Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Рамазанда Құран арқылы қалай өзгереміз?

Иман

«Құран» деген не?

Бұл Кітаптың қадірі мен қасиетін түсіндіру үшін «Құран – бүкіл жаратылыстың Жалғыз Жаратушысының сөзі» деген теңеудің өзі әбден жеткілікті. Иә, солай, Құран – сенің сөзіңнің де, көзіңнің де, тіпті, өзіңнің де Қожайының болған Ұлы Алланың саған жолдаған хаты, тікелей тіл қатуы.  Тұла бойы ескерту мен уәдеден тұратын, адамның нұсқаулығы іспетті, қалай өмір сүру керектігі жайлы білімдер  егжей-тегжей баяндалған мұндай нәрсені жерді жеті айналсаң да таппайсың. Құранды оқу – құлшылық, Құранды тыңдау – құлшылық, Құранды жаттау, түсіну, ойлану, амал жасау – тағы да құлшылық.

Құран мен Рамазанның қандай байланысы бар?

Ал енді осы Құранда аса Білімді Раббымыз төрімізден орын алғалы отырған Рамазан айы туралы бір ғана рет сөз қозғайды: «Рамазан айы сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол мен фурқанның анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген» («Бақара» сүресі, 185-аят). Асылында, бүкіл әлем мұсылмандары Рамазан айын еске алғанда оның егізіндей етіп оразаны да ойға алады. «Бүгін кешке – тарауық намазы, ал ертең – сағындырған Рамазан айы басталады, ертеңгі күн сондай жауапты, ауыр, ұзақ болмақ...ораза... аштық... шөл...». Сізде де осындай ой бар ма? Алайда, байқасаңыз, мұнда Алла Тағала Рамазанды ораза айы ретінде таныстырмайды. Рамазан – Құран түсірілген ай деп баяндайды. Демек, сіз бен біз де Алланың үйретуімен Рамазанды еске алғанда Құранды да қоса ойға алуымыз керек екен. 

Ойлана білген адам Рамазанды Рамазан еткен Құран екендігіне көз жеткізеді. Сондай-ақ, Қадір түнін де қадірлі еткен осы Құран ғой. Тіпті, Пайғамбардың өзін Пайғамбар еткен Құранның нақ өзі. Өйткені, оның ұлы мақсаты да – адамзатқа Құранды жеткізу емес пе?

Рамазанда Құран арқылы Аллаға жақындау

Рамазан айының Аллаға жақындай түсуге жол ашатын құлшылық науқаны екендігі әркімге белгілі. Бұл маусымда истиғфарын көбейтіп, күнәсін дұғасымен кетірген пенделердің Алланың үйіне қарай ағылып жататындығы көз қуантады. Ал сіз білесіз бе? Жоғарыда келтірілген «Бақара» сүресінің 181-аятында Рамазанда Раббымызға қарай жақындаудың кілті көрсетіліп қойған екен! Бұл ұлы көпір – Алланың кітабы Құран.  Рамазанда тиісті болған міндетін атқарып, Алланың разылығына жетемін деуші бұл айды Құранмен өткізуі қажет. Сондай бір берік байланыс орнатуға деген ұмтылыс айы. Қызығы, келтірілген аят Мединеде түскен. Бұл уақытта сахабалар исламның көптеген тақырыптарымен танысып, Құран аяттарын оқып, жаттап, амал жасап жүрген болатын. Десе де, Алла Тағала Рамазан айын таныстырғанда Құранмен де таныстырады. «Құран – басшылық әрі тура жол және ақиқат пен жалғанды ажыратушы». Сөзсіз, бұл уақытта кәлиманы айтып, иман келтірген әрбір мұсылман Құранның адамзаттың бағдаршамы, шамшырағы екендігін білетін. Ғалымдар мұндағы даналықты «Бұл аятта- Алла Тағала Құранды жаңадан таныстырғандай, біз де Рамазанда Құранды жаңадан ашқандай кейіпте, алғаш оқығандай әсерде болып, сондай жаңа, сондай таза қарым-қатынас орнатуымыз қажет» деп тәпсірлеген. Бейне бір алғаш рет ой жүгіртіп, түсінгендей халде... Және бұл керемет! Егер біз дәл осылай, Алла күткендей қадам жасар болсақ, Алла Елшісі уәде еткендей Рамазанда күнәларымыздың кешірілуінен үміт етеміз. Құранмен басталған жаңа қарым-қатынастай күнә дақтарынан арылған құдды бір жаңа өмірдің басталатындығына кәміл сенеміз

Құран оқуға деген құлшынысты арттыру үшін...

Кез келген адам белгілі бір нәрсе туралы нақты білімі болғанда ғана дұрыс амал жасап, сол амалды жасауға деген құлшынысқа бай болады. Адамзат үшін ең үлкен мотивация – Құран аяттары десек, Құран аяттарын оқуға деген құлшынысымызды сол Құранның өз аяттарымен күшейту мақсатында төменде бірнеше аяттарды топтастырдық.

Құран – Бір Алладан келген ақиқат

«Ақиқатын, өздеріне Еске  салатын (Құран) келген кезде, оған сондай күпірлік етушілер (теріске шығарып, мойындамайтындар) бар. Шын мәнінде, ол – ұлы Кітап. Оған (Құранға) өтірік алдынан да, артынан да келе алмайды, ол аса Дана (әл-Хаким), өте Мақтаулыдан (әл-Хамид) түсірілген» (41-42-аят).

Құран – Алланың нұры «Негізінде сендерге Алладан нұр, анық Кітап (Құран) келді. Алла онымен (Құранмен) Өзінің ризалығын іздегендерді амандық жолдарына салады және оларды Өз рұқсатымен қараңғылықтардан жарыққа шығарады және тура жолмен жүргізеді («Мәида» сүресі, 15-16-аяттар).

Құран  - сауаптысауданың тауары

«Ақиқатында, Алланың Кітабын оқитын, намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындайтын және Біз ризық етіп бергеннен жасырын әрі ашық түрде жұмсайтындар ұтылмайтын (зиянға ұшырамайтын) сауданы үміт етеді. Ол (Алла) оларға сыйларын толық етіп береді әрі Өз кеңшілігінен арттырып береді» («Фатыр» сүресі, 29-30-аяттар).

Құран – үздік қиссалар мен тарихи оқиғалар жиынтығы

«Әлиф, Ләм, Ро. Бұлар – анық Кітаптың аяттары. Ақиқатында, Біз оны ақылдарыңды істетіп ұғынуларың үшін арабша Құран етіп түсірдік. (Ей Мұхаммед!) Біз саған осы Құранды уахи етіп, оқиғалардың ең жақсысын баян етеміз» («Юсуф» сүресі, 1-3-аяттар).

Құран – адамзатқа арналған заңдар жүйесін немесе жаратылыс құпиясы туралы деректерді ғана емес, тарихи оқиғалар туралы баяндамаларды да қамтиды. Ерекшелігі – бұл оқиғаларды әлемдердің Раббысы баяндайды.«Олар (пайғамбарлар) жайлы хабарларда ақыл иелері үшін ғибрат бар. Бұл (Құран) ойдан шығарылған әңгіме емес, ол – өзінен алдыңғыны растаушы, барлық нәрсенің анық түсіндірмесі әрі иманға келген адам үшін (тура жолды ұстануға) басшылық және мейірім».(«Юсуф» сүресі, 111-аят).

Құран – ұлы күшке ие

«Егер де осы Құранды бір тауға түсірсек, оның Алладан қорыққаннан иілген (бойұсынған) түрде бөлшектеніп кеткенін көрер едің. Бұл мысалдарды адамдарға олардың ойланулары үшін келтіреміз» («Хашр» сүресі, 21-аят).

Құран – бақыт, жеңілдік сыйлаушы

«...Ол сендерді таңдады әрі Ол сендерге дінде ешбір қиындық жасамады» («Хаж» сүресі, 78-аят); «Біз саған Құранды ауыртпашылық салу (бақытсыз болуың) үшін түсірген жоқпыз» («Та һа» сүресі, 2-аят); «Алла сендерге жеңілдетуді қалайды. Ал адам баласы әлсіз етіп жаратылған» («Ниса» сүресі, 30-аят). 


Құран – кемшілік атаулыдан пәк Кітап

«Барлық мақтау Аллаға, сондай құлына Кітапты (Құранды) түсірген және онда (Құранда) ешбір қисықтық, ауытқу(кемшілік) жасамай, тура еткен» («Кәһф» сүресі, 1-2-аяттар).

Құран – иманды күшейтуші

Жаратушы Құранның бір уақытта емес, белгілі уақыттар арасында бөлім-бөлім болып түсірілу себебін адамдардың жүрегіне иманды орнықтыру үшін деп хабарлаған: «Ал, күпірлік етушілер: «Оған Құран бірден түсірілсе еді?» деді. Біз жүрегіңдегіні онымен орнықтыру үшін оны осылай түсірдік және оны бөліп, ретімен (анық етіп) оқып бердік» («Фұрқан» сүресі, 32-аят). Құран жүрекке иманды орнатып, Алламен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. «Әнфал» сүресінің 2-аятында: «Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)» делінген.

Құран – тән мен жанның шипасы

«Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді». («Юнус» сүресі, 57-аят), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят)

Құран – аяттарын ешкім қайталай алмайтын ерекше мұғжиза

«Ал, егер құлымызға түсіргенімізден күмәнда болсаңдар, сол түсіргенімізге ұқсас бір сүре келтіріңдер әрі Алладан өзге куәларыңды (көмекке) шақырыңдар, егер шын сөзді болсаңдар. Ал, егер, мұны жасамасаңдар,- сендер оны ешқашан жасай алмайсыңдар, ендеше отыны адамдар және тастар болатын Оттан қорқыңдар!» («Бақара» сүресі, 23-24-аяттар).

ПІКІР (2)

2018-05-29 22:33:03

орамал мəселесі

Тұрғанбек Жансұлу
2018-05-30 03:19:13

Өте жақсы өзім билмей жүрген біраз нәрселерді үйрендім

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер