Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Рахат ЖАҚСЫБАЙ: ҰЛТТЫҚ СПОРТ– БРЕНД БОЛУ КЕРЕК

Сұхбат



Президенттік «Болашақ» бағдарламасы көптеген жастың шет елде білім алып, озық тәжірибелерді меңгеруіне мүмкіндік берді. Биыл құрылғанына ширек ғасыр толатын бұл бағдарламаның мыңдаған түлектері әр алуан салада еңбек етіп, қызмет жасауда. 

Бүгінгі сұқбатымыздың қонағы –  мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Ұлыбританияның University College London университетінің магистрі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі - Рахат Жақсыбай. 

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Р. Жақсыбаймен сұқбатымыз ұлттық спорт, білім, журналистика жайында өрбіді. 


Асыл арна: Сұхбатымызды ертең Елордамызда жамбы атудан өтетін жарыстан бастасақ. Бұл – халықаралық турнир ғой?


Рахат Жақсыбай: Иә, халықаралық турнир. Жамбы атудан екінші рет ұйымдастырылып отырған жарыс. «Алтын жебе» деп аталады. Естеріңізде болар, бұл халықаралық турнир өткен жылы алғаш рет қолға алынған болатын. Жамбы атудан тұңғыш өткізілген турнирге Малайзия, Румыния, Финляндия, Польша, Венгрия, Түркия, Моңғолия сияқты елдердің саңлақ садақшылары қатысқан-тұғын. Бас жүлдені румыниялық Михай Козмей иеленіп, біздің мергендеріміз Айтбек Сарыбай күміс жүлдені, Ералхан Айкөз қола жүлдені жеңіп алған еді. 

Ал биылғы жарысымызда 11 елдің 25 мергені бақ сынамақ. Және бір ерекшелігі Қазақстан құрамасы атынан ер жігіттермен бірге қыз балалар да сайысқа түсіп, өнер көрсетпек.  

Ат үстінде садақ атуға көңіл бөлініп, ден қойыла бастағаны – осы соңғы үш-төрт жыл көлемі ғана. Осындай аз уақытқа қарамастан, халықаралық жарысқа алғаш қатысқан спортшыларымыздың әлемдік сұрмергендермен терезесі тең өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуі – бұл қабілеттің қанымызда бар екенін, генімізде орныққанын көрсететіндей. 

Ертедегі жыр-дастандарды, тіпті мына ХVIII-XIX ғасырлардағы ақын-жыраулардың шығармаларына көз салсақ, осы дәстүрлі садақ атуға байланысты керемет тіркестерді кездестіреміз. Кезінде садақ ату өнері көшпенді өмірдің өзіндік салты, бөлінбес бір бөлшегіндей болғанын аңғартады. Мысалы, «Алты атқа алған адырна, бес атқа алған Бұхар жай» деген сөзге қараңыз. Мұнда «адырна» деп садақты, «Бұхар жай» деп жебені айтып тұр. Сонда бабаларымыз заманында адырна мен жебенің қадірі қандай болған? Сондай-ақ «Адырнасын ала өгіздей мөңіретіп» деген теңеулер қандай? Мергендердің өзін «Сұрмерген», «Қолмерген» деп, ал мергендік сайыста дара шыққандарын «Адақмерген» деп атағанын біз бұл күнде мүлде ұмыта бастадық. 

Садақ ату – ұлтымыздың осындай озық дәстүрінің бірі болған. Енді бүгін біздің қауымдастықтың мұрындық болуымен, ағайынның қызығушылық танытып, ел ағаларының қолдау білдіруінің арқасында ат үстінде садақ ату салтымыз жаңғырып, спорт ретінде қайта жанданып жатыр. Сондықтан, баршаңызды 30-31 тамызда Астанадағы «Қазанат» ипподромында өтетін ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирін тамашалауға, Қазақстан ұлттық құрама командасы мергендерінің жанкүйері болуға шақырамыз. Біздің шарамызға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдіріп, «Самұрық-Қазына» және «Самұрық-Траст» қорларының демеушілік жасап жатқанын да айта кетейін. 



Асыл арна: Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын 2021 жылы тұңғыш Бүкіләлемдік этноспорт ойындары Қазақстанда өтетінін өткен апталарда бүкіл қазақстандық БАҚ сүйінші сұрап жазды. Бұл, әлбетте, еліміз үшін үлкен жетістіктің бірі. Жалпы, осы үлкен доданың біздің елде өту мүмкіндігі қалай жүзеге асты?


Рахат Жақсыбай: 2018 жылдың 13-14 тамызы күндері Түркияның Ыстамбұл қаласында ЮНЕСКО-ның дәстүрлі спорттар мен ойындар бойынша төртінші консультативтік кеңесі өтті. 40-қа жуық елдің спорт министрлері, депутаттар, халықаралық федерациялар жетекшілері, дәстүрлі спорт бойынша сарапшылар, ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілдіктерінің делегациялары бас қосқан бұл жиында 2021 жылы І Әлемдік этноспорт ойындарын Қазақстанда өткізу шешімі қабылданды. Тұңғыш біріншілікті өз елдерінде өткізуге бірнеше мемлекет өтініш білдірген болатын. Кеңес Қазақстан кандидатурасын қолдады. 

Жалпы кейінгі жылдары ұлттық спортқа әлем бойынша қызығушылықтың артқанын аңғарып жүрміз. Бұл бағытта өңірлік, аймақтық, республикалық, халықаралық деңгейде өтетін жарыстар, фестивальдар аз емес. Бірақ 2021 жылы ұйымдастырылатын І Әлемдік этноспорт ойындары алты құрлықтың дәстүрлі ұлттық ойындарын бір жерде біріктіретін тарихтағы тұңғыш ірі платформа болады деп үміттенеміз. Қазір даярлық жұмыстармызды бастап жатырмыз. 



Асыл арна: Бір жылқыны баптаудың өзі оңай еңбек емес. Қажырлы еңбекті талап ететін ұлттық спортты дамытуда кездесетін қиындықтар мен кедергілер қандай? 


Рахат Жақсыбай: Ұлттық спорттың артықшылығы да сонда – біздің дәстүрлі спорт жылқы түлігімен тікелей байланысты. Онсыз ұлттық спортты елестету мүмкін емес. Тиісінше, атты баптау, тасымалдау, күтімін жасау деген сияқты басқа ешбір спорт түрлерінде жоқ ерекше қажеттіліктерді талап етеді. Мысалы, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату немесе көкпар болсын, қай-қайсысына тек спортшының ғана даярлығы емес, жылқының да қапысыз бабы аса маңызды. Әр спортшы өз атын сол сайыс түріне әбден үйретіп алуға, жалпақтап айтқанда, баулуға міндетті. Онсыз қай жарыста да жеңістің ауылы алыс болады. 

Мәселен, әлемдік спорт түрлерінің өзін шартты түрде олипиадалық және олимпиадалық емес деп екі топқа жіктеуге болады. Осы олимпиадалық емес спорттың жанында дәстүрлі спорт пен ойындар деп айрықша аталатын жарыс түрлері және бар. Олимпиадалық спорт дегеніңіз ұзақ жылдар бойы қалыптасқан, жан-жақты зерттеліп, жүйеленген сала. Тіпті төрешілердің, спортшылардың тиісті атақтарын алуына дейін ескеріліп, жұмыс рельске қойылған. Сондықтан, олимпиадалық спорт түрінің алға жылжуы, белгілі бір елде федерациясын іске қосып, клубын ашу үлкен бір күш-қайратты талап етпейді. 

Ал ұлттық спорт біздің ғана, біздің ұлттың ғана дәстүрлі спорты болғаны себепті, оны халықаралық деңгейге шығармақ болсақ та, өз елімізде дамытпақ болсақ та оған айрықша күш, ерекше бір ресурс талап етіледі. Себебі, оны дамытуға әлем емес, өзіміз ғана мүдделіміз. Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы мен қауымдастық президенті Бекболат Тілеухан мырзалардың алға қойған екі үлкен мақсаты бар. Оның біріншісі  – ұлттық спортты ел ішінде, жастар арасында барынша кеңінен, тіпті бренд түрінде насихаттау. Екіншісі, біздің ұлттық спорт түрлерінің әлемдік деңгейге көтерілуіне күш салу. Бұл тұрғыда жасалып жатқан жұмыстар да аз емес. Мысалы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен көкпардан, аударыспақтан, теңге ілуден бірнеше рет Азия чемпионаттары, көкпардан тұңғыш әлем чемпионаты өткізілді. Ұлттық спорттың алты түрінен елішілік чемпионаттар, турнирлер, фестивальдарды күнтізбелік жоспар бойынша тұрақты өткізу жолға қойылған. Әлі де жүйелейтін, қалыпқа түсіретін жұмыс өте көп. Бірақ алғашқы іргетастары қаланып жатыр. 



"Британия – білім экспорттайды"


Асыл арна: Ұлыбританияның University College London оқу орнында жобалардың стратегиялық менеджменті мамандығы бойынша магистратураны тамамдағаныңызды білеміз. Ол қан­дай мамандық,нені оқытады? Тарқатып айтып берсеңіз. 


Рахат Жақсыбай: «Жобалардың стратегиялық менеджменті» мамандығы қазір айналысып жүрген жұмысыммен тікелей байланысты дер едім. Мысалы, Қазақстанда 2021 жылы өткіземіз деген І Бүкіләлемдік этноспорт ойындары бұл – үлкен бір жоба. Сабақты ине сәтімен болса, Алла бұйыртса, тарихта қалатын шара. Алып жоба болуымен әрі ұзақ мерзімге жоспарлануымен бұл шараны стратегиялық жоба деп қарастыруға әбден болады. 

Бұл мамандық бойынша не оқыдық? Жобалардың стратегиялық менеджменті, аты айтып тұрғандай ұзақ мерзімді жобалардың ұзақ мерзімді басымдықтарына көңіл бөлу. Яғни, жобаның негізгі ғұмыры проект іске асқаннан кейін басталады. Бұл дегеніміз не? Мәселен, белгілі бір іс-шараны қолға алдық, ол іс-шара аяқталды. Енді оның мұрасы қалай болды? Ол шарадан не қалды? Ол шарадан қандай әсер болды? Егер ұзақ мерзіммен есептегенде, одан қандай тиімділік алдық?

Біздің негізгі оқығанымыз, негізгі дәріс алған линиямыз осындай мәселелерге көңіл бөлу. Білесіздер ме, Қазақстанда немесе шығыс елдерінде ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде басталған жобалардың басым бөлігі аяқсыз қалады, уақытында бітпейді, қаржысы жалпы сметадағыдан да көбейіп кетеді немесе күтілген сапада бітпей жатады. Жобалардың стратегиялық менеджменті белгілі бір жобаларды уақытында, күтілген сапада, берілген бюджетінде бітіруді ғана емес, оның одан кейінгі ғұмырының қандай болуына көңіл бөлуді үйретеді. 


Асыл арна: Шетелдегі білім жүйесі көңіліңізден шықты ма? Артықшылығы мен кемшін тұстары туралы баяндасаңыз.


Рахат Жақсыбай: Британия – даму көрсеткіші жөнінен алғашқы ондыққа кіретін мемлекет. Сондықтан, бұл елден үйренетін дүниелеріміз өте көп. Білім саласы айрықша дамыған. Елге негізгі инвестиция, яғни, негізгі табыс әкеліп тұрған саланың бірі – білім. Мұны олар білім туризмі деп те атайды. Әлемнің көптеген елінен осы елге келіп білім алады, ағылшын тілін оқиды. Оның үстіне әлемдік тіл болып тұрған ағылшын тілінің Отаны ретінде олар осы тіл курстарын, тіл бағдарламаларын әлемге экспорттап отыр. Бір сұхбат аясында барлығын қамту мүмкін емес шығар. Бірақ екі-үш мәселеге арнайы тоқталайын. Мысалы, академиялық адалдық, яғни, жаңа технологиялардың көмегімен плагиатқа жол бермеуге, көшірмеуге тырысатын жүйенің қалыптасуы. Әр студент еңбекті өзі жазуға тиіс. Әрине, ол елде де курстық, дипломдық жұмыстарды сатумен айналысатын қызметтер жасырын, заңсыз жұмыс істейді. Бірақ бүкіл оқу жүйесі, университеттер осы плагиатпен, басқаның еңбегін көшіріп алуға қарсы күреседі. Бұл біздің елге де біртіндеп келе жатыр деп ойлаймын. 

Екінші бір мәселе, профессорлық-оқытушылық құрамның практикамен тығыз байланыста екендігі. Мәселен, бізге сабақ берген отызға жуық мұғалім тек теорияны ғана емес, практиканы да жақсы меңгерген, сол салада жұмыс істеген. Олар үкіметте қызмет істеген, бизнеспен шұғылданған, өзінің кәсібі бар, ғылыми орталықта қызмет атқарған жандар. Тек академиялық ортамен шектеліп қалмаған. Кемінде екі-үш жыл өз саласында жұмыс істеп келгеннен кейін ғана білімін студенттермен бөлісуі – қалыптасқан тәжірибе. 

Үшіншіден, қалай десек те, білім экспорттап отырғаннан кейін ол елде студенттің қамы, студенттің жағдайы деген мәселеге айрықша көңіл бөлінеді. Тиісінше, кітапханасына, оқу бағдарламасына қолжетімділік, жалпы оқуға қажетті жағдайлар кеңінен жасалған. Бұл үш мәселе де біздің елдегі университеттердің үйренетін, тағылым алатын дүниелері. 



"«Болашақ» - үлкен мүмкіндік"


Асыл арна: «Болашақтың» сіздің болашағыңыз үшін рөлі қандай болды?


Рахат Жақсыбай: Әрине, Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасы көптеген жастың өміріне өзгеріс енгізді. Позитивті жағынан, жақсы жағынан. Себебі, қалай дегенмен де, «атың барда ел таны, желіп жүріп» дегендей, мемлекет мүмкіндік беріп, қаржылай қолдау көрсетіп тұрған кезде шетелдің озық тәжірибелерімен танысу - жастардың көкжиегін кеңейтеді. Жаңа бір идеяларға жол ашады, тың ойлардың туындауына және өзіңнің жеке қабілеттеріңнің шыңдалуына, ашылуына мүмкіндік береді. Өзіңіз ойлаңызшы, ғасырлар бойы академиялық желісі үзілмеген, ғалымдар мектебі берік қалыптасқан елдің білім бұлағына бірден барып бас қою - тәуелсіздіктің біздің буынға беріп тұрған үлкен бір мүмкіндігі емес пе? Сондықтан, өз басым, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқығаныма өте қуаныштымын және  осы саптан табылғаныма ризамын. 


Асыл арна: Шетел көрген жастардың біразы елге оралысымен-ақ сол жақпен салыстырып, Қазақстанды іске алғысыз ғып сынап жатады. Немесе тәжірибе алмасуға барып, соңы паспортын алмастыруға ұласып жататыны да кездеспейтін нәрсе емес. Осыған қатысты не айтасыз? 


Рахат Жақсыбай: Глобализация – осыдан он жыл бұрынғыдай емес, іс жүзінде басталып кетті. Басталғаны былай тұрсын, үлкен қарқын алды. Сондықтан, бір елден келесі мемлекетке көшу, басқа бір елге барып жұмыс істеу, білім жетілдіру қазір барынша жеңілдетілді. Интеллектуалды еңбектің сатылуы сияқты бұрын-соңды адамзат баласы көрмеген жаһанданудың жаңа бір қыры ашылды. Күллі әлемнің ақылды адамдарын өз игіліне пайдалану бақуат мемлекеттерге, трансұлттық компанияларға пайдалы шығар. Бірақ біз сияқты дамушы мемлекеттерге, рас, қиын-ақ. Өйткені, бәсекелестікке шыдас беру қиын. Мұндай тенденция біздің елге, біздің аймаққа ғана емес, бүкіл әлемге қатысты. Қай жерде оқуға, жұмыс істеуге қолайлылық бар, сол жаққа адамдар легі ағылатын тенденция қалыптаса бастады. 

Жалпы, мұның өзін екі тарапқа бөліп қарау керек деп ойлаймын. Біріншісі, расында да сол мемлекеттің азаматтығын алу үшін өз елімізді жамандап, жақсылығын асырмай жүретін кейбір адамдар болуы мүмкін. Бұл - ұят нәрсе. Ал енді кейбір азаматтардың шетелге барудағы мақсаты дұрыс. Дамыған елдің білімін алып, кейін Қазақстанның пайдасына жұмсауды көздейді. 

Көзім көріп, көңілге түйген бір нәрсе – балаларды жас кезінде шетелге оқуға жібермеген абзал. «Болашақ» бағдарламасы бойынша бакалавр деңгейінде білім гранттарының тоқтауының да бір себебі – осы. Себебі, енді ғана мектеп қабырғасынан шыққан, әлі қазақстандық ортамен танысып үлгермеген  жасшетелдегі қызылды-жасылды тіршілікке оңай сіңісіп және соны қимай қалуы мүмкін. 

Елдегі жоғарғы оқу жүйесін көрген, кейін белгілі бір салаларда еңбек еткен, отбасын құрған, шынайы өмірдің қиындықтарына бетпе-бет келген, содан кейін барып қана, шет елдің тәжірибесін, оқуын алған жастан жақсы шыңдалу шығады деп ойлаймын. 



"Смартфоны бар кез келген адам ақпарат беруші «медиаға» айналды"


Асыл арна: «Хабар» телеарнасында журналист, тежүргізуші болып қызмет атқарғаныңызды білеміз. Ал сіздің жоғарғы оқу орнында «геодезия және картография» мамандығын тәмамдағаныңызды біреу білсе, біреу білмейді. Журналистикаға бет бұруыңызға қандай да бір жағдай әсер етті ме? 


Рахат Жақсыбай: Алғашқы жоғары білімді Қазақ ұлттық университетінің география факультетінде алғаныммен, бұқаралық ақпарат құралдарымен таныстығым, араласым оқушы кезімнен басталған. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде-ақ Қызылордадағы өңірлік, жергілікті басылымдарда мақалаларым шығып, телеарналар қызметіне араласып жүрген жайым болған. Журналистикаға деген осы бір қызығушылығым Алматыға оқуға келген кезде де жалғаса берді. Студент кезімде де «Хабар» телеарнасындағы «Азамат» жастар бағдарламасының эфирге шығуына етене араласуыммен басталып, ақыры осы бір даңғылға бұрылып, осы бір салаға түсіп кеткен жайым бар. Қазіргі қызметім тікелей масс-медиа саласына қатысты болмаса да, бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас жасамайтын сала жоқ. Сондықтан, бұл саладағы тәжірибелерім ұлттық спорт бағытындағы жұмыстарымда өзінің оңды әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. 




Асыл арна: Қазіргі журналистика саласының даму, өркендеуі жайлы не айтар едіңіз? Сіздіңше бүгінгі журналист қандай болуы керек?


Рахат Жақсыбай: Әлемдік журналистика өте қарқынды дамып жатыр. Дүниенің дидары да күнде құбылып тұр. Замана қарқыны алапат. Жаңа құбылыстар пайда болды. Бұрынғыдай бір тарап хабар таратушы, екінші тарап хабар алушы емес, қазір қолында смартфоны бар кез келген адам ақпарат беруші «медиаға» айналды. Өмірімізге әлеуметтік желінің араласуы бұл мүмкіндікті тіпті еселей түсті. Тиісінше, адамдардың ақпарат қабылдауы өзгерді. Бұрын сағаттап бейнематериалдар көре беретін адамдар қазір видео үш минуттан асса, ары қарай көрмеуі мүмкін. Тіпті Инстаграм желісі 1 минуттан артық видео жарияламайды. Бұл да қысқа ақпарат қана қабылдайтын қауымды арттыра түсетін шығар. Сағаттап отырып дәріс алу, танымдық деректі фильмдер қарау ескіліктің көрініс боп бара жатыр. Бір адамның бірнеше қызметті қатар атқаруы пайда болды. Мысалы, біз бұрын радиожурналист, тележурналист, газет журналисі деп бөлетін болсақ, қазір қолына қалам ұстаған адамнан аудионы да өңдеп, видеоны да меңгеріп, мәтінін де әзірлей алатын қабілет талап етіледі. Сондықтан, әмбебаптық қазіргі кезде өте қажет дүниелердің бірі. 

Екінші жағынан, масс-медиа саласында белгілі бір салаға маманданудың да құны артып келеді. Барлық оқырман не көрермен үшін емес, белгілі бір топқа, таргетті аудитория үшін жұмыс жасау қажеттілігі туындап отыр. 


"Биіктік бұл - қарапайым ғана мұсылман болу"


Асыл арна: Әркімнің ұмтылатын өз биігі болады, онсыз өсім, алға жылжу жоқ. Сіз көздеген биіктік қайсы? 


Рахат Жақсыбай: Жоғарыда айтып өткен, Лондондағы оқудағы кезде бізге Батыс әлемінің, әсіресе, британиялықтардың бір шаруаны ұзақтан межелеп, ұзақтан жоспарлайтын мысалдарын көптеп келтірген. Мәселен, Лондондағы Хитроу әуежайының үшінші жолағын салу ұсынысы қоғамда елу жыл бойы талқыланып, қорытындысы өткен жылы ғана анықталып, шешілген еді. Сол сияқты бізге сабақ берген ұстаздар Британияда салынып жатқан пойыз жолағының алдағы 120 жылға қызмет етуін межелеп, соған сәйкес қандай бір қажеттіліктердің болып қалуы мүмкін екенін есептеп жатыр. Яғни, белгілі бір жұмыс бастамас бұрын оның алдағы буынға, ендігі келетін жаңалықтарға дайын болуы тыңғылықты түрде есептеледі. Осындайда стратег болуды, алдын ала қамдануды үйретеді. Мен осындайда апта сайын жұмасына барып, намазын оқып жүрген қарапайым мұсылманды үлкен стратег ретінде көрем. Себебі, ол осы дүниесін ұмытпай, бар шаруасын ретімен жасап жүр, бірақ, оның межесі өте алыста, ол ақыреттің де қамын жасап жүр. Тиісінше, қарапайым болса да, ол елу жылдың, 120 жылдың ғана емес, одан да биік бір мақсаттарды көздеп жүр. Былайша айтқанда, биіктік бұл ата-бабамыз салып берген дәстүрлі жолымен қарапайым ғана мұсылман болу деп айтсақ дұрыс болар.



Асыл арна: "Әкеге қарап ұл өсер". Бала тәрбиесінде қандай әдістер қолданасыз? 


Рахат Жақсыбай: Мойындауымыз керек, расында да жұмыс деп, қоғамдық шаруа деп отбасындағы ең маңызды шаруалар кейде артта қалып жатады. Осы сұрақ арқылы өзіме де, замандастарыма да еске салатын дүние, ол отбасындағы, бала тәрбиесіндегі жұмыс, шынында да бұл стратегиялық маңызды дүние. Себебі, енді он жылдан кейін, енді жиырма жылдан кейін сен тәрбиелеп жатқан, сенің отбасыңда өсіп жатқан балалар осы қоғамның маңызды бір тұлғасына айналу-айналмауы тікелей саған байланысты. Егер осы кезде оған қандай да бір қабілеттер, қандай да бір білім, жақсылықтар бойына сіңірілсе, ол міндетті түрде өзінің жемісін береді. «Бала тәрбиесінде баланы емес, өзіңді тәрбиеле» деген сөз бар. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» дегендей, өзіміз түзу болуымыз қажет. 


Асыл арна: Сізді өмір сүруге құштарландыратын мотивация қандай?


Рахат Жақсыбай: Өмір – оңай емес. Бірақ қара аспанды төндіріп, жаңбыр жаумай су болатындай қиын да емес. Өмір қашанда белгілі бір сындардан, қандай да бір қиындықтардан тұрады. Жетістікке жеткен де, жетпеген де, бай да, қоңыртөбел кісі де кедергілерге тап келеді. Қиындық – біздің өмірлік мақсаттарымызға кедергі болмауы керек. Керісінше, қайрақ болуы тиіс. Қиындықтардан өтуіңмен сабырың шыңдалады, тәжірибе жинайсың және келесі бір, бұрынғыдан да қиынырақ сындардан өтуге дайын боласың. Қиындықтарға шыдас бермеу - ең жеңіл жол. Қол сілтей салудан жеңілі жоқ. Ал мықтылығыңды дәлелдеу, қиындықтарға шыдас беру – ол нағыз өмір сүру. 


Асыл арна: Уақытты қадірлей білесіз бе? 


Рахат Жақсыбай: Уақыттың қадірі – әрбірімізге қатысты тақырып. Уақытты қадірлеу, менің ойымша, уақытты жоспарлаумен реттеледі. Егер шаруаларыңды белгілі бір ретпен жоспарласаң, сол жоспарыңа сәйкес өміріңді реттеуге тырыссаң міндетті түрде нәтиже болады әрі уақытты бос өлтірмеуге дағдыланасың. Себебі, ешқандай жоспарың болмаса, ешқандай бір қатысатын шараң, қоғамдық жауапкершілігің болмаса, онда уақыт сіз үшін бір құнсыз нәрсе болғаны. Бірақ уақыт өте құнды. Өйткені, әрқайсымыздың құнды уақытымыз сағат тілі жылжыған сайын таусылып бара жатыр. 




Асыл арна: Өзіңізден кейінгі буын неге қол жеткізуі тиіс деп ойлайсыз? 


Рахат Жақсыбай: Жас күнде, әсіресе, студенттік кезеңде көп нәрсені үйреніп қалуға тырысу керек. Кітап оқитын да, білім алатын да, коммуникация қалыптастыратын да осы уақыт. Сондықтан, басқалар серуендеп кетті екен деп, басқалар менен гөрі көбірек табыс тапты екен деп көңілді алаңдатпай, осы сәтте барынша болашақта қажет болатын білім мен тәжірибені жинап қалуға ұмтылу қажет. 

Екінші мәселе, орта. Егер сен жақсы ортаға қарай ұмтылсаң, сол ортадан саған жақсылық келеді, нәтижесінде бойыңнан да сол жақсылықтардың нышаны байқалатын болады. Егер сен жаман ортаға түссең, міндетті түрде зардабын тартасың. Сондықтан, інілеріме біріншіден - уақытыңды білімге, оқуға, бір нәрсе үйренуге жұмса, екіншіден - жақсы орта табуға ұмтыл деген кеңес берер едім.    


Асыл арна:Риясыз әңгімеңізге, арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет!


Сұхбаттасқан

Үміт ҚОНЫСБЕК


ПІКІР (3)

Құралбек Мәдениетұлы
2018-08-29 10:06:54

Сұқбат өте жақсы деңгейде өткен. Өзекті сауалдар қойылған. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Қымбат Қылышбекова
2018-08-29 12:11:52

Салмақты да салиқалы сұқбат. Керемет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Орынбасар Бекболатұлы
2018-08-30 09:04:30

Аз ғана сұхбат барысында көп мəселе сөз болыпты. Пайдалы ақыл кеңестер де баршылық екен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер