Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы
Мәдениет

МИСУАК ҚОЛДАНУ – АЛЛА РАЗЫЛЫҒЫНА ЖЕТУДІҢ БІР ЖОЛЫ

Мисуак — арак ағашының бұтақтарынан және тамырынан жасалатын тіс тазалаушы құрал. Оны ұшын шайнап, қабығын кетіріп, тіс тазалауға пайдаланады. Оқырмандарымыз үшін бұл атау таңсық емес деп ойлаймыз. Сондықтан да, төменде мисуак туралы төмендегі хадистерді келтіру арқылы оның артықшылықтарын еске түсіріп, пайдалануға деген құлшынысыңызды арттырсақ дейміз.

  • «Мисуак қолданыңыздар, ол - ауыз тазалығына әрі Жаратушының разылығына себеп». (Бұхари, Насаи).
  • Әбу Мұсадан (оған Алла разы болсын): «Бір күні Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келсем, ол қолындағы мисуакпен тісін тазалап: «у», «у» деп отыр екен. Мисуак аузында, ол құсып жіберетіндей еді». (Бұхари).
  • Хузайфадан (оған Алла разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнде тұрғанда  аузын мисуакпен тазалайтын». (Бұхари).
  • Ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын): Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түсімде мисуакпен (тісімді) тазалап жатқанымды көрдім. Сол кезде маған екі кісі келді, біреуі екіншісінен егделеу еді. Мисуакты (жасы) кішісіне бергенімде маған: «Жасы үлкеніне!» делінді де, оны үлкеніне бердім» деген». (Муслим).
  • Айшадан (оған Алла разы болсын): «Үйіне кіргенде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең әуелі мисуакпен тісін тазалайтын». (Муслим).
  • «Мүміндерге қиындатып қоятын болмағанымда, оларға әр намаздан бұрын мисуак қолдануды бұйырар едім». (Бұхари).
  • «Мына төрт нәрсе пайғамбарлардың сүннеті: қарапайымдылық, әтір себіну, мисуак қолдану және некелесу». (Тирмизи).
  • «Алла Елшісі күндіз болсын, түнде болсын, ұйқыдан тұрып, дәреттен бұрын тісін мисуакпен тазалайтын». (Әбу Дәуд)
  • (Сағд) айтады: «Мен: «Уа, мүміндердің анасы! Маған Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үтір (намазы) жайлы айтып берші» дедім. Ол: «Біз оған мисуак пен дәрет суын әзірлеп қоятынбыз. Алла түнде оны Өзі қалаған кезде оятатын...» деді». (Бұхари)

Келтірілген хадистерден мисуакты қай уақытта, қандай жағдайда пайдалану керектігін және артықшылықтарын, маңыздылығын ұғына алдыңыз деп сенеміз.


Мисуак және заманауи ғылым

Мисуактың басты ерекшелігі – 100 ℅ табиғилығында. Химиялық құрамы таза болғандықтан, тіс, тістің қызыл етімен қатар ағзаның басқа да жақтарына пайдасы мол. Құрамына көптеген биоактивті және минералды заттар топтастырылған: танин, флавоноидтар, алкалоидтар, сапонин, С витамині, фтор, кремдік заттар т.б. Бұлар тістің аппақ болып жарқырап, қызыл еттің мықты болуына көмектеседі. 2003 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеу жұмысы нәтижесінде синтетикалық материалдан жасалған жай тіс щеткасымен салыстырғанда, мисуактың анағұрлым әсерлі екені тағы да анықталған. Мамандардың айтуынша, мисуактың құрамындағы белсенді биологиялық заттар адамның тісі мен тіс жегісіне ғана емес, бүкіл иммундық жүйесіне пайдалы екен. Сондай-ақ, Иллиной университетінің (АҚШ) ғалымдары жеті жыл мисуакка зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның құрамындағы жеті химиялық затты анықтаған. Бұл химиялық заттар тіс бактериясы мен кариеске қарсы тұратындығы дәлелденген.

Сөз соңында айтарымыз, хадистерге, сүннетке амал жасау арқылы Алла Тағаланың махаббаты мен кешіріміне қол созамыз. Бұл туралы «Әли-Имран» сүресінің 31-аятында былай делінген:  (Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, онда маған еріңдер. Сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді. Ақиқатында, Алла – өте Кешірімді, ерекше Мейірімді».


ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер