Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Мұсылманның бойында болуы тиіс 14 сипат

Мақалалар

 

1.  Аллаға бойұсынушы.

 

Мұсылманның ең басты сипаты – оның Жаратушысына деген сенімінің шынайылығы. Мұсылман Алланы бір сәт те есінен шығармайды, үнемі оған арқа сүйейді, қанша жерден қуатты, күшті болса да, Алланың көмегіне, қолдап-қорғауына мұқтаж құл екенін сезінеді. Ол әлемдегі орын алған барлық оқиғалар, адамдардың іс-әрекет, қимылдарына дейін Алланың қалауымен болып жатқанын түсінеді. Ол кез келген ісінде, сөзінде Аллаға жүгінеді. Себебі Алла Құранда оларды: «Олар Алланы түрегеп тұрып, отырған күйі және жамбастап жатып еске алады, әрі аспандардың және жердің жаратылуы жайында ойланып: «Раббымыз! Сен бұны босқа жаратпадың! Сен (барлық кемшіліктен) пәксің! Бізді От (тозақ) азабынан сақта!» - дейді», - деп сипаттаған.

 

2. Өз қарамағындағыларға жауап беруші.

 

Мұсылман адамды өз жанұясының, айналадағы ағайын, туған-туыс, бауырларының хал-жағдайлары үнемі алаңдатып тұрады. Ол - еркек ретінде ізінен ерген інілеріне ізет көрсетіп, үлкендеріне құрмет таныта алатын, оларды тура жолға шақырып, құлшылыққа құлшындыратын жан. Себебі Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Барлықтарың бақташысыңдар және әркім өз қарамағындағылар үшін жауап береді», - деген (Бұхари, Муслим).

 

3. Ол - Алланың тағдырына разылық танытушы, ризық-несібесіне шүкірлік етуші.

 

Ол үнемі «Мұсылманның ісі қандай ғажап! Оның ісінің барлығы - ол үшін жақсылық. Сондай-ақ бұл мүміннен басқа ешкімге берілмеген: егер оған қуаныш келсе, ол Аллаға шүкіршілік етеді және ол оған жақсылық болады. Ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, бұл да оған жақсылық болады» (Бұхари) – деген хадисті есінде ұстап, өзі соған сай амал етеді. Тағдырға иман келтіру – Ислам ұстындарының бірі. Ол кез келген істе сабыр мен қанағат ету арқылы Алланың оны одан да үлкен сыймен қуантатынына, әр ісінің амал дәптеріне жазылып жатқанына, бұл дәптердің Қиямет күні өзіне қарсы құжат болатынына сенеді. Міне, сондықтан да ол не көрмесін, сол арқылы Алланың ризашылығына бөленуді мақсат тұтады.

 

4. Тәубе етуші.

 

Адам өмірі қателіктерден, аңдамай жүріп от басып адасулардан, өкініштен тұрады. Ал мұсылман - өз жіберген қателігі үшін шынайы өкініп, тәубе қылушы адам. Ол - қателігі үшін қатты өкінуші, оның қайталануына жол бермей, тосқауыл қоюшы, күнәнің алдын алушы. Ол - тура жолды Алладан жылап жүріп сұраушы. Алла Тағала «Аъраф» сүресінің 201-аятында «Олар өздеріне шайтаннан бір азғыру тисе, Алланы еске алады, сөйтіп көзі ашылады (яғни түсінеді)», - деген. Бұл мұсылман қателеспейді деген сөз емес, ол да адам баласы болғандықтан, опық жейді, шалыс басады, алайда Құдайына тәубе етеді дегенді білдіреді.

 

5. Оның бар ойы – Жаратқан Иесінің разылығына бөлену.

 

Шынайы мұсылман не істесе де ықылас, ниетіне берік болады. Оның ең басты мұраты - жаратылған адамдардың емес, Жаратушысының разылығына бөлену.  Алла Елшісі: «Кімде-кім адамдардың ойына мән бермей, Алланың разылығын алуды ойласа, Алла оны өзгелердің зұлымдығынан, зиянға ұшыратуынан қорғап қалады», - деген (Тирмизи).

 

6. Шынайы мұсылман 5 уақыт намазына берік.

Намаз – діннің тірегі. Намазға ұқыптылықпен қараған адам дініне де мықты. Намаз оқу – мұсылман өміріндегі маңызды құлшылық. Ибн Масъудтан (р.а) жеткен хадисте: «Мен бір күні Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай іс мұсылманға лайықтырақ?» - деп сұрағанда ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өз уақытында оқылған намаз...» - деп айтты», - делінген (Бұхари, Муслим).

Алла Тағала оларды Құранда: «Әрі сондай намаздарын (уақытында оқып) ұқыптылық істегендер. Міне, солар – пейіштерде құрметке бөленетіндер!» (Мағариж, 34-35), - деп сипаттап, «... және намазды орында. Расында намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды» (Анкабут, 45); «Намаздарына немқұрайлы қарап намаз оқушыларға үлкен қасірет!» (Мағун, 4-5); «Намаздарында жан-тәнімен беріліп тұратын мүміндер құтылды!» –  (Муминун, 1-2) – дейді.

Намазға қатты көңіл бөлудің өзіндік үлкен мәні бар. Намаз – адамды өзін жоқтан бар етіп жаратқан Раббысымен жақындастыратын құлшылық. Намаз оқушы пенденің ойы, сөзі, жүрегі – бәрі тек бір Аллаға ғана бағытталады. Адам намаз оқып тұрып тамақ ішуі, жуынуы немесе өзге де дүниелік бір жұмысын бітіріп алу мүмкін емес.  Демек, намаз оқыған адам бір сәтке болса да барша дүниелік істерден ажырап, Алламен ғана байланыс орнатады.  Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қалай ойлайсыңдар, қайсыбіріңнің есігінің алдынан өзен ағып жатса және ол өзенге күніне бес рет жуынса, денесінде бірер кір қалар ма еді?» – дейді. Сахабалар: «Жоқ, онда ешқандай кір қалмайды» – дейді. Сонда ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дәл солай Алла (тәулігіне оқылатын) бес уақыт намаз арқылы сендерді күнәлардан тазартады» (əл-Бұхари, Муслим), - деген.

«Қиямет күні пендеден ең бірінші есеп алынатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса, оның қалған амалдары да дұрыс болады. Ал егер (намазы) дұрыс болмаса, қалған амалдары да дұрыс болмайды» (əн-Нəсəи, əт-Табарани).

Осман ибн Аффан (р.а)  «Мен Алла Елшісінің намаз уақыты кірген кезде дәрет алып, намазды барлық әдептерін сақтай отыра орындаған адамның үлкен күнәларынан өзге кішігірім күнәлары кешіріледі», - дегенін естідім деген (Муслим).

 

7. Ізгі, тақуа мұсылман мешітке алдыңғылардың бірі болып келуге тырысады.

 

Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жамағатпен оқылған намаздың сауабы жеке оқылған намаздың сауабынан 27 есе артық болатынын айтқан (Бұхари, Муслим).

Тағы бір хадисте: «Адамның жамағатапен оқыған намазы, оның үйде не болмаса, базарда оқыған намазынан жиырма бес есе артық, әрине егер ол дәретін дұрыстап алып, сосын мешітке тек намаз оқу үшін ғана барса. Ол мешітке қарай басқан әрбір қадамы үшін бір саты жоғарылайды және бір кішігірім күнәсінан арылып отырады және періштелер: “Иә Алла, оны кешір, иә Алла оған рахым ет!”, - деп ол үшін дұға жасаумен болады» (Бұхари, Муслим), - делінген. Сонымен бірге адамзаттың абзалы болған ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітке барып, бір Алланың ғана ризашылығын көздеп құлшылық етушілерді Жәннатпен сүйіншілеген! «Мешітке барушыға, не болмаса ол жерден оралушыға Алла Жәннатта тамақ дайындайды» (Бұхари, Муслим). Сахабалардың жамағатпен оқылатын намазға аса қатты көңіл бөлулерінің сыры осында жатыр. Абдулла ибн Масъуд (р.а): «Кім Ақыретте Алланы мұсылман болған күйде көргісі келсе, намазға шақырылған кезде (азан айтылғанда) одан қалмасын. Шынында Алла Тағала Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тура жолды көрсетті және намаз – тура жолды ұстағандар үшін тым оңай. Егер намаздарыңды үйде оқуды артық көрсеңдер, бұл Алла Елшісінің сүннетінен бас тартқандарың, ал сүннеттен бас тартқандарың – тура жолдан тайқығандарың. Ал бізге келетін болсақ, екіжүзділерден өзге арамыздан ешқайсысы жамағат намазын жіберген емес»,- деген (Муслим).

Сондықтан Сағид ибн әл-Мұсаййаб (р.а) атты сахабаның азан естігенде мешіттен қалмағаны, отыз жыл бойы ешқашан меішттегі алдыңғы саптағы орнынан жаңылмағаны айтылады.

Тарих беттерінде мұндай мысалдар жетіп артыларлық. Сахабалардың үйлерінің мешіттен айтарлықтай алыста орналасуы да олардың жамағатпен намаз оқуына кедергі болмайтын. Керісінше қадамдары көбейген сайын сауаптарының да молаятыны оларды қуанышқа бөлейтін. Убайи ибн Каъб (р.а): «Аңсарлардың арасында бір адам болатын. Мен үйі мешіттен қашықта орналасқан одан басқа ешкімді көрмеппін, бірақ соған қарамастан ол жамағат намазының бірде-бірін өткізіп көрген емес. Бір күні оған біреу: «Мына ми қайнатар ыстық пен қараңғыда жүру үшін өзіңе есек сатып алсаңшы», - деп ақыл айтқанда ол: «Үйімнің мешітке жақын болуы мені қуантпайды! Мен мешітке барып, одан қайтқан кездегі сауаптарымды ештеңемен алмастырмас едім», - деген екен. Мұны естіген Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұның бәрі – Алланың саған сый етіп бергені!» - деген (Муслим).

 

8. Мұсылман адам мүмкіндік тауып шамасы келгенше қосымша құлышылықтарды да атқаруға тырысады.

 

Нәпіл құлшылық – адамды Жаратушысына жақындататын амал. Себебі, адам оны өз ерік-жігер, қалауы бойынша, тек бір Алланың разылығы үшін ғана орындайды. Нәпіл құлшылық Алланың мейіріміне, сүйіспеншілігіне бөленуге жол ашады. Алла оған күш-қуат беріп, дінінде бекем болуға жәрдемдеседі, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы болады. Бұл туралы Алла Тағала құдси хадисте: «Мен оны сүймейінше, құлым нәпіл құлшылықтары арқылы маған жақындауын бір сәт те тоқтатпайды. Ал мен оны сүйсем, оның еститін құлағы, көретін көзі, заттарды алатын қолы, жүретін аяғы боламын. Егер ол Менен жәрдем сұраса, Мен оған көмектесем, егер ол Менен өзін қорғауды сұраса, Мен оны панама алам», - деген (Бұхари). Алланың сүйіспеншілігіне бөленген құлды аспан мен жердегілер де жақсы көретін болады. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шынында, Алла араларыңдағы біреуді жақсы көрсе, Жәбірейілді (а.с) шақырып: «Мен мына құлымды жақсы көремін, сен де оны жақсы көр» дейді. Сосын Жәбірейіл періште (а.с) ол адамды жақсы көріп, аспандағыларға: «Шындығында, Алла бұл адамды жақсы көреді, сендер де оны сүйіңдер», - дейді. Аспандағылар ол адамды сүйеді, кейін жердегілер де ол адамды сүйетін болады», - делінген (Муслим). Міне, ардақты Пайғамбарымыздың аяғы іскенше намаз оқып, шүкіршіл пенде болуға асығуының негізгі себебі осында жатыр.

 

9. Шынайы мұсылман құлышылығын тек отырып, тұру үшін, денсаулығына пайдасы тиетін жаттығу болуы үшін жасамайды. Ол жүректе не жатқанын да білетін Алланың  разылығын алу үшін жасап, ықылас, ниетіне сақтық танытады.

 

10. Мұсылман адам дүние-мүлкінен зекет, садақа береді. Тіпті, беріп жатқан дүниесі миллионға жетсе де, ол үшін қайғырып, уайымға түспейді. Себебі, зекет – Алланың бұйрығы, бес парыздың бірі. Алла Тағала Құранда:«Намазды толық орындаңдар және зекетті беріңдер...» -деген (Бақара сүресі, 43-аят).

 

11. Мұсылман адам Рамазан айында Алланың сыйынан үміт ете отырып ораза ұстайды.  «Алланың сыйынан үміт етіп және соған кәміл сеніп ораза ұстаған адамның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Муслим). Мұсылман ораза тек тамақтан тыйылу ғана емес, сонымен бірге тіліңді, көзіңді, басқа да дене мүшелеріңді күнәдан қорғау екенін, күнәнің сауапты жалмайтын от екенін анық түсінеді. Алла Елшісінің (оған Аллланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ешкім ораза кезінде дауыс көтеріп, жаман сөз сөйлемесін, ал егер керісіп қалса, мен оразамын десін», - деген (Бұхари, Муслим). Сонымен бірге Пайғамбарымыз (оған Аллланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға өтірік айту мен өзгелерді алдауын қоймаған адамның ішіп-жеуден тыйылып, ашыққаны керек емес» , - деген (Бұхари).

 

 

12. Мұсылман адам мүмкіндігі болса, қажылық парызын өтейді. Ол бұл сапарына аса қатты жауапкершілікпен қарап, қажылықтың барлық рәсімдерін толық орындайды. Қажылық жасаған адамның күнәлары анасынан жаңа туғандай кешіріледі.

 

13. Мұсылман адам не мақсатпен жаратылып, не үшін өмір сүріп жүргенін біледі! Себебі Алла Тағала Құранда: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым» (Зәрият сүресі, 56-аят), - деген.

 

14. Ол –Құранды көп оқушы!

 

Алланың сүйіспеншілігіне бөлену, жәннаттық болу. Бұл мақсатқа жету жолында мұсылман түрлі кедергілерге, қиындықтарға тап болады. Міне, осындай жағдайда мұсылманға тура жол әрі жолбасшы болатын – Құран ғана. Мұсылман ауырған жанын Құран арқылы емдейді, жабыққан көңілін Құран оқу арқылы тыныштандырады. Алланың сөзі арқылы рухани қуат, нәр алады, шөліркеген иманын, адамдық болмысын суарады. Ертеде өзі бай әрі тақуа бір мұсылман емделу мақсатында Еуропа елдерінің біріне сапар шегеді. Мұның бойынан діндарлықтың белгісін байқаған емдеуші дәрігер оған былай деп тіл қатады:

–       Мен сізбен бір мәселе жайында әңгімелескім келіп отыр. Өзіңіз білесіз, мен осы елдегі ең атақты дәрігерлердің бірімін. Мансабым мен абыройым маған көп дүние алып келді. Бай адамдардың біріне айналдым. Әлемнің ең әдемі деген жерлерінің барлығын аралап шықтым. Өмірде көрмеген қызығым, татпаған рахатым қалмады. Тіпті кейбіреуі сіздің үш ұйықтасаңыз да түсіңізге кірмейтін болар. Бірақ, олардың ешқайсысына қанағаттанған емеспін. Яғни, ешқашан өзімді бақытты сезінбедім. Жүрегімде тыныштық жоқ. Көңілім құлазып, кейде өз-өзіме қол жұмсағым келеді. Қаншама атақты психологтармен кеңестім. Пайда жоқ. Сіз де мен сияқты байсыз ғой, мендегі сезім сізде де кездесе ме?

Сонда әлгі мұсылман кісі алғашында оның сөзіне таңырқап отырып қалады. Сосын бір Алланың жәрдемімен онымен қалай сөйлесу керек екенін пайымдап, сұрақ қоя бастайды:

-         Сіз құлағыңыздың құрышын қандыру үшін не істейсіз?

-         Сәбидің күлкісін тыңдаймын.

-         Ал мұрныңызбен рахаттану үшін не істейсіз?

-         Хош иісті әтірлерді, гүлдерді иіскеймін.

-         Көзіңізді ләззаттандыру үшін не істейсіз?

-         Әсем табиғатқа, сұлу әйелдерге қараймын.

-         Ал енді құлағыңызды неге гүлдердің иісімен рахаттандырмайсыз? Көзіңізді неге сәбидің күлкісімен демалдырмайсыз?

Дәрігер күліп:

–       Ол мүмкін емес қой! Әр ағзаның өз рахаттанатын жолы бар емес пе?!,- дейді.

- Енді, әлгі сізді қинаған сезім мұрныңызда ма, әлде құлағыңызда ма?

- Жоқ, ол кеудемде, жүрегімде.

- Ал, жүрегіңізді қалай рахаттандырасыз?

Дәрігер жауап бере алмай, үнсіз қалады. Сонда мұсылман кісі:

–       Дененің әр мүшесі түрлі жолмен рахаттанады. Ал жүректің дауасы –  Жаратушысына жақындау. Яғни, Құдайға құлшылық жасау! Жүректердің сығылудан құтылып, тыныштық тауып, бақыт сезіміне бөленуінің сыры да осында, - деген екен.

 «Алланы зікір етумен (еске алумен) жүректер тыныштық таппай ма?!» («Рағыд» сүресі, 28-аят) 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құран оқитын мұсылман хош иісі мен тәтті дәмі бар лимон секілді, ал Құран оқымайтын мұсылман иісі жоқ, бірақ тәтті дәмі ғана бар құрма секілді, Құран оқитын екіжүзді адам айналасына жұпарын шашатын, бірақ дәмі сондай ащы болатын райхан секілді, Құран оқымайтын екіжүзді не дәмі, не иісі жоқ тікен секілді», - деген (Бұхари, Муслим). Және де Муслимнен жеткен хадисте Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Құран оқыңдар, шындығында Құран Қияметте араша болады» дегені жеткізілген.

 

Мұсылман адамның Жаратушысымен болған қарым-қатынасы, міне, осындай болады!

 

 

 

ПІКІР (10)

Тургынбаева Н

Аллахым разы болсын!

Ермахан

Жақсы

Аружан

Аллах разы болсын!

Меруерт

Алла разы болсын!

Касимова гулзат

Кушти

айнур

Керемет создер,Алла разы болсын!

Aisha

Keremet!!!

Даниял

Керемет!

Дiнмухамед

Алла разы болсын

Асербек Кайрат

Аллв разы болсын

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер