Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Нұрлытай ҮРКІМБАЙ: ЕНЕ МЕН КЕЛІН ТУРАЛЫ СТЕРЕОТИПКЕ КЕЛІСПЕЙМІН...

Сұхбат



Қазақ даласында сан ғасыр бойы қалыптасып, қаймағы бұзылмай жеткен ене мен келін академиясының бүгінгі көрінісі күрт өзгеріп, түйіткілі көп мәселенің біріне айналғаны жасырын емес. Бұның салдары айрандай ұйыған отбасының шайқалуына әкеп соғып жатыр. Осы орайда өзектілігі қоғамды өртеп бара жатқан маңызды тақырып жөнінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлытай Үркімбай апамызбен әңгіме өрбіткен едік. Сұхбатымыз ауқымды болғандықтан, бірнеше бөліммен шығаруды жөн санадық. Бүгін назарларыңызға бірінші бөлімін ұсынып отырмыз. 


Ұлттық болмысымызға таңылып отырған тұрпайы жала!


Асыл арна: - Ассалаумағалейкум Нұрлытай апа, бүгінде келін мен енені бір біріне қарсы қою стереотибіне деген көзқарасыңыз қандай? Келіндер бармай жатып, енелер келінінің жүзін көрмей жатып іш тартып тұруы неден деп ойлайсыз? 

            

Нұрлытай Үркімбай: - Уағалейкумәссалам, қадірлі asylarna.kz сайтының оқырмандары! Қазіргі кезде, рухани әлемімізде Хақты тану арқылы қол жеткізіп отырған, нығметтерге толы жақсылықтарымыз да жетерлік. Соған кереғар күйде күн санап өршіп келе жатқан қынжылысты жайттарымыз да бар. Мысалы, «қазақ шаңырағының қазіргі ахуалы» деген тақырып туындай қалса бітті: «Бұл мәселе ене мен келін арасындағы кикілжіңдерді жазбайынша, қызықты болмайды»,- деген пікір алға тартыла қалады. Содан ғаламторды ақтарсаңыз да, газет-журналдарды парақтасаңыз да - өзара қырқысқан ене мен келіннің бейнелері. Құдды бір қос ананың арасында одан бөлек қарым-қатынас қалмағандай... Меніңше, бұл - біздің ұлттық болмысымызға, қазақы мінезімізге таңылып отырған тұрпайы жала! Аллаға шүкір, бірін-бірі жарты ауыз сөзден ұғысып, анасы мен қызындай сыйласқан талай-талай ақ жаулықты ене мен келінді өз өмірімде көптеп кездестірген едім. «Бәлкім, кейбір келіндерге үлгі болар»,- деген мақсатпен, енесін туған анасынан кем көрмеген инабатты сондай бір келін жайлы деректі әңгімені баяндасам деймін. 


         Боранкүл апа Жақсыбайқызы - 17 жасында тұрмысқа шығып, енесі дүниеден өткенге дейін 43 жыл бойы, ол кісінің алдында, келіндік міндетін бар ынта-ықыласымен атқарған жан. Қазекем айтқандай, нағыз «аузын ашса, жүрегі көрінетін» кісі. 

Екінші перзенті Ұлбосынның құрбысы ретінде алғаш барғанымда-ақ мені аналық ерекше мейірімімен қарсы алғаны да сондай мінезінен шығар. Үй-ішілік шаруаларын шашау шығармастан атқара жүріп, маған ақтарыла әңгімесін айтып, мәре-сәре болды да қалды. Осы қылықтарынан өз анамның кейбір мінездерін танығандай болып, мен де арқа-жарқа күйге ендім. Сөйтіп, өзіміз де байқамастан, екі-үш күннің ішінде анасы мен қызындай болып, бір-бірімізге әжептәуір бауыр басып қалған екенбіз. 


"Қақиып тұрған қолжуғышқа жолатпайтынмын"


         Тамыз айының тамылжыған кезі еді. Талас ауданына қарасты «Майтөбе» ауылында жеміс ағаштары мәуелеп, береке кіріп тұрған шақ. Ауладағы сәкіде, дастарқан басында отырмыз. Бір кезде алма бағы ішінен шығып, бізге қарай беттеген Ырыс әжеміздің қол шаймаққа ишара жасап, қолжуғышқа қарай бұрылғаны да сол еді, Боранкүл апамыз шай құйып отырған жерінен жылдам көтеріліп:

         - Әжесі, тоқтай тұрыңыз. Қолыңызға мен құяйын суды,-деп шәугімге қарай тұра ұмтылды. Құйғанда да биіктен сарылдатпай, үлкен ізетпен еңкейіп әрі суды бөліп-бөліп құйып, бабын келтіре енесіне қызмет көрсетті. 

         - Рахмет! Өркенің өссін, көп жаса, бала-шағаңның қызығын көр,-деп әжеміздің сол сәтте біраз батасын айтып салғаны бар емес пе!

         - «Су құйғаны үшін де осынша тілек айта ма?- деп ойлап қалар»,- деген тартыныспен, сенен ұялғанынан қысқа қайырып отыр әжеміз. Әйтпесе, жайшылықта біраз төгеді батасын. Екеуінің тірлігі - осы. Әжеміз күніне нешеме рет беті-қолын жуып, тіпті қолын шайса да сенің апаң істеп жатқан шаруасын тастай салып, жүгіріп барып су құяды. Енесі көлдей тілегін айтады,-деп, Ұлбосын мән-жайды түсіндіріп жатты.

         - Бұлары керемет қой! Менің кішкентай кезімде біздің ауылдың да көнекөз енелеріне келіндері өстіп қызмет қылып, батасын алып жатушы еді. Біраз жылдардан бері сондай қылықтардан көз жазып қалғандай едім. Мынау бір тамаша сәт болды мен үшін,-деп жатырмын ризалығымды жасыра алмай. 

Арада ширек ғасырдан аса уақыт өткенде, 2012 жылы апамның есіне осы қылығын тағы бір салған едім. Енесін айрықша сағынған кейіппен: 

- Әжеміздің қолына су құюдан 43 жыл бойы жалыққан емеспін. Ана қақиып тұрған қолжуғышқа жолатпайтынмын. Ондай кісінің батасын алу зор бақыт қой. Жарықтық басқа қызметтеріме де риза боп, батасын аямаушы еді. Қолына су құйғанымның өзіне қалай бата бергенін өзің көрдің. Сол кісінің дұғасын Алла қабыл етті ғой деймін. Қыздарымды қияға, ұлымды ұяға қондырдым. Шүкір, Дастанымның қолында, немерелерімнің ортасында, келінім Лизаның шайын ішіп отырмын. Ақылым үйленіп, бұйыртса, содан шөбере көрсем деген арманым да жоқ емес,-деді ол кісі. 


"5 балам ақүрпек балапан күйлерінде қалды"


         Әлі есімде, сонау 1986 жылдың тамызында ол кісімен алғаш сырласқанымызда-ақ маған былай деп сырын ақтарған болатын.

         - Тұрсын аталарыңмен «іщәй» деспестен 19 жыл бірге өмір сүріппіз. Тағдырдың жазуына амал бар ма?! Ол кісі ауыр сырқаттан көз жұмғанда мен 36 жаста едім. Бес баламның алды он бірге толар-толмаста, ақүрпек балапан күйлерінде әкесіз қалды. Содан әже екеуміз белімізді бекем будық та, басымызға түскен ауыртпалықты қайыспастан көтеріп алмаққа бекіндік. Мен - сиыр «пермада» сауыншымын. Тұрсын аталарыңның барында мұндай жұмысты істеп көрмеген жазған басым қиналып-ақ жүрдім. Ол кезде күреп табатын табыс қайда-а-а?! Барды қанағат тұтамыз. Үйіміздің отын-суы, шөбі менің мойнымда. «Сапқоздың» жағдайы келсе, шөпті тегін түсіріп береді. Болмаса, өзіміз қарекет қыламыз. Әжеміз Ырыс Керімбекқызы өте көшелі кісі еді ғой. Ол кісіні өзімнің туған анамдай жақсы көретінмін. Сол адал ниетімді басынан-ақ дөп таныған екен ғой. «Перманың» жұмысы ауыр. Қаншама титықтап шаршасам да, келе салысымен үйдің ер адамдарға тиесілі, сырттағы жұмыстарын жапыра істеуші ем. Сөйтсем, жастықтың әсері екен ғой. Дала жұмыстарынан діңкем құрып келгенімде әже жарықтық немерелерін үй-ішінің тірліктеріне жұмылдырып, әрі бабын келтіріп, тамақ істеп қоятын. Сол Тұрсын аталарың қайтқан кезде-ақ өзім іштей ойлаған едім: «Басынан бағынған едім ғой. Енді мен әженің уысынан мұқым-мүлдем шықпайыншы. Биліктің бәрін сол кісіге берейін»,-деп. Сол сертімнен айнымадым. Айыр көтерсем де, әйтеуір айлық табам. Бір тиынын шашау шығармастан, қолына әкеп салам. Еңбеккүнге бұзау-торпақ берсе, оны жетелеп әкеп, табыс етем. Ағайын, жекжат-жұратпен алыс-берістің бәрін сол кісі шешеді. Тіпті оны айтасың, төркініме барар болсам, не апаратынымды апамнан кеп сұрайтынмын. Алған, бергенді мен де жақсы білем, қызым. Бірақ, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармай болмайды ғой. Үлкен кісі анда-санда артық-ауыс бірнәрсе десе: «ә-ә-ә»,-деп, құлағымның сыртынан өткізе салатынмын. Кейде менің көңіл-күйім болмай тұрса, ол кісі де жағдайымды түсініп, сипай қамшылап қоя салушы еді. Сөйтіп, септесіп тірлігімізді жүргіздік. Балалардың бәрін оқытып, дипломды қылдық. «Әйтеуір, өмірлік жейтін нандары ғой»,- деп, балалардың оқуларынан азын-аулақ жиған-тергендерімізді аямайтынбыз. 


"Төркіндерімен амандасуға да мұршасы келмегені несі?!"


Боранкүл апа айтса, айтқандай, бес перзенттің бесеуі де жоғарғы оқу орындарын тәмамдап, түрлі мамандық иелері болды. Бәрін аяқтандырып, қыздарын қияға қондырысты. Ал, «арпа ішінде бір бидай» болған Дастан атты ұлының үйлену тойында бір қызық жағдайға куә болғанымыз бар. Той болардан бір күн бұрын жан-жақтағы ағайындары Ырыс әже отырған осынау қара шаңыраққа жиналған болатын. Жекжат-жұраттар біртіндеп келіп жатты. Бір кезде терезеден аулаға қарап тұрған Боранкүл апамыз:

- Ой-бұй, әй, әжесінің шыбын жаны-ау, Қыдыржан-ау, әне-әне, нағашылар келе жатыр,-деп, өзіне тән аңқылдаған мінезімен сөйлей жүріп, шығар есікке қарай тұра ұмтылсын. «Боранкүл апаның өз төркіндері кеп қалған екен ғой»,-деген оймен соңынан ілесе біз де шықтық. Расында, тойға арналған қоржын-жоралғыларын көтерген бір топ кісі ауланың қақ ортасына жақындап қалған екен. Бәрі жапырыла Боранкүл апамызға амандасып, тойларына құтты болсын айтып жатыр. Сөйтсе, ол кісі әлгі асығып-аптыққан кейпінен танбастан:

- Әй, рахмет, әй, келгендеріңе! Үйге кіре беріңдер. Ана жиендерің қарсы алады ғой. ...Ой, бәрекелді-ай, нағашылардың келгені қандай жақсы болды, ә!-деп, самбырлай сөйлеп, әлгі топтың қасына аялдамастан, көшеге қарай одан әрі асыға басып бара жатты. Боранкүл апаның назарына осылайша шала іліккен әлгі кісілер ауланың ортасында, мәз болып, күлісіп қала берді. Сөйткенше болған жоқ, Қыдыр әпке бастаған Тұрсын атаның қыздары дереу, әлгі кісілермен қол алыса амандасып, беттерінен сүйіп, бәйек болып жатыр. 

- Өздеріңіздің бауырларыңыз ғой, енді... Әпкелеріңіздің осындай жаңғалақ мінездерін білесіздер. Өкпелемеңіздер, біз бармыз ғой. Үйге жүріңіздер,-десіп, аналарының төркініне яғни нағашыларына бар ықыластарын білдіріп жатты. 

Кенет, Қыдыр әпкеміз көше жаққа көз салды да, Боранкүл апа барып, жаны қалмай амандасып, жалпылдап, қарсы алып жатқан кісілерді тани кетсін. 

- О-оу, қыздар, анаң қараңдар! Әжеміздің төркіндері екен ғой келген. Түпнағашыларымыз... Бә-ә-се-е-е, Бөкең: «Нағашылар келе жатыр, нағашылар келе жатыр»,- деп, өз төркіндерін не ғып осыншама сүйіншілей қарсы алып жатыр, деп ойлаған едім. Сыртқа шыққан соң: «Төркіндерімен асықпай амандасуға да мұршасы келмегені несі?!»,-деп тағы ойлап қалғанмын. Енді түсіндім. Бөкеңнің мұнысы әжеміздің төркіндерін қаншалықты ардақтайтынын білдіргісі келгені екен ғой!»-деп, ақкөңіл аналарының осы бір сатусыз көңіліне риза күйде, қыздары да әзілдерін айтыса, көше жиегінде тұрған жүк тасығыш көлікке ұмтылысқан болатын. Амандық-есендіктен кейін Қыдыр әпке:

- Кешіріңіздер, той малын машинадан түсіріп жатқан жас жігіттерді танымадық та, кейін кабинадан үлкен нағашымыз түсе бастағанда ғана сіздерді шырамыттық. Есесіне, шешеміз сіздерді жазбай танып, өз төркіндеріне шала-шарпы амандасып, сіздерге қарай құстай ұшты ғой,-деп, Боранкүл апаның жекжат-жұратқа деген риясыз көңілін әзілге орай, сәтімен жеткізіп жатты. 

- Қыдыржан-ау, мәшиненің үстінде мал түсіріп жатқандардың біреуі түп нағашыңның кенже баласы ғой. Мен терезеден қарап-ақ, бірден танып қойдым. «Нағашыларымыз келді» деп айтқаным сондықтан ғой,-деп, бағанағы далбақтай жүгірген әрекетінің себебін Боранкүл апа енді ғана түсіндіріп жатты.

Шынымды айтсам, менің көңіл төрімде берік орнығып қалған Боранкүл апаның терең адамгершілікке негізделген қылықтарының бірі-осы сәті еді. Және мұндай келіндер, Аллаға шүкір, қазақ арасында қазір де баршылық. Тек бір өкініштісі, кейбір замандастарымыздың санасында рухани құндылықтарымыздың орны жаңсақ түрде ауысып кеткен бүгінгідей күндері, Боранкүл апа сияқты кісілердің әлгіндей қылықтары терең адамгершілік қасиеттен гөрі «ақымақтық» деп қабылдануы белең алып барады.  


"Менің төркіндеріме қарай қол жалғап жіберіңізші!"


Мына өмірде бәрі де салыстырмалы ғой! Кейінірек, Боранкүл апаның дәл осы мәрт мінезіне кереғар бір қылықтарды көріп қынжылғаным бар. Қазақи облыстың бір шалғай ауылында, бір қарияның асы алдындағы қонақасы дастарқанына жиналғанбыз. Ерлер жағы бөлек бөлмеде. Әйелдер де жеке, кең бөлмеге жайғасқан. Отағасының он перзенті де - үйлі-жайлы, дегендей. Демек, он жерден келген құда-жекжат және сол он перзенттің анасының төркіндері бас қосып отырды. Берекелі дастарқанға бір ыстық тамақтан кейін екіншісі келіп жатыр. Жеміс-жидек дегеніңіз толып тұр. Қымыз-қымыраныңыз анау сапырылып жатқан. Бір кезде сол үйдің келіндерінің бірі қауын-қарбыз толтыра салынған үлкенірек ыдысты алып кірді де, төрде отырған өз төркіндеріне қарап:

- Пәленше, мынау сіздерге!-деді де, төркіндерінен төменірек отырған басқа құдағи-құдашаларға қарап: -Менің төркіндеріме қарай қол жалғап жіберіңізші!-деді міз бақпастан. Содан қауын-қарбызды алдарына қойып алып, әлгі пысықай келіннің туыстары патырлатып жей бастасын... Келесі кезекте сол үйдің тағы бір келіні келіп, өз төркіндеріне қарай бірнәрсені арнайы жолдап, ол да әлек болуда. Сонымен, атшаптырым дастарқан басында отырған өзге жекжаттар әлгі қауын-дарбыз тола табаққа анда-санда көз қырларын салысып қойып отырысты. Сөйтсе-е-ек, ол ауылда бәрі болғанымен, қауын-дарбыз жағы қат екен. Өстіп, өзге жекжаттардың алдында өз төркінінің «беделін» бір «көтеріп» тастамақ болған  келіншек көңілімізге қаяуды салды-ақ, не керек! Мұндай оғаш қылықтың мән-жайын өзіме көршілес отырған апайдан сұрастырып көрдім. «Бақсам, бақа екен»,-демекші, мәселе былай екен. Бұл өңірдің ұзатылған қыздары төркіндері келгенде, әсіресе осындай топты жиындарда оларға айрықша күтім жасап, қолынан келгенінше, сол үйдің өзге келіндерінен асып түсуі тиіс екен. Егер қыздары әлгіндей асыра сілтеу әрекеттеріне барып, өздеріне айрықша «күтім» жасамаса, төркіндері өкпелеп кететін көрінеді. Ұлтымыздың талай-талай ұлағатты мінездерін, иманды салт-дәстүрлерін сақтап қалуға мейлінше ат салысып келе жатқан, аса қонақжай бауырларымыздың кейбірінің бойынан мұндай «эгоистік» қылықты көру мен үшін рухани бір ауыр соққыдай болды. 

- Бұл өңірдегі небір көшелі істерге риза болушы едік. Ұзатылған қыздарыңызға қоятын мына талаптарыңыз көзге шыққан сүйелдей екен. 

- Осындай қылығымыздың бары рас. Кәйтеміз енді,-деп апай ыңғайсыздана күлімсіреп қойды.

- «Кәйткені» несі?! Тоқтату керек мұндай имансыз талапты. Қыздарыңызға керісінше, барған жерінің абыройын асырып, жекжат сыйлауда әділетті болуын насихаттаған жөн. Мысалы, осы отырысты алыңызшы. Бүкіл ауыл болып тікелерінен тік тұрып күтіп жатыр ғой. Бәрі тұр дастарқанда. Енді оған қосымшаландырып, өзгелердің көңілін суытарлық әлгіндей тірліктер жасаудың қаншалықты қажеті бар еді?! Қайта сол пысықай келіндер әлгіндей ерекше ықыластарын енелерінің төркіндеріне жасап қойса болмас па?! 

Расында, өздеріне «қауын ұрлап» әкеп беруге шамасы келмей, жетпістен асып, кәртейіп қалған «қыздары» үшін ол кісілер яғни нағашылар керісінше жабырқасып қалған сияқты. 

- Оның рас, айналайын. Осы «дәстүріміз» маған да ұнамайды. Қойғызу керек екен біртіндеп...

- Айып етпеңіз, апай, мұндай қылық мұсылмандыққа да, қазақтық қалыбымызға да томпақ келіп тұр.

Осылай дедім де, аталған пікірімді сол дастарқан басында отырған барлық қонақтарға білдірдім. Қауынға тойған құдағилар жағы сөзімді тыржыңдап жақтырыспады. Мейлі ғой. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей... Бар ойлағаным: «Осындай әділетсіз әрекеттерге қыздарын баулығаны үшін Ақыретте Алланың қаһарына артықша ілігіп кетпесе екен»,-деген тілегім еді. Дәл сол сәт ойыма, өз төркіндеріне амандаса салысымен енесінің туыстарының қолын алмаққа жанұшыра ұмтылған Боранкүл апамның қылықтары оралған болатын. 


"Әжеме көрсетпей, шешемнің бетінен сүйгім келді"


Тұрсын ата мен Боранкүл апаның тұңғыштары Қыдыр әпке «әжесінің қызы» екен. Қазекемнің жазылмаған заңы сондай болатын ол кездері. Бірінші бала ­­- ата-әженікі. Кімнің кімнен туылғаны бір Аллаға, содан кейін адамдарға аян шаруа ғой. Оның үстіне, «Ата-әжесінің баласы» деу - үлкен кісілердің көңілін марқайту үшін айтылатын жай бір дипломатиялық әңгіме екені түсінікті де. 

Қыдыр әпкенің айтуынша, Боранкүл апамыз: «Ешкім де әженің бабын өзімдей жасай алмайды»,-деп отырады екен. Енесінің жайын ойлағандықтан, тіпті, той-томалақ, жиын-тойларға да аса ұмтылып тұрмаған көрінеді. 

- Сол қылықтарына риза болып, ауылға келесі барғанымда: «Сізге ризамыз. Сіз де бірнеше жиенді болдыңыз ғой. Әжесіз. Әлі-ақ, Дастаныңыз үйленіп, өз немерелеріңізді де сүйерсіз. Біздің әжемізді осынша құрметтейтініңіз үшін келіңізші, бетіңізден бір сүйіп қояйын»,-деп оңашасында, әжеме көрсетпей шешемнің бетінен өппекке ұмтылып едім: «Айналайын, Қыдыржан, қой ондайыңды! Әжеңнен ұят-ты»,-деп, қол қусыра именшіктеп, мені маңына жақындатпай-ақ қойғаны. Өте риза болдым. Әжем мені сәби кезімнен: «Шыбын жаным!»-деп еркелететін. Кейін әжеміз дүниеден өтіп, ол кісінің қырқын бергеннен кейін: «Бөке, сіз енді әжеміздің орнындағы әжесіз. Енді бетіңізден сүйгізетін шығарсыз?!»,-деп ниетімді білдіргенім де сол еді: «Әжесінің шыбын жаны-ау, қой ондайыңды, әжеңнен ұят қой»,-деп тағы ыңғай бермей қойғаны... 

Тұңғыш қызы Қыдырдың осы әңгімесінен кейін Боранкүл апамыздан әже-ана-немере атты үштаған арасындағы қарым-қатынастар жөнінде тағы да сұрай түскен едім. 

- Балаларымды әжелерінен ешқашан қызғанбайтынмын. Мен шаңырағымыздың ер азамат атқаруы тиіс жұмыстарымен тыста көп жүремін. Сондықтан, балаларым онсыз да әжелеріне тән боп өсті. Кейінгі үш баламды ғана, онда да әжелері көрмейтін оңашаларда мейірленіп, сүйіп-сүйіп алам. Енемнің көзінше «балалар менікі» деген пиғыл танытпаушы ем. Е-е-ей, қызым-ау, несін айтасың! Әуелі бір Құдайдың қамқорлығы, одан кейін осы енемнің адамгершілігінің арқасында жесірліктің ауыртпалығын аса көп сезіне қойған жоқпын ғой!  

Боранкүл апа осылай деді. «Бір жағынан менің өзім де жақсы келін болғандықтан әже екеуміз туған анасы мен қызындай өмір сүрдік»,-деген жоқ. Отбасындағы сүттей ұйыған татулық пен береке-бірліктің барлығына тек енесін себепкер етіп қойды. Ал, Боранкүл апаның шын мәніндегі инабатты келін, мейірімді ана, дарқан көңілді әже екендігін айналасындағылары жырдай етіп, баяндасқан болатын. 

«Келіні жақсының-керегесі алтыннан»,-демекші, Тұрсын атаның соңында қалған қара шаңырағының бүгіндері ырыс-берекеге толы болуының бір ұшы енесінің батасын алуға ұмтыла қызмет еткен бір кездегі Боранкүл келіннің ниетінде жатса керек. Себебі, тілек-бата дегеніңіздің өзі, шынтуайтына келгенде, нағыз дұға ғой. Ырыс әженің әр жолы қос алақанын жайып, келінінің ізгі амалдары үшін Алла Тағаладан жалбарына сұраған тілектерін аса Жомарт Иеміз қабыл етіп, Өзінің ерекше Мейірімімен ол кісінің ұрпақтарына небір нығметтерді сыйлап қойғандай-ау! Анығын Алла біледі, әрине. 

Алла Тағала Өзіне иман келтірген әйелдің өз анасын және енесін бірдей сыйлауына бұйырған ғой. Ендеше, Боранкүл апаның біз бүгін баяндап өткен келіндік ибалы істері бір Алланың ризалығына бөленуіне жеткізіп, талай келіндерге үлгі болғай!  



Асыл арна: - Әмин, айтқаныңыз келсін! Жүректің пернесін дөп басар әсерлі әңгімеңізбен бөліскеніңізге дән ризамыз!  


                   


ПІКІР (2)

2018-12-29 03:50:04

Ассаляму алайкум. Ар турли енелер баргой казир, келинди кызындай емес куниндей коретин енелер каншама?! Казакстанда кыз коп сен болмасан баскасын алатта деп отырса ондай енени калай ана дейсин. Бир кателессен оне бойы бетине басса, отирик жала жауып келинин куйеуине урдырып жатса ондай енени не деуге болады?! Сомен келиннин де шыдамы таусылады, кетип тынады... сомен ким кинали келин кинали. Биреудин мапелеп осирген кызы жаман келин болып шыкты деген атка калады. Ол омирди корген жас урпак, турмыска шыкпак тугили ол омирди армандагысыда келмейди, сосын ел бузылады....

Орынтай
2018-12-29 04:08:08

Амансызба .Ене мен келін туралы мақала ұнады .Түсіінігі бар оқыған адамға өте мағналы тəрбиелік мəні бар бар.Менде қазіргі таңда бес баланың анасы ене ,немере сүйіп отырған əжемін .Шүкір аллаға.Кезінде жастай бір отауға келін болып түсіп ,ата ененің алдынан кесе өтпеген ,қайні қайін сіңлілердің айтқанын орындап көңілдерінен шыққан мақтаулы келіндердің бірі едім .Ауылға бір келін түссе үлгі тұтып келіндердің қолтығын сүйететін .Енем марқұм жақсы адам болатын .Енемнің енесі əжемізбен де бірге тұрдық .Ол кісілер бірдеңе деп қатты сөз айтып жатсада да беттеріне бір ауыз тілге келмедім .Өзімде төрт қыз ұзаттым ,жалғыз ұлға келін алдым .Бірақ келген келін көңілден шықпады .Бізді өзімсінбебі .Бөлек тұруды аңсады.Жетекке көнбей айтқанды тыңдамай ақыры өзінің дегеніне жетті .Жалғыз бала соның бəріне шыдамай мəңгілік мекеніне кетті Айыпқа бұйырмаңыз мына мақала маған қатты əсер еттіде өз пікірімдіжазуға сіздермен мұңымды бөлісуге ықпал етті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер