Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ҚҰРАНННЫҢ ҚҰДІРЕТІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ 10 МӘЛІМЕТ

Иман


ҚҰРАН БҰЛ – ӘЛЕМДЕРДІҢ РАББЫСЫ ЖАРАТУШЫДАН КЕЛГЕН ҚҰДІРЕТТІ ЖАЗБА.


Бұл туралы Алла Тағаланың Өзі қасиетті кітапта: «... Шын мәнінде, ол – ұлы Кітап. Оған, яғни Құранға өтірік алдынан да, артынан да келе алмайды, ол аса Дана (әл-Хаким), өте Мақтаулыдан (әл-Хамид) түсірілген», - деген. («Фуссилат» сүресі, 41, 42-аяттар)


ДҮНЕДЕГІ ЕҢ ӘДЕМІ СӨЗДІ ІЗДЕСЕҢІЗ, ҚҰРАНҒА ЖҮГІНІҢІЗ!


Адам жаны кейде біреуден ілтипат, жылы сөз іздеп тұрады. Себебі, өмір біз ойдан құрастырып алатын, қиялымыздан туған ертегі емес. Ол – шынайы. Онда ешқандай эффект, бояма болмайды. Сондықтан да өмір көші түрлі сынақтарға толы.

Арып-ашып арманға жету үшін

Қарын ашып жүқалау киінесің, - 

дегендей, діттеген мақсатқа жету үшін кейде құлап, кейде жылап, әйтеуір әупірімдеп күн кешуге тура келеді. Міне, сондай уақытта ең қымбат жанашыр, ең аяулы ақылшы ретінде жаныңызға Құран келеді! Әрине, көп адам оның мәніне бойламағандықтан мұны түсіне бермеуі мүмкін. Алайда, Құранды бір оқыған адам оны тастамасы анық.

Соны түсінген алаш зиялысы Ғұмар Қараш ағамыз:

Құран – шам, ақыл – басшы, ғылым – құрал,

Құралсыз шекпе сапар, жолың болмас.

Айырылма, жатсаң-тұрсаң Құранды ұста,

Жол бастар қараңғыда ол бір жолдас, - деген жоқ па?

Сахабалардың бірі Жәбир (р.а) ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген:

«Ең әдемі сөз – құдіреті күшті Алла Тағаланың сөзі, ең жақсы жол – адамзаттың абзалы Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жолы...»

(Муслим 2/592, Насаи 3/188)

Демек, жанына жылу, көңіліне демеу іздеген жан, ең алдымен, Жаратушысының сөзіне жүгінуі керек екен.


ҚҰРАН – ҚЫЗЫҚТЫ ОҚИҒАЛАР МЕН ҚИССАЛАРДЫ ҚАМТЫҒАН КІТАП!


Иә, Құранда пайғамбарлардың басынан өткен қызықты оқиғалар мен әр қауымның өзіне тән ерекшеліктері өте қызықты әрі көркем түрде түсіндіріліп жазылған. Онда үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі, тағы басқа көптеген мәселелер керемет дәлдікпен берілген.
Бұл оқиғалар адамды ойландырып қана қоймай, ой түйіп, сабақ алуға, пайғамбарлар өмірін бағдаршам етіп ұстауға мүмкіндік береді.

Бұл туралы сахабалардың бірі Сағд ибн әбу Уаққас (р.а) былай дейді: «Пайғамбарымызға () Құран аяттары түскен кезде адамдар: Иә, Алланың Елшісі, бізге қызықты оқиғаларды айтып берсең болар еді», - дейді. Сол кезде Алла Тағала: «(Ей Мұхаммед!) Біз саған осы Құранды уахи етіп, оқиғалардың ең жақсысын баян етеміз» - деген «Юсуф» сүресінің 1-3-аяттарын түсіреді. 

(Ибн әбу Хатим, әл-Баззар)

ҚҰРАННЫҢ ҚҰДІРЕТІ СОНДАЙ, ЕГЕР ОЛ БІР ТАУҒА ТҮССЕ, ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, МЫҚТЫ ДЕГЕН ТАУДЫҢ ӨЗІ ШЫДАЙ АЛМАЙ ҮГІТІЛІП КЕТЕР ЕДІ!


Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құранда: «Егер де осы Құранды бір тауға түсірсек, оның Алладан қорыққаннан иілген түрде бөлшектеніп кеткенін көрер едің. Бұл мысалдарды адамдарға олардың ойланулары үшін келтіреміз», - деген. («Хашр» сүресі, 21-аят)


ҚҰРАН ҚИЯМЕТ КҮНІ СІЗГЕ ШАПАҒАТШЫ БОЛАДЫ!


Бұл дүниеде жасалған үлкен-кіші әр іс таразыға тартылып, әркім өз жанымен әлек болатын Қиямет күні Құран сіздің жақтаушыңыз не керісінше, сізге қарсы куәлік беруші болады. 

Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құран оқыңыздар! Расында, Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді», - деген екен.

(Муслим)

Имам ән-Науауи бұл хадисті түсіндіре келіп былай дейді:

«Егер адам Құранды мағынасын түсіне отырып оқып, соған сай, яғни Алланың тыйғандарынан тыйылып, бұйырғанына жүгініп өмір сүрсе, онда Есеп берілетін күні Құран оған шапағатшы болады. Ал ол Құранға сай өмір сүре алмаса, Жаратушысының ескертуі мен ұлы хабарын аяқасты етсе, онда Құран ол адамға қарсы куәлік беріп, Қиямет күні оның жағдайы нашарлаған үстіне нашарлай береді. (“Сахих Муслим” шархы, 3/100)

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз ():

«Қиямет күні Құран келіп: «Иә, Алла, Құран оқушыны көріктендір» дейді, сонда оған қошемет тәжі кигізіледі. Содан кейін Құран: «Иә, Алла, онан сайын еселе!» дейді, сонда оған қошемет киімі кигізіледі. Содан кейін Құран: "Иә, Алла, оған разы бол!" дейді, сонда Алла ол пендеге разы болады...» - деп Құран оқушының дәрежесі қай уақытта да биік болатынын ескертіп кеткен. (Тирмизи)


ҚҰРАН – ТӘН МЕН ЖАННЫҢ ШИПАСЫ!


Алла Тағала Құранда күллі адамзатты: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді». («Юнус» сүресі, 57-аят), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят) деп сүйіншілеген. Иә, шынында да, Құран – нұр. Құран – шипа. Алланың сөзі Құран – дәрі-дәрмек секілді. Дәріні уақытынан кешіктірмеу әрі дәрігерлер бұйырғандай етіп қабылдау Алланың қалауымен дертіңізден айығуға мүмкіндік туғызады. Сол секілді егер адам Хақтан түскен хақ хабарды тек Алланың разылығына бөлену үшін ғана оқитын болса, Құран аяттары оның тәніндегі ауруларға шипа болады екен. 

Бір күні Айша анамыз  (оған Алла разы болсын) бір әйелді емдемекші болғанда, оны көрген Пайғамбарымыз () «Науқасты Алланың аяттарымен емде», - деп тапсырған.

(«Сахих әл-жәми’» 3969)

Ал сахабалардың бірі Ибн Мас’ұд (р.а): “Екі нәрсемен емделуге болады. Ол – Алланың сөз Құран және бал”, - деген.  (Ибн Әби Шейба 30624)

Осыған қатысты ғалымдар былай деген: “Құран – жан мен тәннің шипасы. Алайда, Алланың аятымен емделу әркімге бұйыра бермейді. Егер адам Алланың сөзінен асатын ешқандай Құдіретті жазба жоқ әрі Оның барлық нәрсеге күш-қуаты жететініне кәміл сенген күйде, ешқандай күдік-күмәнсіз иман келтірсе, онда Алланың қалауымен ешқандай ауру оған зиянын тигізе алмайды. Себебі, күллі әлемді жаратқан Ұлы Алланың сөзіне кім қарсы келе алады? Егер Құран тауға түскенде, тау шыдай алмай шытынап кетер еді. Егер жерге түскенде жер қақ айырылар еді. Құранда шипа да, түрлі бәле-жала, кесапаттан қорғайтын күш те бар. Сондықтан да Алла Тағала: «Оларға оқылып жатқан Құранды түсіргеніміз олар үшін жеткілікті емес пе?» - деген. («әл-Әнкабут» сүресі, 51-аят) 


ҚҰРАН - СҮРІНГЕНГЕ СҮЙЕУ, ЖЫҒЫЛҒАНҒА ДЕМЕУ!


Расында, ісі қиындап, өмірден баз кешкен пенде Құраннан қуат алып, өмірін қайта бастап жатқанын көріп жүрміз. Жер беті су тимесе құрғап, құмды шөлейтке айналатыны секілді, адамның руxы да кейде ашығады, бірдеңе іздеп, жаны тыныштық таппай аласұрады. Асқазанға тамақ бармаса, сөл бөлініп, қарын ашатыны секілді, кеудеміздегі бір кесек еттің, яғни жүректің де кейде «қарны ашады». Ал оның емі, азығы біреу-ақ. Ол - өзіңді жаратқан Жаратушыны есіңе алып, жалбарыну. Оның сөздерін өзіңе басшылық етіп ұстану. Алла Тағала қиындыққа тап болып, жолы болмай жүрген пендесіне мол ризық пен берекенің көзін нұсқап былай дейді:

«Кім Аллаға тақуалық қылса, Алла оған бір шығар жол пайда қылады және оны ойламаған жерден ризықтандырады» («Талақ» сүресі, 2,3-аяттар)

«Кім Алладан қорықса, Алла оның әрбір ісін жеңілдетеді» («Талақ» сүресі 4-аят)

Демек, қиындықтан шығатын жол жоқ емес, бар. Және Алла Тағала оны Құранда анық көрсетіп берген.

Сонымен бірге ардақты Пайғамбарымыз () бәле-жала мен ауру-сырқаудан сақтайтын мына дұғаны үйретіп кеткен: 

Иә, Алла! Сынақ қиыншылықтарынан, бақытсыздықтан, тағдырдың жамандығынан, дұшпандардың басынуынан бір Өзіңе сыйынып, пана тілеймін. 

«Аллаһумма инни әъузу бикә мин жәһдил-бәләә, уә дәрәкиш-шақаа, уә суил-қадаа, уә шәмәтәтил-әъдәә. 


اللهمَّ إنِّي أعُوذُ بِكَ مِنْ جَهْدِ الْبَلَاءِ، وَدَرَكِ الشَّقَاءِ، وَسُوءِ الْقَضَاءِ، وَشَمَاتَةِ الْأَعْدَاءِ


(Бұхари мен Муслимнен жеткен хадис)


ҚҰРАН ДӘРЕЖЕЛЕРДІ КӨТЕРЕДІ!


Бұл туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Алла Тағала осы Кітаппен (амал еткен) қауымның мерейін өсіріп, ал (амал етпеген) қауымның дәрежесін түсіріп, қор қылады», - деген. (Мүслим)

Қиямет күні Құранды оқып, жаттап, әрі соған сай амал еткен адамға: «Оқы және жоғарыла, дүниеде қалай оқыған болсаң, дәл солай оқы. Расында, сенің орның - ең ақырғы оқылатын аятта», - делінеді екен. (Әбу Дәуд, Ахмад) Демек, жүрегінде Құраны бар адам оның жемісін тек бұл дүниеде ғана көріп қоймай, Мәңгілік өмірде де абыройы асқақтап, жоғары дәрежеге ие болады. Құранның кереметі сол, адам өз өміріне керек дүниенің барлығын осы Кітаптан табады. Қаншама ақынның сырлы поэзиясына арқау болған, ғылымның ашылуына жол көрсеткен, сөредегі том-том қалың кітапқа тақырып болған Құран секілді кітапты ешкім ешқашан жаза алмақ емес. Алла Тағала Құранда былай деген: «Оларға былай деп айт: Ант етейін, егер адамдар мен жындар Құранның ұқсасын жасау үшін жиналып, тіпті, бір-бірін қолдап, күштерін жинаса да, оған ұқсас бір кітап жаза алмайды». («Исра» сүресі, 88-аят) 


ЕГЕР ҚҰРАН АДАМНЫҢ ТЕРІСІ БОЛҒАНДА, ОЛ ЕШҚАНДАЙ ОТҚА ЖАНБАС ЕДІ!


Сахабалардың бірі Уқба ибн Әмір (р.а) Алла Елшісінің () былай деп айтқанын жеткізген:

«Егер Құран адамның терісі болса және ол адамды отқа салса, өрт оған титтей де зиянын тигізе алмас еді»

(Ахмад, әт-Тахауи)

Иә, күнделікті өмірде де ештеңесі қалмай түгелдей жанып кеткен алып ғимараттардың ішінде тек Құран кітаптың жанбай немесе жартылай ғана от шарпып аман шығатынын көріп жүрміз. Бұл – Жаратушы тарапынан адам баласына анық ескерту ғана. Алланың сөзіне ешкім зиян келтіре алмаса, ол бұрмаланбай, қате-кемшіліктен ада күйде сақталатын болса, демек, жүрегіне Құран ұялаған пенде де дәл солай тозақ отынан аман қалатынына еш күмән жоқ. 


ҚҰРАН – АҚ ПЕН ҚАРАНЫ АЖЫРАТЫП, АДАМҒА ДАНАЛЫҚ СЫЙЛАЙТЫН СЫРЛЫ ҚАЗЫНА. ОЛ АДАМДАРДЫ ҚАРАҢҒЫЛЫҚ ПЕН АДАСУДАН САҚТАП, ІЗГІ ЖОЛҒА, БАҚЫТҚА ҚАРАЙ ЖЕТЕЛЕЙДІ!


Алла Құрандағы «Әли Имран» сүресінің 103-аятында былай деген: «Барлығың Алланың арқанынан айырылмай ұстаңдар да бөлінбеңдер»

Мұндағы арқан (яғни жіп) деген не? Бұл сөзді ғалымдар «Бұл – Алланың діні мен кітабы, яғни Құран» - деп түсіндірген. 

Иә, Құран – Алланың жібі, берік дін. Одан бір ұстаған адам ештеңеден қапы қалмайды әрі қор болмайды. Ол адасудан, жамандықтан, бәле-жала мен кесір-кесапаттан аман болады. Сондықтан сахаба Ибн Масъұд (р.а.): «Құранға мықтап жабысып, шамаларың келгенше, Алланың көрсеткен әдеп жолын үйреніңдер. Ол – ашық бір нұр, дертке дауа. Құран – амал еткен адамға берік қорған, жолын ұстағанды адастырмайтын құтқарушы», – деген екен.

«Негізінде, бұл Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді!» («Исра» сүресі, 9-аят)


ҚҰРАН - ҮЙДЕГІ ЖЫН-ШАЙТАНДЫ ҚУАЛАП, ШАҢЫРАҒЫҢЫЗҒА ПЕРІШТЕ ШАҚЫРАТЫН, ҮЙІҢІЗГЕ ТЫНЫШТЫҚ ПЕН БЕРЕКЕ ӘКЕЛЕТІН ҰЛЫ МҰҒЖИЗА!


Құранды өте жақсы бір мақаммен оқитын сахабалардың бірі Ұзайр ибн Ұсайд былай дейді:

Бір күні түнде «Бақара» сүресін оқып отырғанымда атым жанымда байлаулы тұрған еді. Құранның даусын естіп атым осқырынып, жер тарпи бастады. Оқығанымды тоқтата қойдым. Атым да тынышталды. Қайта оқи бастап едім, атым тағы тыпырши бастады. Үшінші мәрте оқи бастағанымда атым тағы да мазасызданды. Яхия атты ұлым аттың жанында ұйықтап жатқан болатын. Басып кетпесін деп баламды алып кейінірек жатқызып қойдым. Басымды көтеріп аспанға қарағанымда ақ бұлттың көлеңікесіне ұқсайтын бір тұманның ішінде шырақ сияқты көптеген нәрселердің жарқырып тұрғанын көрдім. Ақ бұлт жарқыраған күйінде көкке көтеріліп көрінбей кетті. Таңертең болған оқиғаны Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанымда «Ей, Ұсайд, оқы! Ей, Ұсайд, оқы!» деді. Мен Құран оқуым керек екенін түсініп, «Иә, Расулаллаһ, Яхия ұлым аттың аяғының астына жақын жатқандықтан, басып кете ме деп қорқып оқуымды тоқтатып едім», - дедім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, Ұсайд! Сенің көргенің періштелер болатын. Олар сенің Құран оқығаныңды естіп келді. Егер сол қалпы оқи бергеніңде таңға дейін тыңдайтын еді, көпшіліктің көзінен жасырынбайтын еді», - деді.

Иә, Алланың сөзі оқылған жерге міндетті түрде періштелер келеді. Және ол жерді періштелер қоршап, сол ортаға тыныштық пен мейірім түседі. Алла Елшісі ():

«Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар. Расында, шайтан ішінде әрдайым «Бақара» сүресі оқылатын үйден қашады», - деген. (Муслим)

Демек, Алланың аяттары оқылған шаңырақта шайтан болмайды, ал шайтан болмайды, ол үйге періште кіреді деген сөз – ол отбасы ұрыс-керістен, бәле-жаладан аман, бақытты ғұмыр кешеді деген сөз. 

Ендеше, Шәкәрім атамыз айтқандай,

«Мұны білсең, боласың сүйікті құл,

Құлы болсаң Қожаңның сүйгенін қыл.

Шын мұсылман болайын деп ойласаң,

Құдайға құл болудың мәнісін біл!»


ПІКІР (10)

Лакова Ардак.
2018-06-02 09:17:16

Аллаға шүкіршілік. Не деген керемет. Дауыстап оқып өзім керемет әсер алдым. Алла осы құран қолымызды ақиретімізге дейін жалғастырсын. Сіздерге үлкен рахмет.

Гаухар Иса
2018-06-02 11:01:38

Я, оте асерли, шыны керек мен Куран туралы бираз акпаратты билдим.

Азамат Оспан
2018-06-08 13:22:12

Керемет жазылған мақала екен! Аллаға шүкір, нығметтері шексіз! Авторға улкен ракмет)

Капанова Умит
2018-06-08 13:40:06

Керемет❤❤❤

Ақжол Әлібекұлы
2018-06-08 17:08:42

Өте керемет расында білмейтініміз көп жиі шығарып отыруларыңызды өтінем!!!

Жадыра Суерова.
2018-06-08 17:12:09

Керемет мундай асерлы магынасы мол создер Рахмет.

Жұмағұл Ақбота
2018-06-09 00:05:23

Алла разы болсын!Істеріңізге Алладан береке тіледім.

Тукуева Гаухар
2018-06-09 01:28:43

Ия, өте әсерлі, көптеген қызықты мағлұмат алдым, Алла разы болсын!

Али Мадияров
2018-06-09 01:56:41

الحمد لله Барлық мақтау мадақ бүкіл әлемдердің раббысы Аллаға болсын. Рахман әрі Рахымды. Қиямет күнінің иесі. Өзіңе ғана құлшылық қыламыз, әрі сеннен ғана медет-жәрдем сұраймыз. Бізді тура жолға сала көр. Адасқандардың жолына емес, нығметке бөленген ізгі құлдарыңның жолына сала көр. Әмин! Ма Шаа Алла керемет жазылыпты. Авторға мың алғыс,Алла разы болсын! Біз білмеген нәрселер өте көп екен.

Сәуле Бидайбекова
2018-06-09 08:49:34

Иә құранның қасиеттері керемет қой.Қазір ораза айында оқып жүрмін.Қазақша нұсқасын.Түсінген адамға қазіргі жағдайлар толық айтылған.Құранды оқыған адам АЛЛАНЫ умытпайды.Тәубесіне келеді.Мейірімді, сабырлы болады.Көп нәрседен тыйылады.Рахмет сіздерге.АЛЛА разы болсын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер