17.01.2018
ТаңКүнБесінЕкінтіАқшамҚұптан

Көк есек пен көп есеп!

1160 рет оқылған
image 1

Рамазан - дос-жарандармен қоян-қолтық араласып, бауырмашылдық беки түсетін берекелі де мерекелі ай. Себебі, ауызашарға шақырасың немесе шақырыласың дегендей... Жуырда ел қамы үшін қалам тербеп жүрген журналистермен дастархандас болдық. Ауызашар уағыз-насихатсыз өтсін бе? Қаламдас досым Жанәділ ауылдағы көк есек жайлы әңгімені тәптіштеп баяндап берді. Ғибрат аларлықтай-ақ екен. Болған оқиға қасиетті Рамазан айына қатысты болғандықтан, іште сақтап қалу мүмкін емес. Өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік.

- Інім бар. Ауылда тұрады, - деп бастады әңгімесін Жанәділ. - Екі қолға бір күрек таппай жүр. Бір күні есек асыраймын демесі бар ма? Аң-таңбыз. Содан еті харам, еңбегі адал есегін алды-ау ақыры. Адамдар бұл жануарға жарытып шөп те салмайды, тіпті екі-үш күн су беруді де ұмытып кетеді. Шаңы шығып жатқан жерге арқандап қоямыз. Не жеп, не қоятыны бір Аллаға аян. Мал атаулы жемейтінді жейді. Ал менің інім көк есекке жоңышқаны берді, жемді де аямады. Оған есірген есек мойны жуандап, қазықты бұйым көрмей, суырып кете беретінді шығарды. Бір метерге дейін қағамыз, шынжырмен бағанға мықтап байлаймыз. Бәрібір. «Құнажын көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейдінің» кері келді бір күні. Ұрғашы есекке көзі түссе, қырғынның көкесін көреміз. Жердің опай-топайын шығарып, ақыры жуан темір шынжырды үзеді. Есектің күші мойнында ғой, шынжырды аяғына салайық дедік. Онымыздан да түк шықпады. Шынжырды да шорт үзеді, қазыққа да бағынбайды. Көршілердің мал қорасын маңайлап, егіс біткен жердің бәрін бүлдіріп, өзгелердің әбден мазасын алды. Бір күні баяғы Кеңес кезінен қалған жерге жартылай кірген бақша басында трактордың үлкен темір дөңгелегі бар-тын. Оны техника сүйреп шығармаса, ол адам баласының қолынан келмейтін іс. Құтырған есекті соған байлап тастадық. Ұйықтап жатсам, тасыр-гүсір дауыс шығады. Күшіне мініп алған жануар әлгі темір дөңгелекті сүйреп келеді екен... Әбден мезі етті.

«Атың жаман болса, сатып құтыларсың...» деген бар емес пе? Сонымен оны саудалайық деп шештік. Ауылда есекпен үй-үйге өмір бойы газет таситын бір кісі болатын. Техника, мәшине атаулыға мініп көрмеген. Көлігі - төрт аяқты жануар. Жұрт оны Почтальон деп атап кеткен. Өзі кішкентай әрі әлжуаз. Білмейтіндерді әйелінің «тұңғышы» деп сендіруге болады. Ілмиіп жүрсе де жолдасына 17 бала таптырған (күледі). Әрине, әуелі Алла нәсіп еткен ғой. Сол кісі біздің «бұзық» есекті сатып алатын болды. «Басқа алса бір сәрі, сіз мына хәліңізбен оны қалай бағындырасыз?» дейміз жанымыз ашып. «Қорықпа, оның әдемі амалы бар» дейді саспастан. Сонымен бес-алты баласымен жабылып жүріп, көк есекті алып кетті. «Ойпырмай-ау, қалай болар екен?» деп, демімізді ішке тартып біз қалдық.

Араға 3-4 күн салып әлгі Почтальон ағамыз желе жортып баяғы әдетіне салып, біздің бұрынғы бұзық көк есекпен газет таратып жүр. Жануар жуасып қалыпты. Адам танымастай өзгерген. Мойны жіңішкеріп, басы салбырап, Почтальонның айдауына әбден көндіккен. Сырын сұрадым. Үш күн су да, шөп те бермей «тәрбиелепті». Сөйтіп сабасына түсірген.

Осындайда әйгілі Пифагордың өз шәкірттеріне ілім үйретпес бұрын олардан 40 күн ашығуды талап еткені еске түседі.

Есек екеш, есек те тойынып алса, нәпсісі семіреді. Адамға қызмет етуді, тіпті есек екенін есінен шығарады екен. Жануарды да жуасытқан - аштық.

Сол секілді, ашығу, яғни ораза ұстау адам нәпсісін емдеудің таптырмас құралы һәм шипасы. Суға салса батпаған, отқа салса жанбаған қалау (нәпсі) шіркін ашығумен ғана сынады. Рамазан адамды құлдық дәрежеге түсіріп, Алла алдында әлсіз, дәрменсіз пенде екенін сездіретін теңдессіз құлшылық айы. Бүгінде дәрігерлер науқастанған адамға ашығу жайлы (былай айтқанда, ораза ұстау) жайлы кеңес беруде. Шығыстың әйгілі дәрігері мұсылман Ибн Сина көптеген ауруларды, әсіресе, шешек пен мерезге шалдыққандарды аштық арқылы ем жасаған. Бүгінде аштықпен емдеу «Арылту-диеталық терапиясы» (разгрузочно-диетическая терапия) ретінде медицина ғылымының емдеу-сауықтыру орталықтарында қолданысқа енген. Ғылыми негізі де әлдеқашан дәлелденген.

«Аурудың дәрісіз шипасы - ашығу. Осылай істеген адамның сырқаты тез қайтады. Ашығу нәтижесінде венуланың қыл тамырлармен тоғысқан жерінде бос қуыс (вакуум) пайда болады. Ал, қылтамырлардың бос қуысы өз кезегінде қан айналымының қозғаушы күшіне айналады. Ендеше, бос қуыс - күш. Ал ашығу - сол бос қуысты жасау арқылы адам денесінің тұтастай қозғаушы күшін тудыру», - дейді медицина ғылымдарының докторы, академик Жасан Зекейұлы.

Бұл - адамның аңғарғаны. Оразаның сауабы мен пайдасын бір мақаланың аясына сыйдыру мүмкін емес. Жаратушы Иеміздің ораза ұстаушының сауабын өзім берем деуі де тегін емес. Оның есебін ешкім білмейді. Адам ақылы көтермейді. Есебін Өзі ғана біледі. Алла уәдесінде тұрады. Құдайдың есебі түгел. Біздікі ше?..

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

баспасөз хатшысы

www.asylarna.kz



Достарыңызбен бөлісіңіз!




.