Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Сыйлық таңдай білесіз бе?

Мақалалар

 

Сөзсіз, ақ пейілмен ұсынылған сыйлыққа қуанбайтын адам жоқ. Ал, бауырыңа қуаныш сыйлау – ең ізгі амалдардың бірі. Тіпті, сыйлық беріп те сауап табуға болады. Дегенмен, сыйлық таңдауға келгенде «қақалып» қалатынымыз тағы бар. Ойымызға ешбір сыйлық түспей, аяқ тоздырамыз. Осындайда кәдеңізге жарап қалар деген ниетпен бірнеше сыйлықтың нұсқасын ұсынуды жөн көрдік.

Қасиетті хадис мәтіндеріне көз жүгіртсек, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сыйлықты қабылдап қана қоймай, өзі де артынша сый-сыяпат жіберетінін аңғарамыз. Кейде сол мөлшерде, кейде тіпті артығымен жасағанды ұнататын. Бірде бір бәдәуидің сыйлаған бір ботасына қайтарым ретінде алты бота сыйлаған еді (Тирмизи). Әсіресе сырттан келген қонақтарды сыйлықсыз қайтармайтын. Тіпті, көз жұмар алдындағы соңғы өсиеттерінің бірі елшілерді сыйлықсыз құр қол қайтармау болды. Хадисте: «Біреу сізге жақсылық жасаса, қайтарым жасаңыз, егер қайтарым жасай алмасаңыз, оған игі дұға тілеңіз. Тіпті сіздің дұғаңыздың өзі оған берілген қайтарым екенін біліңіз», - делінген (Ахмад). Оның тарту ететін сыйлықтарының қатарында киім-кешек, жеміс-жидек, иіс май, ат, түйе, ет, жер, құрма т.б. бар еді. Мұны да қаперіңізге аларсыз.

 

     1.     Құран.

Құран – ең көркем сыйлық екендігіне таласымыз жоқ. Таңдау барысында да қиындықтар туындамайды. Оны әдемі қабымен тарту етсеңіз, бірге алып жүруге, бүлдірмей сақтауға өте ыңғайлы. Сондай-ақ, өзіңіз ерекше әсер алған немесе өзгелер ыстық ықылас білдірген әдебиеттерді сыйға тартсаңыз, ол адамның білімінің артуына да себеп болып, жақсылық үстіне жақсылыққа кенелмексіз.

 

     2.     Техникалық құралдар, смартфон, гаджеттер 

Қазіргі таңда ең көп сұранысқа ие сыйлықтар десек артық емес. Смартфон, планшет, электронды оқулық, құлаққап, флэшка,  әртүрлі пайдалы видеолар мен насихаттар жазылған диск ерлерге де, әйелдерге де жарай береді.

 

     3.     Киім 

Шапан-тақия, орамал сыйлау – ежелден бері қаймағы бұзылмаған дәстүріміз. Егер сыйлық беруге ниеттенген адамыңыздың талғамы мен киім өлшемін білсеңіз ғана тәуекел етуге болады. Намаз оқитын танысыңызға намазға киетін көйлек (қазір ерлерге де арналған түрлері сатылымға шығуда) тарту етсеңіз қуанып қалары анық.

 

     4.     Орамал, шәлі 

Бұл кез келген қыз-келіншекті, әйел затын қуандырады. Және оған арнайы өлшемді, талғамды білу де қажет емес. Бастысы, сапасы және түсі жақсы болса жетерлік. Бұл қатарға ерлерге де, әйелдерге де қажет болатын сүлгілерді, төсек жабдықтарын қосуға болады.

 

     5.     Ыдыс-аяқ 

Құрбы, әпке-сіңлі, жеңге, әйтеуір, кімге болсын, әйел затының бәріне бірдей ұнайтын сыйлықтың бірі – осы ыдыс-аяқ. Керемет талғаммен таңдалған нан салғыш немесе нан турауға арналған тақтайдың өзі әйелдерге үлкен әсер береді.

 

     6.     Электронды жайнамаз 

Намаз оқуға ниеттенген таныс-бауырыңызға арналған тамаша сыйлық! Немесе қарапайым жайнамаздарды сыйға тартсаңыз да жарайды. Бұл қатарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пәтуа берген мәсіх тартуға арналған шұлықты да қосып қойғанымыз жөн. Бұл әрбір бес уақыт намазын түгендеп жүрген әпке-бауырларымызға қажет.

 

     7.     Қыбланы анықтауға арналған компас, намазға оятатын сағат 

Бұл өте шағын әрі әркімге қажет сыйлық. Сонымен қатар, Құран қоюға арналған сүйемел (подставка). Бұлардың әдемі оюлармен безендірілген ағаштан, металдан жасалған түрлері де болады. Қағбаның, мешіттің бейнесі салынған күнтізбелер, картиналар, сувенирлер – әр адамның үйінің көркін келтіретін бұйымдар.

 

     8.     Денсаулықты нығайтуға арналған өнімдер 

Табиғи, сапалы бал, қара зире, зәйтүн майы – қадірін түсінген адамға ерекше шаттық сыйлайтын сыйлықтар. Бұл жай ғана сыйлық емес, оның денсаулығын жақсартып-нығайтатын керемет мүмкіндік. 

     

    9.     Хош иісті су 

Сапалы, бағасы да жақсы (ұялмай ұсынатын) әрі хош иісті мисктер (спиртсіз әтір) кез келген ер адамға өте керемет сияпат! Олар әрбір намазда, мешітке барғанда, жұма намазға үнемі хош иістеніп жүреді. Тіпті, әйелдерінің алдында да хош иістенуі – абзал істерден саналады. Әйелдер қауымына да үйде намазда, ерінің алдында пайдалануға арналған хош иістерді сыйлау қуантпай қоймайды.

 

     10.    Әшекейлер, әмияндар

Ұлттық нақышпен безендірілген белдік, қамшы, әмиян ер адамдарға ұялмай тарту етуге болатын сыйлықтар қатарынан. Ал әйелдер қауымына күмістен жасалған ұлттық ояумен әспеттелген әшекей бұйымдар, тарақтар, әмияндар жақсы нұсқа.

 

Сыйлықтың:

 –Сүйіспеншілікті оятатын;

     –Көре алмаушылықты жоятын;

 –Махаббатты арттыратын;

 –Құрмет қалыптастыратын;

 –Жақындық орнататын қасиеттері бар екендігін ескерсек, тарту жасау - сіздің адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуыңызға себеп болатын үлкен амал! Сондықтан, ықылас, ниетіңіз түзу болса, сіздің сыйлыққа жұмсаған қаражатыңыз бен оны іздеуге кеткен уақытыңыздың өзі – сауабы мол құлшылық.

ПІКІР (10)

Асылхан Мусин

Ассаляму алейкум

Arkabai Marzhan

Ote jaksi!

Айнур Сабырхан

Аллаh iстерiнiзге берекет берсин!

Айым

жаксы пікір

Нуржан Даниярул

Кен болсан кем болмайсын

Жүмәділ Әсел

Алла жар болсын сіздерге!

Ищанова Динара

Алла жар болсын!

Қуаныш Бақытжан

Осы нөмірге жіберсеңіздер

Сымбат

Жаксы ой салды рахмет сиздерге.

Назакат

Алла жар болсын! Рахмет!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер