің бір белгісі болады. Мұндай белгілер мына адамдарда болады: оған сеніп тапсырылса опасыздық жасайды, әңгіме айтса өтірік айтады, шарттасса шартын орындамайды, ал егер біреумен бір істе ортақ шешім таппаса заңсыз түрде шектен шығады». (Бұхари, Муслим).

Бұл хадистің басқа нұсқасында былай делінеді: «…керек десеңіз ол ораза ұстап, намаз оқып және өзін мұсылманмын, деп есептесе де».

Өтірік айту – ең ауыр күнәлардың қатарында

 «Алла Тағала Ақыретте үшеумен сөйлеспейді, оларды тазартпайды және оларға қарамайды, олар:  зинақор қарт, суайт өтірікші басшы және көкірек кедей». Муслим.

Абу Бакр Нуфайъ бин аль-Харис (оған Алла разы болсын) былай дейді: Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардан: «Сендерге ауыр күнәләрға не жататынын айтайын ба?» – деп үш рет сұрады. Біз: «Әрине, иә Алла Елшісі!» – дедік. Сонда ол: «Бұл – көпқұдайшылық және әке-шешеге құрметсіздік таныту», - деді, осыны айтқанда, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шынтағына жантайып жатқан, сосын (шынтағын алып) отырды да: «Және де, расында, ол - өтірік айту және жалған куәлік беру!» – деп, қайталап айта бергені соншалық, біз: «Айтуын қойса екен!» – дегенше айта берді. (Бұхари, Муслим).

Алла Тағала Құран аяттарында өтірік айту туралы былай дейді: «Сондай-ақ өтірік сөзден сақтаныңдар» («Хаж» сүресі, 30-аят), «Негізінде Раббың әлбетте бақылаушы» («Фәжір» сүресі, 14-аят), «Олар өтірікке айғақ болмайды да, бос пайдасыз сөздерге кездессе маңғазданып өтеді.» («Фұрқан» сүресі, 72-аят).

 

«Расында, шыншылдық тақуалыққа апарады, ал тақуалық Жәннәтқа апарады. Адам тек қана шындықты сөйлеп, соңында Алла алдында шыншыл деп жазылады. Шындығында, өтірікшілік күнәһарлыққа апарады, ал күнәһарлық тозаққа апарады. Адам өтірік сөйлеген сайын, соңында Алла алдында суайт өтірікші деп жазылады». (Бұхари, Муслим).

Өтіріктің ең үлкені

«Расында, өтірік айтудың ішіндегі ұлығына адамның өзінің әкесі емес адамның баласымын, деп жариялауы, не болмаса көрмеген түсін көрдім деп айтуы, не Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтпаған сөздерін айтты деп хабарлауы жатады». (Бұхари).

Сондай-ақ, Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Расында, түсінде көрмегенін көрдім, деп (көрмеген түсін) айтып беру, өтірік айтудың ең жаман түрлерінің біріне жатады» делінген. (Бұхари).

Рұқсат етілетін өтіріктер

 Екі адамды жарастыру үшін, яғни, игі ниетпен өтірік айту қайтарылмайды: «Игілік айтып екі адамның арасын жарастырушы өтірікші емес». (Бұхари, Муслим).

Умм Күлсім (оған Алла разы болсын) былай деді: «Оның үш түрлі жағдайдан басқа, еш уақытта өтірік айтуды рұқсат еткенін естіген емеспін – ол соғыс кезінде, адамдарды жарастыру үшін және әйелі күйеуіне сөйлеген кезде және күйеуінің әйеліне сөйлеген кезінде». (Мысалыға, ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне: «Сен бәрінен де әдемісің», - деп айтуы.

 

Әзілде өтіріктен бас тартсаңыз...

Әбу Умама аль-Бахиль (оларға Алла разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен өзінікі рас болса да тартысуды қойған кісі үшін Жәннаттың ауласынан бір үй, ал әзіл болса да өтірік айтуды қойған кісі үшін Жәннаттың ортасынан бір үй, ал көркем мінездіге Жәннаттың ең биігінен бір үй (берілетіндігіне) кепіл боламын» дегендігін айтады. (Әбу Дәуд)

Өтіріктің киімін киюден сақ болыңыз

 Бір әйел: «Иә Алла  Елшісі, менің күйеуімнің екінші әйелі бар. Егер мен күйеуімнен сыйлық алмасам да, одан сыйлық алған секілді сыңай танытсам (ташаббаъту), мен үшін бұл күнә болды ма?», - деп сұрады. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзі алмаған нәрсені алған секілді сыңай танытушы (муташаббиъ), өтіріктен екі киім кигенмен тең». (Бұхари, Муслим).

«Муташшабиъ» - ол тоқ болмаса да тоқ адам секілді көрінгісі келген адам. Бұл жерде адам дәрежесі болмаса да, дәрежелі секілді көрінгісі келгендігі жайлы айтылып жатыр.

      «Өтіріктен екі киім киген»  сөзі «өтірікші» дегенді білдіреді, ал дәлірек айтсақ – үстіне  тақуалықтың киімін, не болмаса білімдінің киімін, не болмаса бай адамның киімін киіп, адамдар мен туралы солай ойласын деп, өзі ондай болмаса да адамдарды адастырушы адам жайлы айтылады.

Өтірік айту амалдарды жарамсыз етеді

     «Ораза кезінде адам өтірік айтуын және өтірік істерін тоқтатпайтын болса, онда Аллаға, ондай адамның тамақ пен судан бас тартқанының керегі жоқ». (Бұхари).

Ақпараттың дұрыс-бұрысын біліп алыңыз

     Алла Тағала айтты:  «Өзің білмеген бір нәрсенің соңынан түспе». («Исра» сүресі, 36-аят). «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын.». («Қаф» сүресі, 18-аят). Ал хадисте: «Өтірікші болу үшін, адамға естігенін ары қарай айтып тарату жеткілікті», (Муслим)     «Маған өзі өтірік санайтын нәрсені жеткізуші, өтірікшілердің бірі саналады» делінген. (Муслим). Сондықтан да, өзіңізге жеткен ақпаратқа амал етпес немесе өзгеге жеткізбес бұрын міндетті түрде рас-өтірігін анықтап алыңыз.

19962 рет оқылды