Әдебиет 2014-12-10 (0) (6755)

Абайдың кейіпкері болмайықшы

Абайдың кейіпкері болмайықшы

Тәуелсіздік десе тұла-бойымды тітіркендіретін бір шындық бар. Рас, кейде өз ойларымнан ұялатын сәттер болады. Алайда, бұл қай жағынан алсаң да – ащы ақиқат. Осы оқиғаны ең алғаш құлағым шалғанда көз жасым құрғағанша жылағаным әлі есімде... Бұл – тек моншақ-моншақ жастар ғана, ал қалғаны жүрек түбінде жара болып қалып қойды.

Мен барға шүкір ете білетін, кінәліні біле тұра, көз жұма қарай салатын, дұшпаныма мейірім таныта алатын қасиеттеріме наз айтқан емеспін. Тек бұл жолы басқаша. Айтпағым қазақ тарихының қара дағы – АЛЖИР туралы еді. Жаулығынан айырылған аналарға дулығалы ерлер қорған бола алмаған кезең – біз үшін мәңгілік сабақ, тәубеге шақыратын тауқымет. АЛЖИР түрмесінде жұмысқа жегіліп, азапты өмір кешкен аналарымыздың арасында жазаға тартылуларының себебін білмегендері де болды. Ақмоланың сыз басқан қытымыр табиғатына алғаш рет аяқ басқан әйелдер мал бақты, бақшада жұмыс істеді, қырқыншы жылдары майдандағы әскерге киімдер тікті, қамыс шапты, барак, асхана, мал фермалары, астық қоймалары мен шеберханалардың барлығын өздері салды. Түрме қапасы мен қыстың шыңылтыр аязы, аштық сияқты нәубеттермен қатар аш-арық адамдарға талай ауру жабысты. Қыста өлген адамдарды жерлеу мүмкін болмады. Тоңы қалың қар көбесі сөгіліп, көктем шыққанша, өліктерді сарайға ұстап, жер жібігеннен кейін ғана жалпы қабірге тастай салды. АЛЖИР-де ашылмаған құпия әлі көп, тіпті, мәлім болғанының өзін айта берсең жүрек сыздайды.

Иә, біз ондай сұмдықты, ондай ауыртпашылықты көрмеген бақытты ұрпақпыз. Бұл – әуелі Алланың рақымының, екінші тәуелсіздіктің, бейбітшіліктің арқасы деп білемін.

Ақбілек, Жамал, Қамар, Ботагөз секілді қарагөздердің тағдырын басымыздан өткермек түгілі, дәмін де татып көрмедік. Бүгінгі бойжеткеннің басты проблемасы не? Шетелге барып білім ала алмауы, көлікке қолының жетпегендігі ме әлде пәтер жалдап тұратындығы ма? Сондайда соғысты да, қанды да, қара қағазды да көрген аналарыңды сағынады екенсің... Тарих беттеріне көз жүгіртсең, тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты, езіліп-жаншылған, жабығып-жапа шеккен, тарығып-зарыққан қазақ әйелдерін көз алдыңнан өткізесің, анаң мен әжеңе қарайсың, жеңгең мен әпкеңе, құрбың мен әріптесіңе қарайсың, шүкірлігің шексіз бола түседі. Тәуелсіздік  таңының атуымен көңілі қалаған адамға тұрмысқа шығуға мүмкіндік алған қыздарымыздың сөзі, пікірі ескерілетін болды. Әйел бесіктің иесі ретінде құрметтеліп,  өмірге ұрпақ әкелгені үшін мемлекеттен ақша алатын жағдайға да жетті. Қара су мен бір түйір қатқан нанды бірнеше күн азық қылу – тек кітап беттері мен кино кадрларында ғана бар секілді көрінеді. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда. «Мәзірді» қолға алып, тамақ таңдап жей алуымыздың өзі – тәуелсіздіктің тартуы. Аналарымыз секілді өгіз жегіп, трактор айдап, қолдың күсі шыққанша қызылша тер десе қай әйел барар екен? Жоқ қара жұмысты да аянбай істеп жүрген аналарымыз бар ғой, бірақ, бар тапқан таянғанын өзгеге беріп қойып отыруға келістеріндердің болуы екіталай дегім келеді. Бесіктен белі шықпай бөтеннен жүкті болған қазақ қызы мен жау жағадан алғанда ар-намысын сақтай білген қара көздерімізді салыстыра аламыз ба? Салыстырасың да, «тыныштық пен тәуелсіздікке қанағаттанбайтындай не болды екен?» деген ой құшағына енесің...

Ең бастысы, тәуелсіздік таңының атуымен қазақ Құдайымен қауышты. Жүздерін Мәскеуден Меккеге қарай бұрды. Намаз оқымақ түгілі, Алласын бар деп айта алмаған, Мұхаммед деп айтуға қорқып жүрген отандастарымыздың  ұйықтап кеткен ұяты, мейірімі, жомарттығы, кішіпейілдігі, кешірімділігі, тағы сол секілді ислам арқылы бойына дарыған қасиеттері қалпына келе бастады. Бес уақыт Алласына шақырған азаншы дауысын ешбір кедергісіз ести алатын бейбіт күнге қолымыз жетті.

 Енді сұрақты өзіңізге қойғым келеді. Бұрын кім едік, қазір кім болдық? Тәуелсіздік пен тәуелділік жылдарындағы жағдайымыз қандай? Жаратқанға мың шүкір! Бүгінгі нығмет – дұғамен келген нығмет. Біз осы күнге арып-ашып, жадап-жүдеп, шаршап-шалдығып, талықсып, сеңдей соғылысып, тентек қойдай теңселіп, ақылымыздан, жадымыздан, санамыздан айырыла жаздап жеттік. Алла Тағала аналарымыздың ащы жасын көрді, алақан жайған ақсақалдарымыздың тілегенін берді, басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз артта қалып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін аштық. Ел есін жиды, етегін жапты, еңсесін көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне көшті. Ендігі мақсат – тәуелсіздікті баянды ете білу, қанағат пен шүкірлікті ұмытпау. Себебі, нығметті сақтап қалудың басты жолы – дер кезінде шүкір ете білу. Алла Тағала: «Егер шүкір етсеңдер (берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер) сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін» деп уәде береді. («Ибраһим» сүресі,7-аят).

Қайғысыз, бейбіт өмір сүру үшін өзектінің бәріне қажет нәрсе тыныштық. Иә, біз бейбітшілік пен тыныштыққа мұқтажбыз. Адам жаны о баста Жәннаттағы мамыражай өмір үшін жаратылған, сондықтан да, үнемі тыныштықты аңсайды. Дәл Жәннаттағыдай кемел, мінсіз, мәңгілік нәрсені қалайды. Алайда, жер бетінде сіздің арманыңыз бен қиялыңыздағыдай кемел мемлекет болған емес. Ал қанағат қашанда қарынды тойғызған. Өзі жақсы болған адам жақсылықты да көре біледі емес пе?

 Мен бақытымды әлдеқашан исламнан тапқан адаммын. Жүрегім де үнемі Алланы еске алумен тыныштық табады. Тек... «Мұсылмандар – бір-бірлеріне жақсы көруде, бір-бірлеріне мейірімділік танытуда және бір-бірлеріне сүйіспеншілік көрсетуде бір дене сияқты. Ол дененің бір ағзасы мазасызданса, дененің басқа ағзалары да ұйқысыздықтан мазасы қашады» демей ме?(Муслим). Бауырларымның мазасыздығы мені де толғандырады. Қоғамды адам жасайды, ал адам қоғамсыз өмір сүре алмайды. Және адамның күні – адаммен. Мен «төбемнен қай уақытта бомба түседі екен, көшеде біреу өлтіріп кете ме, дұшпаным мүлкімді тартып алар ма» деген күмәндар мен үрейдің арасында өмір сүргім келмейді. Басқаларға да тілемеймін. Болашақ балаларымды бейбіт күннің астында жетектеп, жарымның разылығын мамыражай мекенде тапқым келеді.

Іздегенімізді тапқанда «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт, тыныштық көрсе, сәтке тұрмай жалыға қала-тұғыны қалай?» деген Абайдың кейіпкері болмайықшы... 

Кәусар Абдулкәрим

6755 рет оқылды