Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Мінезді өзгертуге бола ма?

Заң

Көркем мінезге ұмтылу, көркем мінезділерді жақсы көру, сыйлау, оларға ұқсап бағуға тырысу – жазылмаған заңдылық. О баста Жәннат үшін жаралған жанның жақсылыққа асықпауы, жақсы болуға тырмыспауы ағаттық та шығар... Хош, әркім мінезін көркемдегісі келеді дейік. Бірақ, көркем мінез дегеннің не екенін ұғынып үлгердік пе? Мақсатқа жетуге амал жасау үшін нысанды, шығар шыңды біліп алу қажет емес пе? Олай болса, Құран мен сүннеттен топтастырылған төмендегі асыл сөздерден қажетіңізді алып қалғайсыз...

Мінез дегеніміз – адам баласының болмысы. Мінез – адамның өзі тап болған кез келген жағдайда еркінен тыс шығатын іс-амалдары.

Ислам ғұламалары мінезді екіге бөледі:
1. Жаратылысынан Алла берген, ана сүтімен дарыған мінез.
2. Адам өзі еңбектеніп, өзі қалыптастыратын, өзі табатын мінез.


Біріншісін өзгерту мүмкін емес. Себебі, ол – ұлы Алланың құзырында. Бабамыз Жүсіп Баласағұн «Құрсақта біткен қылық қара жерге бірге енеді» деген екен.

Ал екіншісін Құран, хадис, пайғамбарлар өмірбаянымен сусындау, ізгі, шыншыл адамдардың ізіне еру, Мұхаммед Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұстаз тұту, көркем мінезді адамдармен жолдас болу арқылы өзгерту әбден мүмкін...

Шариғат осы мінездердің жақсысын одан әрмен көркемдейді, безендіреді, дамытады. Ал мінездердің жаманын жеңуге, жоюға, түп тамырымен құртуға көмектеседі.  Мінез көркемделген сайын адамның басқалармен қарым-қатынасы дұрыстала түседі.  Адамдардың оған деген махаббаты арта түседі. Және Алланың тарапынан болған махаббат та кемелдене бермек.

Көркем мінездің екі түрі

Көркем мінездің екі түрі болады. Бірі – Алламен қарым-қатынастағы, екіншісі – адамдармен қарым-қатынастағы көркем мінез. Алламен қарым-қатынастағы көркем мінез: Алланың әмірлері мен бұйрықтарына қарсылықсыз риза болу, мейірімі мен кешірімін сезіне отырып қабылдау, тыйымдарына көндігіп, жүрегінің сол нәрседен тыныштық табуы, өзінің разы екенін білдіру, одан жалыққандық, ұнатпағандық көрсетпеу, нәпіл жақсылықтарға құштарлығын көрсету және барлық құлшылықты кең жүрекпен, құлшыныспен атқарып, қуана-қуана ұмтылу.

Адамдармен қарым-қатынаста болатын көркем мінез – өзінің құқықтары тапталып жататын болса,  сол нәрсеге кешіріммен қарау, өз құқығын өзгеден талап етпеу, ашуланбастан кешіріммен қарау, басқалардың хақыларын өтеу барысында өзгеніңкін өзініңкінен артық қою. Мәселен, мұндай адам өзі ауырғанда мұсылмандар зиярат етпесе, сапардан келсе, ешкім қарсы алмаса, сәлем бергенде, сәлеміне жауап берілмесе, қонаққа барса, ешкім оған құрмет көрсетпесе, біреуден шапағат сұраса, ешкім көмектеспесе, жасаған жақсылығына алғыс айтылмаса, жиынға кіргенде ығыстырылып орын берілмесе, сөйлегенде басқалар үнсіз тыңдамаса, сұрағанда рұқсат берілмесе, шегеруін сұрағанда, қарызы кешеуілдетілмесе ренжімейді, кек сақтамайды, ашуланбайды, яғни, бір қалыптан екінші қалыпқа ауыспайды. Көңілі ортайғандай әрекетке ұрынбайды. Мінеки, дәл осындай олқылықтарда ішкі де, сыртқы да қалпы өзгермеген адам – нағыз көркем мінездің иесі. Алла мен адамның мақтауына ілігетін адам! Оның бойында қарапайымдылық, тақуалық, жақсылық тұнып тұр!

Ізгі ғалымдардың бірі: «Алла Елшісі  тақуалық пен көркем мінездің басын қоса білді. Себебі, тақуалық – адам мен Алланың арасындағы қарым-қатынасты дұрыстаса, көркем мінез – адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты түзейді. Аллаға деген тақуалық Алланың махаббатына жеткізсе, көркем мінез адамдардың махаббатына жеткізеді» деген екен.

Құран аяттарынан:

-  «Солар тақуалар (жеңілдікте) де және қиындықта да (Алла разылығы үшін) жұмсайтындар, ашуын ұстайтындар және адамдарды кешіретіндер. Алла жақсылықты ықыласпен істеушілерді жақсы көреді» дейді. («Әли Имран» сүресі, 134-аят).

- «Құлдарыма айт, олар ең жақсыны сөйлесін. Шын мәнінде, шайтан олардың арасына наз’ғ қылады (іріткі салып, бұзады). Анығында, шайтан – адам баласына анық дұшпан» («Исра» сүресі, 53-аят).

Аят тәпсірі: Аса ұлы Алла иманға келгендерге жақсы, дұрыс сөз сөйлеуге бұйырды. Шайтан азғырып, дұрыс емес сөзді іс-әрекетке ұластырып, арты насырға шабуы мүмкін. Шайтан аса ұлы Аллаға қарсы шыққаннан бастап, оның Адам ұрпағына деген дұшпандығы жалғасып келеді. (Ибн Касир). Адам баласы қалаулары мен құмарлығын бағындырып жүгендемесе, олар адамды күнәға итермелейді әрі олар шайтанның адам жүрегіне кіретін есіктері болып табылады. (Саъди).

-  «Жамандықты одан жақсы нәрсемен кетір. Біз олардың не қосып, не таңатынын жақсы білеміз. («Му’минун» сүресі, 96-аят)

Аят тәпсірі:  Адамдардың жамандығына кең, кешірімді әрі сабырлы бол. (Ибн Касир).


      - «Кітап берілген қауымның әділетсіздік жасағандарынан басқасымен тек жақсы нәрсемен болмаса пікір таластырмаңдар (Көркем сөз әрі Құран дәлелдерімен). Әрі айтыңдар: «Біз өзімізге түсірілгенге және сендерге түсірілгенге сендік. Біздің Құдайымыз бен сендердің Құдайың – біреу әрі біз Оған бойсұнушымыз» деп» («Әнкабут» сүресі, 46-аят).

      - «Аллаға шақырып, әрі ізгі амал істеген және: «Шын мәнінде, мен – мұсылмандарданмын» деген адамның сөзінен кімнің сөзі жақсы бола алады? Жақсылық пен жамандық тең бола алмайды. Жамандықты ең жақсы нәрсемен қайтар. Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу жақын достай болады. Бұған (осы сипатқа) тек сабыр етушілер ғана жетеді әрі бұған тек ұлы үлеске ие болғандар ғана жетеді» («Фуссилат» сүресі, 33-35-аяттар).

Аят тәпсірі:  Аса ұлы Алланы бірлеу мен серік қосу, бойсұну мен бағынбау, ізгі амалдар мен күнәлар тең емес. Жамандыққа сабыр, кешірім және мүмкіндігінше дұрыс амалмен жауап бер. Шаукани. Өздерін көндіріп, сабыр сақтайтындар және екі дүниедегі бақыттан үлесі барлар жетеді. Ибн Касир.

      -«Әрі әр-Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілділікпен сыпайы жүріп, оларға надандар тіл тигізсе: «Сәлем (Тыныштық болсын!)» деп айтатындар» («Фұрқан» сүресі, 63-аят).

Аят тәпсірі:  Оларға жаман сөз қайтармай, дұрыс сөздер айтады.  Ибн Касир

     -  «Және түндерін өздерінің Раббысына (намазда) сәжде жасап және тік тұрып (қиямда) өткізетіндер және: «Раббымыз! Жаһаннам азабын бізден бұр. Ақиқатында, оның азабы тұрақты Шын мәнінде, ол – тұрақтың және орынның ең жаманы» дейтіндер» («Фұрқан» сүресі, 64-66-аят).

Аят тәпсірі:  Олар түнгі намаздарын ықыласпен, бойсұна оқиды. А. Саъди.

     -  «Әрі олар дүниелерін жұмсағанда ысырап та қылмай және сараңдық та етпей, осының арасында тура болатындар» («Фұрқан» сүресі, 67-аят).

     -   «Және олар Алламен қатар басқа құдайға жалбарынбайтындар, Алла (өлтіруге) тыйым салынған жанды өлтірмейтіндер, тек заңды түрде болмаса. Әрі зина жасамайтындар. Ал мұны істеген, қайтарым жазасын алады» («Фұрқан» сүресі,  68-аят).

     -   «Әрі олар (әр-Рахманның құлдары) – өтірік нәрселерге қатыспайды және бос нәрселердің (пайдасыз сөздер мен істердің) жанынан өткенде, өз қадір-абыройын сақтап өтеді» («Фұрқан» сүресі, 72-аят).

Аят тәпсірі:  Олар аса ұлы Аллаға қатысты жалған сөздер айтылатын, күнәлі істер істелінетін, ішімдік ішілетін, ойын-сауықтар өтетін әрі өтірік, өсек, ғайбат айтылатын жерлерден бойларын аулақ ұстап, өздерін сақтайды және жалғанға куәлік бермейді. Ибн Касир

     -  «Әй, балам, намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле, толық) орында, құпталғанға бұйыр әрі тыйым салынғаннан қайтар және басыңа түскенге сабыр ет. Ақиқатында, бұлар – қайрат-жігер танытатын істерден («Лұқман» сүресі, 17-аят).

Аят тәпсірі:  Ибн Аббас: «Өзгелердің қарсылығын сабырмен көтере білу – шын иманның сипатынан» деген. Құртуби.

     - «Адамдардан бетіңді (менменси) қисайтып бұрма әрі жер бетінде кердеңдеп жүрме. Ақиқатында, Алла әрбір өркөкіректі әрі мақтаншақты жақсы көрмейді» («Лұқман» сүресі, 18-аят).

Аят тәпсірі:  Адамдармен қатынаста түзу бол, менменсіп, көрсету (көндіру) үшін кердеңдеме. Аса ұлы Алла өзіне сүйсініп мәз болушы мақтаншақты жақсы көрмейді. Ибн Касир

      - «Әрі жүрісіңде орташа, бірқалыпты бол және дауысыңды бәсеңдет. Өйткені, дауыстардың ең жағымсызы – есектің дауысы» («Лұқман» сүресі, 19-аят).

Хадистерден:

     -  «Егер үшеу болатын болсаңдар, екеуің бір-біріңмен сыбырласпаңдар. Ол нәрселерің үшінші адамды қайғыртады» (Бұхари).

    -   Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге отқа харам етілетін адам жайлы айтайын ба?» дейді де: «От әрбір жақын, жұмсақ, жеңіл адамға харам етіледі» деген екен» (Тирмизи).

    -   «Алла Тағала маған бір-бірлеріңнің араларыңда қарапайым болыңдар, бір-бірлеріңе мақтанбаңдар, бір-бірлеріңе міндетсінбеңдер деген нәрсені уахи етті». (Муслим).

    -   «Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен көрік басушы секілді. Әтір сатушы саған әтірін сыйға береді немесе одан әтір сатып аласың немесе жақсы иісте боласың. Ал, көрік басушының қасында не киіміңді күйдіресің, не сасық иісте боласың». (Бұхари мен Муслим ). 

   -   «Жақсылықтан ешнәрсені менсінбей қалмаңдар. Тіпті, ол бауырыңның жүзіне күлімдеп қарауың болса да» (Муслим).

    -  «Бір адам жолда жатқан ағаш бұтағының қасынан өтеді. Сөйтіп ол: «Алланың атымен ант етемін, мұны мұсылмандардың жолынан алып тастаймын. Оларға бір зиян тимесін» дейді. Сол себепті ол адам Жәннатқа кіргізілді». (Муслим) Яғни, адам өзінің жақсы ісі үшін адамнан алғыс үміт етпей, бір Алланың разылығы үшін жасаса бұл да көркем мінезге жатады екен.

    -  Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңнан ең жақсы көретінімді және Қияметте маған ең жақын болатындарың кім екенін айтайын ба?,-деген сұрағын үш немесе екі рет қайталады. Адамдар: «Ей, Алла Елшісі! Иә, айтыңыз»,-деді. Ол:–     Мінез-құлқы жақсыларың,-деді» (Ахмад).

     -  «Расында, шыншылдық тақуалыққа апарады, ал тақуалық Жәннәтқа апарады. Адам тек қана шындықты сөйлеп, соңында Алла алдында шыншыл деп жазылады. Шындығында, өтірікшілік күнәһарлыққа апарады, ал күнәһарлық тозаққа апарады. Адам өтірік сөйлеген сайын, соңында Алла алдында суайт өтірікші деп жазылады». (Бұхари, Муслим).

     - «Мен өзінікі рас болса да тартысуды қойған кісі үшін Жәннаттың ауласынан бір үй, ал әзіл болса да өтірік айтуды қойған кісі үшін Жәннаттың ортасынан бір үй, ал көркем мінездіге Жәннаттың ең биігінен бір үй (берілетіндігіне) кепіл боламын» (Әбу Дәуд).

     -  «Кімге жұмсақтықтан бір үлес берілетін болса, оған жақсылықтан бір үлес беріліпті. Ал кім жұмсақтықтың үлесінен мақрұм қалатын болса, ол жақсылықтың үлесінен  мақрұм қалды» (Тирмизи).

     -  «Қай жерде болсаң да, Алладан қорық. Әрбір жамандықтың артынан оны өшіретін жақсылық жасап отыр. Адамдардың барлығымен көркем мінезде қарым-қатынас жаса».  (Тирмизи)

     -  «Мұсылмандардың ішіндегі иманы ең кемелі – ең көркем мінезді адам. Сендердің ең жақсыларың өз әйелдеріне ең көркем қарым-қатынас жасағандарың». (Тирмизи)

     -  «Мүмін адам өзінің көркем мінезімен ораза ұстаушы және намаз оқушы адамның дәрежесін алады» (Әбу Дәуд).

     -  «Мен көркем мінездерді толықтастыру үшін жіберілдім» (Ахмад).

      - «Жақсылық деген – көркем мінез. Ал күнә дегеніміз – кеудеңе тыныштық тапқызбаған және адамдардың көргенін қаламайтын іс». (Муслим)

      - Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдарды Жәннатқа ең көп кіргізетін не?» деп сұралғанда:  «Алладан қорқу, яғни, тақуалық және көркем мінез» деп айтты. «Ал адамдарды ең көп Тозаққа кіргізетін не?» дегенде: «Ауыз және оның әуретті (ұятты) жері деп айтқан». (Тирмизи)

      - «Қиямет күні мүміннің таразысында ең ауыр болатын нәрсе – ол көркем мінез. Және Алла Тағала жаман тілді, ұятсыз адамды жек көреді». (Тирмизи)

      - Аиша анамыз Мұхаммед Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Оның мінезі – Құран еді» деп сипаттайды. (Муслим)

      - Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Абдулқайысұлы Әшажға: «Сенде Алла сүйетін екі тамаша қасиет бар: ол жұмсақтығың мен ықтияттылығың» деген (Муслим).

      «Қиямет күні Алланың алдында дәрежесі тұрғысынан адамдардың ең жаманы – мінезінің дөрекілігінен жұрт қашатын адам» (Муслим).

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер