Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ҚЫЗҒА АРНАЛҒАН ҚЫРЫҚ ТЫЙЫМНЫҢ САНЫ АЗАЙЫП ҚАЛҒАН БА?

Дәстүр


Бау-бақшаңда жайқалып өсетін нәзік гүлді күтіп баптамасаң солғын тартып, қуарып қалатыны сияқты, қыз бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілікті талап ететін дүние. Оның өсіп-қалыптасуына селсоқ қарау бүтіндей ұлттың болашағына балта шапқанмен бірдей. Себебі, бүгінгі тұлымшағы желбіреген қыз – ертеңгі ел анасы. Солай десек те, бесіктен белі шықпай жатып аяғын шалыс баса беретін қазіргі қазақ қыздарының саны неге күн санап артып келе жатыр? Статистикалық мәліметтерге қарағанда елімізде жыл сайын 15-17 жас аралығындағы кәмелет жасына жетпеген 10 мың жас жеткіншек жүкті болып қалады екен. Бұл адам өлтіру, ұрлық жасау сынды бұзақылықтардан асып түспесе, кем емес өте ұятты жағдай.


Қазақ атына кір келтіріп, сүйегімізге зор таңба салған осындай оқиғалардың орын алуына кім кінәлі? Қарыштап дамудың құрылымы мен сатысын түсінбей жатып, ХХІғасыр талабына сай боламыз деп адасып, тым еркінсіп кеткен қоғам ба, болмаса әлі санасы толық қалыптаспаған албырт жастықтың кесірі ме? Мүмкін тәлім-тәрбиенің жете дәріптелмеуі шығар? Егер бұлай жалғаса берсе ұлтымыздың тұқымы тұздай құрымасына кім кепіл? Сіз не дейсіз? Шынымен өзекті өртер мәселе екен-ау демеске ләжіңіз қалмаған болар? Бүгінгі әңгіме түйіні осы турасында болмақ.


Міне, осы – ұлы табыс! 

«Қызды төрге отырғыз, төреңдей күт» дейтін қазақ халқы, қыз бала мәселесіне қатысты негізгі тәлім мен тағылымды әуелден-ақ Ислам дінінің жаухары, əлемдердің Раббысы тарапынан түсірілген Қасиетті Құраннан алған. «Әйел – Алланың аманаты» деп білетін қадірлі дінімізде нәзік жандыларға арналған бұлжымас қағидаттар мен талаптар, ұлтымыздың дүниетанымы мен санасына орныққан «Дана әйел» бейнесі ұғымымен сәйкес келеді. Асыл дініміздің ақ шеңберінен шықпай, бір қыздың намысын бір рулы ел болып қорғай білген халқымыз «Қызға қырық үйден тыйым» салып, оның тәрбиесіне ерекше мән берген. 

"Қыз" сөзінің мағынасы "жібек" деген мәнге ие екендігі белгілі. Демек, қыз бала жасынан-ақ жібектей жұмсақ мінезді, биязы болуы шарт. Оның иманды, тәртіпті, инабатты болып өсуіне отбасы тәрбиесінің маңызы өте зор.

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үш қыз немесе қыз бауырларының күнкөріс немесе басқа да қиыншылықтарына шыдаған адамды Алла Тағала Жәннатқа кіргізеді»,-деген. Сахабалардан бір кісі «Екі қызы болса да солай ма?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, екі қыз болса да солай»,- деді. Басқа бір кісі «Ал бір қыз болса ше?» деп сұрады. Жауап ретінде: «Бір қыз болса да солай» деді (Хаким, Хараити). Осы хадис-шәріптен-ақ бұрымдыға дұрыс тәлім-тәрбие берудің маңыздылығы тайға таңба басқандай көрініс тауып тұр. Демек, бір ғана қызың болып, оны сұқ көздерден, жаман қылықтардан тыйып, адал жан етіп тәрбиелесең Алла Тағаланың мәңгілік таусылмас сыйы – Жәннат бақтың тұрғыны бола аласың. Бұл жеткен табысыңның ең ұлысы.


Қызым қия баспасын десеңіз, мына жеті қағиданы назарда ұстаңыз 

1) Қызыңызға тәрбиені тал бесіктен беріңіз. Себебі, мейірім нәресте кезден ең жақын адамын сүюден басталып, оның бойындағы ізеттілік, көргенділік әке тәрбиесі мен ана сүті арқылы қалыптасады. Әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын қадірлей білуді үйретіңіз. Сонда ғана одан болашақта өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығатыны сөзсіз.

2) Оңы мен солын енді тани бастаған сәттен-ақ, қызға тән қырық әдепті санасына құйып өсірген абзал. Сәби кезінде берілген тәрбие сабақтары жадынан еш уақытта өшпейді. Бұның ертең еліне пайдасы тиер саналы ұрпақ тәрбиелеуде де үлкен септігі тиері анық. 

3) Мектеп жасына жеткен уақытында білім беретін ұстазына мән беріңіз. Себебі, сізден кейінгі тәрбие тізгіні мұғалімнің қолында болады. Бұл өз мойныңыздан барлық жауапкершілікті ысырып тастау емес, қайта қызыңыздың мінез-құлқының дұрыс қалыптасу сатысын екі есе жіті бақылауға алатын мерзім екенін баса назарда ұстаңыз.

4) Өмірге деген ерекше қызығушылығы оянып, ізденімпаздық пен білгірлікке ұмтыла бастаған тұсын дұрыс арнаға бағыттай біліңіз. Дана халқымыз осы шақты тәрбиенің тамырымен орнығатын сәтіне балаған. Сол орайда, дәмді ас дайындау, тігін тігу, қонақ күту сынды үй жұмыстарын жасауға бейімдеп, оның сыпайы жүрісі мен тұрысы, әдеппен сөйлеуі мен күлуі, үлкеннің алдын кесіп өтпеуі, ер адамды ерекше сыйлауы, шайпау мінезді болмауы, жарасымды киінуі, тіпті шолпысының сыңғырына дейін мән беріп, әжелер мектебінен өткізген. Сол тәрбие тағылымын, қазіргі қоғаммен байланыстыра отырып, қызыңыздың өн бойына дарыта біліңіз. 


5) Қыз – нәзік жаратылыс. Жаулықтының табиғатына биязылық пен сыйпайылық тән. Осы орайда, бүгін ескермегеніңізбен, ертең есеңгіретіп түсіретін бір мәселе бар. Оның қиын жұмыс жасап, ауыр спорт түрлерімен айналысуын қалыпты жағдай ретінде қарамағаныңыз абзал. Әрине, дамыған заман талабына сай әркім көңілі қалаған жұмысын жасап, ұнаған спорт түрімен айналысуға құқылы. Елімізде атағын әлемге танытып жүрген қыздар да жоқ емес. Дегенмен, оның салдары қызыңыздың еркекшора болып өсуіне алып келмегені дұрыс. 


6) Қайнаған қоғам қызығына елітіп, үлкен өмір дастанын енді ғана парақтаған ерке қызыңыздың бірге жүрген құрбы-құрдастары, дос-жарандары, араласатын ортасына абай болыңыз. Көптеген ата-аналардың өрескел қателік жіберетін тұсы да осы кез. Өсті, енді өзі біледіге салынып, мән бермей қарасаңыз, құзғындар құрған тұзаққа топ етіп түсіп кетуіне өзіңіз жол ашып берген болып саналасыз. Кез-келген адам ортасына қарай бейімделетінін баса назарда ұстап, қызыңды жақсы адамдардың ақыл кеңестерімен сусындатып отырыңыз. Қашанда «Қыз қылығының түзде» екенін естен шығармаңыз.

7) Біз мойындағымыз келмесе де, қоғамда тоқтаусыз белең алып жатқан ажырасулар, сүйдім де күйдім деген албырт сезімнің салдарынан туындап жатыр. Қызыңыздың ендігі болашағын аманаттап, сеніп тапсыратын күйеу балаңыздың ақыл парасатын, ерік жігерін, болмысы мен тектілік тұғырын сүзгіден өткізіп барып қана келісіміңізді беріңіз. Себебі, «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла Тағала ол кісіні Жәннатына кіргізеді» - деген (Әбу Дәуд). Демек, хадисте айтылғандай, қызыңызды құтты орнына қондырып, жақсы жерге тұрмысқа беру – мойныңыздағы үлкен жауапкершіліктің бірі. Оның жар таңдауда шалыс басқанын көріп, бармағыңызды тістемес бұрын, жанашыр жандардың сынынан өткен текті жігітке беріңіз.Атамыз қазақ тектіліктің тамырын солай жалғай білген.  


Анасының мінезі қандай екен?

Шашбаулының тәрбиесінің түзу болуына отбасындағы ата, әже, әке, ана бейнелерінің барлығы атсалысқанда ғана кемеліне жетеді. Мәселен, абыройлы, қадірлі әке – қыздың тәрбиесінің іргетасы. Әке сыйлаған қыз күйеуін сыйлауға қабілетті болады. Ал оның жалғыз сырласы да, мұңдасы да – анасы. Анасын қадірлеген адам ана атаулыны құрметтейді. 


Қазақ құда түспес бұрын «қыз анасының мінезі қандай?» деп сұрастырып алған екен. Демек, ананың қызына берер кеңестері мен өмірлік тағылымға толы өнегесі өзге жандардан қарағанда екі есе әсер ететіндігі айтпасақ та түсінікті. Содан да болар, әрдайым «Анасына қарап қызын алған» жігіттің жолы болады. Өткен тарихымызға көз жүгіртіп қарасақ, бізге жеткен батыр бабаларымыз бен ерен тұлға алыптардың артында ана тұр. Сол тұлғалардың кейінгі ұрпаққа көрсеткен дара жолы мен үлгісі өнегесі, аналарымыздың тәрбие мектебінің де осал еместігін айғақтайды. 


Даналардан жалғасып келе жатқан даңғыл жолдың ирелең тұстарына түсіп бара жатқан олқы жерлерін дәл осы аналар мектебі арқылы қайта қалпына келтіре аламыз. Бұл біздің ең үлкен мүмкіндігіміз екенін назардан тыс қалдырмайық. 


«Тоқсан ауыз сөзің тобықтай түйінін» қорыта келе айтарымыз, «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Қызды текті етіп тәрбиелеймін десең, алдымен өзіңді тәрбиеле. Сен қай жолмен жүрсең, ол соған қарай бейімделетінін ұмытпа. Болашақ жас ұрпақтың адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі болуын мақсат тұтсаң, қызыңды қылықты әрі өнегелі етіп тәрбиелеуді қолға ал. Сонда қазақ деген ұлттың ар-намысы мен ұяты аяққа тапталмайды. Бүгінгі қыз бала тәрбиелі болып өссе, ертеңгі келін өнегелі болады. Ал, келін өнегелі болды деген – өз ұлтының намысын жоғары қоя білетін, елінің сөзін сөйлейтін жас ұрпақтың негізі қаланды деген сөз. 

ПІКІР (5)

Ақтоты Нұралханова
2018-07-02 13:54:06

Мə шəə Алла.Ой түйерліктей мақала, құнды ақпараттар.Мақала даярлаған жанға Алла разы болсын!

Роза Көрікбай
2018-07-02 16:49:10

Мəə шəə Алла, Алла разы болсын, құнды дүние.

Исах Бағила
2018-07-03 09:11:39

Мә Шәә Алла ой саларлық мақала екен

2018-08-12 10:02:54

Алла разы болсын керемет .

2018-08-12 10:03:26

Назира

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер