Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Сәждедегі сыр

Мақалалар

 

Уа, Жаратушым!

Құлың келді алдыңа, бас иіп, тәубе тілеп. Белін бүкті, басын қойды сәждеге... Қандай ғажап! Маңдайымның жерге тигені жан-дүниеме осыншама рақат сыйларын білмеппін-ау. Мен бүгін бұрын соңды бұл сезімнің дәмін татқан барлық мұсылманды қызғанудамын. Сәждеден бақыт табу деген осы ма?

Я, Раббым! Кешіктің деп кеудемнен итермеші. Адамдық тізгінімді тартып алған нәпсімнің, айласымен құрығына түсірген шайтанның, жылтыраған дүние мен батпағына батырған пендешіліктің емес, Өзіңнің құлың болғым келеді! Естисің бе, Сен мені?!

О, Алла! Қара дақ басқан жүрегім мен мойнымдағы зіл батпан күнәларымнан жиіркенетін боларсың... Сонда дағы бір қызарып, бір сазарып келдім Сенің алдыңа. Өзіңнен басқа медет болар кімім бар?

Жаратқан Ием! Өзіңнің жалғыздығыңа куәлік беретін кәлиманы жаттағалы қай заман?! Ұйқы алдында, қорыққанда, басыма іс түскенде «Лә иләһа иллалаһ» деп жүргенім жай ғана алданыш екенін бүгін түсіндім. Кәлима жүрегімде, ісімде емес, тілімде ғана болыпты. Сені жақсы көретінімді, қорқатынымды талай рет айттым. Бұл да бос сөз екен... Кешір мені...

«Мені жаратқан – Алла» дедім, алайда дүниеге құлдық ұрдым. Ақыретке сендім, сөйте тұра жылтыраған дүниені таңдадым. Сен Ібілістің дұшпандығын ескерттің, ал мен онымен дос болдым.

Кешір мені, Сенің Құраныңнан жүздеген аяттарды еститінмін, бірақ, бұйрықтарыңды орындау ойыма да кіріп шықпады. Айналамдағы адамдар намазға шақырса да, ақыретте ең бірінші намаздың сұралатындығын білсем де, парыздарыңды танысам да, «ниетім түзу, уақыты келгенде оқимын» деп жауап береді екенмін. Сонда мені жерге жұтқызып жібермедің ба? Жоооқ! Уақыт емес, өлім келеді екен. Ет жақындарымды жалмаған кешегі апат менің жан-дүниеме төңкеріс әкелді. Соншама адамның арасында мені тірі қалдырғаның, әлі де жақсы көретініңнің белгісі ме? Сенің берген бұл мүмкіндігіңе лайықсызбын-ау... Лайықсызбын!

Уа, Жаратқан! Сен не деген Кешірімді, не деген Мейірімдісің?! Өзің мына көзді бермегенде қайтер едім? Кімнен сұрап алушы едім. Әрбір күнәм үшін дереу көктен азап жіберіп тұрсаң, қайда тығылып, кімнен пана сұрар едім?!

Болаттай жастық шағым, темірдей денсаулығым, көл-көсір уақытым, мал-мүлкім, пайдасы жоқ бос сөздерім мен мағынасыз ойын-сауыққа барған күндерім үшін қалай жауап бермекпін!?

Рақымды Аллам! Мен Сені қайғы-қасіретке душар болғанда, ауру-сырқат келгенде, ақша жетпегенде, түс көргенде, біреу өлгенде ғана іздедім. Мен Сенен сұрайтынмын, ал Сен бәрін де беретінсің. Бірақ, оңбаған құлың алғыс айтуды ұмыт қалдыратын. Сенің берген ризығыңды алатынмын, бірақ бойұсынбайтынмын. Мен сенің нығметіңді есепсіз пайдаланатынмын, ал Сен менің түнде жасаған күнәмді күндіз, күндіз жасағанымды түнде жасыратынсың. Мен Сенен ұялуды да білмедім. Сенен алыстаған сайын күнәға белшемнен баттым. Істеген әр күнәма өзімізше ақтау айтып, мың түрлі сылтау іздедім. Жүрегімнің қарайып, күнәға етімнің үйренгені соншалық ауыр күнәлардың өзін елемейтін жағдайға жеттім. Менің тынысымның, жүрегімнің, көзімнің, сөзімнің, өзімнен де жақсы көретін анамның, анау тұрған Көктің, Жердің, бұлттың, ұшқан құстың, жыбырлаған жәндіктің, күннің, айдың, таудың, судың Иесі екендігіңді білсем де, қорқуды білмедім. Сенен емес, адамдардың сөзінен қорықтым, Сені емес, соларды көп еске алдым. Бірақ, кеше өліммен бетпе-бет келгенде, Сенен басқа Құтқарушы жоқ екендігіне анық көзім жетті!

Осыншама рақымың үшін жиырма төрт сағаттың ең құрыса бір сағатын Өзіңе арнай алмағаным үшін кешір мені! Бос өткен өмірім үшін өкініш өзегімді өртеп барады. Бүгіннен кейін сәждесіз күн кеше алмайтындай сезімдемін. Сен құрметтің ең жоғарғысына лайықсың! Енді мені сәжде бақытынан айырмашы! Өзіңнен Мұсылман болып жан тапсыруды сұраймын!

Я, Раббым! Сенің рақымыңнан, Сенің кешіріміңнен үміт етемін! Сен – Уәдеде Тұрушысың! Жомарттығыңды, Мейірбандығыңды, шын өкініп, бойұсынған құлыңды кешіретініңді білемін. Менің күнәм қаншалықты үлкен болса да, Сенің кешіріміңнің, мейіріміңнің одан да үлкен, шексіз екендігіне сенімдімін. Кешіре гөр! Кешір мені...

Алла Тағалам! Саған, Сенің асыл дініңе бет бұрдым. Ғұмырымды құлшылықпен, иман, тақуалықпен безендіре гөр!

Алла Тағалам! Шын мәнінде, мен сенің құлыңмын! Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын! Менің тағдырым Сенің қолыңда әрі сенің үкімің маған міндет! Сенің маған жасаған үкімің әділ, Саған тән болған барлық есімдеріңмен, Өзіңді атаған немесе кітабыңда түсірген немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын! Маған Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры ете гөр!

Сенен басқа Тәңір жоқ, Сенен басқа Тәңір жоқ, Сенен басқа Тәңір жоқ...

 

 

ПІКІР (2)

нұрум амангелдi

Өте керемет

ЖАДЫРА

АЛЛАХ ҰЛЫК!ИМАНЫМЫЗДЫ АРТТЫРА ГӨР!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер