Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы
Иман

Қадір түнін қалай өткіземіз?


         Айлардың сұлтаны - Рамазан айы болса, түндердің ең құндысы, ең қасиеттісі, төресі - Қадір түні. Өйткені, бұл түнде адамзатқа арналған Алланың сөзі қасиетті Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын мүмкін болса ғұсыл алып (толық жуынып), дәрет алып, таза киім киіп, хош иісті әтір себініп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасайды.

1. Бірінші дайындық - Алладан арман - тілектерді сұрау.

         Осы түні Құраннан, хадистен алынған дұғаларды оқып, өз арман - тілектеріңізді қайталап, табанды, сенімді, мақсатты түрде Алладан тілеңіз! Ол үшін алдын - ала дұғаларыңызды нақтылап қағаз бетіне жазып алыңыз. Дұға - ол Алладан тікелей медет сұрау, армандарыңыздың орындалуын, алға қойған мақсаттарыңыздың жүзеге асуын бүкіл әлемдердің Раббысынан тілеу. Осы ретте ескере кететін бір жайт, адам тілек тілеудің қабыл болу шарттарына, әдептері мен уақыттарына аса мән бергені жөн:

1) Дәретті болғаныңыз абзал.

2) Ықылас. Шынайы ниет ету, яғни тек Алладан ғана сұрау, тек Алланың  разылығын ғана ойлау.

3) Жүзімізді құбылаға бұру.

4) Аллаға  мадақ айту және кешірім сұраумен бастау.

5) Дұғаның басы мен соңында Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  салауат айту.

6) Қолымызды көкірек деңгейіне көтеріп, алақанымызды жаю.

7) Мүмкіндігінше дұға - тілекті 3 реттен қайталау.

8) Әуелі өзіңізге, одан кейін өзгелерге сұрау.

9) Дұға - тілектердің қабыл болатын уақыттарында сұраған жөн, мысалы: намаздағы сәждеде, садақа бергеннен кейін, жауын жауып тұрғанда, түннің үштен бір бөлігінде (таң атарға жақындағанда), ауыз ашар алдында, жұма күні т.б.

10) Дұға - тілекті Алланың есімдері арқылы сұрау, мысалы: "Иә, Раззақ (Ризық беруші), менің ризығымды арттыр!"

11) Дұғаның қабыл болатынына міндетті, табанды түрде сену, үміт ету. Өйткені, Алла: "...Дұға еткен пендемнің қолын бос қайтаруға ұяламын", - деген (Құдси хадис)

2. Ұйықтамай таң атқанға дейін құлшылықпен өткізу.

         Мың айдан да қайырлы болған Қадір түнінде дастархан жайып, теледидар көріп, ойын ойнау немесе әңгіме айту секілді ұйқтамаудың амалын іздестіру - қателік. Шынайы күнәларының кешірілуін, дұғаларының қабыл болуын сұраған адам бұл түнді құлшылықпен өткізгені дұрыс.

3. Намаз оқу.

         Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кім Қадір түнін Аллаға иман келтірген және сауабынан үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі", - деген (әл-Бұхари 38, Мүслим 760) Алланың ұлылығы соншалық, өзінің сүйіп жаратқан пенделеріне өзімен тікелей байланыс жасау мүмкіндігін беріп отыр, яғни ол - намаз. Намаз оқу арқылы Алладан тікелей мұң - мұқтаждықтарымызды сұрап, күнәларымыздың кешірілуін сұраймыз. Намаз оқу арқылы Алламен сөйлесеміз, адам баласына айта алмаған ішкі сырларымызды намаз оқу арқылы Аллаға айтамыз. Осы түні намаз бастап көріңіз, екі ракат нәпіл намаздан бастаңыз, намазда оқылатын сүрелерді қағаз бетіне үлкен етіп жазып, соған қарап оқыңыз, жайнамаздың үстінде тұрып Алламен тікелей байланысудың ұлылығын сезініңіз, көп - көп дұға етіңіз, өйткені намазда сұраған дұға - тілектеріңіз қайтарылмайды. Себебі, намаз - бізді бүкіл арсыздық пен күнәдан тыйып тұратын ұлы құлшылық. 

4. Құран оқу.

         Хафиз Ибн Ражаб: "Рамазан айында түнгі намаздарды оқығанда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды ырғақпен оқитын және мейірім туралы аят оқыса, оны Алладан сұрайтын, ал азап туралы аят оқыса,  Аллаға сиынып, пана сұрайтын. Осылайша ол намаз бен Құранды, дұға мен зікірді бірге жинаған. Бұл Рамазан айының соңғы он түнінде және басқа да түндері жасалатын ең жақсы әрі ең кемел іс болып табылады", - дейді (Ләтаифул-мәариф 204) Құран - Алланың сөзі, сырға толы сандық, бақыт егілген егістік, сөздердің төресі, құлшылықтың кемесі, ақиқат, шипа және кешірім кітабы. Ендеше, осы қасиетті түнде Алланың бізге жіберген хатын оқымауға не себеп? Арабша хат танымасақ, қазақшасын оқуға болады. Ендеше, Қадір түнінде ақиқаттығын бүкіл ғылым мойындаған Құранды оқып, ісіміздің оңынан шешілуін тілегеніміз дұрыс.

5. Тәубе ету.

         Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әнас (р.а) жеткізген мына бір хадисінде: "Адам баласының әрбірі қателеседі, олардың ішіндегі ең жасылары - тәубе еткендері", - деген. Демек, тәубе ету арқылы жасаған әрбір күнәларымыз кешірілуі мүмкін. Тәубе етудің шарттары:

- жасаған күнә - қателіктерімізге шынайы түрде өкіну;

- күнәміздің кешірілуін Алладан шынайы сұрау;

- ол күнәні қайта жасамауға бекіну;

- адамдардың ақысын жеген болсақ, оны қайтарып беру. 

6. Алланы ұлықтау және салауат айту.

         Қадір түнінде Алланы өте жиі әрі көбірек еске алғанымыз жөн. Бұл түні "СубханаАллаһ"(Алла Пәк), "Әлхамдулиллаһ"(Аллаға Мадақ), "Аллаһу Әкбар"(Алла Ұлы) деген сөздерді қайталап тұруыңызға болады. Ал, салауат айту - Паймғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі болып саналады. 

7. Садақа беру.

         Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Дүниелеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, бәле - жала толқынын дұғамен қайтарыңдар", - деген (Ибн Масғұд (р.а) жеткізген). Садақа - мұқтаж жандарға тек Алла разылығы үшін берілетін көмектің барлық түрі. Садақа беру арқылы қайырымдылық көрсетіп қана қоймай, күнәміз жойылады, қапыда келер көлденең кесапат, қиындықтардан сақтап, ақыретімізге еселеп сауап жиналады. Садақа беру үшін бай болудың қажеті жоқ, жай ғана көшеде адамдарға кедергісін тигізетұғын тасты шетке алып қойғанның өзі, құлап бара жатқан мұсылман бауырын сүйеп тұрғызғанның өзі садақа болып саналады. Қадір түні мың айдан қайырлы. Ал, берген садақаңыз Қадір түніне тұспа - тұс келсе, мың айдан артық уақыт садақа бергендей болмай ма?! Садақаның сауабын ниетімізге қарай аламыз. Садақаны рияшылдықпен бермеу керек, яғни адамдар көрсін деген ниеттен ада болған жақсы. Себебі, жасырын түрде берілген садақаның сауабы көп болмақ. Ал, жария садақа берудің екі шарты болады: бірі - тек Алланың разылығын ойлау болса, екіншісі - сол жасаған ісіңізден басқа адамдар сабақ алуы керек. Сонда ғана осы дүние мен ақыреттің жақсылығына қауышатын боласыз.

8. Құлшылықтардың орнын ауыстырып отыру.

         Иә, үнемі жасап, әдетке айналдырмаған адамға түні бойы құлшылық жасап, ұйқтамай отыру оңайға соқпасы анық. Егер құлшынысыңыз азайып, ұйқыңыз келе бастаса, құлшылығыңызды ауыстырып отырған жөн. Намаз оқудан шаршасаңыз, Құран оқыңыз, бұл құлшылықтан шаршасаңыз, уағыз тыңдаңыз немесе бауырларыңызбен тағылымды, ислами тұрғыда әңгімелесіңіз, бұдан да шаршасаңыз, Алладан дұға - тілек сұраңыз, осылайша ғибадаттан тоқтамаңыз!

         Сонымен қатар, Қадір түнінде барлық мешіттер ашық болады. Сондықтан, достарыңызбен немесе туыс - бауырларыңызбен бірге келіп, Қадір түнін сауапқа толы етіп өткізгеніңіз жөн.

         Қадір түні - Алладан тәубе етіп, кешірім сұраушылар үшін үлкен үміт, ұлы мүмкіндік. Алайда, ел арасында Қадір түні мен Мұса Пайғамбардың (оған Алланың  сәлемі болсын) заманында өмір сүрген Хидр Пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) байланыстыратын көптеген жаңсақ пікірлер пайда болған. 

Бұл ақиқатқа қаншалықты жақын? Хидр деген кім?

         Ғалымдар арасында Хидр Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) туралы әр түрлі пікірлер бар. Мұса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) мен Хидр (оған Алланың сәлемі болсын) екі теңіздің қосылған жерінде жолығып, содан кейін олардың әйгілі сапарлары басталады. Сапар барысында әртүрлі оқиғаларды өткеріп, ол оқиғалардың жақсылықпен, даналықпен аяқталуы Хидрға (оған Алланың сәлемі болсын) Алладан уахи арқылы жіберілгендігі Құрандағы "Кәһф" сүресінің аяттарында анық келтірілген (60 - 82 аяттар) Яғни, ол барлық әрекетін Алланың бұйрығымен орындады. Уахи тек Пайғамбарларға ғана келеді. Хидрдың (оған Алланың сәлемі болсын) әлі күнге дейін тірі екендігі ешқандай дәлел жоқ. Алла Тағала Құранда: "(Ей, Мұхаммед!) біз сенен бұрында адамдардың ешқайсысына мәңгілікті (мәңгі өмірді) бермедік. Сен өлсең, олар мәңгі қала ма?" ("Әнбия" сүресі, 34 - аят) деген болатын. Тіпті, Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге отырып: "Мына түнді көріп тұрсыңдарма? Ақиқатында , 100 жылдан кейін дәл қазір тірі адамдардың ешбірі де қалмайды" , - деген (Бұхари, Мүслим). Демек, «Қадір түні Қыдыр ата келеді, ол тірі» деген – жаңсақ пікір.

         Иә, Қадір түні ешқандайда Қыдыр ата келмейді екен. Оның есесіне, Раббыларының бұйрығын орындау үшін жерге қаншама періштелер түседі. Жерге түскен періштелердің саны жер бетіндегі барлық ұсақ тастардан да көп болады. Ендеше, бүкіл тағдырыңызға тең келетін қасиетті түннің сауабынан құр қалмаңыз! 

Қадір түні оқылатын дұғалар: 

         Бірде Айша анамыз (р.а) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Уа, Алланың Елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?" - деп сұрағанда, ол: "Аллахуммә иннәкә афуун тухиббул афуа фаъфу анни" "Алла Тағалам! Сөзсіз, сен Кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, ендеше мені де кешіре гөр!", - деп дұға ету керектігін үйреткен. Суфъян әс-Саури: "Қадір түні дұға ету мен үшін намаз оқудан да сүйіктірек", - деген.

- Алладан материалдық байлық, тура жол, тақуалық және жан байлығын сұрайтын дұға:


«Иә, Алла, расында, мен Сенен тура жолды, тақуалықты, (күнә мен жаман қылықтардан) пәк, таза болуды және байлықты сұраймын». (Муслим)

«Аллаһумма, инни әсәлукәл-һуда, уәт-туқа, уәл-ъафафә уәл-ғина».


- Алладан бала шағаңызға және отбасыңызға  бәле-жаладан, қауіп қатерден қорған сұрайтын дұға:

Иә, Алла! Сенен мен (осы) дүние және ақыретте жарылқау мен есен-амандық тілеймін. Уа, Алла! Сенен мен дінімде, тұрмыс-тіршілігімде, отбасым мен мал-мүлкімде жарылқау мен есен-амандық тілеймін. Уа, Алла! Менің әбүйірімді Өзің бүркеп қойғайсың, мені қорқыныштан аман еткейсің. Уа, Алла! Мені алды-артымнан, оң жақ-сол жағымнан және төбемнен де Өзің сақтағайсың! Сондай-ақ астымнан кенеттен қиянатқа ұшырап, өліп кетуден Өз ұлылығыңнан пана сұраймын! (Әбу Дауд, Насаи)


«Аллаһумма инни әс-әлукәл-ъафуа уәл-ъафиәтә фид-дуня уәл-әхираһ. Аллаһумма инни әс-әлукәл-ъафуа уәл-ъафиәтә фи дини уә дуня-я, уә әһли, уә мәәли. Аллаһуммас-тур ъаураати уә әәмин рауъаати. Аллаһуммах-фазни мин бәйни йәдәяя, уә мин халфи, уә ъан ямини уә ъан шимәәли, уә мин фәуқи, уә әъуузу би ъазамәтикә ән уғтәәлә мин тәхти».


- Жар таңдағанда жаңылыспас үшін, салиқалы әйел, ізгі ұрпақ сұрау және адамдарды абзалы болуды тілеу:


«Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ете гөр әрі бізді тақуалардың алды қыл!». («Фурқан» сүресі, 74-аят)


«Раббәнәә һәб ләнәә мин әзуәәджинәә уә зуррииәәтинәә қурратә әъюн,

уә-джъәлнәә лил-муттәқиинәә имәәмәә».

- Алладан кешірім өтінгенде оқылатын дұғалардың төресі:

«Иә, Алла! Сен менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Сен мені жараттың, ал мен Сенің құлыңмын. Meн күш-құдіретім жеткенше Саған деген уәдем мен сертімді сақтаймын. Әрі жасаған істерімнің жамандығынан Өзіңе сыйынамын. Маған берген нығметтеріңді мойындаймын әрі күналарымды да мойындаймын. Мені кешіре гөр! Шын мәнінде, Сенен өзге күнәларды кешіруші ешкім жоқ!». (Бухари)

«Аллаһуммә, Әнтә Рабби, лә иләһа иллә Әнтә, халәқтәни уә әнә ъабдук, уә әнә ъалә ъаһдикә уә уәъдикә мә-стәтаъту, әъузу бикә мин шәрри мә санәъту әбу-у ләкә би ниъмәтикә ъәләййа уә әбу-у би занби, фәғфир ли, фә иннәһу лә яғфируз-зунуубә иллә Әнта!».


- Алладан күнә-қателіктеріңізге кешірім сұрау дұғасы:


«Иә, Алла! Шын мәнінде, мен өзіме аса көп зұлымдық жасадым. Күнәларды кешіретін Өзіңнен басқа ешкім жоқ. Өз жарылқауыңмен мені кешір де, маған рақым ет. Расында, Сен аса Жарылқаушы, ерекше Рахымдысың!». (Бухари, Муслим)

«Аллаһуммә, инни заләмту нәфси зулмән кәсиран уә лә яғфируз-зунуубә иллә Әнтә. Фағфир ли мәғфиратән мин ъиндикә уәрхамни, иннәкә Әнтәл-Ғафурур-Рахим!»


- Жалқаулықтан, кедейліктен, жаман мінез бен жаман аурулардан пан сұрау дұғасы:


Иә, Алла! Әлсіздік пен жалқаулықтан, қатыгездік пен бейқамдықтан және дәрменсіздіктен, қорлық пен кедейліктен Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Уа, Алла! Пасықтықтан, бөліушіліктен, екіжүзділіктен және ел естісін, ел көрсін деген риякершіліктен Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Уа, Алла! Керең, мылқау, алапес, жынды, таз болуымнан және жаман аурулардан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. (Табарани)


«Аллаһумма инни әъузу бикә минәл-ъажзи уәл-кәсәл, уә аъузу бикә минәл-қасуати уәл-ғафләти уәл-ъайләти, уәз-зулләти уәл-мәскәнәти, уә әъузу бикә минәл-фусуқи уәш-шиқақи уән-нифәәқ уәс-сумъати уәр-рия-и, уә әъузу бикә минәс-самами уәл-бакам, уәл-жунуни уәл-барас, уәл-жузәми уә сәийил-әсқам».


- Алладан дүние-мүлкіңізді көбейтуін сұрау дұғасы:


Иә, Алла!Көбейте гөр, кемітпе, сыйлы қыл да, бейшара қылма, бере гөр де, мақрұм қыла көрме, бізді таңда да, құр қалдырма, бізді риза болатын құл қыл да, бізден риза бол. (Насаи)


«Аллаһумма зиднә уә лә тәнқуснә, уә әкримнә уә лә туһиннә, уә аътыйнә уә лә тәхримнә, уә әәсирнә уә лә ту-әсир ъаләйнә, уардыйнә уарда ъанна».


- Қиыншылықтан, бақытсыздықтан сыйыну:


Иә, Алла! Сынақ қиыншылықтарынан, бақытсыздықтардың жалғасуынан, тағдырдың жамандығынан, дұшпандардың басынуынан Саған сыйынып, пана тілеймін. (Бухари, Муслим)


«Аллаһумма инни әъузу бикә мин жәһдил-бәләә, уә дәрәкиш-шақаа, уә суил-қадаа, уә шәмәтәтил-әъдәә.


- Иманыңызды күшейтіп, Аллаға деген құлшылығыңызды көркемдейтін дұға:

«Иә, Алла! Өзіңді зікір етуге, Өзіңе шүкір етуге әрі Өзіңе көркем түрде құлшылық етуге маған жәрдем бер!». (Ахмад)


«Аллаһуммә, әъинни ъалә зикрикә, уә шукрикә, уә хусни ъибәдәтик».


- Алладан Жәннатты сұрап, Тозақтан сыйынатын дұға:


«Иә, Аллa! Расында, мен Сенен Жәннатты сұраймын, әрі Оттан Өзіңе сиынамын!». (Тирмизи, Ибн Мәжәһ)


«Аллаһуммә инни әс-әлукәл жәннәтә уә ә’узу бикә мин ән-нәр!»


- Жұмысыңызды әрі кәсібіңізді жүйеге салып, Алланың мейірімін шақыратын дұға:


«Иә, Алла! Сенің рахымыңа үміт етемін. Мені қас қағым сәтке болса да өз нәпсіме тапсырма әрі менің барлық ісімді оңда, Сенен басқа ешбір тәңір жоқ!». (Әбу Дауд, Ахмад)

«Аллаһуммә, рахмәтәкә әржуу, фәлә тәкилни илә нәфси тарфәтә ъайн, уә аслих ли шә’ни кулләһ, лә иләһа иллә Әнта!».


-  Адал ризық-несібе және пайдалы білім сұрау:


«Иә, Алла! Расында, мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі қабыл болатын амал сұраймын!».
(Ибн Мәжәһ, Насаи)


«Аллаһуммә, инни әс-әлукә ъилмән нәфиъан, уә ризқан тайибән, уә ъамәлән мутәқаббәлән!».

-  Қайтыс болған адамдар үшін жасалатын ең көркем дұға:


«Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иманмен өткен бауырларымызды кешіре гөр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір жек көрушілік жасама». («Хашыр» сүресі, 10-аят).


«Раббәнәғ-фир ләнәә уә ли ихуәәнинәл-ләзиинә сәбәқуунәә бил-иимәни уә лә тәжъал фии қулуубинәә ғилләл-лилләзиинә әәмәнуу, раббәнәә иннәкә рәууфур рахиим».


Ата  - ана үшін жасалатын дұға:

«Раббым, Мені кішкентайымнан бағып, тәрбиелеп өсіргеніңдей оларға мейірім ет!». («Исра» сүресі, 24-аят)


«Роббир-хәмһумәә кәмәә раббәиәәнии сағиираа».

Алланың дұрыс иман, көркем мінез бен есендік сұрау:


Иә, Алла! Сенен шынайы дұрыс иман, иманды көркем мінез, артынан бақыт ілескен табыс, Сенен келетін есендік пен кешірім және разылығыңды сұраймын. (Ахмад, Хаким)


«Аллаһумма инни әс-әлукә сиххатән фи имәән, уә имәнән фи хусни хулуқ, уә нәжәхән йәтбәъуһу фәләәх, уә ъафиәтән уә рахмәтән минкә уә ридуәнә».


Алладан екі дүниенің дұрыстығын сұрау:


Иә, Алла! Істерімнің қорғаушысы болған дінімді, өмір сүретін дүниемді, қайтып оралатын ақыретімді түзегейсің. Өмірімді ізгі амалдарды көбейту, ал өлімімді барлық жамандықтан демалу қылғайсың.


«Аллаһумма әслих ли динил-ләзи һуә ъисмәту әмри, уә әслих ли дуния-ялләти фиһә мәъәәши, уә әслих ли әхиратил-ләти фиһә мәъәәди, уәжъалил-хәятә зиядатән ли фи кулли хайр, уәжъалил-мәутә рахатән ли мин кулли шәрр».

Әр түрлі жамандықтан пана сұрау:


Иә, Алла! Мен Сенен мінез-құлықтың, амалдардың, нәпсі-қалауларының жаманынан пана сұраймын. (Тирмизи)


«Аллаһумма инни әъузу бикә мин мункәратил-әхләқи уәл-аъмәли уәл-әһуәә».




ПІКІР (8)

Гулназ
2018-06-11 18:12:07

Осы дугалар тызымын тек Кадыр туны окыла ма, немесе баска кездерде де окыса бола ма?

Джурабекова Айдана Нурлибековна
2018-06-11 18:29:33

ия ұнады. Алла разы болсын сіздерге!

Джурабекова Айдана Нурлибековна
2018-06-11 18:30:20

Гулназ басқа кезде де оқуға болады.

Амантай Толганай
2018-06-11 19:39:09

Алла разы болсын сіздерге

2018-06-11 21:11:04

Алла разы болсын көп көмегіныз тиді

Асем
2018-06-11 21:11:14

Алла разы болсын көп көмегіныз тиді

Айжан
2018-06-11 21:51:01

Оте унады!Алла разы болсын!Алла дуга тилегимизди кабыл етсин!

Акмарал
2018-06-11 22:03:02

Кашан уйыктауга болады?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер