Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Құлшылыққа құлшындыратын 9 оқиға

Мақалалар

 

Кез-келген құлшылық қабыл болуы үшін ол Алла разылығы үшін жасалуы тиіс. Ал амалдың Алла үшін жасалуы «ықылас» деп аталады.  Ел ішінде  «ықылас» сөзі – «ынта, шын көңіл» деген мағынада қолданылса, шариғи мағынасы – құлшылық жасау барысында ниетіңді Алланың разылығынан басқа нәрселерден («адамдар көрсін, естісін» деген ойдан, және адамдардың алғысын үміт етуден) тазалау.

Ықылас – барша ынта-назарды Аллаға дауамды (үздіксіз) түрде бұруменен адамдардың өзіне деген көзқарастарын ұмыту.

Ықыластың ақиқаты – жүректі, оның тазалығын кетіретін қоспалардан арылту. Расында, қоспа заттар өзгенің тазалығын кетіруі мүмкін. Сондықтан әрбір зат қоспадан арылса ықыласты (таза) болған болады. 

Атақты Ислам ғұламасы  Фудаил Ибн Ъияд: «Адамдарға бола амалды тәрк ету – рия (мақтангершілік). Ал енді олар үшін амал жасау – Аллаға серік қосу. Ал ықылас – осы екеуінен де таза болу» деген. Яғни, ықылас – істеген амалына Алладан өзге куәларді талап етпеу.

Алла Тағала бұл турасында Құранда: «Олар Аллаға шынайы ықылас және дінге толық берілген хәлде ғибадат жасауға, намаз оқуға, зекет беруге ғана әмір етілген» деген. («Байина» сүресі, 5-аят).

Алғашқы мұсылмандар ықылас үстінде болудың пенде үшін өмірдегі ең ауыр құлшылық екенін білген және нәпсімен ұдайы күресіп отырған күннің өзінде оны сақтап қалу мүмкін еместігін түсінген. Сондықтан, олар өзгенің алдында өздерін ықыласты етіп көрсетуден бас тартып, жасырын амалдар жасауды құп көретін. Себебі, рия – құрт секілді. Амалдарыңды Ақыреттегі таразыға жеткізбестен жеп тасауы мүмкін.

Осы орайда, ілгері буын тақуаларының ықыласпен ара-қатынасы қандай болғандығын төмендегі 9 оқиға арқылы баяндамақпыз. Олардың жасырын амалдары, ізгі қасиеттері сіз бен біздің ықласты бола түсуімізге себепкер болады деп үміттенеміз.

 

1.     Намаз оқығанын қонағы сезбейтін адамдар

 

Хасән әл-Басрий алғашқы мұсылмандар амалдарын өзгелерден қалай жасырғандығын сипаттай келе былай дейді:

«Ол заманда кісі Құранды жинақтаса да, оны көршісіне сездірмейтін. Кісі көптеген фиқһ ілімдерін меңгерсе де, оны өзге адамдарға сездірмейтін. Кісі өз үйінде ұзақ намаз оқыса да, келген қонағы оны сезбейтін. Мен өз өмірімде осындай адамдарды көп көрдім. Алайда, кейінгілер құлшылықтарын жасыруға шамасы жетсе де, оны өзгеге көрсеткісі кеп тұрады.

Ал әуелгі мұсылмандар өзгеше еді. Мәселен, олардың Раббысы мен арадағы дұғаларын өзгелер естімейтін. Себебі, олар Алла Тағаланың: «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді..» («Ағраф» сүресі, 55-аят) деген аятын жақсы түсінетін».

 

2.     Жылай-жылай қос жанарынан айырылған

 

Һишәм әд-Дустуәий (оған Алланың рақымы болсын): «Алланың атымен ант етемін! «Хадис жинау мақсатымен шыққан күндерімді Алланың разылы үшін ғана арнадым» деп еш айта алмаймын» дейді.

Өзін осынша ықылассыз етіп көрсетіп отырған Һишәм әд-Дустуәийдің кім екенін білесіз бе?

Оның аса ықыласты хадисші болғандығын баяндаған замандасы Шуъбә ибн әл-Хажжәж (оған Алланың рақымы болсын) былай дейді: «Хадисті бір Алланың ғана разылығын ойлап жинайтын Һишәм әд-Дустуәийден өзге кісі бар деп ойламаймын». Ал Шәз ибн Фәйяд (оған Алланың рақымы болсын) оны сипаттай келе: «Һишәм көп жылайтын. Бірде ол осылай жылап, көзінен айырылды» деген мәлімет айтады. Һишәм сонда да рухын түсірмей, өзі жөнінде: «Қос жанарымнан айырылсам не бопты?! Қабірдің қараңғылығын айтамын» дейді.

 

3.     Өздерін ықылассыздықпен айыптаған ықыластылар

 

Ал Юсуф ибн әл-Хусейн: «Дүниедегі нәрселердің ең ардақтысы – ықылас. Мен жүрегімнен рияны алып тастау үшін қаншама рет тырыстым. Алайда, ол басқаша түрмен қайта өсіп шығады»  деген.

Мутарриф ибн Абдуллаһ (оған Алланың рақымы болсын) Алладан сұрап дұға етерде: «Уа, Алла! Мен  тәубе етіп, артынша оны қайта істеген нәрсем үшін Өзіңнен кешірім сұраймын. Және де өзіме міндет етіп Саған арнаған, бірақ оны толық етіп істемеген нәрсем үшін Өзіңнен кешірім сүраймын. Сондай-ақ, Сенің дидарыңды ғана қаладым деп істеген, бірақ онда Саған мәлім нәрсені жүрегіме араластырғаным үшін Өзіңнен кешірім сұраймын» деген сөздерді айтатын.

Яғни, алғашқы мұсылмандардың барлығы да өзгелерге үлгі боларлық тақуа жандар болатын. Сөйте тұра, олар өздерін ықылассыздықпен айыптаған.

 

4.     Түнгі намазын әйелінен жасырып оқыған кісі

 

Хассән ибн Әбу Синәннің (оған Алланың рақымы болсын) әйелі өзінің күйеуі жөнінде былай дейді: «Ол келетін де, менімен бірге төсекке кіретін. Содан соң, анасы өз сәбиін алдап ұйықтатқаны сияқты мені алдайтын. Яғни, менің ұйықтағанымды сезсе, (төсектен) сытылып шығатын да, түнгі намазға тұратын. Бірде мен оған: «Әй, Абдуллаһтың әкесі, осынша қиналасыз ба? Өзіңізді аясаңыз не етті!» дедім. Сонда ол: «Доғар! Не деп тұрсың?! Ұзақ уақыт жататан ұйқыға кеткелі тұрған жоқпын ба?!» деп жауап берді».

 

5.     Отағасының қырық жыл ораза ұстағанын білмеген отбасы

 

Дәуд ибн Әбу Һинд өзінің отбасына білдірмей қырық жыл бойы ораза тұтқан. Яғни, ол отбасының көзінше үйден азық алып шығатын да, оны жол бойы садақа етіп тарататын. Ал кешқұрым келгенде, түк болмағандай олармен бірге отырып ауыз ашатын.

 

6.     Жасандылықтан қауіптену

 

Әйгілі тақуа кісі Әли ибн Бәккар әл-Басрий (оған Алланың рақымы болсын): «Бір кісіге жолығып қалуымнан гөрі шайтанға жолығып қалуым мен үшін жақсырақ. Өйткені, мен кісі көзінше жасандылық танытып, есесіне Алланың назарынан мақұрым қалудан қорқамын» деп айтқан. Яғни, бұрынғының мұсылмандары өзгенің алдында жасанды амал танытып күнәға батудан қауіптенетін.

 

7.     «Қатты тұмауратып қалыппын» немесе көз жасты жасыру

 

Хаммәд ибн Зәйд (оған Алланың рақымы болсын) былай дейді: «Әйюб бір хадис айтар болса көңілі босап кететін. Екі көзіне жас келе бастаса, суық тиген адамдай мұрнын тартып: «Қатты тұмауратып қалыппын!» деп көз жасын жасыратын». Хасән әл-Басрий (оған Алланың рақымы болсын) былай дейді: «Егер біреу көпшілік отырыста ақыретті ойлап көзіне жас алса, өзін дереу тоқтататын. Ал егер көз жасын тоқтата алмайтынын сезсе, тұрып кететін».

Мухаммәд ибн Уәсиъ (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Жиырма жыл бойы жылап жүргенін өз әйелі білмейтін де кісілер болған».

Тағы бір риуаятта ол былай дейді: «Көптеген кісілерді көрдім: көздерінен аққан жас жүздерін жуып кететін. Сөйте тұра олар мұны бір жастықта басы түйісетін жұбайларына да білдірмейтін. Кейбір кісілерді көрдім: намазға тұрса болды көздері парлап ағатын. Сөйте тұра олар мұны өздерімен бірге иық тіресіп сапта тұрған кісіге білдірмейтін».

 

8.     Авторы қайтыс болғаннан кейін жарық көрген кітап

 

Имам әл-Мәуирдийдің (оған Алланың рақымы болсын) кітап жазудағы ықыласы жөнінде таңғаларлық оқиға айтылады. Бұл кісі тәпсір, фиқһ сынды ірі салалар бойынша еңбектер жазса да, көзі тірісінде оның ешқайсысы да жарық көрмеген. Себебі ол қандай еңбек жазса да, оны өзінен басқа ешбір пенде білмейтін етіп бір жерге жасыратын. Өзіне өлім сәті келген шақта ең сенімді бір кісіге сыбырлап: «Пәлен деген жерде кітаптар жасырулы. Оларды мен жазғанмын. Ықылас-ниетім құбылмалы болғандықтан, ешқайсысын жария етпедім. Маған өлім анық келіп, жан тапсырар кезімде қолыңды қолыма қой. Егер қолыңды ұстап қысатын болсам, онда менен ештеме де қабыл болмады деп біл және оларды апарып қараңғы түнде Дижлә (Тигр) өзеніне ағызып жібер. Ал егер қолыңды қыспай ашық тастасам, бұл олардың қабыл болғанының және Алладан өмір бойы сұраған тілегіме жеткенімнің белгісі деп біл» дейді.

Әлгі сенімді кісі Имам әл-Мәуирдийдің өмірмен қош айтысу сәтін былай деп сипаттайды: «Оған өлім сәті келгенде қолымды оның қолына қойдым. Ол менің қолымды қысқан жоқ, алақандары ашық болды. Мұны оның амалдарының қабыл болуының белгісі деп білдім. Өзінің өсиеті бойынша мен оның өмір бойы жасырын жазған кітаптарын жарыққа шығардым».

 

9.     «Түннің қараңғысында берілген садақа Раббының ашуын өшіреді»

 

«Зейнул-Ъабидин» атанған Әли ибн әл-Хусейн (оған Алланың рақымы болсын) бір дорба ұнды иығына салып алып, жан адамның көзіне түспей, қараңғы түнде кедей-кепшіктердің үйін аралап шығатын. Ол өз уағыздарында«Түннің қараңғысында берілген садақа Раббының ашуын өшіреді» дейді екен. Қаладағы кедейлер өздерінің күнделікті жейтін қорегін кім әкеліп тастайтынын біле алмай дал болатын. Осындай түндердің бірінде табалдырықтарға нан қойып кететін белгісіз кісі келмей қалады. Өйткені, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) немересі Әли ибн әл-Хусейн (оған Алланың рақымы болсын) қайтыс болған еді. Оның өлі денесін көргенде өмір бойы арқалап өткен қаптың ізі иығын қиып тастаған екен. Түн қараңғылығын жамылып, қаладағы жүз кедей отбасына жасырын қорек тастап кететін белгісіз жанның кім екенін адамдар ол өмірден өткен соң бір-ақ біледі...

Қанеки, дәл қазір өзіңізден «бүгін мен қандай жасырын құлшылық жасаймын?» деп сұрап көріңізші!

 

 

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер