Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Замуж за неделю!

Әдебиет

Өткенде көк базарда көкөніс көріп кетіп бара жатқан едім, кенеттен "Замуж за неделю" деген саңқ ете қалған дауыс селт еткізді. Сөйтсем, еңгезердей бір балгер әйел әрі өткен, бері өткен бойжеткендерге тұзақ құрып отыр екен. Өзі балшы, өзі жаршы әлгі әйел  әмбебап дүкендердің әлем-жәлем жарнамаларынан қалысайын деп тұрған жоқ. Басында тақия. Аппақ қиініп алған. Алдында құмалақ, қарта, қамшы... Құдай-ау, не керектің бәрі бар.  Жас сана иесі сезімге ергіш келеді емес пе?! "Отырған қыз орнын табады" деп жүріп орынын таппай қалған қарындастар құрылған құрыққа оңбай түседі екен. Апам адамдардың бетіне қарап отырып, оған не керек екенін тауып айтып, қиналған адамға психологиялық тұрғыдан тор құрады екен. Бұл әрине рухани демеу іздеп келген қарындастың қалтасын қағу амалы ғой. Сауаттылық салтанат құрған заманда, дін-мұсылман аманда көзі ашық деген көпшіліктің әлгіндей  алаяқтарға ойда-жоқта алданып опық жеуінің себебі не? Осы сұрақтарға жауап іздеп көріп едім, қолыма қалам алуға мәжбүр болдым.

 

Балшыға еріккеннен бармайды

            Исі Мұсылман баласы, «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар», - деген Аллаһ Тағаланың аяттарын көңіліне медеу тұтады. Алайда бүкіл әлемді назарынан бір сәтке де тыс қалдырмай, бақылап тұратын Жалғыз Жаратушының бар екенін сезінбейтіндер де жоқ емес. Олар Аллаһтың жіберген сынақтарына жолықса, шыдамсыздық танытып, одан кейін келетін жақсылықпен ісі болмай, бақсылықпен айналысатындарға беттейді.  Ал шариғат бойынша бақсы балгерлердің амалдары игі іс емес, барып тұрған ауыр қылмыс болып саналады екен.   Өйткені Алла тағала Құранда балшылық туралы Мәида сүресінің 90-91 аяттарында: «Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар.  Негізінен шайтан, арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»- деген.  

            Құмалақ, карта, алақанға қарап бал ашу секілді амалдар діннің ісінен емес, жынның ісінен екенін елдің бәрі түсіне бермейді.  Өйткені, көптеген балгерлер мен көріпкелдер Исламның атын жамылып жұмыс жүргізеді. Ал шындығында ғайыпты болжаған адам, Аллаһтың алдында айыпты болады, тозаққа лайықты болады.

                                    

Пайғамбар болашақты білген бе? 

            Аллаһ Тағала Ағраф сүресінің 188-аятында:  «(Мұхаммед ғ.с): «Аллаһ қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер көместі (ғайыпты) білген болсам, әрине жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ, маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді, қорқытушы, қуандырушы ғанамын» де»,-деген. Мінекей Аллаһ Таъала берген айырықша мұғжизаларға ие Пайғамбарымыздың да (с.ғ.с.)  болашақты болжай білмегенін осы асыл аяттардан-ақ аңғарамыз. Ол кісі тек Алла тағаланың уахиын ғана айтып отырған. Ал Пайғамбардан кейін (с.ғ.с.) ешкімге уахи берілмек емес. Өйткені ол ақырзаман пайғамбары, әрі Елшілердің мөрі. Ендеше Құдайдың ең сүйікті құлы, әрі Елшісі Мұхаммедке (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) ғайыпты болжау кереметі берілмеген болса, онда жәй адамдарға ондай қабілет қайдан дарысын?!

              

Балшыға жасалған сынақ

            Бір күні ғалым балшыны сынапты. Үйіне қонаққа шақырып екі жерден ас қояды. Қонақта отырған балшы табақтағы палауға қараса тарыдай да еті жоқ екенін көреді. Ал үй егесінің балаларының алдына қойған табақта етінен күріші көрінбей тұрса керек. Мұны көрген көріпкел: "Әй пәленше астың абзалы қонақтың алдында тұрмаушы ма еді" деп салады. Сол кезде әлгі ғалым балшының алдындағы күрішке қасығын тығып жібереді. Сөйтсе асты толған ет екен. Сонда Ғалым: "Ей, Сорлы, бейшара, сен мына күріштің астында не тұрғанын білмейсің елдің болашағын қалай білмекшісің" деген екен. Бір Аллаһқа иман келтіріп, бір Аллаһқа үміт артқан ата-бабаларымыз бақсы-балгерліктің жалғандығына көз жеткізу үшін арттағы ұрпақтарына үлгі-өнеге боларлық осындай ғибратты мысалдар қалдырған.

            Ал бабалардың бай мұрасы - қазақтың өлең-жырлары да осынау күнә істі күстаналаудан тыс қалмаған екен. Мәселен ақын Дулат Бабатайұлы «Емші, бақсыларға»-деген өлеңінде былай дейді:

 

Бала берем саған деп,

Сан әйелді емдедің

Күйсеуіңе болайын

Сен болсаң менің сенгенім

 

Жазылады деп ең жазылмай

Талайы өлді қаза боп

Өледі деп ең жазылды

Талайы құлан таза боп

 

Бала түгіл сымбыл жоқ

Бедеуге бала бермек ең

Бедеу қатын қалды ма

Сен етегін көрмеген ?!  

 

Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным

            Бақсы-балгерлер Ислам дініне жат адамдар болғандықтан бабаларымыз олардың мәйітін мұсылмандардың моласынан аулаққа көметін болған. Жалғыздықтан қамығып, құлазыған шақтарында Абай атамыз «Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным» дегені осының айғағы болса керек.

            Ал Абай дәстүрін әрі қарай жалғастыра отырып, жаңаша, тың, соны соқпақпен түрен сала білген ақиық ақын Мұқағали Мақатаев та бұл тақырыпқа арнап өз өрнегімен жыр жазған. Өзінің «Бал аштырған»-деген өлеңінде Мұқаң былай деп ой тербейді: 

Мен алғаш ауылымнан аттанарда,

Апарып көршідегі қарт бабаға.

Маған деп байғұс әжем бал аштырып,

Болашақ тағдырымды тартқан алға.

 

Байғұсым бар ырымды қарастырған,

Бабадан бата сұрап, бал аштырған.

Байыптап құмалағын Байбаба шал,

Әйтеуір жақсылыққа жанастырған.

 

-Балаңыздың бақыты ашылып тұр,

Гүл бітеді жолына, шашылып нұр.

Бәле-жала басына жоламайды,

Ақ періште жар болып, жасырып тұр.

 

Кедергісіз өтеді асулардан,

Жүрегінде күдік бар жасыра алман...

...Ата сөзін жадыма түйіп алып,

Аттанып ем ауылдан басымда арман.

 

Кедергісіз асқам жоқ  асулардан,

Бар бақытым әзірге басымда арман.

Алты адым ауылдан шықпай жатып,

Аударылып арбамыз, басым жарғам.

 

Жуа бітті жолыма гүл бітпеді,

Ақ періште мен үшін дүрлікпеді.

Атам айтқан күдіктен арылмастан,

Аяқтармын сапарды тірліктегі.

 

...Алжып кеткен атамның құмалағы,

Алдап мені ой- қырға қуалады.

Ақ батасы, әйтсе де, адал еді,

 Соны ойласам жүрегім қуанады.

 

Бақсылық кинодағы рөлім еді

            Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған шақта, тура жолға бағыт алып, бал ашуды сынаған алаш ақындары да аз болған жоқ. Егемендік алғалы бері қазақтың шоқтығы биік өнерінің бірі айтыстың да қатысушылары, суырып салмалық арқылы ел мен жерді, тіл мен дінді еркін айтуға мүмкіндік алды. Солардың арасында кез-келген елдік мәселеге ақын ретінде үн қатып, қызыл тілін жырлатып жүрген жетісулық Айтақын Бұлғақовтың орыны ерекше. Ақын ағамызға «сахнадағы қарсыластарыңыздың барлығы сізді бақсыға теңейді. Мұның себебі неде? Шынайы өмірде бақсылықпен байланысыңыз жоқ па?» –деген сауал қойғанымызда, Айтекең айтыста айтқан мына бір өлеңін еске алды:

Бата алған Айтақын ем алаштан көп,

Сен отырсың төндіріп қара аспан көп.

Қарсылас, қысыр сөзді қоймапсың-ау

Жүрсең де бес уақыт намазхан боп.

Бақсы деген кинодағы ролім ед,

Баға алғам образды дәл ашқан деп.

Мені бақсы атаған сендерсіңдер,

Осы бейне өзіңе жарасқан деп,

Болмаса исламға қайшы болған,

Бақсылық тұқымымда о бастан жоқ.

Аңқау елді аздырып, адастырып,

Көшеде құмалақпен бал ашқам жоқ.

Тумаған әйелдерге туасың деп,

Әулиеге түнетіп жол ашқам жоқ.

Тұмар жазып Аллаға серік қосып,

Жамандыққа екі елі жанасқам жоқ.

Бақсы деп батпақ жағып жатсаңдар да,

Иманның шектеуінен әрі асқам жоқ.

Жүректе Алла, аузымда калимам бар,

Алланың ақ жолынан адасқам жоқ.

 

            Шариғаттың шайыры Шәкәрім бабамыз «Мұсылмандық шарты» кітабында болжағыш бақсылар мен сәуегейлер туралы : «Күпірлікке итермелейтін және бір нәрсе бақсы құшынашқа бал аштырудан сақ болу керек. Оның үшін нансаң күпірлікке ұрынасың нанбасаң оның керегі не? Онан басқа ермек жоқ па? Аятта «Құдайдан басқаға сиынған, Арақ , ұтыс ойын һәм бал ашқан бұлардың бәрі харам шайтанның істерінен» деген. Осы аятты ести тұра бақсы-балгерге бал аштырып, аластатып баққызған жарай ма? Ондай адамды анық мұсылман деп айта  алмаймыз. Нанбағаны рас болса аулақ жүрсін Онан да ауру болса оқыған білген дәрігерге қаралып, Алладан шифа сұрасын. Бақсы, балгер туралы Пайғамбардың хадисі мынау «Кім де кім бір нәрсені харам қылса, яки харам қылдырса, яки бал ашса, сиқыр қылса, яки сиқыр қылдырса, олар менің үмметім емес. Және біреу бір бақсыға бал ашқызып, соның айтқанына  нанса анық күпірлікке ұрынғаны, Құранға нанбағаны үшін» деген Құмалақ салған, жауырын жаққан, бір нәрсені арам қылған –бәрі солардың жолдасы. Бәрінен де аулақ болу керек. Осындай адамды жаман үйретіп, не болса соны әдейі қылғызып, бейне бір сондайды білім қасиет шығатындай көріп тұрады. Тастың үңгірін, жалғыз ағашты әулие деп, мал түнетіп, әлем байламақ – бәрі осындай жаман іс. Егерде сондай дағды қылған бір нәрсені қойғанда, бір қазаға ұшырасаң да одан деп ойлама. Зинһар сақтан, бір Аллаһ Таъаланың  Өзінен басқадан пайда, зиян жоқ. Не болсада Алланың пәрменімен болады. Ондай нәрселерде түк қасиет жоқ. Бірақ оқып білген дәрігерге емдетпек сауап, обал емес. Пайғамбарымыздың хадисі:  «Ей, Алланың құлдары, ауруларыңызды емдетіңіз. Алла тағала дауасыз еш бір науқас  жаратқан жоқ, жалғыз кәрілік ажалдан басқа», деген. Бірақ дәрігер де анық жазады демейсің, Алла таъаладан шипасын кез қылар ма  екен деп үміт қыласың. Оқыған дәрігерлік жаман емес, бірақ біздің айтқанымыз бақсы-құшыныш емес соны жақсы ұғыныңыз»- деген. 

Не себептен кей балшылардың айтқаны дәл келеді?

                Дегенмен кей балшылардың айтқандары дәл келіп жататын жағдайлар кездеседі. Өзіміз сияқты анадан туылып, тамақ ішіп, ұйықтайтын адамның болашақты болжауы әркімнің де таңданысын тудырады. Алайда бұл балшының жын, шайтандармен байланысқа түсуі арқылы жүзеге асатын құбылыс. Яғни бұл Алла тағала тиым салған жол. Кім де кім жын-шайтандармен байланыс жасаса күнаһар болады. Аиша, анамыз оған Аллаһтың ризашылығы болсын:  "Бірде Аллаһтың елшісінен, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, көріпкелдердің айтқан сөздері жайлы сұрады, сонда ол: «Олардың сөзінде ештеңе жоқ[1]», - деді. Олар: « Иә Аллаһтың елшісі, кей-кездері олар бізге бір нәрсе айтып, сол айтқаны шын болып жатады!», - деді. Сонда Аллаһтың елшісі, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: «Бұл - ақиқатқа қатысы бар сөз, оны алдымен жын ұрлап алып сосын оны өзінің досының құлағына (балшыларға)[2] жеткізеді, ал олар[3] оған жүз жалған сөз қосады", - деді. (Аль-Бухари, Муслим)

                Байқасаңыздар хадисте балшылардың жын-шайтандармен ым-жымдары бір екені білініп тұр .                Ал балшы жын-шайтанды дос тұтқанымен жын-шайтан балшыны адамдарды азғыру үшін ғана пайдаланады. Балшы сырт айналып кетпесін деп оған жын-шайтандар бірлі-жарым  шындықты жеткізіп қоятыны рас.  Ал ол шындықты білгеннен адамға келіп кетер ештеңе де жоқ. Сондықтан көріпкелдің сөзінің дәл келуі мәселенің  мәнісіне әсер етпейді.  Өйткені тауып айтқан балшыдан тағдыр өзгермейді. Себебі  Алла тағаланың жазмышыңызға жазған  нәрсені сіз бір сәт кері шегеріп немесе ілгерілете алмайсыз.  

            Өйткені Алла тағала Құранда: "Әр әлеуметтің белгілі бір мерзімі бар. Олар, сол мерзімі келген сәтте, бір дем кешікпейді де ілгерлемейді"-деген. ( Ағраф 34) 

       Мәселен  Алла тағала екі аптадан соң сізге жаныңызды алатынын тағдырға жазған болса балшыға барып ол хабарды білгеніңіз өміріңізді сақтап қала алмайды. Сондықтан сәуегейден саулық іздеу сау ақылға сыйымсыз сандалу ғана.  Десекте Алла тағала Лұқман сүресінде:

«Ешбiр адам ертең не болатынын бiлмейдi. Ешбiр адам өзiнiң қай жерде өлетiнiн бiлмейдi»,—деген (34аят).

Балшылардың көпшілігі жоқ іздегендерге дәл мекен жайларын айта алмайды. Мәселен: "Жоғалған малыңыз пәлен көшенің 134 үйінде тұр, ұрының аты пәлеңкес"- деп анық айтқан көріпкел болған емес. Ұры, ұрының көзін шұқымаса керек.  Әйтпесе базар жағалап тиын тергенше тергеу орындарына жұмысқа кіріп бұлақтан су ішер еді ғой. Немесе жер асты байлықтарын тауып тізеден кенге кенеліп отырамын десе ешкім бөгет болмас еді. Әрине бұлар  шариғаттың білгірлері  емес, шарлатандықтың дүлдүлдері.  Алла елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Кімде-кім көріпкелге барып, одан бір жайт жайлы сұрап, оған сенетін болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды"-деген (Муслім).  

 

Теледидардан тек кетті

            Қай қоғамда рухани құндылықтар ыдыраса ол жерде тығырыққа тірейтін проблемалар көбейеді. Ал проблемалар көбейген қоғамда сиқыршы мен сәуегейлер қаптайды. Себебі жұрт мәселенің оңай шешімін іздейді.  Сондықтан алғаш тәуелсіздік алған жылдары түрлі-түсті әулиелер көбейіп кеткен етін. Тіпті білместікпен суды экранның алдына қойып көмегі тие ме деп Кашпировскийдің де алдында отырған жағдайлар  болды. Бүгін елдің сауаты көтерілген тұста дүмшелігін жүргізе алмайтын бақсылардың қатары сирей бастады. Алайда солардың сарқыншақтары кейбір елдің ертеңі үшін емес өзінің рейтингі үшін жұмыс жасайтын арналардан арнайы бағдарлама ашып, сәуегейліктің заманауи түрін таратуда. Есектің үстіне жылқы деп жазғаннан еті адал бола алмайтыны сияқты сәуегейліктің күнадан аман түрі болмайды. Өмірімізді экранға қарап емес Құдайдан келген Құранға қарап қалыптастырғанымыз мақұл.

Қиындықтан қалай құтыламыз

            Әлгіндей базар жағалаған бақсылар біреудің  бағын ашып проблемаларынан айықтырмақ түгілі кісінің теңгесіне телміріп өздерінің өмірлерін реттеп алуға шамасы жетпей отырғанын біреу білсе біреу білмес. Ал әр істің қисынын қиыстыра білген Хакім Абай: "Пенде болсаң алдымен иманды бол, адамға Иман өзі ашады жол"-деп шешімді Имандылықтан іздеу керектігін нұсқап кеткен. Өйткені Құдіретті Аллаһ Құранда: «Кім  Аллаһқа тақуалық қылса, (Аллаһтың тыйымдарынан тиылып бұйрықтарын орындаса)  (Аллаһ) оған бір шығар жол пайда қылады. Және оны ойламаған жерден ризықтандырады» - деген. (Талақ:2-3).

 

            Ендеше, қапелімде басымызға қандай да бір іс түссе, мысалы қатты ауруға шалдықсақ, бақсы-балгерлерге емес, әуелі Аллаһқа алақан жайып жалбарынып, одан кейін  себебін жасап шариғаттың шекарасын сақтай отырып білікті дәрігерлерге қаралған жөн.

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер