Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ОРАЗАНЫ БҰЗБАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР

Иман

1.Ұмытып ішіп-жеу, және ерлі-зайыптылар ұмытып жыныстық қатынасқа түсуі


Әбу Һурайрадан жеткен хадисте  Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ұмытып жеп не ішіп қойған адамның оразасы бұзылмайды, өйткені, расында, оны тамақтандырып, сусындатқан – Алла» деген.    (Әл-Бұхари 1933, Муслим, 2/171).

Келесі хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Егер адам Рамазан айының ораза күнінде ұмытып тамақтанған болса, онда ол бұл күнді толтыруға да, ақысын өтеу ге де тиісті емес»- деген.   (Әл-Хаким, 1/420. Әд-Дарақутни, 2/178. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, әл-Байхақи, хафиз әз-Зәһаби, имам ән-Нәуауи, хафиз Ибн Хәжар т.б. ғалымдар растаған).

Алайда егер де біреу ұмытып жеп не ішіп жатқан адамды көретін болсаңыз, онда сіз оны тоқтатуға және оған оның ораза ұстап жүргенін ескертуге міндетті боласыз. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерден кім айыпталатын нәрсе көрсе, оны өзгертсін», — деген (Муслим, 1/78).

Ал ұмытып әйелімен жыныстық қатынас жасап қойған адам туралы Хасан әл-Басри: «Ұмытып жыныстық қатынасқа барған адам ештеңені өтеуге тиісті емес» деген екен.   (Бұхари. “Сахих”,1/452).


2.Түкірік пен қақырықты жұту

Ораза кезінде түкірік жұтуға рұқсат етілетіндігі жайында ғалымдар арасында келіспеушіліктер жоқ. ‘Ата: “Түкірікті жұту оразаны бұзбайды”,- деген.   (Әл-Бухари. “Сахих”, 1/451).

Әдейі түкірігін жинап, кейін оны жұтып жіберсе де, ең дұрыс пікірге сәйкес, оның оразасы бұзылмайды. Алайда, бұлай істемеген дұрыс.   Ал, қақырықты немесе мұрын мен тамақтан шығатын қандайда нәрселерді  жұтуға келер болсақ, мұндайды жұтудың рұқсат етілгендігіне қатысты ғалымдардың пікірлері әр түрлі болған. Имам Ахмад пен әш-Шәфи’и қақырықты жұту оразаны бұзбайды деп есептеген. 

«Қақырықты жұту оразаны бұзады» деген пікір мұсылмандар үшін қиындықтар туғызады, ал шариғат мұсылмандардың жағдайын қиындатуды емес, жеңілдетуді қалайды. Құранда да, Сүннетте де бұған қатысты ешқандай тыйымдар жоқ екендігін ескеру  қажет.  


3.Ерлі-зайыптылардың мәселесі

Ораза кезінде күйеуіне де, әйеліне де бір-бірін сүюге, құшақтауға және аймалауға рұқсат етіледі. Айша (Алла оған разы болсын) былай дейтін: «Ораза кезінде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз әйелдерін құшақтап, сүйген кездер сирек емес еді, алайда ол сендердің кез-келгенідеріңнен өзін-өзі мықты ұстай алатын».   (Әл-Бухари, 1927. Муслим, 1/65).

Айшаның (Алла оған разы болсын) жиені Масруқ одан: «Ораза уақытында күйеуі мен әйеліне не рұқсат етіледі?», - деп сұрағанда, ол: «Жыныстық қатынастан басқасынын барлығы», — деп жауап берді. (Абдур-Раззақ, 4/190. “Фатхул-Бәри”, 4/183.)

Бұл хадистер аузы берік адам, мұның соңы жыныстық қатынаспен аяқталады деп қорықпаса, өз әйелін құшақтап, аймалауына рұқсат етілетінін аңғартып тұр. Ал, адам әлсіз болса, яғни, өзін-өзі ұстай алмай қалатынын білсе, онда ол мұндайдан тыйылғаны жөн. Шариғатта, «харамға апаратын нәрсе де харам!» дейтін маңызды бір қағида бар.


4.Бой дәреттің (ғусл) жоқтығы

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдері Айша мен Умм Сәләмадан жеткен хабарларда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелімен өткізген түннен соң, таңды жүніп күйінде қарсы алғандығы, содан кейін шомылып, оразасын тұтқандығы туралы баяндалады.     (Әл-Бухари, 1925. Муслим, 2/80).

Бірде Умм Сәләмадан «Жүніп күйінде таңды қарсы алған еркек ораза тұту керек пе?» – деп сұрағанда, ол: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) поллюция (өздігінен ұрық шығып кетуі) себепті емес, әйелімен өткізген түннен соң таңды жүніп күйінде қарсы алатын. Сосын ол ораза ұстайтын әрі сол (күнгі) оразасын қайта өтемейтін», — деп жауап берген.    (Муслим, 2/80).

Осы хадистер бой дәреттің (ғусл) жоқтығы, тіпті, ол таң атқаннан кейін шомылса да оразасын жарамсыз етпейтінін білдіреді.


5.Тіс тазартқыш (сиуак) қолдану

Ораза кезінде тіс тазартқышты қолданудың рұқсат етілгеніне Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалардан жеткен бірнеше хабар дәлел болады. Амир ибн Раби`аның: «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстап жүргенде тістерін сиуакпен (тіс тазалағышпен) тазалағанын талай рет көрдім», – дегені жеткізіледі.    (Әт-Тирмизи, 725. Әбу Дәуд, 2364.  Ибн Хузайма, 2007).

Алайда, осы хадисті Ибн Аббастан жеткен және бір хадис толықтырғандай. Бұл хадисте: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ауызы берік кезінде де сиуакты пайдаланған» – деп баяндалады.   (Ахмад ибн Мәни.  Иснады сахих.  “Әл-Мәталибул-алия”, 1089).

Бұл Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметтегі халал мен харам мәселелерін ең жетік білетін Му`аз ибн Жәбалдың сөздерімен де расталады. Абдур-Рахман ибн Ғуним былай дейді: «Мен Му`аздан «Ораза кезінде тістерімді тазалауыма бола ма?»— деп сұрадым. Сонда ол:«Иә»,— деп жауап берді». (әт-Тәбарани. “Әл-Кәбир” кітабы, 20/133. Хафиз Ибн Хажар иснадына хасан деп баға берген).

Алайда, сиуактің дәмі болатын болса, (мысалы жасыл сиуак немесе лимон яки жалбыз дәмі бар, т.с.с. сиуактар) онда түкірікті жұтуға болмайды. Ең дұрысы, мұндай сиуакты ораза кезінде мүлдем қолданбай-ақ қойған жөн.

Егер тіс тазартқышты қолдану кезінде қызыл иектен қан шыға бастаса, оны жұтуға болмайды, оны түкіріп тастау қажет. Бірақ, егер сонда да қанның кейбір бөлігі тамаққа кетіп қалса, бұның ешқандай оқасы жоқ.

Ал, енді күндіз тіс пастасын қолдануға келер болсақ, ғалымдар бұл мәселеде түрлі пікірлер білдірген. Сондықтан, талас-тартыстан аулақ болу және қателікке ұрынбау үшін бұны жасамаған жөн. Сол үшін кей ғалымдар: «Күндіз тіс пастасын қолданбай, оны кешкіге қалдырған дұрыс, себебі, оның қатты татитын дәмі бар», — деген пікір айтқан.   (“Мәжалису шаһри рамадан”, 72).


6.Еріксіз құсу

Әбу Һурайра жеткізген хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Құсық еріксіз шыққан болса, онда оразаны өтеу міндетті емес. Ал, егер ол әдейі шығарылса, онда оразаның қазасын өтеу керек» –деген.  (Ахмад, 2/498. Әбу Дәуд, 2380. Имам ән-Нәуауи. Ғалымдар хадистің сенімділігін растаған).

Егер адам құсқысы келіп, бірақ кейін жүрек айнуы басылып, қалпына келсе, онда оразасы бұзылмайды. Өйткені, ол бұл жағдайға бақылау жасай алмайды. Алайда, құсық ауызға келіп қалса, ал адам оны қайтып жұтып жіберсе, онда оразасы бұзылады. Ал, егер адам асқазанында әлсіздік сезіп жатса, онда құсығын басып, өзін-өзі қинамаған жөн. Әйтпесе, бұл оның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. ( “Мәжалису шаһри рамадан”, 67).


7.Қан алу немесе қан жоғалту

Ораза кезінде қан алудың рұқсат етілгеніне қатысты ғалымдар арасында келіспеушіліктер бар. «Қан алу оразаны бұзады» деп санайтын ғалымдар Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисіне сүйенген: «Қан алған және қан алдырған адам оразаларын бұзды».    (Ахмад, 4/123. Әбу Дәуд, 2369. Хадис сахих).

Ал, басқа ғалымдар «қан алу оразаны бұзбайды» деп Ибн `Аббас жеткізілген келесі хадиске сүйенеді: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза кезінде одан қан алынған».    (Бухари, 1939).

Сондықтан, көптеген ғалымдар қан алу оразаны бұзатындығы жайлы хадистің күші жойылған деп санаған. Сол ғалымдардың қатарында әш-Шәфи`и, әл-Бәйһақи, Ибн `Абдул-Барр, ән-Нәуауи т.б. ғалымдар бар.

Аталған келіспеушілікке Сәбит әл-Бунаниден жеткен келесі хадис айқындық енгізеді. Ол Әнастан: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде қан алдыру қайтарылған ба еді?», — деп сұрайды. Сонда Әнас оған: «Жоқ, тек егер ол адамды әлсіретпесе ғана», – деп  жауап береді.    (Бухари, 1940).

Сондай-ақ, Әнас былай деген: «Басында ораза тұтушының қан алғызуы құпталмайтын іс болып саналатын. Бір күні Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қан алғызып отырған Жә`фар ибн Әбу Талибтің жанынан өтіп бара жатқанда: «Бұл екеуі оразаларын бұзды», — деп айтқан. Бірақ, кейінірек Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ауызы берік адамның қан алдыруына рұқсат еткен». Сондықтан Әнас ораза уақытында қан алғызатын еді.  (әд-Дарақутни, 2/182. Хадистің сенімділігін имам әд-Дарақутни, әл-Бәйһақи және ән-Нәуауи растаған).

Абу Са`ид әл-Худриден: «Ораза тұтушы қан алғызуына  (хиджама жастауына) рұқсат па?», — деп сұрағанда, ол: «Иә, мұның ешқандай оқасы жоқ», — деп жауап берді.     (Ибн Хузайма, 3/235.   Ғалымдар иснады сахих деген).

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып және барлық пікірлерді жинай келе, келесідей қорытынды шығарсақ болады: Ораза уақытында қан алдыруға тыйым салынбаған әрі ол оразаны бұзбайды. Алайда, қан алдыру адамды әлсірететін болса, онда оны жасамаған жақсы. Бірақ, егер қан алдыру ауызы берік адамды аузын ашуға мәжбүрлейтін болса, онда ол тыйым салынады.   (“Нәйлюл-Әутар”, 4/515).

Дәл осы үкім қан тапсыруға да қатысты. Егер, қажеттілік болса және ол ағзаның әлсіреуіне әкеп соқпаса, онда бұл рұқсат етіледі. Ал, керісінше жағдайда тыйым салынады. (“Сахих фиқһу-с-Сунна”, 2/114).


8.Қажет болғанда тамақтың дәмін тату

Қажеттілік туып тұрса, ауызы берік адам тамақтың дәмін тілімен татып немесе оны шайнап көруіне болады. Мысалы, сәбиді тамақтандырып жатқан ана басқа амал таппаған жағдайда тамақты шайнап көрсе, ас әзірлеп жатқанда оның дәмін татып көрсе, немесе сатып аларда тағамның дәмін татып тексеріп көруіне болады. Ибн `Аббас: «Адам сіркенің немесе сатып алайын деп жатқан заттың дәмін көрсе, еш айыбы жоқ»,– деген.   (Ибн Әби Шәйба, 2/161. Иснады сахих).

«Ораза ұстаушы тамақтың дәмін қажетсіз көруі мәкруһ, бірақ оразаны бұзбайды. Бұл ауызды сумен шайқау тәрізді».    

Алайда, бұл рұқсат тілмен тексеріп көруге ғана байланысты, ал тамақты жұтуға болмайды.


9.Ауыз шаю және шомылу

Умар ибн әл-Хаттаб былай деп баяндайтын: «Бірде мен ораза ұстап жүргенімде, өзімнің әйелімді сүйдім. Содан соң мен Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Мен қорқынышты нәрсе жасадым: ауызым берік бола тұра әйелімді сүйдім», — деп айттым. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Ораза кезінде ауызыңды шаюың туралы не ойлайсың?», – деп  сұрады. Мен: «Мұның еш айыбы жоқ», — дедім. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Онда несіне уайымдайсың?», — деді.  (Ахмад, 1/21. Әбу Дәуд, 2385. әд-Дәрими, 1723. Шейх Ахмад Шәкир).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі жеткізген хадисте «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шыжыған ыстықтан құтылу мақсатымен басына су құятын», – деп  айтылған.   (Мәлик. “әл-Мууатта” кітабы, 1/294. Әбу Дәуд, 2365. Ахмад, 4/63. Ғалымдар хадистің сенімділігін растаған).

Осы хадистер ораза ұстаушы адамға ораза кезінде ыстықтың әсерін басу үшін ауызын шаюға немесе шомылуға рұқсат екенін білдіреді. Ораза кезінде ауыз шаю, дәрет алғанда болсын, одан тыс уақыттары болсын, рұқсат  етілгенінде ешқандай келіспеушілік жоқ.    (“Шархул-Кәбир”, 3/44).

Алайда, дәрет алған кезде суды мұрынмен тартпаған жақсы, әйтпесе, су тамаққа өтіп кетуі мүмкін. Ләқит ибн Сабира былай деп баяндайтын: «Бірде мен Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Елшісі, маған дәрет жайында айтып беріңізші», — деп сұрадым. Ол: «Дәретті лайықты түрде ал, саусақ араларын және ораза тұтып жатқан болмасаң, мұрныңды жақсылап жу», – деді.   (әш-Шәфи’и, 1/30. Ахмад, 4/33. Әбу Дәуд, 142. Хадистің сенімділігін Ибн әл-Қатан, ән-Нәуауи, Ибн Хажар сияқты ғалымдар растаған).


10.Тіс емдеу және оған пломба салу

Ауыз шаю үшін қолданылатын дәрі-дәрмектер, адам оларды жұтпаса, оразаны бұзбайды. Егер, адам тісін пломбаласа, кейін ауызынан бір дәм сезетін болса, бұл оразаны бұзбайды.


11.Дәрі-дәрмектерді ектіру

Емделу үшін қолданылатын, пенициллин және инсулин немесе сергітетін заттарды егу оразаны бұзбайды. Ол бұлшық етке немесе тамырға егілсе де бәрібір.

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер