Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы
Заң

Сен жоқ жерде сені қорғайтын ең абзал нәрсе ол – мінез-құлқың

·         Ауру тек денеде ғана болмайды, мінезде де бар. Егер біреуден жаман мінез көрсең, оған шипа сұрап дұға қыл. Оған жабысқан кеселден сені сау қылған Аллаға мақтау айт.

·         Сахих Бұхариде келген хадисте Жəбир ибн Абдулла (оған Алла разы болсын) атты сахаба: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мені көрген сайын жымиып, күлімсірейтін», - деген. Күлімсіреп қараған адам өзгеге жүрегінің пəктігі мен тазалығын көрсетеді. 

·         Алла үшін дос болудың мысалы қол мен көздің қатынасы секілді. Көз жыласа, қол жасын сүртеді. Қол ауырса, көз сол үшін жасын төгеді.

·         Ислам ғұламаларының бірі былай деген екен: "Адам өз ісіне риза болып, масаттанса - амалына көз тигізуі мүмкін. Көз тию адамды ауру қылып, қабірге түсіретіні секілді, амалды өлтіріп, жемісін жойып тынады" 
(Файдул Қадир).

·         Сырды сақтау шеберлігі жан дүниенің байлығын көрсетеді. Ішінде су тұрмайтын ыдыстың зияны секілді, сырды сақтай алмайтын адамның пайдасы кем.

·         Имансыз адам дүниеден үш үлкен өкінішпен өтеді: Жиғанына тоймайды; Арманына жетпейді; Ақыретіне азықсыз кетеді (Хасан әл-Басри).

·         Екі іс бар, егер жүзеге асырсаң, екі дүниенің жақсылығына қол жеткізесің; Өзіңе ұнамаса да Алла жақсы көретін амалды жасау. Өзің жақсы көрсең де Аллаға ұнамайтын амалды жасамау (Сəлəма ибн Динар).

·         Бір адам жайлы: "Ол нашар жазады", - деп айтпастан бұрын, өзіңді бір тексеріп көр. Сен сауатты оқушы ма едің? (С. Əл-Ауда).

·         Егер əр адам қасындағы кісінің жүрегіндегіні көре алса, оған қатты жаны ашитын еді. Ішкі таразының əділдігіне көзі жетер еді. Сыртқы өлшемдердің алдамшы екенін терең түсінер еді. Іштарлық, қызғаныш, көрсеқызарлыққа ұрынбас еді (Мұстафа Махмуд).

·         Құдыққа тас тастаған адам көбінесе түбіне барып түскен даусы естілгенше қарап тұрады. Сол секілді сені сөккен адамның көбісі жауабыңды күтеді. Ұстамдылықпен көркем мінез таныт. Өткізіп жібер. Құдық түпсіз екен деп ойласын.

·         Нағыз мұсылман - бауырының қателігін бетіне баспайды, керісінше, оны өзі жасағандай ауырсынады.

·         Қатесі ең көп адамдар - өзгелердің қателігін ең көп сөз қылушылар.

·         Бəрін дұрыс жасауға қанша тырыссаң да сені қате түсінетін адамдардың табылары хақ. Əркімге бір жауап қайтарып өзіңді құр шаршатпағаның дұрыс. Дана ғұламаларымыздың бірі өзін сөккен кісіге былай деген екен: "Егер айтқаның рас болса, Алла мені кешірсін. Ал, өтірікші болсаң, Алла сені кешірсін".

·         "Маған кейде бір адам бір мəселе жайлы айтады. Мен оны ол дүниеге келместен бұрын естіп қойсам да оған құлақ саламын. Кейде, бірінші рет естіп тұрғандай күй көрсетемін" (Имам Шафиғи).

·         Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының көзін көрген атақты табиғин Абдулла ибн Мубарак былай деген екен: "Білімнің басы - дұрыс ниет. Сосын, тыңдай білу. Сонан соң, түсіне білу. Одан кейін, есте сақтау (жаттау). Сонсоң, амалға асыру. Одан кейін барып тарату" (Жəмиғ баянул ғилми уə фадлиһ 1/476).

·         Адам үшін оған: "Құдайдан қорықсаңшы!", - делінгенде ашуланып: "Өзіңе қарап ал!", - деу – күнə болуға жетіп артылады (Ибн Масғуд р.а).

·         Сынақтар жәй уақытта көрінбейтін қабілеттерді оятады.

·         Адамдар саған таңқалып жатса, оған масаттанып мақтанба. Себебі олар сенің Алла жарыққа шығарған жақсы жақтарыңды ғана көріп жатыр. Ал, олар сенің Алла жасырған жаман жақтарыңнан хабарсыз болғанына шүкір де!

·         Қайсыбір жүрек кешірімді болса, тыныш өмір сүреді. Тағдырға разы болған жан бақытты ғұмыр кешеді. Алланы əрдайым мадақтап жүретін адам таңды жылы жүзбен атырады. 
Байқап көр..

·         Бір ағаш құласа тарсылдап, гүрсілдеген дауыстар естиміз. Ал, мыңдаған ағашы бар бір орман өсіп шықса еш дыбыс естілмейді. Иə, солай... 
Кейбір жандар өскеніңді, өнгеніңді көрмейді. Тіпті көңіл де аудармайды. 
Ал, құласаң... 
Ондай жандарға ұқсама...

·         Естігендеріңнің ең тəуірін жазып жүріңдер. 
Жазғандарыңның ең жақсысын есте сақтандар. 
Ал, есте сақталғанның ең көркемін ғана айтып жүріңдер
(Ибнул Муқаффағ).

·         Егер сөз шынымен жүректен шыққан болса, онда ол міндетті түрде жүрекке кіреді. Ал, ол тек тілден шыққан болса, құлақтан ары аспайды. 

·         Дұрыс нəрсені тез танып, жүрекпен түсініп, шынайы жанашырлықпен айтпасаң, ісің бекер.

·         Жүрек үшін - адамдарға көркем қарым-қатынас жасап, оларға жақсылық ойлаудан асқан пайдалы амал кемде-кем". 
(Ибнул Қаийм, Мəдаружус-Сəликин, 2/211)

·         Бір хəкімнен: "Даналық деген не?"-деп сұралған екен. Сонда ол кісі: "Білетінің мен білмейтініңнің арасын айыра білуің", - деп жауап беріпті.

·         Алланың саған деп жазғаны өзгеге бұйыруы мүлде мүмкін емес. Біреуге күншілдік көрсетіп, іштарлық танытуың өзіңді одан төмен екеніңді мойындауың. Жүрегіңді таза ұстап, пейіліңді тарылтпа. Алламен бірге болсаң, Алла сені қорғайтынына, ризықтан кенде қылмайтынына күмəнің болмасын.

·         Кеуденің мезгілсіз қысылуы, көңілдің себепсіз тыншымауы сенен тəубе талап еткен күнəлардың болуынан. Алладан кешірім сұраумен жүрек тыныштық табады, нығметтер көбейеді жəне несібе ойламаған жерден келеді. Астағфирулллаһ уə əтубу илəйһ.

·         Күндердің бір күнінде кейбір адамдардың жүрегінде естелік ретінде ғана қаласың. Ендеше, естелігің көркем болуын ескергейсің.

·         Адам дүниеден өтіп, қабірге кірсе де жұпар исі тоқтамайтын жалғыз əтір ол - көркем мінез.

·         Мінез - құлық перде секілді, көркем болса жамандықтардың бетін жабады, жаман болса жақсылықтарды көлегелейді.

·         Кірген жерін жайнататын, көңілге қуаныш пен рахат сыйлайтын, шыққан кезде артында жұпар исі қалатын гүл секілді болшы. 
Мінезі көркем, ісі ізгі, сөзі асыл адам сондай болар...

·         Кезінде бір адам біреудің жаман іс жасағанын көрсе, жасырын, жеке насихат айтатын. Жақсылыққа жасырын шақыратын. Сөйтіп, насихаты үшін бір сауап, жасырын жасағаны үшін бөлек сауап алатын. Ал бүгін, бауырын ел алдында масқара қылып, абыройын ашады, ашулануға апарады 
(Абдулла ибн Мубарак).

·         Шишаның сыңғыр етіп сынған даусы тез тоқтағанымен, ұстаған жанның қолын кесетін ұсақ бөліктері шашылып қалады. Дөрекі, ауыр сөздер де сол секілді. Ауыздан жылдам шыққанымен, артында жарақаттанып, ұзақ уақыт ауырсынған жүрек қалдырады. 
Жақсы сөз сөйле немесе үндеме.

·         Ниетің мен пейілің түзелген сайын Алла хəліңді жақсартады. Өзгеге жақсылық ойлаған сайын жақсылық саған ойламаған жерден келеді. Ал, өзгелерді бақытты ету үшін өмір сүрген адамға ұлы Жаратушы оны бақытты ететін адамдарды нəсіп етеді.

·         Мұсылман адам жауабы көркем, əдепті болып келеді. 
Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі Аббастан (оған Алла разы болсын): "Сіз үлкенсіз бе, əлде Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ме?", - деп сұралады. Сонда ол кісі: "Пайғамбар үлкен. Бірақ мен одан бұрын туылғанмын", - деп жауап берген екен.

·         Кім өз жүрегіне жол ашқысы келсе, өлім сəтіндегі арпалыс пен Қияметтің үрейлі сəттерінен аман болғысы келсе, жария ізгі амалдарынан жасырын ізгі амалдары көп болсын" (Имам Мәлик).

·         Адамның білімі аз болса да оны мына төрт нəрсе жоғары көтереді: Ұстамдылық, қарапайымдылық, жомарттық және көркем мінез!

·         Бірде хикмет егесінен: "Даналықты кімнен үйрендіңіз?", - деп сұралған екен. Сонда ол кісі: "Зағип кісіден! Себебі ол аяғын тек, таяғымен жерді тексеріп алғаннан кейін басады", - деп жауап беріпті.
Алла Тағалам, жаза басып, қателеспес үшін әрдайым ақылымызды дұрыс пайдалануды жазсын.

·         Жымыю, " рахмет " немесе " кешір " деп айту, өзгенің сөзін бөлмей құлақ сала тыңдау - шын мәнінде қиын жұмыстар емес. Бірақ олар адамдардың жүрегінде ұзаққа дейін жылы әсер қалдыратынын ұмытпағайсың.

·         Тырнағымен, мүйізімен күшті екенін білдіру жан-жануарға тән сипат. Ал, ақылмен ардақталған адам баласы өз күштілігін ақылымен, білімімен, тәрбиесімен, көркем мінезімен білдіреді. 

·         Өлім өмірдегі ең үлкен қайғы емес. Ең үлкен қайғы - өлмей тұрып Аллаға деген қорқыныштың өліп қалуы.

·         Кім біреудің айыбын ашып, масқараласа, өзі соған ұрынбай дүниеден өтпейді (Тәжірибе. Ибн Қайим).

·         Нені қалай айтсаң, сен туралы да солай айтылатынын біле жүр. Өз абыройыңды ойласаң өзгенің кемшілігін жөнсіз терме.

·         Сабырлық - өмірдің құлағына: "Алламен бірге тұрғанда ешқашан иілмеймін", - деп сыбырлау.

·         Қандай биікке шықсаң да қарапайым болып, тәкаппарлыққа ұрынбауға тырыс. Менменсіген бір сәттің өзі-ақ адамдардың көзінде сені түкке тұрғысыз етуге жеткілікті.

·         Есеп күні (Қияметте) жақсы істеріңнің сауаптарын жақтырмай жамандаған адамдарыңа беруге мәжбүрленесің. Ол күні ешкімнің ешкімде ақысы кетпейді. Жамандау жаныңа жағымды бола тұра өзіңді тоқтату – Қияметте ұлы қуанышқа себеп болады.

·         Тіл сөйлеу үшін жаратылған. Алайда кейде жөндегенінен бұзғаны көп болады. Оны қателіктерден Алланың атын зікір ету, Құран оқу, жақсы сөз сөйлеу ғана қорғай алады.

·         Сабыр етуді үйрен. Себебі, күндердің барлығы тамаша әрі біз ойлағандай бола бермейді. Сол тұста үйренгеніңді қажетке жаратасың. Сабырлық - көркем мінездің көрінісі, баға жетпес қазына.

·         Тастың суға түсуі оған тыныштығын бұзғаннан артық зиян әкелмейді. Тас тереңге батып жоғалады, су өз қалпына қайтып оралады. 
Басыңа түскен қиындық пен сынақтар қалыбыңнан шығарып, болмысыңды бұзбасын.

·         Ұйықтар алдында...
Адамдарды кешіре біл.
Жаны кеудесінен бұрын шығатын сен бе, олар ма? Білмейсің.
"Раббым! Маған зұлымдық жасаған барлық әлсіз пендеңді кештім! Енді оларды Сен де кешіріп, беттерін дұрыстыққа бұра гөр!",- де.

·         Адамдарға берген бағаларыңа қатты сенімді бола берме. Себебі Қиямет күні көп пенделер өз өлшемдерінің қате болғандығына көз жеткізеді. 
«Алла Өзі төмендетуші, Өзі жоғары көтеруші» («Уақиға» сүресі, 3-аят).

·         Мінезі жаман адам; саған ашуланса сыйластығыңды жоққа шығарады, жақсылығыңды ұмытады, сырыңды елге жаяды, тіпті, сенің бойыңда жоқ нәрсені айта бастайды. 

·         Шынайы мінез-құлқыңды білгің келсе ашуланғанда өзіңді бақыла. Деңгейіңді анықтағың келсе өзгелер зиян тигізген кездегі өзіңе қара. Түсінігің мен ойлау жүйеңді танығың келсе басқалармен пікір қайшылықтағы кезіңе зер сал.

·         Егер бір отырыста сөйлеп отырсаң, сөзіңе көңілің толып, жаныңа жаға бастаса бірден тоқтат. Ал, егер үндемей отырып, оныңа сүйсіне бастасаң, онда сөйлегенің дұрыс. (Убейд Әбу Жағфар). 
Нәпсіміз қашанда өзімізге жау екенін ұмыта көрмейік.

·         Еш қиналмай-ақ, адамдарда сен туралы жақсы пікір қалыптасқанын қалайсың ба? Онда оларға әрдайым жылы жүзбен қара.

·         Сөзіңді көбейткен сайын қателіктерің көбейеді. Тек, Алланың атын еске алудан басқа. Оны көбейтсең қателіктерің өшіріледі.

·         Қиындықтың артынан келетін жақсылығы болады. Кімнің сабыры азайса қиындықтан кейінгі жақсылығы азаяды. Сабырлық - жақсылықтың кілті. Ұнамаған іске сабыр етуде көп жақсылық бар екенін ешқашан ұмытпа.

·         Қарым-қатынастардың күші мен сұлулығы жақсы ойлауға тікелей байланысты.

·         Адамдардың жанын тазалау, жақсылыққа бойды дағдыландыру, кемшілік пен күнә атаулыдан пәк ету, нәпсіқұмарлықтың құлдығынан азат ету, адами кемелдікке жеткізіп Жаратушысына жақындату - құлшылықтардың негізгі даналығы

·         "Егер жүректерің таза болса Алланың сөзіне еш тоймас едіңдер"
Осман ибн Аффан.

·         Жүрегіңнің қараңғылығына жыла, нұрланады ( Ибнул Жаузи ).

·         Тек ішкі дүниесі сұлу болған адамның ғана соңғы амалы әдемі болмақ. Себебі өлім алдындағы сәтті қолдан жасай алмайсың. Ол кезде жүректің жасырғанынан басқа ешнәрсе шықпайды. ( Ибн Ражаб )

·         Сен жоқ жерде сені қорғайтын ең абзал нәрсе ол – мінез-құлқың.

·         Тал бесіктен жер бесікке дейін білім ал. Ұялшақ адам мен тәкаппар пенде ғана білімнен мақрұм қалады. Білмегеніңді сұраудан еш арланба.

·         Ешқашан, ешкашан, бiлiмiң мен зеректiгiңе сенiп, тәуекел етпе! Бiлiмдi әрi зерек еткен Аллаға арка сүйе! Қарама-қайшылықтар көбейгенде акикатты көрсет деп Алладан сұра! Ол жәрдемсiз калдырмайды.

·         Егер аурудың түтіні тұншықтыра бастаса, дұғаның терезесін аш, Алланың сөздерімен ауа жаңарсын.

·         Аллаға шыншыл тілден сүйікті, өтірікші тілден жеккөрінішті ағза жоқ. 
(Фудайл ибн Ияад, Раудатул Ғуқала

·         Өмір сені жетекке алған жағына қарай кете берме. Баратын жағыңа қарай өмірді жетекке ал.

·         Ақылдарына құлып салынған пенделер надандықтың қолшатырын көтере жүріп дұрыс шешімге еш ұмтылғысы келмейді.

·         Бәрін білетін адам біреуден білмейтінін естігенде тәкаппарлықсыз қабылдайды.

·         Ақымақ адам сөйлегенше дана болып тұрады екен.

·         "Өмір маған адамдарды әдемі, тартымды сөздермен баурап алуды ғана емес, көп сөйлей бермей, олардың сөздеріне құлақ сала білуді, осылайша жүректерін жаулап алуды үйретті. Өзгелерді тыңдай білу шеберлігі оларды бізбен болған отырыстарында бақытты етеді". (М.Арифи)

 

 

ПІКІР (1)

Нургуль

Керемет!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер