Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Ораза айт-мұсылманның ұлық мейрамы!

Мақалалар

 

 

Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күнге де таяп қалдық. Еліміздегі барша мұсылмандар күннің аптапты ыстығына қарамастан, бұл кезеңде жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды. Ми қайнатар ыстықты ауырсынбай ораза ұстауға төзе алған жан, өмірдің басқа да сынақтарына сабырлық таныта алатыны сөзсіз.

Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Мұсылманның екі мерекесі бар екенін білеміз. Олар – Ораза айт пен Құрбан айт. Әбу Дәуд Әнастан (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте дініміздегі қос мерекенің пайда болуы былай баяндалады: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын-күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi. Айт – арабтың «иъид» деген сөзiнен шыққан. «Иъид» сөзiнiң негізгі түбiрi – «ъада». Ол «мерекелеу», «бiр-бiрiн мерекемен құттықтау» деген мағынаны қамтиды. Ораза айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке. Абдулла ибн Масғұдтан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте былай делінген: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла Тағала перiштелерге: «Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм», – дейді. Ораза айт мерекесi Шәууал айының бірінші күнi басталып, үш күнге созылады. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастархан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады. Ол күнi ертерек тұрып, ғұсыл алып, хош иiс себіну – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйсiнiп жасайтын әдеттерiнен едi. Сол үшін бұл амалдар мұстахаб болып саналады. Себебi айт күні жұма намазындағыдай көп-шiлiк бір-бірімен араласады. Жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де олар сүннет. Айтқа байланысты тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi», – делiнген. Демек, айт көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке. Шариғат бойынша айт күндері қуанышты болу, жүзiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жән-нәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы, айт күнгi жүріс-тұрысымыз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы – дұға iспеттес ғибадат болып табылады. Айтта шариғат мұсылман-дарға мешiтке жиналып бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендерге арнайы сыйлықтар жасап, көңiлдерiн көтеруді, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендердi еске алуды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады.

 

                                                           Айт намазы


Айт мейрамы намаз оқумен басталады. Пайғамбарымыз (
оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу», – делiнген. Айт намазы дiнiмiздiң ұраны болғандықтан, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекелерi арнайы ғиба-даттармен басталады. Айт намазына мешiтке бара жатқанда такбир айтқан дұрыс. Рамазан айтта такбир iштен, ал құрбан айтта жария, дауыстап айтылады. Айт намазының уақыты – күн найза бойы шыққаннан зауалға дейiн. Айт намазы мерекенің алғашқы күнi оқылуы тиiс. Ол жұма намазы парыз болған адамдарға уәжiп. Намаз – жұма оқылатын мешiттерде немесе келiсiлген алаңда жиналып оқылады. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында мешiтке сыймағандықтан, Мәдина қаласындағы Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешiтiне жақын жердегi  кең орында оқылған. Айт намазы екi рәкағат, намаз соңынан хұтба оқылады. Құтпада Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жамағатқа уағыз-насихат айтатын болған. Айт намазының өзге намаздардан айырмашылығы – азан мен қамат айтылмайды. Айт күнi момын мұсылмандар намаздан соң бiр-бiрiн құшақтап, құттықтайды.

 

                                 Бауырмалдыққа баулитын мереке

 

Айт мейрамында ата-аналарымыздың, науқастардың, туған-туыстардың хал-жағдайын сұрап бару – үлкен сауап iс. Алла тағала қасиеттi Құранда: «Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-аналарыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыс-тығы бар көршi), бөгде көр-шiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндеріңе), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар», – дейді («Ниса» сүресi, 36-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ата-ана разы болмай, Алла Тағала разы болмайды», – деген. Олай болса, айт күндері ата-анаға қошемет көрсетiп, разылығын алу қажет-ақ. Ал, бақилық болғандарға Құран оқылып, сауабы бағышталады. Айт күндері бала-шағаға сыйлық, жаңа киiм-кешек сыйлау, көрiктi орындарды аралатып қыдырту жақсы амал. Сол арқылы бала мұсылманшылыққа тәрбиеленеді. Әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi, жылы қабақ танытуды қажет ететiн жандар бар. Жетiм-жесiр, тағы да басқа мұқтаж кісілерге айт мейрамдарында көңiл бөлу – мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi, олар көмекке, жылы сөзге аса зәру. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жетiмге қарайласқан кiсi менiмен жәннатта мына екi саусақтай бiрге болады», – деп ортаншы және сұқ саусақтарын көрсеткен. Жетiмдер секiлдi жесiр әйелдер мен кедей мiскiндерге де көмек беру сауапты iстерден. «Жесiр әйелдiң және кедейдiң бiр күндiк нәпақасы үшiн жүгiрген мұсылман түнiмен намаз оқып, күнi бойы ораза ұстаған кiсi тәрiздi», – дейді Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Оразаның нәтижесімен жанашырлық, мейiрiмдiлiк деген қасиеттерді бойына дарыта бiлген мұсылманға айт күнi пiтiр садақа беру міндеті жүктеледi. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пiтiр садақа ораза ұстағанның айтқан пайдасыз сөзiнiң, басқа жағымсыз амалдарының ластығынан тазалаушы және мұқтаждарға азық ре-тiнде берілуі уәжiп етілдi», – дейді (Әбу Дәуд риуаят еткен). Демек, пiтiр садақа Рамазандағы ғибадаттардың сауабын толықтыру үшiн берiледi. Бұл хижраның екiн-шi жылында мұсылмандарға оразамен қатар жүктелген амал. Сондықтан мереке күнгi садақаларымызды шын көңiлмен берiп, өзгеге жәрдемдесу мұсылманға ортақ іс. Қасиеттi Құранда: «…Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi», – делiнген («Ниса» сүресi, 127-аят). Демек, қандай жақсылық жасасақ та, ол сауапсыз қалмайды. Алла Тағала Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін!

 

 

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер