Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

«ШАБДАЛЫНЫҢ» ДӘМІ

Иман


Алматы жұртшылығының назарына жаңа көркем фильм – «Шабдалы» ұсынылмақ. 26 шілдеде «Cіnema Towers» кинотеатрында (Сәтбаев және Байзақов көшелерінің қиылысы) алғашқы көрсетілімі болады, содан кейін қала кинотеатрларында жүре бастайды


Сәкен СЫБАНБАЙ

Көрерменге ренжитін жөніміз жоқ


Әлеуметтік желілерден кейбір қазақ кинорежиссерларының қазақ көрерменіне ренішін көріп қалып жүрміз… «Өресі төмен» деп өкпе­лейді, «шет елдің жылауық сериал­дарына елігіп, солардың соңынан кетті…» деп бұртияды, «біз түсірген киноны көрмейді» деп қапаланады… Негізінде, кім кімге ренжуі керек?

Біздің көрермен бұ күнде нағыз қазақ киносының қандай екенін ұмытып үлгерді. Баяғы ескі фильмдерге тамсанамыз да қоямыз. Тәуелсіздік жылдары – («Біржан сал» бастаған санаулы тәуір туындыны есепке алмағанда) қазақтың өз киносынан жеритін, жек көретін, тұра қашатын дәуірі болды: экрандағы сұрықсыздық, жасан­дылық, псевдотереңдік, қисынсыздық, ішпыстырарлық бос кеңістік… санай берсек тоқтай алмаспыз. Осының бәрі көрерменді қазақ киносын көруге ұмтылдырған жоқ, керісінше, бездірді.

«Қазақ көрерменнің обалы – Анандиде» деп те жазыпты бір режиссер. Меніңше, қазақ көрерменінің обалы – «Анандиден» бұрын қазақ режиссерларында. Өйткені, қазақ режиссеры қазақ көретін кино түсіре алмай жүр, демек, өз көрерменін құрмет­темейді, онымен кино арқылы сырласқысы, жанын толқытқысы, жүрегін тебіренткісі келмейді (әлде оған таланты жетпейді) деген сөз. Бұл жердегі «жанын толқыту», «жүрегін тебіренту» дегенде мен жалаң сентимен­тализмді айтып тұрғам жоқ. Бірақ кино адамды басынан аяғына дейін бір сәт те босаңсытпай, ширыққан халде ұстауы керек қой! (күлдіре ме, жылата ма, ойланта ма, қорқыта ма, есінен тандыра ма – тәсіл жетеді). Шетелдік үздік фильмдерді көргенде, ішіне кіріп кетеміз ғой осы! Ал қазақта осы 30 жылда бір тыныс ала алмай, сілтідей тынып көретін кино болды ма? Оқиғасы тартымды болса – ойнауы жетпейді, астарын терең етуге тырысса – шеберлігі жетпейді, актері керемет ойнаса – сюжеті быт-шыт боп шығады. Біз қашан төрт аяғын тең басқан жорға кино көреміз адам сияқты? Кейінгі жылдардағы сәл де болсын тәуір-ау деген фильмдерді балала­рымызға көрсетсек, он-он бес минуттан артыққа шыдамы жетпейді, «тұнып тұрған фальш қой, күлмей қалай көресіз мына­ны?» дейді. Әлемдік кино жау­һарларын тамашалап жүрген жастарды анау-мынаумен алдай алмайсыз.

Кино тек арт-хауспен, әлеуметтік киномен шектелмейді. Көрермендік кино да керек. Ал біздегі көрермендік делініп жүрген фильмдер – көрерменін зерттемеген, «соқыр тауыққа бәрі бидай» деңгейіндегі «қоқыр-соқыр». Нағыз көрермендік кино – қарапайым көрерменді ынтықтыра, қызықтыра, түсінікті бола отырып та үлкен ой айта алады. Ал бізде не тек түсініктірек болуға ғана тырысады (сөйтіп, қарабайыр­лыққа ұрынады), не шамасына қарамай тек үлкен ойға ұрынбаққа ұмтылады (ақырында өзі де түсінбейтін бірдеме шығады, сосын режиссер «былай дегім келген, негізі…» деп өз киносын өзі түсіндіріп, «біздің халықтың өресі төмен…» деп кісімсіп отырады).

Меніңше, байыпты (авторлық, арт-хаус) кино мен көпшілік көретін (коммерциялық) кино – бір-бірін жоққа шығаратын емес, бірін-бірі толықтырып отыратын бағыттар. Олардың қатар дамығанынан қай елдің өнері зиян шегіпті? АҚШ-та тек боевик қана түсірілмейді, элиталы кино оларда да бар. Франция ешқашан тек Трюффо мен Бунюэльдің күрделі туындыларымен шектеліп қалған емес, Де Брока мен Вебердің қырық рет көрсең де қырылып күле беретін комедиялары танымалдығы жағынан тіпті оларды басып озады. Сол сияқты, кісі қызығып көретін, қазақтың тыныс-тіршілігінен алынған, актерлер ойынына негізделген коммерциялық кино түсіруге не кедергі? Әлем киносын қарап отырсаңыз, талай үздік коммерциялық фильмдердің көркемдік деңгейі өте жоғары болып келеді және көркемдік деңгейі кей элиталы дүниелерден биік тұрған фильмдер жылдар бойы коммерциялық табыс әкеліп жатады.

Көрерменді өзіне қызықтыра тартып, оның жүрегін жаулап алудың орнына біздің режиссерлар «Сендер біздің керемет фильмдерімізді көрмейсіңдер!» деп ұрсады, «Өйткені, өрелерің төмен, деңгейлерің өспей қалған!» деп кемсітеді. Осылай өзінің төбесінен төніп қараған режиссердың фильмін көруге қазақта «желание» қала ма? Өзінің жоғары деңгейлі төл өнерін күте-күте зарығып, амал жоқ, шет ел киносын, шет ел сериалын алданыш қылған көрерменге ренжитін жөніміз жоқ. Баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана өзін-өзі кінәлауы керек. Өзің ел назарын Анандиден аударып әкете алатын әрлі дүние жаса, көрерменге талапты содан кейін қой…

Жатсынуға емес, жақындасуға шақыратын фильм

 

Көрермен қызыға тамашалайтын кино түсіру тек кезінде өзі жақсы көрермен бола білген адамның ғана қолынан келсе керек. Астанадағы XІV халықаралық «Еуразия» кино­фестивалінде көрермен назарына ұсынылған «Шабдалы» көркем фильмін түсірген Жандос Құса­йыновты сондай жан шығар деген ойға қалдым.

 

Өйткені, фильм көрерменге қызықты хикая шертіп беріп, онымен оңаша сырласуды ғана мақсат еткен. Артық дидактикаға да ұрынбайды, «өзің түсініп ал» деп жұмбақтап қоя салар режиссерлық ребус жасырып та ойнамайды. Әзіл-қалжың мен тапқырлыққа негізделген көңілді рәуіш те, жан толқыта елжіретер тебіреністі сәттер де, санаңызға салмақ салып, ойландырар тұстар да – бір шым­шым да артық салмастан, қажет мөлшерде ғана қосылған ингредиенттер. «Шабда­лының» еш қышқылсыз, ауызда еритіндей дәмді дүние болып шыққаны да сол себепті болар. Кәдімгі шабдалының дәмі секілді…

Әлеуметтік желіге жиі кіретін жұртшылық фильмге арқау болған оқиғаны әйгілі жырау Алмас Алматовтың фейсбуктегі парақшасынан осыдан бірер жыл бұрын оқыған да болуы мүмкін. Бір ғана (және ең маңызды) айырмашылық: жыраудың әңгімесінде Арқаның қызы өзбек жігітіне тұрмысқа шықса, фильмде Солтүстік Қазақстанның қызы Оңтүстік Қазақстанның жігітімен қол ұстасып, Жетісайға тартып отырады. Жан дегендегі жалғыз қызынан мұндайды күтпеген, «әкесі секілді прокурор болады, сот болады» деп, дипломын алғалы жұмыс қарастырып жүрген, тіпті әлдебір танысқа әжептәуір ақша (доллармен) беріп те қойған байғұс әйел әуелі есінен танып та қалады. Өзіне-өзі келген соң: «Ім-м, бұлар қызымның басын айналдырып, алып қашқан ғой! Көресісін көрсетейін оларға! Адам алып қашқанның қылмыс екенін дәлелдеп, түрмеде шірітейін оңбағанды!», – деп асығыс Шымкентке аттанған әйел алдымен… «адам ұрлауға қатынасты» деген айыппен өзі қылмысты бола жаздайды. Қызын алып қашқан жігіттің ауылын тапқан соң да, ол үйге жету оңайға соқ­пайды… Жеткенге дейінгі комедияға әбден күліп, жеткеннен кейінгі драма сәтінде сілтідей тынып, оқиғаның әрі қарайғы өрбуін кірпік қақпай тамашалауға мәж­бүрсіз…

 

Режиссер мен оператордың мына бір тапқыр шешімін арнайы атап өтуге болады. Жағаға жақындаған сайын жалбызы мен жасыл желегі жиілейтін Сырдарияның, тақтайдай тегіс Мырзашөл даласындағы тақтадай төртбұрыштанған егіс танаптарының, қаз-қатар тізілген жүзімдіктер легінің дәп төбесінен түсірілген көріністер фильмнің визуалды картинасын байыта түскені анық. 

 

Қостанайда өскен, Астанада тұратын, аузынан қазақша-орысша сөз аралас шығатын қыз анасы оңтүстікке сапары барысында жол-жөнекей өзіне бейтаныс көп жәйтқа куә болып, мүлде басқа әлемге енгендей күй кешеді. Рас, солтүстік қазағының орысшаға бейімдеу екенін баса көрсетуге тырысу ақырында кейіпкерлерді тым артығырақ шүлдірлетіп жіберуге апарып соққандай көрінуі де мүмкін. Бірақ мәселе онда емес. Басты мәселе – астаналық әйелдің өзі үнемі «южандар» деп жақтырмайтын адамдарды жақыннан тануы, өзге қырынан ашуы. «Такси тауып бергені үшін» ақы сұрайтын қаршадай баладан бастап, «оқыс оқиғаға» ұрындырса да, ертеңіне сөмкесі мен әмиянын аман-сау әкеп беретін таксист, алыстан келген ашушаң апайды «иә, қыз алып қашқан­дарды соттау керек, түрмеде шіріту керек!» деп өтірік қостау арқылы сабырға шақырып, ақырында есек арбаға мінгізіп, «мен қазір соңыңыздан барамын» деп алдап, жанжалды үйге жалғыз аттандырған ауылдың тәртіп сақшысы, «айыпты болған» ақ сақалды әкенің байсалды әңгімесі… бәрі-бәрі астаналық мейманды айран-асыр етеді. Ақырында «мен мұнда өз еркіммен келдім, бұл үй – өзім қалаған азаматтың отауы» дейтін өз қызының сыры әйелдің көзқарасын өзгертіп, көзін аша түседі.

Біздің қоғамда бөлуге, бөлінуге әуес жандар көп. Бай-кедей боп та бөлініп жатады, қала-ауыл боп та қақ айырылысып жатады. Осындай жаман әдеттің бірі – жерге, аймаққа бөліну. Мұны әлеуметтік желілерден көп байқаймыз: «біздің жақта етті былай тартады», «біздің жақта мына сөзді былай айтады», «біздің жақтың келіндері сәлемді былай салады» деп, жаймашуақ басталған пікірталас ақы­рында «сендер анандай», «біз мынандай!», «сендер – қазақ емес, орыссыңдар», «сендер – қазақ емес, өзбексіңдер», «сендер – қазақ емес, моңғолсыңдар» деген ырың-жырыңға, айтыс-тартысқа ұласады. Өйткені, бәрі де тек өз жағының әдеті де, сөзі де, салты да дұрыс екеніне, басқа жақтыкі бұрыс екеніне сенімді: өзгелердің де тек өз өлкесіндегідей сөйлеуін, жөн-жоралғы ұстануын талап етуге бейім.

Францияның шығысындағы Лотарин­гия аймағында тұратындардың сөз саптауы мен мінез-құлқы осы елдің батысындағы Бретань өлкесін мекендейтін жұртшылық­тың сөйлеу мәнері мен болмыс-бітімінен біршама ерекшеленеді екен. Ал сол Францияның бесеуі бірдей сыйып кететін Қазақстан дейтін елдің қай аймағын бір-бірінен айнымастай ұқсас ете аласыз? Арасын мыңдаған шақырым бөліп жатқан Қазақ даласының қай пұшпағы өзгесінен ерекшеленбейді дейсіз? Мәселе – осы ерекшеліктерді бір-бірімізден алшақтата­тындай мақсатта емес, қайта жақындас­тыратындай сипатта, біріктіретіндей бағытта пайдалану.

 

«Шабдалы» фильмінің басты идеясы да осылай пайымдауға шақырады: оңтүстіктен бе, солтүстіктен бе, батыс өңірден бе, шығыс жақтан ба – бәрі қазақ. Бәрі – бір қазақ. Жатсынба, жақындас! Ол да – сенің бауырың. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»…


almaty-akshamy.kz

ПІКІР (1)

Асыл
2018-07-27 06:04:06

Біздің қазақтың кинолары өте төмен деп те айтуға келмейді.Кейбір актерлер мен актрисалар шетелдіктер сиякты жан-тәнімен беріліп ойнамайды. Көргім ак келеді жоғарыда айтылған 10-15 бастайсың сосын ішің пыса бастайды. Мысалы Айман-Шолпан, Брат или брак, Анаға апарар жол жаксы шыққан кино туындылар. Даурен Серғазин өте керемет ойнайтын актер. Сосын жақында шыққан Күлтегін мильтфильмі маған керемет әсер қалдырды. Баламен отырып көре алатындай кинолар көп болса екен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер