Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР РАМАЗАНҒА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАДЫ? 6 КЕҢЕС

Иман



Шарапаты мол Шағбан айы аяқталып, сағындырған қасиетті Рамазан айының келуіне де санаулы күндер қалды. Осы орайда www.asylarna.kz сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларымызға нәзік жанды арулар тарапынан: "Рамазанға қалай дайындаламыз?", "Дайындықты неден бастаған жөн", "Рамазанды пайдалы әрі жеңіл өткізудің жолдары қандай?", "Оразаны тиімді өткізу тәсілдері бар ма?" сынды т.б. сұрақтар легі толассыз түсіп жатыр. Тіпті үй шаруасы, бала күтімі, ас әзірлеу, қонақ күту деп жүріп, көп қыз-келіншектер Рамазан айының қалай өтіп кеткенін білмей де қалатын көрінеді. Ендеше, бүгін біз осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, жылына бір рет келетін үлкен мүмкіндік айын құр жіберіп алмай, сауапты өткізудің қамын бірге қарастырып көрейік! 


Үйіңізді Рамазан айына дайындаңыз


Рамазан құлшылық айы болғандықтан, басқа еш нәрсеге алаңдамау керек. Сол себепті қасиетті Құран түскен ұлық ай кірмес бұрын үйіңізге толықтай тазалық жасап алуға кеңес береміз. 


1. «Тазалық – иманның жартысы». Және шайтанның лас жерлерде тұрақтайтыны да белгілі. Сондықтан, ең әуелі сәресі мен ауызашар дайындайтын асхана тазалығын ретке келтіріп алыңыз. Мұздатқыш пен ас үй жиһазыңызды артық заттардан босатып, ыдыс-аяғыңызды алдын-ала реттеп алсаңыз, ораза кезінде сізге едәуір жеңілдік болады.  


2. Тазалық пен ұқыптылық - адам бойына сенімділік пен жайлылық сезімін ұялататыны белгілі. Осы орайда, киім қоятын сөрелеріңізді де жақсылап бір жинап алғаныңыз жөн. Жаздық киімдерді шығарып, қыстық қалың киімдерді жуып, оларды таса жерге жинап тастаңыз. Айтпақшы, артық, өлшемі келмей қалған киімдерді тастай салмай, садақаға беріңіз. Бүгінде мешіттерге арнайы киімдер салатын дүңгіршектер қойылған. Кез келген мұқтаж жан келіп, өзіне керек киімді алып кете алады. Бұл жайлы Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір мұсылманға киім кигізген әрбір мұсылман Алланың қорғауында болады. Сол киімнің бір бөлшегі оның үстінде болғанша»,- деген хадисін жеткізген (Тирмизи). Бабаларымыз бес күндік тіршілікте «Садақаны сауыңда бер» деген екен. Сондықтан, ажал алқымнан алмастан, басқа бәле келместен бұрын аз болса да үнемі садақа беріп отыруды үрдіске айналдырайық. 


3. Жаз мезгілі құрылыс, әктеу, сырлау, жөндеу, т.б. жұмыстардың қызатын кезі болғандықтан, ондай ауыр тірліктерді Рамазанға дейін реттеп немесе кейінге қалдырып қойған дұрыс болады. Рамазан айында істелуі тиіс тығыз шаруа болса, таңғы уақыттың берекесімен түске дейін бітіріп тастағаныңыз абзал. Түстен кейін бір тынығып алған да артық етпейді. Сонда кешкі құлшылықтарыңызды шаршамай орындап, ақыреттік амалдарды көбірек орындай аласыз. “Ақыреттік істерге көбірек көңіл бөлген адамның бұл дүниелік істеріне Алла Өзі жәрдемдеседі” деген ғалымдар.


4. Сонымен қатар, Рамазан айының алдында толықтай ғұсыл алыңыз. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Сөзсіз, Алла тәубе еткендер мен тазалағандарды жақсы көреді», – деген ("Бақара" сүресі, 222-аят). Құран мақтаған нәрсе, қай заманда да пайдалы, адамның екі дүниесіне өлшеусіз, өміршең сауап әкеледі деген сөз. Осылайша, он екі айдың сұлтаны болған Рамазанды таза көңілмен, салауатты тәнмен әрі ақ ниетпен қарсы алайық.


Сәресі мен ауызашар мәзіріне арналған кеңестер


Көптеген қыз-келіншектерді "Тамақты қалай жасаймын?" деген емес, "Бүгін қандай тамақ әзірлеймін?" - деген сұрақ көп мазалайтыны белгілі. Тіпті ешкім жауап бермесе, ашуланып, не дайындарын білмей, сағаттап тек соны ойлап жүруге бар. Исламда уақыт аса жоғары бағаланады. Сондықтан да, ас үйде өткізетін уақытыңызды шектеп, сәресі мен ауызашарға арнайы мәзір дайындап алыңыз. Мысалға:

Оразаның бірінші күні: 

Сәресіге: Күріштен жасалған ботқа (Жұмыртқа, банан т.б.) 

Ауызашарға: Ет сорпасы, 1 салат.

Оразаның екінші күні: 

Сәресіге: Тарыдан жасалған ботқа (Жұмыртқа, банан т.б.) 

Ауызашарға: Палау, 1 салат, т.б. 


Сәресі мәзіріне: ащы, тұзды, майлы, тым қою, қуырылған тағамдарды, кофе мен қою шайды, тәттілерді (торт, шоколад т.б. кондитерлік өнімдер), гамбургер, фаст-фуд, газдалған сусындарды қоспаңыз. Себебі бұлар ағзаны әлсіретіп, тез шөлдетіп, қарынды тез аштырады. 

Ал келесі аталған тағамдар адамға күш-қуат беріп, тез шөлдемей, тоқ жүруге көмектеседі. Олар: құрма, талқан, тары, көкөністер мен жемістер, күріштен жасалған жеңіл тағамдар, қарақұмық, құрма, сұлы жармасы, табиғи шырындар: морс, каркаде, компот, жасыл көкөністер, кептірілген өрік, мейіз, жаңғақ, жалбыз шайы, көк шай, қызанақ, зәйтүн, арпа наны және сүт өнімдерін көбірек қолданыңыз.


Ауызашар мәзіріне: құрма, сорпа, ет қосылған көкөніс және  майы аз, асылған ет, бұршақ тұқымдастар, түрлі салаттар, айран, т.б. сол сияқты жеңіл тағам түрлерін қоссаңыз болады. 

Дайындалған мәзірге қарап, көп уақытыңызды құртпай, асты тез әзірлеп қоясыз. Сонда жүйкеңіз де шаршамай, құлшылыққа да уақыт табасыз. Тізімді отбасы мүшелерімен ақылдаса отырып жасап, ауыз ашар беретін күнді де алдын-ала белгілеп қойғаныңыз абзал. 

Рамазан айы қалай бітіп кетті?! 


"Ойбу, кеше ғана басталып еді ғой?! Мен тағы да сүре жаттай алмай қалдым, Құран хатым ете алмай қалдым, көп жоспарым аяқсыз қалып, ештеңеге үлгермей қалдым-ау!" - деп сан соғып қалмас үшін, Рамазан айында істелетін шаруаларыңыздың біршамасын қазір бітіріп қойыңыз. 

1. Қажетті әрі пайдалы азық-түлік өнімдерін бір айға арнап жасаған мәзірге қарай отырып, бұзылып кетпейтіндей көлемде әкеліп қойыңыз. 

2. Мүмкіндік болса уақытыңызды бөліп, тұшпара, мәнті секілді жартылай дайын өнімдерді жасап, мұздатқышқа қатырып қойыңыз. 

3. Рамазан айын барынша құлшылықпен өткізу үшін аяқсыз қалған жұмыстарыңыз болса, бітіруге тырысыңыз. Құжаттарды бітіру, т.б. 

4. Отбасылық шаруалардың бітуін қадағалап, күйеуіңіз, балаңыз, өзіңіз бітіруіңіз тиіс шаруаларды алдын-ала реттеп тастауға жағдай жасаңыз. Мысалы, өзге жерге қоныс аударуды жоспарлап жүрсеңіздер, көшіп, күйеуіңіздің іс-сапары не сауда-саттық шаруалары болса, оны да ыңғайлап, тіс дәрігеріне баруды ойлаған болсаңыз, қазір барып, балаңыз студент болса, Рамазан айында болатын емтиханына қазірден бастап дайындалып алуын қадағалаңыз. 

5. Құрбан айтқа арналған сый-сияпаттарды да қазір алып қойғаныңыз жақсы. Өйткені, Рамазан айының соңғы он күнінде базар аралап уақыт өткізбей, алаңсыз Қадір түнін күтіп, барынша сауапты амалдар жасап қалуға тырысу керек.


Жоспар жасап алыңыз


Құрметті арулар, жыл бойы асыға күткен Рамазан айымен де қауышуға санаулы сағаттар ғана қалды. Расымен бұл ұзақ күткізетін, бірақ қас-қағым сәтте өте шығатын ай. Сондықтан мұны бос, мән-мағынасыз өткізіп алсақ, үлкен өкініш сол болмақ. Бұл айда аузымызды тамақтан тыйғанымызға мәз болып, «ораза ұстадық» деп шаттансақ, ол да қателік болар еді. Рамазан – жақсы жаққа өзгеруге талпындыратын ай. Сол себепті де ғұламаларымыз көп жағдайда Рамазанға жоспар құрып, кесте сызуға кеңес береді. Сонда көзді ашып жұмғанша өте шығатын Рамазанды бос өткізіп алудан сақ боламыз. 


- Бәрін жоспарға кіргізіңіз.

Рамазан айында атқаратын істеріңіздің барлығын тізіп, жазып шығыңыз. Бір күні ауызды жаман сөздерден тыюды, екінші күні ешкімді жамандамауды, үшінші күні барлық жаман әдеттен  арылып, жақсы қасиетті әдетке айналдыруды, садақа беруді, күліп жүруді, ауызашар беретін күніңізді, неше адамды шақыратыныңызды, т.б. бәрін-бәрін бөліп жоспарыңызға жазыңыз. Ең бастысы, ниетіңіз жақсы, мақсатыңыз айқын әрі анық болуы қажет. Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты және расында, әрбір кісіге ниет еткені тиесілі",- деген (Бұхари, Мүслим)

- Бірден көп жүк алуға тырыспаңыз. 

Егер діни танымды арттыратын кітап оқуды жоспарласаңыз, бір күнге 30 минут немесе 1 сағат уақыт бөліңіз. Бір күн не екі күн 5 сағат арнап оқыдыңыз делік, бірақ үшінші күні басқа жұмыстарыңыз қалып, мүлдем оқымай тастап қоюыңыз мүмкін. Бұл тәсіл көптеген адамдардың тәжірибесінен өткен. Сондықтан, аз болса да тұрақты істелген амал нәтижеге жеткізетінін ескеріңіз. 

- Тағы бір сатыға көтеріліңіз.

Құран оқуды білмейтін болсаңыз, осы айда үйреніп алуды бірінші жоспарыңыз етіп алыңыз. "Үйден шыға алмаймын", "Маған үйрететін ешкім жоқ" сынды себептеріңіз болса, "Асыл арна" телеарнасының youtube каналындағы видео сабақтарынан үйрене аласыз. Бірақ кейін ұстаздың алдынан бір өтіп, тексертіп алуды ұмытпаңыз. Құран әріптерін енді оқып үйренген болсаңыз, қасиетті Кітапты бір рет болса да хатым етіп шығуды жоспарлаңыз. Ал көптен бері оқып жаттыққан болсаңыз, Құранды хатым етіп және жаттап жүрген сүрелеріңіздің санын көбейтіңіз. 

- Әр орындалған ісіңіздің жанына белгі қойып шығыңыз.

Жоспарды жасап қана қомай, сол жоспар арқылы бір нәтижеге жетуді мақсат етіңіз. Және әр орындап біткен амалыңыздың жанына "орындалды" деген белгі қойып, өзіңізді ынталандырып отырыңыз. Бұл ісіңіздің алға басуына және өзіңізге деген сенімділіктің оянуына жәрдем береді. 

Сондай-ақ, осы жоспарыңызға керек оқулықтар мен дәрістерді бүгіннен бастап іздеуге, сатып алуға ден қойыңыз. Құраныңыз жоқ болса, қолға түсіруге асығыңыз. Сауап мақсатында сыйлық ретінде таратуды қаласаңыз, бірнешеуін жинауды бүгіннен бастап қолға алыңыз. 


Білім үйретіңіз


Білім ізденуге уақыт табыңыз. Кешкі аста жарыңызға, балаңызға ең қызықты, ең әсерлі оқиғаларды айтуға дағдыланыңыз. Суфьян ас-Саури: «Адамдарға білім беруден артық құлшылықты білмеймін» десе, Әбу ад-Дарда: «Алла бақыттыларды біліммен нұрландырады, ал бақытсыздардан алып қояды» деген. Сондықтан, отбасыңызды сақтаудың жолы – дәмді тағам ғана емес, білім және оған дұрыс жасалған амал екендігін естен шығармаған абзал. Ибн Омар (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: “Сендердiң әрбiрiң жауапкерсiңдер және жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар. Патша өз қоластындағылар үшiн жауапкер және солар үшiн сұралады. Отбасы жанұя үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Әйел күйеуi сыртта болған уақытта үй шаруасы мен балалардың тәрбиесi үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Қызметшi қожайынның мүлкi үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Сендер барлығың жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар”,- деген. (Бұхари, Мүслим)


Сол себепті балаларыңызға Рамазан айының қасиетін түсіндіріп, білім үйретіңіз. Үйге кірерде, шығарда, ас ішерде, ішіп болған соң, әжетханаға кірерде және шығарда оқылатын т.б. қысқа дұғалар мен Құрандағы қысқа сүрелерді жаттатып қойыңыз. Күйбең тірлікпен ұмытып кетемін деп алаңдасаңыз, дұғаларды үнемі көрініп тұратын жерге әдемілеп жазып, іліп қойсаңыз, өзіңіз де, балаларыңыз да тез жаттап аласыз.


Үнемі дұға етіп жүру


Рамазанның түндерін намазбен, дұғамен өткіземін деген адам намазда оқылатын сүрелер санын осы бастан арттыра бергені абзал. Дұғалар қабыл болатын уақытта кітапша іздеп кеткіңіз келмесе, Құран мен сүннеттегі дұғаларды жаттауды бүгіннен бастаңыз.

Және Алладан дұға, кешірім тілеу үшін міндетті түрде отырып немесе тек мешітке ғана бару керек деген жаңсақ пікірден арылуымыз керек. Әрине, олай абзалырақ болар, дегенмен үй шаруасындағы әпкелеріміз тірлігім бітсін деп жүріп, уақытын босқа жоғалтып алып жатады. Сондықтан, әр ісіңізді "Бисмиллә" деп бастап, үй жұмысын жасасаңыз да, тамақ істесеңіз де, киім жусаңыз да, Алла Тағаланы ұлықтап, кешірім тілеп жүруді әдетіңізге айналдырыңыз. Бұл амалды дәл қазір бастап кетіңіз.


P/S: Құрметті арулар! Көбіңіздің көкейіңізде жүрген сұрақтарға өз парқымызша жауап беріп көрдік. Кәдеңізге жарар кеңесті ескеріп, пайдаңызға жаратарсыз деген ойдамыз. Ендеше, іске сәт! 

Алла Тағала әр сәтімізді екі дүниемізге ұтымды пайдалануға, құлшылықта ынталы болуға, күнә-кемшілігімізді жуып-шайып, Рамазанмен төрт көзіміз түгел, аман-есен қауышуымызды нәсіп етсін! 

Әмин!




ПІКІР (2)

Жадыра
2019-05-06 08:45:50

Әрине куады

Өтебекова Перизат Убайдулла қызы
2019-05-07 05:27:51

АЛЛА РАЗЫ БОЛСЫН СІЗДЕРГЕ! Әрбір ісіміз хайырлы болсын! АЛЛА әрбір құлына САУАПТАН ЖАЗСЫН!Уақыт сәтінде жаннатта болуды, АЛЛА нәсіп етсін!Соңғы сөзіміз калима болсын! АМИН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер