Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Мадияр СЕРІКБАЕВ: «ӘКЕ-ШЕШЕМДІ ЖИІ ҚУАНТАМЫН ДЕП АЙТА АЛМАЙМЫН...»

Сұхбат


Қазақ руханиятын дәріптеп, шынайы өмір көріністерін сахна тілімен сөйлете білген, тартымды әрі мағыналы қойылымдарымен көрерменнің жүрегіне жол тапқан «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының басшысы Мадияр Серікбаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сұхбатымызда әр сөзін әзілмен әрлесе де, астарлы мағынасын бағамдай білетін Мадияр Серікбаевты жақынырақ тани түсетініміз анық. Сонымен қатар, оның өмірлік тәжірибелері мен бала тәрбиесінде өзі қолданатын парасатты пайымдарымен танысқыңыз келсе, мұқият оқып шығыңыз. 


«Арамызда пікірталас орын алды»


Асыл арна: Ассалаумағалейкум, Мадияр аға! Бүгінде «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры халыққа тартымды әрі мағыналы қойылымдарымен көрерменнің жүрегіне жол тапты. Жалпы бұл театр қалай құрылды? Қызығымен қоса, қиындықтары да орын алған болар?


Мадияр Серікбаев: - Уағалейкумассалам. Иә, әрине. Мұндай бастама біздің қазақ өнерінде бұрын-соңды болмағандықтан, қиын тұстары көбірек болды. Алғаш рухани кеш беруді ойластырғанымызда өз арамызда үлкен қорқыныш пен  түсініспеушіліктер орын алды. Біріншіден, оны халыққа қалай көрсету мәселесі. «Оны қоғам қалай қабылдайды? Кім көреді? Көрерменімізден қол үзіп қалмаймыз ба?» деген сұрақтар мазаласа, екіншіден, жігіттер арасында «Бұл бағытты бастаған соң оның болашағы қалай болмақ? Нәпақамызды қалай табамыз?» деген мәселелер туындап, пікірталастар орын алды. Содан соң жігіттердің барлығы Алланың қалауымен кіші қажылыққа барып қайтты. Сол сапардан кейін олар үлкен өзгеріспен келді. Содан қасиетті Рамазан айында осындай бір рухани кеш ұйымдастыруға бел байлап, дайындықты бастап кеттік. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, Рамазан айы Жаңа жылға қарағанда аздап елеусіз қалып жатады екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла оларды екі жақсырақ күндермен: Құрбан айт және Ораза айтпен ауыстырды!» - деген (Әбу Дәуд). Сол себепті де, біз ойлана келе Қасиетті Рамазан айының алдында «Берекелі мереке» деп алғаш концертімізді берген болатынбыз. Аллаға шүкір, қойылған концертімізде кәлима, ораза мен зекет, намаз бен қажылыққа тоқталып, бес парызды қамтуға тырыстық. Бірінші рет қойылып отырған соң да, кем-кетіктер болды. Дегенмен, өте сәтті шықты. Тағы бір қиыншылығы ретінде телеарнамен келісуді атап өтуге болады. Көп арналар мұндай қойылымды қабылдаудан бас тартты. Бірақ, біз үміт үзбедік. Ең алғаш, концертімізді 31- арна эфирден көрсеткен болатын. Рейтинг өте жоғарғы деңгейде болды. Көрермендер қошеметіне бөленіп, оң бағасын берген соң телеарна қызметкерлері де бізбен ары қарай жұмыс жасауға қуана келісті. Сол тұста қиындықтар болғанымен, Аллаға шүкір, жақсы дүние шықты.

         Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – адамдар дінді тек мешітпен, намазбен ғана шектеп қойған. Ал, дін өмірдің барлық саласын қамтиды. Яғни адамның асыл қасиеттерінің бәрі дінге жатады. Егер біз адами құндылықтардан бөлек, зиянға ұшырататын дүние көрсетсек, онда «секта» деуге болар еді. Кез-келген қоғамда ол солай. Ал, біздің сахнада қойып жүрген қойылымдарымыздың бәрі адами құндылықтарды арттыруға шақырады. 


20170709190809713_big.jpg


Асыл арна: Қойылымдарыңыздың көбі, Мұқағали Мақатаев айтқандай, «Күлдіріп тұрып, жылатады». Әзілдей отырып, халыққа мағыналы дүние ұсына білу де оңай емес. Ой түйіп, өмірлерін өзгерткендер көп шығар?


Мадияр Серікбаев: - Әрине, өнердің әзіл саласында жүрміз. Концертімізге келіп, күліп отырып, жан рахатын алады. Адам баласының мақсаты да сол. Яғни, күлдіре отырып, жүректі елжірету, көзден бір тамшы да болсын жасты шығару. Жүрек жыласа, көз де еріксіз жасқа толады. Алдымен Алла Тағаладан осы көрерменнің құр қайтпауын, жүрегіне жетуін сұраймыз. Осыдан соң көрермен тарапынан талай-талай алғыстар естіп жатамыз. Қойылымнан соң, бойындағы жаман әдеттерінен арылып, арағын тастап, араздасқан ағайындар татуласып,  дұрыстыққа бет бұрып жатқандары да жоқ емес. Көп адамның тілегі, ата-анасына, дос-құрбысына айта алмаған дүниелерді осылар айтса екен деу болды. Кез-келген ортада біреудің бойындағы жақсылық әрекеттерін, көркем мінезін алып кетуге тырысу керек. Сол себепті, біз де әрбір келген көрерменнің қолына қомақты ақша салып жібермесек те, бойымызға бітірген өнер арқылы халықтың руханиятын көтеріп, жақсы мінез қалыптастырып жіберуге тырысып бағамыз.

         Сондай бір ерекше оқиға Рамазан айының басталуына орай өткізген «Берекелі мереке» атты концертімізден кейін орын алып еді. Сол концертімізде тағдыры қиын жетім балалардың өмірін бейнелейтін «20 жылдық кездесу» атты қойылымды сахналадық. Тұл жетімдердің интернаттағы аянышты ғұмыры, мектеп бітіргеннен  кейінгі қиындықтары бейнеленді. Бірақ, қиыншылықтарға мойымай, ержетіп, мектеп бітіргендеріне 20 жыл  толғанда кездесіп, араларындағы біреуі 10 жетімді асырап алуын қойылымының өзегі ретінде көрсете білдік. Осы қойылымнан кейін сол жетімдердің әкесінің рөлін сомдаған  Құдірет бауырымызға  бір  әйел телефон соғып: «Айналайын,  жастық кезімде ойнақтап жүріп, от бастым. Екіқабат болып, баламды туа салысымен, жетімдер үйіне өткізген едім. Сендердің қойылымдарыңды көргеннен кейін, қатемді түсініп, баламды алу үшін жетімдер үйіне келіп тұрмын», - деп өксіп жылапты. Мұндай оқиғалар баршылық.


20171025190501406_big.jpg


«Әркімнің өз шындығы бар» 


Асыл арна: Бір сұхбатыңызда «Шындықты емес, ақиқатты айтамыз» дегеніңізді көзім шалып еді. Шындық пен ақиқаттың айырмашылығы қандай?


Мадияр Серікбаев: - Бізге көбі «Не үшін саясат жайлы, үкіметте орын алып жатқан шындықты айтпайсыңдар? Халықтың жағдайы мынау» дейді. Шынымен де, халықтың мұңын айтса, сол – шындық. Кім мүсәпір болса, сол – шындық. Бірақ, қазір ешкім келіп жағаңнан алып, тап бермегеннен кейін, ғаламторда, әлеуметтік желінің ар жағында отырып бастық болатындар да, ақылшылар да, шындықты айтамыз деп "айхай" шығарып жүргендер де жетерлік. Нәтижесінде, шындықты айтамын деп шыңғырыптының кері. Менің айтпағым бұл емес. Біз қанша шырылдап шындықты айтамыз деп жанымызды салғанымызбен, бұл мәселелердің қайнар бұлағын тазаламасақ, белгілі бір нәтижеге жете алмайтынымызды түсіндік. Сөйтіп, ақиқатқа ойыстық. Ал, бұл алдамшы дүниеде ақиқат туралыққа, жүрек тыныштығына қарай бағыттайды. Жалпы, әркімнің өз шындығы бар екендігі - ақиқат.


Асыл арна: Әңгіме ауанын өзіңізге қарай бұрсақ, Ислам діні ата-анаға лайықты құрмет көрсетуге бұйырады. Әке-шешеңізді жиі қуантасыз ба?


Мадияр Серікбаев: - Әке-шешемді жиі қуантамын деп айта алмаймын. Бірақ, қолымнан келгенше қас-қабағына қарап, жақсы жағдай жасауға барынша тырысып бағамын. Әке-шеше бәрібір бізді бала сияқты көреді ғой. Өйткені, көзіммен көрген марқұм әжем табақта тұрған құртты бізге бөліп беріп, соңғы құрттарды алып жатып «Балам, мынаны әкеңе апарып берші» дейтін. Мен сол кезде күлетінмін. Қазір ойлап қарасам, қандай жасқа келсек те, біз – олардың жүрегінде мәңгілік бала болып қалады екенбіз. Сол себепті, жанында болғанда ата-анама барынша жақсы сөз айтып, бала болып еркелеп отырамын. Өзімнің де сол кезде жүрегім тыныштық табады. Қайда барсам да, сол кісілерге хабарласып «Жолың болсын» деген бір ауыз сөзін естіп, батасын аламын. Ұйыған отбасы болу үшін де, әйел адам бар махаббатын ер адамға арнаса, ер адам ата-анасына арнауы керек деп ойлаймын. 


Безымянный3.png



Асыл арна: Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үш қыз немесе қыз бауырларының күнкөріс немесе басқа да қиыншылықтарына шыдаған адамды Алла Тағала Жәннатқа кіргізеді», - деген (Хаким, Хараити). Төрт бала тәрбиелеп отырсыз. Бала тәрбиесінде халықпен бөлісер тұстарыңыз?


Мадияр Серікбаев: - Кейде өзім бала болғым келіп кетеді... Бұрындары отбасы жауапкершілігі, әйел хақысы жайлы естігенде қорқып кететінмін (күлді). Қазір бала-шағаның жауапкершілігі де өз алдына үлкен дүние екенін бағамдадық. Отбасының мысалы тамақтың дәмін келтіретін тұз сияқты. Онсыз тамақтың дәмі жоқ. Сол секілді, жұмыс жасап, әйел-бала шағаңды асырап, оларға тәрбие берсең, өмірің өте дәмді әрі мағыналы болмақ. Бір байқаған дүнием, бала-шаға тәрбиесінде үлкен орын алатын тәсіл, ол – көзбен емес, іспен жасау. Яғни, тәрбиені ең алдымен, өзіңнен бастау. Алла Тағала уақытымызбен жүйелеп, ізгілікпен реттеп қойған бес уақыт намазға ұқыптылықпен қарап, олардың алдында байыппен сөйлеп, ізгі амал жасасаң соның өзі үлкен өнеге болмақ. Себебі, сенің жүргенің де, сөйлегенің де – тәрбие. Олар солай ғана қабылдайды. 


«Өмірде сахнадан бөлек емеспін» 


Асыл арна: «Әзіл, әзіл болса да, шындық» деп,  ойымызды жұмсақ етіп жеткізіп алатынымыз жасырын емес. Өзіңіз сахнадан бөлек өмірде де жиі әзілдейсіз бе?


Мадияр Серікбаев: - Үйде шынымен көңілді жүргенді ұнатамын. Кейде, тіпті, қыздарымның өзі: «Қойыңызшы, әкетай, әзілдей бермеңізші» дейтін сәттер болады. Үйдің аурасын барынша мейір-махаббатқа толтырып ұстауға тырысамын. Өмірде сахнадан бөлек, басқа адам болып кете алмаймын. Негізі, біз нені уайымдаймыз, нені айтқымыз келеді, нені айтып жүрміз соны сахнаға алып шығамыз. Екеуіне екі бөлек қарай алмаймыз. 


Безымянный.png


Асыл арна: Қашан да күліп жүретін әзіл адамысыз. Кез-келген адам бойынан көрініс табатын ашуды қалай ауыздықтайсыз?

Мадияр Серікбаев: - Өмірде көбіне күліп жүреміз, дегенмен ашу келмейді емес, келеді. Тіпті, кеңірдекке дейін кернеп кететін кездері болады. Ондай сәттерде адамзаттың асылы Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерде жеткен көркем мінезін еске түсіріп, осындай жағдайларда қандай шешім қабылдады екен деп бір ой жүгіртіп шығамын. Нәтижесінде, негізгі мақсатым ұрсысып бет көрместей ренжісу емес, қайта сабыр сақтай отырып арадағы достықты, махаббатты, ағайынмен туыстық қарым-қатынасты және айрандай ұйыған отбасыны сақтап қалу екендігін есіме түсіремін. Сөйтіп, ашуды ауыздықтау үшін сыртқа шығып кетемін немесе хадистерде келген амалдармен әрекет етемін. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сендердің бірің ашулансаңдар, тік тұрса отырсын, егер ашу кетпесе жантайсын», - деген (Әбу Дәуд). Тағы бір хадисте: «Шын мәнінде, ашу ол - шайтаннан, ал шайтан болса, оттан жаратылған, отты су өшіреді. Егер сіздердің біреулерің ашуланса, дәрет алсын», - деген (Ахмад).

         Қисық-қыңыр мінез бәріміздің бойымыздан кездеседі. Өзімнің де сол мінездерімді жақындарыма түсіндіріп айтып, түзелгенше сабыр етулерін сұраймын. Себебі, ашу – уақытша ғана нәрсе. Бастысы, адам сол сәттерде ауыздан шыққан сөзіне мән беріп, Аллаға күпірлік етіп, күнәға батып қалудан және өзін  жоғалтып алудан сақтануы керек. Себебі, шайтанның қызметі сол – кішкене ғана дүниені еселетіп жіберу, үсті-үстіне ашуландыру және жүрекке тиетін сөздерді айтқызу. Алла бізді ашу-ызадан сақтасын!

Асыл арна: Өмірде нық қадам басу үшін алдыңғы арбаның ізін дұрыс бақылай білу керек. Сіз үшін кім үлгі?

Мадияр Серікбаев: - Бұрын көп адамға еліктейтінбіз. Кішкентай кезімде әкеме, әкемнің інілеріне, Еркін деген әкемнің ағасына еліктейтінмін. Әлі де ағаларымыз бен жезделеріміздің бойынан жақсы қасиет көре қалсақ, соған қарап бой түзеп жататынымыз бар. Негізінде алдыңғы арбаның ізін дұрыс бағамдай білу, толық адам болып қалыптасудың алғы шарты десек болады.Сахабаларымыздың өмірінен ғибрат алып, ақын-жазушыларымыз Абай мен Шәкәрімнің кітаптарын оқу арқылы, тың ойларға табан тіреп жатамыз. Қазір негізінен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мінезіне еліктейміз. Жалпы адамзат баласына үлгі боларлық бір-ақ адам бар деп ойлаймын. Ол - Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). 


Безымянный2.png


«Танымалдылықтың басқа жолына көштік» 

Асыл арна: Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ, бүгінгі қоғамда әдепті мен әдепсіздің рөлі ауысып бара жатқан сыңайлы. Осы турасындағы ойыңызды ортаға салып өтсеңіз?

Мадияр Серікбаев: - Қазіргі уақытта жаман болады, ұят болады, ол нәрсені айтуға болмайды, шығаруға болмайды десе де, соны істеп, өзінің атын шығарып жатқандар көбейіп кетті. Тіпті, өз отбасында болған келеңсіз жағдайларды жалпақ жұртқа жария етіп, әлеуметтік желіге салып, сұхбаттар беру арқылы танымалдылыққа ұмтылу әдетке айналып бара жатыр. Оған мына ұялы телефонның да әсері жоқ емес, өзі осыған сұранып тұрғандай. Әлемде жаман жаңалықтың бәрі рейтинг беріп, жақсы жаңалықтың барлығы көрусіз, тыңдаусыз қалып жатқан уақытта бізді тек қазақи тәрбиеміз ғана аман алып қалады. Сондықтан көкейімізде сайрап тұрған «ұят болады» деген сөзді тірілтуіміз керек. Себебі,уақыт өте жаман дүниенің өзіне үйреншікті көзбен қарауға дағдыланамыз. Шайтанның өзі бізге жаман нәрсені әспеттеп, жақсы етіп көрсету үшін қызмет етуде. Біз асыққанымызбен де, азғырушы асықпайды. Ұятсыз жарнаманың өзін 10-15 рет көргеннен кейін, соған бойың үйреніп, қасыңдағылармен талқылап отырасың. Кейде "ұят болды" деген сөзден де ұялып кетесің. 

Асыл арна: Мотивация берушіге де мотивация керек. Ал сізді не жігерлендіреді? 

Мадияр Серікбаев: - Мені жігерлендіретін нәрсе – өмірдің тым қысқа екендігі. Түк бітірмей өмірден өтіп бара жатқанымды ойласам... Сол үшін адам баласына пайдам тиер дүниелер жасап, артымнан бір жақсы із қалдырып кетсем деген ой үнемі мазалайды. Таңертең тұрғаннан кейін,бүгінгі күн босқа өтпеуі керек деп, аз болса да сауапты іспен айналысуды жоспарлаймын. Ал, өзі қысқа ғұмырда уақыттың дамылсыз өтіп бара жатқандығы – маған үлкен мотивация.


Безымянный4.png


«Өмірден түңілген адамның өзі көңілденіп қалады» 

Асыл арна: Жақсылық жасау статус пен жағдайға қарайды деп ойлайсыз ба?

Мадияр Серікбаев: - Жақсылық жасау белгілі бір жағдайға қарайды деп ойламаппын. Біз бала кезден біреуге ауыр затын көтеруге көмектесіп, сәлем айтса, соны жеткізуге тырысып өстік. Осындай ұсақ-түйек жұмыстардың өзі үлкен жұмыс атқарғандай сезіндіретін. Кішкентай нәрсе болсын көмектессең, тіпті көмектесе алмасаң да бір ауыз жылы сөзіңді айтып, жақсы ниетіңді білдірсең, ол адам да саған рахметін айтады. Содан кейін өзіңнің бір адамға болса да демеу бере алатыныңды жүрегіңмен мойындайсың. Сондықтан, ол - қолдағы бар дүниеңе, байлығың мен күш-қуатыңа байланысты емес. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бауырыңның жүзіне күліп қарау – садақа», - деп айтқан ғой (Тирмизи). Кейде жүректегі ниет пен кішкентай ғана амалдың өзі жеткілікті боп жатады. Қаржылай көмек беру қолдан келмей жатса, күлімдеп қарағаныңда өмірден түңілген адамның өзі көңілденіп қалады. Біз жақсылық жасауды миллиардтармен ғана өлшейміз. Бірақ, қазір адам баласы үшін рухани азық өте құнды болып тұр. Біз - бір-біріне күлімдеп қарау, бір ауыз жылы сөз айту, шүйіркелесіп әңгімелесу сияқты қарапайым дүниелерге зәруміз. Біздің көзімізге мардымсыз болып көрінгенімен, кішкентай жақсылықтың өзі жүректің жарасын емдеуде рөлі жоғары.  

Асыл арна: Адамгершілік қасиетінің қайнар бастауын неден алғанымыз жөн?

Мадияр Серікбаев: - Адамгершіліктің қайнар көзін ұяттан алған дұрыс сияқты. Себебі, адам бойындағы ұят кез-келген жерде, мысалы, көшеде, жұмыста, үйде болсын күзетші бола біледі. Дүние есігін ашып, есіміз кіргелі ұят деген нәрсемен өстік. Осы ұят бізді кез-келген жерде тоқтатады. Ашуланғанда, қатты қуанып бара жатқанда, арсыздыққа кетпеуге, намыстан тыс әрекет жасамауға әсер етеді және сол арқылы қайтадан адамгершілікке қайтамыз. «Қазаннан қақпақ кеткенде, иттен ұят кетеді» демекші, кейде әкеге де, анаға да, досқа да  қалай болса солай сөйлей саламыз. Адамнан ұяттың кете бастауы – оның сөзіне де, қолына да, көзіне де ие бола алмауы. Ал, түптеп келгенде, ұятты да, намысты да қозғайтын – иман. 


соңғы.jpg


Асыл арна: Қазіргі қоғам адамдары үлкен екі топқа бөліне бастады. Бақытты болып көрінгісі келетіндер және шынайы бақытты жандар. Сіз қайсысына жатасыз?

Мадияр Серікбаев: - Негізінде адамдардың бәрі – бақытты. Бірақ, бойындағы иманымен емес, нәпсісінің қалауымен әсерленіп жүрген болса, онда ол адам – бақытсыз. Қанша жерден онда бала-шаға, байлық болса да, бәрі бір «мен қалағандай болмай қалды» деп, өзін бақытсыз жанның қатарына жатқыза салады. Сосын, ел маған қарап қызықсын деген оймен бақытты болып өмір сүріп жатқандай көрініс жасайды. Өзінің бақытты екенін жүрегі мойындамай тұрғаннан кейін, басқа біреудің өміріне еліктеп, өзгенің қолына жалтақтайды. Жұртпен салыстырып, өзін одан төмен санайды. Сол бақытты деп көрген адамының өзінен сұрасаң, ол да бақытсыз сияқты. Қазір осындай жағдайлар жиі кездесетіні жасырын емес.

Аллаға шүкір, мен өзімді шынайы бақытты жандардың қатарынанмын деп ойлаймын. Алла маған керектінің бәрін берді. Өйткені, маған ненің қатты қажет, ал не қажет еместігін біледі. Иманың: «Бұдан артық не керек? Аллаға шүкір де», - дейді. Шынымен де Алла берген нәрсенің өзін жеткізіп, ұқсатып алсам қандай керемет бақыттымын. Ал нәпсің барда болмашы нәрсеге ашулану керек болады, анау да жоқ, мынау да жоқ болып көрінеді. Ұстаздарымыз ер мен әйелге ортақ нәрсе олардың иманы дейді. Демек, имандары бір болса, екеуінің мақсат-мұраты да бір: бақытты болып, бірге қол ұстасып жүріп Жұмаққа жету, Алла разылығы үшін қол ұстасып бірге жақсылық жасау, биік белестерге жету. Махаббатты аманат етіп бергеннен кейін, Алланың жіберген сынақтарынан сүрінбей өтіп, қиянат жасамай жеткізу керек. Нәпсі кез-келген нәрсені айтқызады: «сен маған шуба алып бермедің, демек сен мені жақсы көрмейсің», «сенің үнемі шайың дайын емес» т.б. Сондықтан, біз иманымызбен сезінсек, өте бақытты жандармыз. Алладан сұрасақ, Ол береді, ал егер ойымыздағы болмаса, дәл қазіргі уақытта саған ол керек емес деген сөз. Барымызды бағалап, сол бақытқа жете білудің өзі - үлкен бақыт.

Асыл арна: Риясыз әңгімеңізге, арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет!


Сұхбаттасқан 

Үміт ҚОНЫСБЕК


ПІКІР (1)

2018-11-16 16:03:54

Алла разылығы үшін жасаған әр ісіңізге еселеп сауап жазсын.Рахмет.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер