Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы
Сұхбат

МҰХАМЕДЖАН ТАЗАБЕК, «АСЫЛ АРНА» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ: ЕЛ ТҮЗЕЛСІН ДЕСЕҢ, ӨЗІҢНЕН БАСТА

– Өзіңіз басқарып отырған «Асыл арна» телеарнасының эфирге шыға бастағанына келесі жылы он жыл толады. Осы уақыт аралығындағы қол жеткізген табыстарыңыз көзіқарақты көрерменнің көз алдында. Алдағы жоба-жоспарларыңызбен, негізгі жаңалықтарыңызбен таныстыра кетсеңіз.


– Телеарна – ақпарат құралы болған­дықтан, заман үрдісінен қалуға әсте бол­майды. Рухани һәм технологиялық тұр­ғыдан әрдайым алдыңғы қатарда болуың керек. Құзырлы мемлекеттік мекемелер тарапынан «Асыл арнаға» ағартушылық миссия жүктелгендіктен, осы бағыттағы шаруаларымыз да шаш-етектен. Сол се­бепті, қабілет-қарым, шама-шарқымызша, көрпемізге қарай көсіле отырып, әртүрлі жоба-жоспарлар дайындап жатырмыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы бойынша да біздің эфирде біраз жоба жарыққа шықты. Жақында ғана «Асыл арнаға» арнайы келген Дін және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев мырза басқаратын министрлікпен, Серік­бай қажы Ораз хазіретіміздің жетекшілігін­дегі Қазақ­стан Мұсылмандары діни бас­қармасымен бірлесе атқарылатын тағы да бірнеше жоба­ның жалауы көтеріліп дайын тұр.
Осы руханият саласы бойынша әлемдік деңгейде жұмыс істеп жатқан телеарна­лармен қарым-қатынас орнатып, алыс-беріс жасап, тәжірибе алмасуды бастадық. Соның бірі ретінде, Малайзияның «Хиж­рат» телеарнасымен мәмілеге келгенімізді айтуға болады. Контент алмасу, маман­дардың оқу-тәжірибе бөлісу тағылым­дамасы басталды. Сонымен бірге, былтыр­дан бері бауырлас Түркияның да шы­ғар­ма­шылық бірлестіктерімен қарым-қатынасымыз жақсарып келеді. Биыл 22 наурызда мемлекеттік ТRТ телеарнасымен ортақ меморандумға қол қойылды. Біле­сіздер, ТRТ – ондаған телеарна мен радио­лардың, интернет басылымдардың басын біріктірген алып медиақұрылым. «Асыл арнаның» оншақты қызметкері – те­леоператорлар, журналистер, продюсерлер осы TRT ұйымдастырған тренинг, семи­нарларға – Анкара, Стамбул, Анталия қалаларында болып, тәжірибе алмасып қайтты. Жоғарыда айтқан «Хижратпен» келісімшарттағыдай, бейнеөнімдер алмасу процесі де басталды. Түріктің тәжірибелі теле­мамандары, біздің циклды бағдар­ламамыз – «Тәлім Trend»-ті жоғары бағалап, алдағы уақытта TRT Avaz эфирінен күллі түркітілдес халықтарға ұсынбақшы.
Одан бөлек, жақында БАӘ Қазақ­стандағы елшісі бізді арнайы шақырып, біріккен әмірліктердегі ақпараттық кор­порациялармен, медиа орталықтармен байланыс орнатуды ұсынды. Бұл елмен де жаңа рухани һәм ақпараттық қарым-қатынастар орнайды деп сенеміз.


– Осы уақытқа дейін неше кино мен сериал түсірдіңіздер?


– «Асыл арна» ашылған оншақты жыл­дың ішінде «Дода», «Шабдалы», «Сер­гелдең», «Шатқал», «Кеш емес…» атты көркем фильмдерді жарыққа шығардық. «Көке», «Бір келіншек», «Үлкен үй» телехикаяларын таспаладық. Көрермендер, әсіресе «Үлкен үйді» көп сұрайды. Үш маусымы кейінгі екі жылда эфирге шықты. Қазір төртінші маусымы эфирден өтіп жатыр. Егер рейтинг жоғары боп, көрермен тарапынан қызығушылық байқалса, бесінші маусымына да «бісміллә» деп кірісетін шығармыз.


– Өзіңіздің басшылығыңызбен түсірілген «Шатқал» фильмі кинотеатрларда көрсе­тіліп, көрермен қауымның көңілінен шықты. Мұндай мән-мазмұны терең, тәлім-тәр­биелік маңызы зор туындының желісін қай­дан алдыңыздар?


– «Шатқал» фильміндегі сюжет – Мұ­хаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хади­сінде айтылған оқиға. Шығармашылық топ қазіргі заманғы оқиғамен өрбітіп, заманауи жағдайда түсірдік. Алла елшісінің (с.ғ.с.) заманында сапарға шыққан адамдар жаңбырдан ықтасын іздеп, таудың қуы­сына кіріп отырған кезде, үлкен тас жыл­жып кеп, әлгі үңгірдің аузын жауып қалады. Сөйтіп, әлгі үш пенде адам аяғы баспайтын тау қуысында қалып қояды. Шығуға үміт жоқ. Сонда, әлгі үшеудің ішіндегі білімдісі «Алла құлдарын жәрдемсіз қалдырмайды. Раббымыздың разылығы үшін жасаған амалдарымыз болса, соны ортаға салып, дұға қылайық. Бәлкім, сонда құдіреті күшті Алла көмектесер» дейді. Сөйтіп, үшеуі бас­тан өткен үш жағдайды айтып өтеді.
Өзіңіз айтқандай, дүйім халық, мұқым елдің жүрегіне жылы тиіп, талай адам та­ғылым алған туынды болды. Осы фильмді көргеннен кейін Бас мүфтиіміз де жоғары баға берді.


– Отбасы және ұлттық құндылықтар де­геніміз не? Оларды тиісті деңгейде наси­хаттап жүрміз бе? Жетпей жатқан тұстары қайсы?


– Кез келген ұлттық құнды­лық­тың бастауы отбасында жатыр. Ұлтқа пайдалы әрбір қасиет отбасында қалып­тасады. Елді құртатын, дамуын тежейтін жаман қасиеттер де отбасынан өрбиді. Кезінде қазақ жерінде ұзақ мерзімге кісі қамайтын түрме болмағандығының, қазақ үйіне құлып салуды әдетке айналдыр­мауының үлкен себебі – бізде адам бойындағы проблеманы қинау арқылы емес, ағар­тушылық жолмен шешудің институттары қалыптасқан еді. Қазір қан­шама адам қамалып, жазаланып, айып тағылып жатқан шығар, бірақ қылмыс күрт азайып жатқан жоқ.
Ұлтты артқа тартатын немесе алға сүйрейтін бір қасиет немесе кемшілік көрсек, түбірі отбасында жатыр. «Егер де бір адамның проблемасын көрсең, себебін балалық шағынан ізде» дейді психологтар.
Дөңгелектеп айтар болсақ, «Асыл ар­на­ның» бар насихаттап отырғаны да осы – ел түзетуді отбасыңнан баста. Мемлекеттің кішкентай бөлшектері – жанұялар берекелі болса, сөз жоқ мемлекет те күшейеді.


Бас мүжитін адам бар, ақыл айтатын ақсақал жоқ

– Ұлттық идеологияның негізі сол ұлттық құндылықтардан құралмай ма? Ал оның қазіргі хал-күйі қалай? Оны жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?


– Біз – ұлттық құндылықтарға бай халықпыз. Бірақ бірінші кезекте біреудің көңілінен шығуды емес, өзімізді ретке келтіруді ойлайтын кезеңде өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймын. Мәселен, Батыс­тан қалғымыз келмей жыртық шалбар киіп, мағынасыз әуен тыңдап, қасиетсіз шарап ішіп, оны өміріміздің өзегіне ай­налдырсақ – өзіміздің қандай халық еке­німізді түсінбегеніміз. Тарихқа зер салсақ, қазақ – жеген тамағы, ішкен сусыны, айтқан әңгімесі, салған әні, табиғатқа, жаратылысқа деген көзқарасы өте бекзат, парасатты халық болғанын аңғарар едік. Кейінгі 200-300 жыл отар болғанымен, құл боп кеткен жоқ екенбіз. Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сондықтан бейбітшіліктің әр секунд, минутына шүкір дей отырып, әр алға басқан қадамдарымызға қанағат етуіміз қажет. Қазір тым ұрандап кетуімізге де болмайды. Бір орында тұрып қалуға да тиіс емеспіз. Алға жылжи беруіміз керек. Бірақ дабырламай, ұрысып-керіспей, таласып-тартыспай дамуымыз керек.
Жетіспейтін нәрсе не? Қазір тойда бата беріп, бас мүжитін жасы үлкен адам бар. Бірақ араздасқан екі жақты отырғызып қойып, ақыл айтатын ақсақал жоқ. Айғайшы кемпір бар, күллі келіндерге үлгі әже жоқ. Отбасын асырап жүрген әке бар. Бірақ әулет тәрбиесіне жауап беретін тұлға жоқ. Бала туып, асты-үстін тазалайтын шеше бар. Бірақ ұл-қыздарының жүрегіне үңіліп, сырласатын ана жоқ. Өйткені кеңес­тік кезеңдегі «бір тамағым, бір тө­сегім» деген уақыт жаншып жіберді.
Біздің ең басты құндылығымыз – адам емес пе еді?! Конституция бойынша да солай ғой. Адам ардақты болмай, адамның жасы құрметті болмай, қоғамдағы орны мен еңбегі лайықты бағасын алмай, ел – ел болушы ма еді? Онда біз кімді құрметтейміз, кімді қастер тұтамыз? Ақсақалды – ақсақал күйінде, президентті – президент күйінде, биді – би күйінде сыйлай білуіміз қажет. Қазақ тіпті он баласы болса, тұңғышын – ыс­тығым, кенжесін – тәттім, ортаншысын – ортан жілігім деп әрқайсысын тиісті деңгейде бағалап, хақын берген халық. Ал қазір өз әке-шешесін ренжітіп, бір қарынға сыйған бауырымен кең дүниеге сыйыспай жүрген пенделерді көріп жүрміз. Сондық­тан экономикалық тұрғыдан да, тіпті техникалық тұрғыдан да дамимыз десек, оның арғы жағында тұрған адамның қадірін білу деген қасиет керек. Өйткені осы дүниенің бәрі не үшін? Адамның қауіпсіз, бейбіт өмірі үшін. Адамның ішкі дүниесі, яғни жүрегі тыныш, көңілі шат болып жүруі үшін ғой. Ендеше, біз мате­риалдық игіліктерге немесе батыстағы сияқты экономикалық жетістіктерге ит құшақтап жүріп жетсек не болғаны?


– Рамазан айы да ортасынан ауып бара жатыр. Хал-қадірінше Алла разылығын көздеп аузын бекіткен қазақтың қарасы мол ғой. Ораза жайлы тағы нені біліп-ескеруіміз қажет?


Рамазан айы – мейірімге шомылатын ай. Міне, адамдардың бір-біріне мейірі түсіп, жылы қарым-қатынас орнағанда қоғамның өзі жайлы бола бастайды. Яғни, адамдардың ниет-пиғылы дұрысталып, жүрегі жұмсарып, қоғам да нұрланады. Сондықтан Рамазан айында тұрған адамдарға айтарымыз, бұл – тазару айы. Жай кезде шамамыз жетпей, жат қылық­тардың жетегінде кеткен әдеттеріміз болса, қоя алмай жүрген шылымымыз болса, ұрттап қойып жүрген құмарлығымыз болса, айтып қойып жүрген өсек-ғайбаты­мыз болса, туысқандарымызға кеудемізде жібермей жүрген бір кісәпірлігіміз болса, соның жібін үзіп жіберетін, тәкаппар­лығымызды жойып тастайтын, кешірі­мімізді кеңейтіп, саусақтарымызды ашып, сараңдықтан құтылып, сауапқа жомарттық арқылы жол бастайтын уақыт – осы ай. Рамазан айында ораза тұтуды лажы болса бірінші күні бастаған шығарсыз, реті келмеді ме, жиырмасыншы күні де ниет қыла беріңіз. Тіпті сіз ораза ұстау керектігін 29-күні біліп қалып, алдыңызда бір-ақ күніңіз қалса, сол күннің оразасын тұтуға ниет етіңіз. Өйткені келесі жылға дейін кім бар, кім жоқ?
Рамазан – сондай бір мейірім мен мол­шылық айы. Ал енді сол айда Алланы риза қылатын амал жасамауды қалай түсінуге болады? Яғни, Рамазан айы – бір айлық медресе сияқты. Бір айлық медресе оқы­саңыз өзгересіз бе, өзгермейсіз бе? Бірдеңе үйренесіз бе, үйренбейсіз бе? Әрине, үйренесіз. Ол түгілі, жұма күні мешітке бір сағат бұрын барып, имамның уағызын естісеңіз де өзгеріп қаласыз. Сондықтан қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын! Тілеген дұғаларыңызды Алла қабыл етсін!


Қазіргі ақпараттың радиациясы бар

– Бес парыздың бірі – зекет беру. Осы па­рыздың мақсат-міндеті мен мән-мағы­насын көп адам жете біле бермейді. Соның кері әсе­рінен осы парызды өтеуге келгенде кейбі­реулер құнтсыздық танытады. Сон­дықтан зе­кеттің қадір-қасиеті туралы тарата айт­саңыз.


– Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Дү­ние сендерге жақсы болып көрсетілген», – дейді. Яғни, адамзат баласы барлықты, мол­шылықты, әдемі де үйлесімді нәрсені жақсы көруі – Құдайдан берілген қасиет. Ешкім бар болғанды жек көрмейді. Алла бізге «Кедей болыңдар, жоқшылықта жү­ріңдер, дүние нығметін пайдаланбаңдар» де­мейді. «Пайдаланыңдар, ішіңдер, жеңдер. Бірақ ысырап қылмаңдар» дейді. Зекет – осы нәрселерді реттеу үшін келген амал.
Зекет – дүниеңді азайтпайды. Кері­сінше, көбейтеді. Алла Тағала бұрын дү­ниең қанша болса, зекет бергеннен кейін одан да көбейтіп, яғни еселеп қайтарады. Өйткені мүліктің иесі – Алла. Сондай-ақ адамның зекет беру арқылы Аллаға тәуекелі күшейеді. Яғни, оны азайтып, көбейтіп жатқан өзі емес екенін ұғынады. Тағдырын қалтқысыз билеп тұрған Раббымыз бар екенін сезінеді.Тарихта бай мен кедейді теңестіреміз деген саясат болды. Бұл – Құдайдың жаратуына қарсы нәрсе. Еш уақытта елдің бәрі сұлу, жігіттің бәрі күшті, жұрттың бәрі жомарт болмайды. Алла Тағала бай мен кедейді қашанда қатар жаратады. Сондықтан қай қоғамда да бай мен кедейдің арасында ынтымақ болса, ол қоғамда төңкеріс болмайды.


– Әлеуметтік желілердің елге тигізер игі ықпалы мен кері әсері туралы пікірлеріңізді де айта кетсеңіз?


– Әлеуметтік желі – адамзатқа келген ең үлкен игіліктің бірі. Себебі, адамзат жа­ра­тылғаннан бері мұндай дәрежеде адамға мінбер берілмеген екен. Бұрын адам бала­сы қоғамға ықпал жасау үшін ең құрығанда үйінен шығуы керек болатын. Қазір сіз үйде отырып-ақ ақыл айта бересіз. Ерте­ректе елге ақыл айту үшін оның үш адам тыңдарлық беделі болуы керек еді. Қазір сіз еш кедергісіз тікелей эфирге шығып, әлемге үндеу айта аласыз.
Бірақ адамды адамнан алыстатып жат­қан да – сол. Интернеттің пайдасы қанша болса, зияны да сонша. Бұрын дастарқан басындағы әңгіме ең маңызды байла­ныстың түрі еді. Қазір желіге еніп кетеді де, шықпайды. Әлеуметтік желінің қарқынды байланысқа жағдай жасап тастағаны сондай, жақындамыз ба, ұзақтамыз ба, маңызды емес боп қалды. Өйткені бір-бірі­мізді скайп, видеобайланыс арқылы тіке­лей көріп отырмыз. Біз бір-бірімізді сағын­байтын, ойламайтын да болдық. Неге? Сағынуға да, толғануға да себеп керек қой. Сағыну үшін ұнатуың керек, толғану үшін оның проблемаларынан хабардар болуың керек. Ең қауіптісі, өмірлік тәжірибесі жоқ, жасы жетілмеген балаларға ауыр тиіп жатыр. Баланың санасы да, ағзасы да пісіп жетілмегендіктен, кез келген дүниені қа­был­дауға қабілетсіз. Мысалға, балаға ауыр дәрі сала алмайсың, ауыр тамақ бере алмайсың. Есесіне, ютубтағы кино, мулть­фильм арқылы ауыр ақпараттарды миына қотарып жатыр. Ал ол жерде шынайы дауыс, табиғи температура жоқ. Жасөспі­рім­дер робот кейпінде есейіп жатыр. Осыдан кейінгі зияны – ер мен әйел қауымы арасындағы байланыс. Әр нәр­сенің шегі мен мөлшері болады. Дастарқан­нан дер кезінде тұрып кетпесең, мешкей боласың ғой. Сол сияқты, әйелдің еркекке, еркектің әйелге деген назары, сөйлесуі, сырласуының мөлшері мен шекарасы болмаса, адамдар әсерленудің өте үлкен дозасын қабылдайды да, нағыз керек жерінде тоқтай алмай қалады. Ештеңеге жарамай, керек емес жерде қоқырайып жүретін адамдарға айналады. Бірақ өзінің әйелінің алдында қадірі жоқ. Сондай-ақ жұрттың еркегі қарағанда көз тоятындай әйел сияқты, бірақ күйеуін өзіне қара­татындай күтімі жоқ.
Құндылықтар ауысып кетті. Некесіз қатынас көбейді. Ал қоғамды бүлдіретін және табиғи апаттарға себеп болатын нәрсе – осы. Некесіз қатынаспен бірге ұят кетеді. Бұрын бөтен бір әйелде ойы бар еркек бұзылу үшін кемінде үйден шығуы керек еді. Қазір үйден шықпай-ақ, Қазақстанның бір түкпіріндегі әйелмен байланыс орнатып, сиқырлы дауысын ести беретін жағдай болды. Адамзаттың жаны темір емес.
Қазіргі ақпарат радиациялық күшке ие дер едім. Қаламасаң да, қабылдайсың. Мәселен, сауда орталығына барсаңыз басқа бір мәдениеттің музыкасы төгіліп тұрады. «Алма ағаштың гүліндей, текемет­тің түріндейді» немесе «Ақтамбердінің тер­месін» қосып қойшы» деп айта алмайсың. Бөгде бір қауым жүрегінен шыққан ырғақ пен саз сізбен есептеспейді, рұқсат та сұ­рамайды. Хақыңызға кіреді. Яғни, біз төбеден төмен қарай жауып тұрған ақпарат нөсерінің астында өмір сүріп жатырмыз. Үйге келіп, шаршадым дейміз. Неден шаршаймыз? Мүмкін автобустағы «Русское радионың» анайы анекдотынан шаршаған шығарсыз? Бәлкім, әр жарнама билбор­дын­дағы қоздырушы сипаттағы киім киіп алған әйелдер сұлбасы сілейте болдыртқан болар? Интернеттің иірімі – иін тіріскен жайбарақат елді сирағынан сүйретіп әкетіп бара жатыр. Селфи – сырқат дәрежесіне жеткізді. Бұрын апаларымыз айна алдында ұзағырақ тұрып қалған қарындастарымыз­ды «айнаға неге сонша жабысып қалдың?» деп ұрсатын. Ал қазір түрлі фильтрден өт­кен, бетінің бүрі, көзінің нұры жоқ сурет­терді инстаграммға шығарады да, елдің көзі мен тілі тимесіне қоймайды. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз айтқандай, «Менің үмбеттерімнің көпшілігі тіл мен көзден қайтыс болады. Бірақ адамдар олай ойла­май­ды». Көптеген жас өлім тіл мен көзден болып жатыр. Ең құрығанда, өзінің табиғи суретін қойса да көз тимес пе еді? Оны әрлеп, түрлі күлгін сәулелермен әше­кейлеп қойған кезде адамдар алданып қа­лып жатыр. Абай не деді? «Ақшаны адам­шы­лықпен табатын адам аз. Бірақ адам­шылықпен тапса да, оны адамшылық­пен жұмсайтын адам өте аз» дейді. Біз осын­шама ақпарат айдынына қолымыз жетті. Бірақ оны адамшылықпен пайда­ланып, адамшылыққа жұмсап жатқан адам сирек.
– Жастар арасында сізге қарап бой тү­зегісі, ой түзегісі келетіндері бар. Оларға қан­дай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Жастық – диқанның он күні сияқты. Көктемде диқан сол он күнде тойға бармай, қыдырмай, сол он күнін дұрыс пайдалануға тырысады. Неге? Себебі, сол он күнін дұрыс пайдаланбаса, жазда өнімі шық­пайды. Күзде жеміс жинамайды. Ал адам­ның он күні – жастық шағы. Жастық шақты дұрыс пайдаланған адам, есейген сайын тек қуанышты болады, береке табады. Жастық шағы бекерге кеткен адам, есейген сайын өкініште болады. Ақсақалды шанадан түсіп қалған жерінен ешкім тауып алмайды. Қазына қария аяғы салбырап аспаннан түспейді. «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар» дейді қазақ. Кісілерге жұғысып, әңгіме тыңдап, есеюге тырысып, дос жинап, «жігітке жеті өнерде аз» деген­дей, әртүрлі өнерді һәм кәсіпті меңгеріп, соған уақытын жұмсаған адам, отызда орда бұзып, қырықта қамал алады. Елуден ас­қанда ел ағасы, алпыста ақсақал, жетпісте жемісін беріп тұрған үлкен бір мәуелі ағаштай данагөй абызға айналады.


– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
aikyn.kz

ПІКІР (3)

Дина
2018-06-08 19:29:55

Оте керемет асиресе балалар жайлы айтканы рас

Ақбаян
2018-06-08 19:50:42

Алла абыройыңызды арттырсын!

Насиба
2018-06-11 10:35:37

Манди магыналы сухбат

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер