Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Сатылмаған түйе

Әдебиет


Жолдастарының ажың-гүжің сөздерін атүсті тыңдап отырған Асхат елең ете қалды. Ет сатумен айналысатын Мақсат «Ақшадан қашқан адамды бірінші рет көрдім» деп бастады әңгімесін. 

 - Ақшадан қашқаны қалай? – Марат та еңсеріле бұрылды.

- Осы көктемде хабарландыру арқылы Ақтөбе жақта бір кісінің түйе сататынын естіп, іздеп бардым. Жанымда Кенжебай бар. Барсақ, әлгі «сатам» деген түйесі қылжиып қалыпты. 

- Қылжиғаны қалай?

- Қылжиғанда, тура біз келерден жарты сағаттай бұрын, бір күндей ештеңе жемей, жатып-жатып жан тапсырыпты. Басқа малдарымен әуре болып жүрген иесі, Бақназар деген жігіт, бауыздап та үлгермепті. Өзі де бір нә-ә-ән түйе екен. Төбедей болып жатыр! Енді «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дейтін қазақпыз ғой, бір жағы ыңғайсызданып қалдық. Жаңадан сояйын деп жатыр екен. Жарықтықтың денесі әлі суынып та үлгермеген. «Осылай да осылай, жаза боп қалды. Ренжімеңдер, жігіттер. Сендерден ұят болды» деп жік-жаппар болып жатыр түйешіміз. «Оқасы жоқ» деп қоямыз. Бірақ, құр қол қайтқымыз жоқ. 

- Енді, сонша жерден барғаннан кейін, әрине бос қайтқың келмейді ғой! Содан?

- Содан, «Бұны қайтесіз?» деп сұрадық.

- Иә?

- «Бұйырмаған мал екен; енді көмгеннен басқа амал жоқ» дейді сабазың! Жата кеп жармастым: «Қойыңыз, мынандай дүниені қор қылуға болмайды; маған беріңіз; бағасына келісейік» деп. «Жо-жоқ!» деп, ат тонын ала қашты. Оған мен қоям ба? «Тірі кезіндегі бағасының үштен бірін берейін; базарға шығармаймын, колбаса жасайтын жерге өткізем» деп қоям. «Жо-жоқ, атамаңыз» деп, тағы бас тартты. «Азсынып тұр ғой» деген ой келді де: ««Тірі кезіндегі бағасының тура жартысын берейін!» - дедім. «Осыған келіседі, келіспегенде ше! Кемі мың доллар! Қалтасын тесіп бара ма?!» деп, өзімше маңғазсып тұрсам: «Бауырым, көңіліңе рахмет. Бұл малды сата алмаймын. Сатсам, қиянат болады. Арам өлгенін көріп тұрып, қалай сатам? Біліп тұрып сатсам, оқыған намазым қайда қалады? Одан да, алыстан келіп тұрсыңдар ғой, келені аралап көріңдер. Ұнатқан түйелеріңді алыңдар» дегені! Аузыма құм құйылды сөйтіп. Аралап көріп, басқа бір түйесін сатып алдық... 

- Жаңағы түйені не қылды. 

- Не қылушы еді, айтқанындай: аулақ апарып, терең қазып, тепкілеп көмді!

- Ой, сұмдық-ай!

- Әй, жүре берсең, көре береді екенсің. Неше түрлі адам болады екен ғой!

- Айтпа! Одан да ақшасын алып, басқа бір түйе сатып алмай ма орнына?

- Соны айтам ғой! Айтып түсіндіре алмадық. Ақымақтар көп қой өмірде!

- Иә, небір әпенділер бар ғой!

- Мәке, сол жігітті қалай тапса болады? Телефон нөмірі бар ма сенде? – Асхаттың сұрағына сұрақпен жауап берді Мақсат. Жүзінде таңдану бар.

- Бар. Қайтейін деп ең?

- Қорықпа, саудаңа ортақтасайын деп жүргем жоқ! Сол сендер айтып отырған «әпендімен» бір сөйлессем деймін.

- Не жайлы сөйлесейін деп ең?

- Ол енді секрет! – Жымиып қойған Асхат, сөздің аяғын әзілге бұрды. – Қорықпа, сенің түйелерді қаншаға сататыныңды айтпаймын! Бірақ, сол сабазыңмен дос болуым мүмкін!

- Дос?! – Таңдана әрі кекете айтты. – Бопты онда! Қазір, қарайын...

P.S: Ақыры Асхат іздеп барып, Бақназармен достасып қайтыпты...


10.05.17.

Алғадай Әбілғазыұлы

«Қасиетпен қауышу» кітабынан


ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер