Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Пайғамбардың (с.а.с) әзілдері

Мақалалар

 

Ғұлама әл-Фараби: «Сөз тапқырлық – жақсы адамшылық қасиет және мұның өзі әзілді орнымен пайдаланғанда болатын нәрсе» деу арқылы орнымен айтылған әзілдің кісі бойындағы ізгі қасиеттердің біріне жататындығын меңзейді. Әзіл өз мөлшерінде, яғни, тамаққа қосылған тұз көлеміндей болғанда ғана әңгіменің дәмін келтірмек. Артық айтылған жағдайда, тұзы көп тамақ секілді жарамсыз болып қалуы мүмкін. Осы тұста «Исламда әзілге орын бар ма?», «Пайғамбарымыз әзілдесетін бе еді?» деген сұрақ туындайды. Баз біреулер айтатын секілді ислам тыйымдар мен бұйрықтардан ғана тұрмайды, ислам адам өмірін барынша жеңіл, жайлы, мәнді етуге тырысатын жүйе.

 

Пайғамбар әзіл айтқан ба?

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянына көз жүгіртсек, салмақты, сабырлылығына қарамастан, үнемі жымиып жүргенін және орнымен әзілдескенін байқаймыз. Ол кісі үлкенге де, кішіге де жұмсақ әзілдер айтатын. Адамдар одан: «Уа, Алла Елшісі, сіз де әзіл айтасыз ба?» деп сұрағанда: «Иә, мен әзіл айтам, бірақ арасына өтірік араластырмаймын» деп жауап берген. (Тирмизи). Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әзілдің өзінде өтірікті тастаған адамға жәннаттың ортасынан үй беретіндігін айтқан. (Әбу Дәуіт).

Имам Науаи айтады: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әңгімелесушінің көңілін орнына түсіріп, оған деген жылы сезімін білдіру үшін әзілдесетін. Мұндай әзілге тыйым салынбайды, керісінше, сүннетке сай келеді» деп жазады.  (әл-Азкар). «Сахабалар да өзара және Пайғамбармен әзілдесетін. Алла Елшісінің сахабаларының бір-біріне қарбыз қабықшаларын лақтырып ойнайтын кездері болатын, алайда, салмақты мәселеге келгенде олар нағыз жігіттік танытатын». (Бұхари).

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әзіл арасында ғайбат, мазақтау, келеке етудің болмағанын талап ететін. Әзілге оңтайлы уақыт, орын таңдай білу – сүннет. Әзілдің әдебін сақтай білгенде ғана құлшылық жасаған болып саналамыз.

Төменде Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бірнеше әзілін келтіру арқылы әзіл айту әдебінен хабардар еткіміз келеді.

 

«Ойыннан от шығады»

Бірде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жолдасының аяқ киімін тығып қойған адамды көреді. Ал ол кісі аяқ киімді іздеп, әбігерге түседі. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім мұсылманның үрейін ұшырса, Қияметте Алла оның үрейін ұшырады», «Мұсылманның мұсылманды қорқытуына тыйым салынған» деген екен. (Әбу Дәуіт). Жастар арасында адамның артынан байқатпай келіп, үрейлі дауыс шығару әдетке айналып кеткен. Бұл әрекет адамның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, сүннеттегі әзілдесу әдебінен аспаған абзал.

 

Сәбимен әзілдесу де  – сүннет

Кейбір хадистерден Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кішкентай сәбилерге су шашып әзілдескенін байқасақ, Әнас ибн Малик (оған Алла разы болсын) мына хадисті жеткізеді: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) менің кіші ініме «кішкентай балапан» деп әзілдесетін және «О, Әбу Умайра, торғайдың балапанының жағдайы қалай?» деп сұрайтын. (Тирмизи).

Тағы бірде түйеге отырғызуын сұраған адамға: «Мен сені түйенің ботасына отырғызайын» деп жауап берген. Әлгі кісінің: «Мен түйенің ботасына қалай отырамын?» деген түсінбестік толы сөзіне: «Түйе – түйеден тумай ма, әр түйе бір түйенің ботасы емес пе?» деп әзілдескенін аңғартады. (Әбу Дәуіт).

 

Қарт кісімен әзіл жарастыруға да болады

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлкен кісілермен де жылы әзілдескен. Бірде қарт әйел келіп: «Мен де жұмақтағылардың қатарынан болғым келеді, дұға етіңізші» деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Жәннатта қарт кісілер болмайды» деп әзілдейді. Мұны тура мағынада түсінген әйел жылап кетіп қалады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол кісіге айтыңыздаршы, әйелдер қартайған түрінде емес, Алла оларды уыздай жас күйінде жұмаққа кіргізеді» деп түсіндіреді. (Тирмизи).

 

Әзілмен ақиқатты ұштастыра білесіз бе?

Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үнемі сый-сыяпат әкеліп жүретін Захир есімді бәдәуи бар еді. Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  оның артынан келіп: «Маған мына құлды кім сатып алып береді?» деген екен. Захир: «Уа, Алла Елшісі, көр де тұр, мен өтімді тауар емеспін» дейді. Сонда Пайғамбар: «Сенің бағаң Алла алдында жоғары» деп жауап береді. (Ибн Хиббан). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл әзілі арқылы оның жай ғана құл емес, Алланың құлы екендігін, ал Аллаға құл болушының бағасының жоғары болатындығын меңзейді.

 

Ашулы адаммен ұтымды әзілдесу

Әзілмен адамның ашуын басуға да болады. Бұл тәсілге мына бір хадисті келтірер едік.

«Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Фатиманың (оған Алла разы болсын) үйіне келсе, Әли (оған Алла разы болсын)  үйінде жоқ екен. Сонда қызынан: «Ағаңның ұлы қайда?» деп сұрайды. Фатима анамыз (оған Алла разы болсын): «Біз ренжісіп қалдық, ол маған ашуланып, ұйықтауға қалмады» дейді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әлиді іздеуге адам жібереді. Оның мешітте ұйықтап жатқаны мәлім болғанда іздеп барады. Шаңға көміліп, бір қырынан жатқан Әлиді (оған Алла разы болсын) көріп: «Орныңнан тұр, о Әбу Тураб, орныңнан тұр, о Әбу Тураб» деп, шаңдарын қаға бастайды. (Муслим). Айта кетейік, «Әбу Тураб» сөзінің мағынасы – «шаңның әкесі» немесе «шаңға көмілуші».

Әйелдерімізбен әзілдесу де сүннет саналады. Ахмадтан жеткен хадистен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аишамен екі рет жүгіруден жарысқанын және біріншіде жеңіліп, екіншіде жеңіске жетіп: «Бұл жеңіс өткен жолғы жеңіліс үшін» деп айтқанынан хабардар боламыз.

 

«Екі құлақтың иесі»

Ал төмендегі хадистен ешбір ғайбатқа, мазаққа орын берместен әзіл айтуға болатындығын аңғарамыз. Әнас (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзін «Екі құлақтың иесі» деп атағанын жеткізеді. (Тирмизи). Әзілдің ұтымдылығы: біріншіден, әрбір адамда құлақ бар, сондықтан ешбір жалған сөз қосылмаған. Екіншіден, Әнас ибн Мәлик өте тапқыр әрі аңғарымпаз болған екен. «Айтылған сөздің атылған оқ» екендігін жақсы білеміз. Сол себепті, адамның намысына тиетін ғайбат сөздерді әзілге қоспаған абзал. Мұсылмандар бір-бірлеріне бауыр емес пе? Және олардың арасын жарастыру ұлы Алланың бұйрығы саналады.

 

Орынсыз әзіл айтушының діннен шығуы мүмкін...

Құран мен сүннетке келгенде әзілге орын беру қайтарылады. Ибн Омар (оған Алла разы болсын)  баяндайды: «Табук соғысына бара жатқан бір адам Алла Елшісі мен оның сахабалары туралы: «Құран оқушылар секілді шайқаста қорқақ, өтірікші және қомағайды көрмедім» деп айтады. Сонда Ауф ибн Мәлик (оған Алла разы болсын): «Сен өтірікші ғана емес, екіжүзді екенсің. Мен мұны міндетті түрде Алла Елшісіне айтамын» деп қарсылық білдіреді. Алайда, сахабадан бұрын аят түсіп қойған екен. Тіл тигізуші адам кешірім сұрау үшін келгенде, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жол жүруге дайын тұр екен. Әлгі адам: «Біз жай ғана әңгімелесіп, әзілдесіп отыр едік...» деп ақтала бастайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына аятты оқыды: «Алланы, Оның аяттарын және Оның Елшісін келеке еттіңдер ме? Ақталмай-ақ қойыңдар. Сендер иманға келгеннен кейін күпірлік келтірдіңдер (діннен шықтыңдар). Егер Біз сендерден бір топты кешіктірсек, бір топты қылмыскер болғандары үшін азаптаймыз». («Тәубә» сүресі, 65-66-аяттар). А. Саъди: «Аса ұлы Алланы және Оның Елшісінің үстінен күліп, келеке ету – адамды діннен шығарып, үлкен азапқа душар етеді» деген екен.

 

Неке мен ажырасу мәселесінде әзілге тыйым салынады

Сондай-ақ, неке, ажырасу, ажырасқанда қайта қосылу мәселесінде әзілдесу қайтарылады. Көптеген ер адамның ажырасу мәселесімен әзілдесетінін жақсы білеміз. Әңгіме арасында «Қызық болсын, ажыраса салайық», «Ажыраса салайын ба?» сынды сөздер естіліп қалып жатады. Біліңіз, себепсіз айтылған сөз күшіне енеді. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Үш нәрсе ойын үшін айтылса да, салмақты айтылса да күшіне енеді. Бұл – неке, ажырасу және некені жаңарту» деген. Сондықтан, тілді мұндай сөздерден тыя білейік. (Тирмизи).

Орнымен әрі жұмсақ айтылған әзіл – құлшылық. Мұндай әзілдерді әдетке айналдыру арқылы Алла Тағаланың (Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді. Ақиқатында, Алла – өте Кешірімді, ерекше Мейірімді» деп» деген бұйрығына амал жасаған боламыз. («Әли-Имран» сүресінің 31-аят).

ПІКІР (5)

Қожанова Дариға

Менің ойымша өте керемет! Осындай жаңалықтарды күнде салып тұру керек. Асыл арна ұжымына рахмет! АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

Жазира Ислямова

Коп коп рахмет!!!

Утегенова Қымба

Рахмет сіздерге,көптеген сұрағыма жауап алдым.

Меруерт

"Асыларна" ұжымына алғысым шексіз! Алланың нұры жаусын сіздерге! Білмейтіндерім əлі көөөп екен?!

жансая

Коп- коп рахмет!!!!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер