Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы
Медицина

Пайғамбар медицинасы: қара зеренің (тмин) пайдасы

Қара зере – Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде  ең көп кездесетін емдік құрал. Ал кез келген емдік  құралдың  шипалық әсері оны пайдалануға нұсқаған шипагерге деген сеніммен тікелей байланысты.  Сол секілді бұл емді пайдалануға нұсқаушы –  Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), ал оған әр нәрсенің қыр-сырын үйретуші адамзатты да, сол емдік заттарды да жаратушы, барлық нәрседен Хабардар һәм барлық нәрсеге Құдіретті Хақ Тағала.

Қара зереде өлімнен басқа барлық ауруға шипа бар

Мына хадистерге назар аударыңыз: «Әрбір дерттің дауасы бар. Егер дауа дертке дөп түскен  жағдайда оны Алла Тағаланың қалауымен жазады» (Муслим), «Расында осы қара дән (қара зере) өлімнен өзге барлық дертке дауа» (Ахмад), «Сендер осы қара зерені пайдаланыңдар, расында, онда өлімнен басқаның бәріне шипа бар» (Бұхари).

Халид ибн Сағыд былай дейді: «Ғалиб ибн Аджармен бірге жолға шықтық. Ол жолда ауырып қалды. Мәдинаға жеткенде ол ауру болатын. Оның жағдайын білу үшін Ибн Әбу Атиқ келді де, бізге: «Сендер оған мына қара зерені беріңдер. Одан алты не жеті түйірін алып ұнтақтап, оның мұрнының екі жағына кезек-кезек маймен бірге тамызыңдар. Расында мен Аишадан (оған Алла разы болсын): «Расында, осы қара дән (қара зере) өлімнен басқа барлық дертке шипа» деген хадисті естігенмін». (Бұхари).

Осы хадистер қара зерені күнделікті пайдалану тіпті дені сау адамға да денсаулықты жақсарту үшін сүннет болып табылатындығына дәлел. Сондықтан да қара зеремен емделген адам Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін орындаған болып саналады.

Қара зере және заманауи ғылым

Қара зеренің емдік қасиеттері Шығыс елдерінде 3000 жылдан бері белгілі. 1959 жылдан бері түрлі университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарында қара зеренің емдік қасиеттерін анықтау үшін 1000-нан астам зерттеулер жүргізілген. Сол зерттеулердің керемет нәтижелері жайында мақалалар мен баяндамаларда, түрлі ақпарат құралдарына жарияланады. Зерттеулерге қарағанда қара зеренің құрамында 100-ден астам заттар мен жасушалардың табиғи биосинтезінің организмге ауадай қажетті 50-ден астам катализаторы бар екен. Соңғы уақыттары АҚШ-та осы бір емдік өсімдіктің саратан (рак) және СПИД ауруларын емдеудегі әсері зерттеліп жатыр. Аталған қатерлі аурулардың бірден-бір емі осы қара зере екендігі туралы ғылыми жаңалық та ашылып қалар, бәлкім. Бұл туралы атақты дәрігер Мусани: «Күндердің бір күнінде қара зеренің саратан, СПИД сияқты аса қатерлі ауруларға қолданылатын бірегей емдік құралға айналуы ғажап емес»деген екен. «Расында, осы қара дән (қара зере) өлімнен басқа барлық дертке шипа» деген хадис осыған дәлел.

Ибн Қайим әл-Жаузия өзінің «Пайғамбар медицинасы» деген кітабына қара зеремен емделген 50 шақты аурудың тізімін енгізген. 1960 жылы профессор Дахакна жүргізген зерттеуінде қара зеренің майы артритті емдеу кезінде қабынуға қарсы дәрі ретінде қолданылатынын дәлелдеп шықты.

1992 жылы Дакка (Бангладеш) университетінің медициналық бөлімінде қара зеренің бактерияға қарсы қасиеттері ең күшті бес антибиотикпен: ампициллин, тетрациклин, ко-тримоксазол, гентамицин және налидикс қышқылымен салыстырылып зерттелінді. Нәтижесінде, оның керемет әсері туралы кезекті рет дәлелдер жарияланды. Ол көптеген бактерияларға қарсы тіпті, медициналық препараттардың әлі келмейтін V. Холера (тырысқақ), Е. Коли (шикі етте кездесетін инфекция) бактерияларына қарсы теңдессіз ем құралы болып шықты.

1977 жылы үнді ғалымдары қара зеренің рак клеткаларын емдеудегі әсері туралы жақсы тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізді.

АҚШ-та фармакологиялық фирмалар қара зеренің негізінде жаңа емдік препараттар жасайтын арнайы зертхана құрылды. Мюнхендік иммунолог доктор Питер Шлейкер (Германия) Құрама Штаттардағы медициналық мекемелермен бірлесе отырып зерттеулер жүргізіп, соның нәтижесінде қара зеренің негізінде түрлі аурулардың емдерінің көптеген рецептерін түзіп шықты. Келесі бір ғалым қара зеренің емдік қасиетін тәжірибе жүзінде байқап көрді.  Ол жүргізген тәжірибелерге 600-ден астам адам қатысты. Тәжірибе қорытындысы бойынша аллергиялық аурулармен ауыратын адамдардың 70 %-ның дертінен айыққандығы анықталды. Олардың арасында шаңға аллергиясы бар, нейродермизм, қолқа демікпесі бар науқастар болған. Сондай-ақ, қара зере майы гриппоздық ауруларға қарсы бірегей шипа ретінде сәтті қолданылады.

Мұндай ақпараттарды тізе берсек тіптен көп. Мұндағы мақсат – Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің ешқашан жалғанға шықпайтындығын тілге тиек ету. Осылайша, әлемнің түрлі елдерінде өткізілген 1000-нан астам ғылыми зерттеулер 1400 жылдай бұрын айтылып кеткен қара зеренің ерекше емдік қасиетін күллі әлемге паш етуде.

Емделу үдерісіне кіріспестен бұрын әуелі Алла Тағалаға жалбарынып, аурудан айықтыруын сұрап, Аллаға ғана тәуекел ету қажет. Себебі, қара зере – себеп, ал шипаны беруші – Алла Тағала.

Қолдану тәсілдері

Ағзаның мүмкіндігімен төзімділігіне байланысты емді қабылдау әр түрлі болуы мүмкін. Осыған сүйене отырып әркім өзіне қажетті тәсілді таңдай алады:

Ішкі қолданыс үшін:

  1. Таңертең ас ішуден 15-30 минуттай бұрын аш қарынға және кешкі тамақтан соң 1,5 сағаттан кейін 10 тамшы (жарты шай қасығы) зере майын қабылдау.
  2. Тамақ ішуден 15-30 минуттай бұрын жарты шай қасық зере майын қабылдап, одан кейін бірден 1 ас қасық бал араластырылған жарты стақан су ішу.
  3. Жарты стақан суға 1 шай қасық қара зере майы мен 1 ас қасық балды қосып, араластырып таңертеңгі астан 15-30 минут бұрын және кешкі асты ішкеннен 15-30 минут өткен соң қабылдау.

Сыртқы қолданыс үшін:

Жараның ауырлық деңгейі мен бетінің көлеміне байланысты емді ашық түрде немесе таңғыш қою арқылы жүргізеді. Жараның бетін антисептік ерітіндімен жуып, дәкеден тампон қойып кептіреді. Емдеудің ашық түрінде майды жараның бетіне жұқалап жағады. Бұл рәсімді күніне 2 рет жасайды. Таңғыш пайдаланғанда дәке таңғышқа майды сіңіріп алып, жараның бетіне қояды. Таңғышты 2-3 күнде ауыстырады. Жарты шай қасық майды тамақтану алдында 15-30 минут бұрын (таңертең және кешке) қабылдайды.

Уқалау (массаж)

Уқалау кезінде сыртқа қолдануға арналған жақпа май ретінде теріні сылайды. Ол теріге жасару әсерін беріп, оны серпімді әрі сергек етеді, сондай-ақ тері ауруларының алдын алады. Бұлшық еттің қабынуында және жарақаттанғанда өте әсерлі.

Денсаулықты нығайту үшін

Бұл берекелі емді ауырмайтын адамдар үшін де күнделікті пайдалану ұсынылады. Денсаулықты нығайту үшін қара зеренің жарты шай қасық майын немесе бір шай қасық дәндерін күнделікті жүйеде таңертеңгілік астан 15-30 минут бұрын қабылдау ұсынылады. Дәмін жақсарту үшін оны шырынмен, сумен араластыруға болады.

Қолданылу ұзақтығы

Қабылдау курсын әр күн сайын  1-2 тамшыдан кеміте отырып аяқтау керек. Қолданудан бұрын  құтыны шайқаңыз. Қара зере де басқа биореттегіштер секілді әдетте 3 айдан 6 айға дейін (кем дегенде 1 ай) 3-5 күндік үзілістері бар 15 күндік қабылдау кестесімен қолданылады.

Қара зеренің бірқатар ауруларда қолданылуы

Бас ауруы: 1 ас қасық уатылған қара зереге 1 ас қасық уатылған анис, 1 ас қасық ұсақталған қалампыр, таңертең және кешке ас ішерден 15-30 минут бұрын 1 шай қасықтан қабылдау керек. Сумен ішуге болмайды.

Бас айналу: Қара зере майын шайға қосып ішеді. Жақ сүйектің астыңғы жағы мен желке тұсын маймен сүрту керек.

Ұйқысыздық: 1 шай қасық қара зерені балмен не шаймен араластырып кешкі астан бұрын ішу керек.

Үнемі шаршап жүру: 1 стақан балға 3 шай қасық алма сірке қышқылын және 1 шай қасық қара зере майын араластырып ұйқыға жатар алдында 2 шай қасықтан жеу керек.

Жүрек тұсының шаншуы: 1 кесе ыстық сүтке бірнеше тамшы май тамызып, 1 шай қасық бал қосып ыстықтай ішу керек.

Тұмау (грипп), жөтел: 1:5 қатынасындағы қара зере мен зәйтүн майын араластырып күніне 3-4 рет мұрынға тамызады. Күшті жөтел кезінде 3-5 тамшы қара зере майын тамызып (пипетка) арқылы тілдің түбіне таңертең және кешке тамызады.

Гастрит:  500 гр бал мен 500 гр жолжелкен жапырақтарының шырынын араластырып, қоспаны эмальды ыдысқа салып баяу отта 5-10 минут бойы қайнатады. Салқындаған қоспаға 50  мл қара зере майын қосады. Тамақтан бұрын 1 ас қасықтан күніне 3 рет ішеді.

Қара зеренің мұнан басқа: тұтығып сөйлеуге, ревматизм және бұлшық ет ауруларына,  қан қысымы жоғарылағанда, төмендегенде,  атеросклероз, варикоз, анемия, пневмония, бронхит, өкпе туберкулезі, қызу көтерілу, асқазан-ішек жүйесінің ауруларына, іш қату, іш кебу, геморрой, ауыздан жағымсыз иіс шығу, бүйрек ауруына, бүйректегі тас пен құмға, зәр шығару жолдарының ауруы кезінде,  құлақ, тіс ауруларына, есту қабілетінің төмендеуіне, есте сақтауды жақсартуға,  гайморитке, басқа да мұрын ауруларына, көз ауруына, сүйелге, қышымаға, шаштың түсуіне,  теміреткі, безеуге,  буын-арқа, сүйек ауруларына, ерлер және әйелдер ауруларына, балалар ауруына, қант диабетіне, онкология ауруларына пайдаланады.

Ескерту: қара зерені белгілі бір ауруға қарсы пайдаланбас бұрын дәрігерге қаралып, кеңесіне құлақ салыңыз!

ПІКІР (1)

Ебергенова Асия
2018-05-19 22:30:26

Керемет жазылған нұсқаулар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер