Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Құлшылық қайткенде қабыл болмақ?

Мақалалар

 

Құлшылық – бұл Алла жақсы көретін, разы болатын жария және жасырын сөздер мен істер. Құлшылық – Алланың құлындағы хақысы, құлының Раббысы алдындағы міндеті. Алла Тағала Өзінің рақымымен пайғамбарлары арқылы құлшылықтың барлық түрін айқындап берді. Сондықтан да, адамдардың емес, Алланың разылығын табу қашан да оңай.  Сіз әрбір мақтау-мадақ сөзді, ұйқыны, тамақты, ата-анаға, туған-туысқа деген қарым-қатынасты «ниет» деген дәмдеуішті қосу арқылы құлшылыққа айналдыруды білесіз. Бірақ, мұнымыз қандай жағдайда қабыл болмақ?

Ислам – сіздің, біздің ойымыздан, көңіл қалауымыздан тұрмайды. Бұл әлемдердің Раббысының діні болғандықтан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін Иесі ғана шешеді. Бізге ұнамаған нәрсе дін бойынша дұрыс деген сөз емес. Құлшылық Аллаға ұнамды ма, ұнамсыз ба деген сауалдың жауабы арқылы анықталады: «Алланың тура жолынсыз көңіл құмарлығына ергеннен өткен адасушы бар ма?» («Қасас» сүресі, 50-аят), «(Ей, Мұхаммед!) Содан кейін сені істе (дінде) шариғат жолына салдық. Енді соған ер және білмейтіндердің көңіл құмарлығына ерме» («Жәсия» сүресі, 18-аят). Сонымен, құлшылығым қабыл болсын десеңіз...

Амалдарды кемелдендіретін 5 нәрсе

Ілгергі буынның ізгі ғұламалары: «Бес нәрсе бар. Сол нәрселермен амал толық болады. Олар: Алланы тану, хақиқатты білу, амалында Аллаға ықыласты болу, сүннетке сәйкес амал жасау, тек халал нәрселерден ішіп - жеу. Егер осы нәрселердің біреуі жоғалса істеген амалдан сауап жоқ. Ол дегеніміз – егер Алланы танып хақиқатты білмесе оған амалдан пайда жоқ. Және Алланы танып, хақиқатты біліп, бірақ амал ықылассыз орындалса – пайдасыз. Сол сияқты Алланы танып, хақты біліп амалда ықыласты болып, бірақ оны сүннетке сәйкес жасамаса және пайдасыз. Тіпті жоғарыда келгеннің бәрі орындалып, бірақ ішіп-жегені халал болмаса – амал пайдасыз" деген екен. ("Жамиғул-ғулум",87).

1.     Алланы тану.

Кез келген ақыл иесіне ең бірінші парыз болған құлшылық – Алланы тану. Бұл үрдіс еңбектеген сәттен еңкейген шаққа дейін жалғасады. Ғұмыр бойы... Ғалымдар жер бетінде Алланы танудан артық ләззат жоқ деген екен. Неліктен? Себебі, Құдайын танымаған адам дұрыс әрі ықыласпен құлшылық жасай алмайды. Адам өзі танымайтын нәрседен қорқуы, қажетін сұрауы мүмкін бе? Сіз анаңыз бен әкеңізді, жарыңызды жақсы көресіз, өйткені, жақсы танисыз. Ақиқатында, Құдайды жақсы көру, қорқу, үміттену де – Оны танумен келетін қасиеттер. Алланы тану – мәңгілік рахаттардың бесігі болған Жәннаттың есігін ашу. Раббысын танымаған адам – Өзін де тани алмайды. Өзіне ненің зиян, ненің пайда екендігін біле алмайды.

2.     Құлшылықты бір Аллаға арнау.

«Әй, адамдар! Сендерді және сендерден бұрыңғыларды жаратқан Раббыларыңа құлшылық етіңдер! Сол арқылы тақуа болысыңдар. Ол сондай Алла: сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен, ризық шығарды. Сондықтан, біле тұра Аллаға серік қоспаңдар!». («Бақара» сүресі, 21-22-аят). Алладан басқа жарату, жан беру, ризықтандыру құдіретіне ие басқа Тәңір жоқ. Ал мұндай қасиеті жоқ басқа ешбір нәрсе құлшылыққа лайық емес.

Қадамыңызды таухид ілімін үйренуден, бүге-шігесіне дейін зерттеуден бастаңыз. Себебі, құлшылық серік қосумен «лайланса», амалдарыңыз түгелімен жойылып кетеді. Бұл бір – тесік шелекке су құйғандай: «Ақиқатында, саған және сенен алдыңғыларға (алдын өткен әрбір пайғамбарға): «Егер Аллаға біреуді серік етіп қоссаң, амалың жойылып кетеді әрі анық зиян шегушілерден боласың» деп уахи етілді». («Зумәр» сүресі, 69-аят).

3.     Ықыласты болу.

Ықылас – істеген амалына Алладан өзге куәларды талап етпеу. Ықылас - барша ынта-назарды Аллаға дауамды (үздіксіз) түрде бұруменен адамдардың өзіне деген көзғарастарын ұмыту. Атақты Ислам ғұламасы  Фудаил Ибн Ъияд: "Адамдарға бола амалды тәрк ету – рия (мақтангершілік). Ал енді олар үшін амал жасау – Аллаға серік қосу. Ал ықылас – осы екеуінен де таза болу"- деген. 

"Ол (сондай Алла) сендердің қайсыларың амал қылуда жақсырақ екенін сынау үшін өлім мен өмірді жаратты» («Мүлк» сүресі 2-аят). Осы аяттың "амал қылуда жақсырақ" - деген бөлігі туралы Фудайл ибн Ъияд: "Амалдың жақсырағы – ең ықыласты және ең дұрыс болғаны"- деп, түсіндірме берген.

Амалдың дұрыс болуы дегеніміз - сүннетке сай келгені, ал ықыласты болғаны – Жалғыз ғана Алланың разылығы үшін орындалғаны. «Кімде–кім Раббысына жолығуды үміт етсе, салихалы амалдар жасасын және Раббысы үшін болған ғибадатында Оған ешкімді ортақ етпесін» («Кәһф» сүресі, 110-аят). Яғни амалдарын орындау барысында оның нәтижесін тек жалғыз ғана Алладан үміт етіп, дүниелік мақсаттарды күтпей орындасын.

 

4.     Сүннетке сай амал жасау.

 

Адам баласы жасайтын әрбір амалы үшін, кішісі болсын, үлкені болсын екі сұраққа жауап беруі тиіс. Яғни, «не үшін жасап жатырмын?»  және «қалай жасап жатырмын?» Бірінші сұрақ амалдың жасалу себебі мен онда көрсетілген мақсатты айшықтайды (бір Аллаға арнау, ықылас). Ал, екінші сұрақ – амалдың қалай жасалғанын көрсетеді. Яғни ол жасалынған амал Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне әмір қылған істерінен бе? Жоқ, әлде одан өзге нәрсе ме? Дұрысы – кез келген құлшылықтың сүннетке сай болуы, Пайғамбар көрсеткен жолмен атқарылуы. Құранда бұл туралы: «Елші сендерге не берсе соны алыңдар да, ол сендерді неден тыйса содан тыйылыңдар» («Хашр» сүресі, 7-аят), «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алғандарға – Алланың Елшісінде көркем үлгі-өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят) делінсе, хадисте: «Егер кімде-кім біз көрсетпеген бір іс (құлшылық) істесе, ол қайтарылады (қабыл болмайды)» деп ескертілген. (Муслим).

 

5.     Халал нәрселерді ішіп-жеу.

 

Алла Тағала «Мәида» сүресінің 88-аятында: «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер» дейді. Тағы бірде: «Біз сендерге ризық етіп бергеннің жақсыларын жеңдер. Әрі онда шектен шықпаңдар. Әйтпесе, сендерге қаһарым түседі. Ал кімге Менің ашуым түссе, ол сөзсіз құрыды» деп ескертеді. («Та Һа» сүресі, 20-аят). Сол себепті, отбасыңызға ұсынатын тағамдарыңыздың халал болуын барынша қадағалаңыз. Себебі, құлшылықтың қабыл болуы үшін жейтін ризығымыздың адал болуы талап етіледі. Халал ас – тек қана Алланың атымен сойылған малдың еті ғана емес, ол адал еңбекпен табылуы қажет. Сондай-ақ, хадисте арақ ішкен адамның 40 күн намазы қабыл болмайтындығы айтылады (алайда, бұл уақытта намазды тастамау керек).

 

6.     Парыз амалдарды түгендеу.

 

Әрбір мұсылманнан ең алдымен парыз болған құлшылықтарды атқару талап етіледі. Себебі, Қияметте құлдың бірінші сұралатыны – парыз амалдар. Ал нәпіл ғибадаттар – парыздардың орнын толтыру, құлшылықты кемелдендіру, Аллаға сүйікті болу жолында қажет болады.

Себебі, Муслимнен жеткен құдси хадисте Қияметте адамдардың ең алдымен парыз намаздан сұралатындығы айтылады. Сонда Алла Тағала құлын бәрінен артық біле тұра періштелерден: «Менің құлымның намазына қараңдар, олар кәміл мен әлде кемшіліктері бар ма?» деп сұрайды. Егер, намаз кемшіліктен ада болса, толық намаз ретінде қарастырылады; кемшіліктер болса, Алла нәпіл ғибадаттарды сұрап, парыздарды толықтыруға бұйырады».

Келесі бір құдси хадисте: «Кімде-кім менің жақын құлыммен жауласатын болса, Мен оған қарсы соғыс жариялаймын. Менің құлым оған бұйырған парыз ғибадаттарымнан артық нәрсемен жақындай алмайды. Құлым нәпіл намаздармен Маған жақындыққа ие болады, ақыры соңында, Мен оны жақсы көремін. Мен оны жақсы көрген сәттен бастап, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Егер бұл құл Менен бір нәрсе сұраса, Мен оны міндетті түрде беремін, егер, Менен пана сұраса, оны сақтаймын және жасырамын» делінген. (Муслим).

Сол себепті, Раббысының разылығына жетіп, жақын құлы болғысы келген мұсылман ең алдымен парыз құлшылықтарға ықтиярлық танытқаны абзал. Аллаға Оның парыз еткен құлшылықтарынан кейін нәпіл ғибадаттармен жақындау – пендені сүйген Раббысының сүйіктісіне айналдырады. Иманын кәміл етеді, сауабын асырады.
 Сөзіміздің соңын ақын ағаларымыздың мына бір өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді:

«Берілген сынақ үшін тіршілік бұл,

Сондықтан құлшылық қыл, құлшылық қыл.

Иманды күзетпесең шайтан сені,

Тозаққа түсірем деп құлшынып тұр».

 

 

 

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер