2017-09-11 (0) (22826)

Жұлдыздар неге ағады?

Жұлдыздар неге ағады?

Жұлдыздар неге ағады?

 

 

Айтыңызшы, жұлдыз десе ойыңызға не оралып, көзіңізге не елестейді? Ал мен қою қара аспанды безендірген «жылтыр моншақтарды» ойлап отырмын. Және бала кезімде әр жұлдызды иемденіп алып, олардың аққанын көргенде арманымды айтуға асығатыным жанымды ауыртады. Себебі, ол кезде ақиқаттан мүлде бейхабар едім.

Шындықты білу үшін бар болғаны «Жұлдыздар не үшін жаратылған?», «Жұлдыздар неге ағады?» деген сауалға жауап іздесек болды екен...

Жұлдыз не үшін жаратылған?

Жұлдыз – сөзсіз Құдіретті Алланың бір жаратылысы. Оның жаратылу мақсаты туралы Құранда: «Ол, құрлық және теңіздің қараңғылықтарында сол арқылы жол табуларың үшін жұлдыздарды жаратқан. Расында аяттарымызды білетін елге ашық түсіндірдік», ( «Әнғам» сүресі,  97-аят),  «Біз аспанда жұлдыздар (аспан денелерін) жасап, қарайтындар үшін оны көріктендірдік» («Хижр» сүресі, 16-аят) делінген. Яғни, жұлдыз – адасқанда жол табуға көмектесуші, аспанды безендіруші. Оның үшінші мақсатын анықтау арқылы екі оқпен бір қоянды атқан боламыз, нақтырақ айтсақ, «Жұлдыздар неге ағады?» деген сауалдың да жауабы табылады.

Жұлдыздар неге ағады?

Жындар бұл туралы : «Анығында, біз аспанға шыққанымызда, оны (аспанды) қатаң күзетшілер мен отты ұшқындар толы түрде таптық. Әрі расында, біз оның (аспанның) кейбір жайларында тыңдау үшін отыратын едік. Ал, енді кім тыңдамақшы болса, сол сәтте-ақ ол өзін көздеген отты ұшқынға кезігеді» деп баяндайды («Жин» сүресі, 8-9-аяттар). Ал келесі бір аятта: «Әрі оны (аспанды) әрбір қуылған шайтаннан қорғадық. Ал кім ұрланып тыңдаса, оны анық бір жалындаған аспан денесі қуады» деп айтылады («Хижр» сүресі, 17-18-аяттар).

Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Бір кісінің (өзге риуаятта: Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан ансарлар қатарындағы бір кісінің) маған хабарлауынша, олар бір түні Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге отырғандарында, жұлдыз ағып, (аспан) жарқырап кетіпті. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Сендер жәһилият кезінде мына сияқты (жұлдыз) аққанда не дейтін едіңдер?» – деп сұрапты. Олар: «Алла және Оның Елшісі жақсы біледі. Біз: «Осы түні ұлы кісі туылды және ұлы кісі өмірден өтті», – дейтінбіз», – депті. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Негізінде, (жұлдыздар) біреудің өлімі себепті де, өмірі себепті де ақпайды. Алайда есімі аса игі әрі бәрінен жоғары Раббымыз әлдебір іске шешім шығарғанда, Аршыны көтеріп тұратын (періштелер Оны) барлық кемшіліктен пәк деп дәріптейді. Сосын (Оны) олардан төменгі аспан тұрғындары барлық кемшіліктен пәк деп дәріптейді. Осылайша дәріптеу осы төменгі аспанның тұрғындарына дейін жетеді. Сосын Аршыны көтеріп тұратын (періштелерден) төмендегілер Аршыны көтеріп тұратын (періштелерден): «Раббыларың не деді?» – деп (сұрайды). Сөйтіп, олар бұларға (Алла Тағаланың) не дегенін хабарлайды. Осылай аспандардың тұрғындары бір-бірінен хабар сұрай отырып, хабар осы төменгі аспанға жетеді. Сонда жындар ұрланып тың тыңдап, (оны) сыбайластарына (яғни, көріпкелдер мен балгерлерге) жеткізеді. Сол кезде (жындар жұлдызбен) атқыланады. Сондықтан олар сол күйінде жеткізген (хабар) – шындық. Бірақ олар оған өтірік араластырады және қосады», – депті», – деген ( Муслим). Келесі хадисте жындар жеткізетін хабар туралы: «Бұл – ақиқаттан жын қағып алатын сөз. Сөйтіп, (жын) оны сыбайласының (көріпкелдің) құлағына тауықтың қыт-қыттағанындай қыт-қыттайды. Ал олар оған жүзден көп өтірік араластырады» делінген (Муслим).

Яғни, жұлдыздар біреудің өлімі-өмірі себепті немесе біздің арманымызды орындау үшін емес лағынеті шайтанды қуу үшін ағады екен. Алланың көкейіне ғана құйғанын сөйлейтін Пайғамбарымыздың өтірік айтуы мүмкін емес!

Имансыз болып ояну неткен қасірет!

Санамызда қалыптасқан жұлдыз қатысты тағы да бір жансақ пікір бар. Ол – жаңбырдың жаууы жұлдызға байланысты деп сену.

  Худайбия жолында Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнде өткен жаңбырдан кейін бізбен намаз оқыды, намаз оқып болған соң адамдарға бұрылып: «Сендер Раббыларыңның не дегенін білесіңдер ме?», - деп сұрады. Олар: «Бұл жайында Алла мен Оның Елшісі жақсырақ біледі», - деді. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді. «Алла айтты: «Бүгін таңертең Менің құлдарымның бірі Маған иман келтірушілердің қатарынады оянды да, ал енді бір бөлігі имансыздардан болып оянды. «Бізге жаңбыр Алланың мейірімімен және Оның рақымының арқасында жауды», - деген жайлы айтатын болсақ, ол Маған сеніп (иман келтіріп) жұлдыздарға сенбеуші (иман келтірмеуші), ал «Бізге жаңбыр пәленше жұлдыздың арқасында жауды», - деп айтқан Маған сенбейді (иман келтірмейді) де, жұлдыздарға (иман келтіруші) сенуші» (Бұхари., Муслим).

Сіз жақсы білесіз, Аллаға серік қосу үшін жұлдызды «Құдай» деп атаудың қажеті жоқ. Аллаға тән ғана құдіретті, яғни, жаңбыр жаудыру билігін жұлдызға телу – сіздің ең үлкен күнә жасауыңызға жеткілікті. Себебі, хадисте: «(Алланың қалауынсыз аурудың) жұғуы, байғыздың (кесірі), жұлдыздың (жаңбыр жаудыруы) және сафардың (кесірі) жоқ» делінген (Муслим).

Жұлдыздан жаңбыр күту Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманына дейін де бар еді, оның заманында да болды және қазір де бар. Бірақ, сіз бен біз мұның надандықтың белгісі екендігін түсініп, қолданыстан шығарып тастай аламыз...

Бұл туралы Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Менің үмбетімде жәһилият қылығынан олар тастай алмай келе жатқан төрт (нәрсе бар): ата-тегімен мақтану, (біреуге) тегіне қатысты тіл тигізу, жұлдыздардан жаңбыр сұрау және (өлген адамды Алланың тағдырына) наразы сөздер айтып жоқтау» делінеді (Муслим).

Астрология ғылым емес

Біраз адам әр күні таңертең іске кіріспес бұрын, сол күннің жұлдызнамасын бір қарап, не тыңдап алғанды құп көреді. Біреулері кәдімгідей мән беріп, «бастығыңызбен түсініспеушіліктер болуы мүмкін» деген сандырақ жазылса, сол күні өзін бастығынан алысырақ ұстап, «қуанышты хабар күтіңіз» десе, алақанын ысқылап, әбігерге түседі.

Енді біреулер үшін бұл ғұмырлық маңызға ие. Бізден ең жақыны 150 млн шақырым, ең алысы ми жетпейтін қашықтықта қозғалып жүрген жұлдыздардың «айтқанымен» жар таңдап жатады. Былай қарасаң, олардікі жөн секілді. Тіпті, әліппенің ең бірінші әрпінен басталатын, астрология деп аталатын атағы дардай ғылымы, оны зерттеп, 12 жұлдыздық белгіні ойлап тапқан әйдік ғалымдары бар.

Бірақ, астрономия мен астрологияның жолдары әлдеқашан екіге қақ жарылғанымен, астрономияның жанынан көлеңкесі кетпей-ақ қойды. Астрономия аспан денелерін, олардың орналасу заңдылықтарын, қозғалысын зерттейтін нақты ғылымдардың бірі ретінде қалыптасты да, ал астрология (аспан денелерінің жердегі әлем мен адамдарға: олардың мінезіне, әрекетіне, болашағына әсерін білдіретін болжамдар мен сенімдердің жиынтығы) психологиялық тұрғыдан әлсіз жандарға жұбаныш болатын «әлеуметтік апиынға» айналды.

Психология ғылымдарының докторы Джо Фриддин «Астрологияның қазіргі жетістіктері» атты кітабында: «Астрология адам баласының тәжірибесіне негізделген титтей де дәлелдері жоқ, белгісіз нәрселергі құрылады» деген тұжырым айтады. Ал бүкіл өмірін астрономия ғылымына сарп еткен ғалым Сергей Эфимов: «Негізінде, астрология – бұл бизнестің бір түрі. Егер оқыған жұлдыз жорамалыңыз ұнамай қалса, қапа болмаңыз, басқа газеттен өзіңізге ұнайтын нұсқасын тауып алыңыз» дейді.

6 млрд. адам сыйған 12 тағдыр

Расымен де, жақсылап ойлап көрсек, әлемнің әр бұрышында бір мезетте мыңдаған сәби дүниеге келеді. Сонда мыңның тағдыры біркелкі болатындығы сау ақылға сыя ма? Немесе жер бетіндегі болмысы, мінезі, түрі, тәрбиесі әр түрлі 6 млрд. адамның өмірін 12-ақ жұлдызға теліп, 12 тағдырмен шектеп қоюды қалай түсіндіріп бересіз?

Танымал тележүргізуші Гүлжазира Берікқызы «Асыл арна» телеарнасына берген сұхбатында жұлдыз жорамалдың БАҚ-да қалай көрініс табатындығын былайша баяндайды:

«Біз қалай жасаймыз? Біз ғаламтордан орысша нұсқасын аламыз да, соны аударамыз. Ал кейде лимитпен берілген ғаламтордың уақыты бітіп қалатын кездер болады. Ал жұлдыз жорамал күн сайын эфирге шығу керек. Сондықтан, кейде қайталап беруге тура келеді. Яғни, жұлдыз жорамалды аударып болғаннан кейін қағазға шығарамыз, сол мәтінді 2 аптадан кейін немесе 2-3 күннен кейін қайтадан айтып отырамыз. Ал кейде ғаламтордағы жұлдыз жорамалдың өзіне «мынау рас па, өтірік пе» деп күмәнданып қаламыз. Олардың да қайталап бергендігін көріп, өзіміз ойдан құрап қосып та жіберетін кездер болады. Тек жақсы жағына ыңғайласаңыз болды. Өйткені, адам таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда көпшілігі жұлдыз жорамалды көреді. «Бүгін сіз үшін сәтті күн, бүгін бизнесіңіз жүреді, көп дос табасыз» – осындай мәтінде жақсы жағына қарай жұлдыз жорамал жасайтынбыз... Жұлдыз жорамалды жасайтын сіз сияқты, біз сияқты адамдар...Мен жұлдыз жорамал жасасам да оған сенбеймін».

Иә, енді жұлдыз жорамалға сенетін адамдар мәтінді оқымас бұрын бір мезет өз ақылына салып ойланып көретін шығар.

Ибн Аббас жұлдыздарға қарап болжам жасаған адамдар туралы: «Бұлай ететіндерге Алланың қасында бір несібе бар деп ойламаймын» деп айтқан.  Сахаба Қатада Алла Тағала жұлдыздарды үш-ақ мақсатта жаратты: 1) Көктерді безендіру; 2) Шайтандарды атқылау; 3) Адасқанда жол табу.  Ал егер біреу жұлдыздардан тағы да бірдеңелерді күтетін болса, онда ол адам бұл істі өз бақытсыздығына істейді және өзінің ризығын жояды, сондай-ақ, білімі болған нәрсеге кіріседі».

Жұлдыз жорамал не дейді?

Ал енді бір ғана жұлдызды алып, салыстырып көрелік мәселен qazaquni.kz газетінің сайты мен жастарға арналған massaget.kz порталы апта сайын жұлдыз жорамал ұсынып отырады:

САРЫШАЯН (qazaquni.kz)
Бұл апта сіз үшін қоғаммен қарым-қатынас жағынан сәтсіз болмақ. Сізді қоршаған адамдар ойларыңызды дұрыс түсінбей қалуының әсерінен, қиындықтарға душар болуыңыз мүмкін...

Сарышаян (massaget.kz) 

Болашағыңыз үшін маңызы зор маңызды шешім қабылдауыңызға тура келеді. Сізге жауапкершілікті талап ететін, жалақысы көп жұмыс ұсынады. Мүмкіндікті жіберіп алмаңыз! Бейсенбі және сенбі күндері қызметте жоғарылайсыз.

Ал ресейлік танымал oculus.ru сайтында мүлде басқаша болжам айтылады:

«Сейчас вы «на коне», но должны думать и о себе, и о других. Во вторник можно удачно возобновить сотрудничество, вернуться к отложенному проекту. С коллегами вы будете проводить больше времени, чем с близкими людьми.

Сонда аспан әлемі өзгеріп кетті ме? Әлде жұлдыз жорамал өтірік, бос нәрсе болып шықты ма? Өзіңіз таразылаңыз...

Жұлдызбен жору – сиқырды үйрену

Ибн Аббас (Алла оған және әкесіне разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келесі сөздерін жеткізген: "Кімде-кім жұлдызбен сәуегейлік етудің бір тармағын үйренетін болса, ол сиқырдың бір тармағын үйренген болады.

Жәбір, оған Алланың ризашылығы болсын, ол Алла елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

     Аспандағы жұлдыздарды болжап білім алушы (болашақта не болтындығын жұлдыздар арқылы астрологиямен айналысып болжайтындар) бақсылықтың бір түрімен айналысып жатыр және ол солай неғұрлым көп білім алса, бақсылыққа (ең ауыр күнә) соғұрлым еніп жатыр. Ал көріпкелге сенген адамның 40 күндік намазы қабыл болмайды. «Кімде-кім балшыға барып, оның айтқанына сенетін болса, Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілген нәрсесіне (Құранға) күпірлік (сенбеушілік) білдірген болады» (Әбу Дәуд).

«Расында, шайтандар сендермен тартысу үшін өз сыбайластарына сыбырлайды. Егер оларға бой ұсынсаңдар, онда сендер көп құдайшыл боласыңдар» («Әнғам» сүресі, 121-аят).

Ендеше, не Алланың сөзі Құранды, не өзіңіз сияқты адамның болжамын тыңдаңыз деген таңдау еркін өзіңізге қалдырамыз...

 

 

 

22826 рет оқылды