Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Мұхамеджан Тазабек: «Күйеуіне бір рет есік қақтырмаған әйел»

Мақалалар

 

Алғаш Жамал апаның өзінен бұрын маған ол кісінің даңқы жеткен-ді. Ол кісіні көруге қатты құмарттым. Өйткені, досым әрі ағам болып келетін Бахараддин Жамал апаны үнемі тілге тиек ететін. Қанша есейіп, соқталдай ер жігіт болып кетсе де, ұлдарын жөнге салып, кейде, тіпті, таяқпен ұрып-ұрып жіберетін көрінеді. Бірде аты дардай генерал баласы үйінде шалқасынан түсіп жатқанда, «мынау не жатыс?» деп тартып-тартып жіберіпті дегенге дейін құлағым шалды. Сол кездерде маған қаһарлы, түсі сұсты кейуана елестейтін. Содан бірнеше жыл дегенде ол кісіні өз көзіммен көру бақыты да бұйырды.

Алғашқы кездесуден-ақ ерекше әсер алдым. Оны, тіпті, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тура алдымда ақ жаулықты, аппақ киім киген, жүзінен мейірімі төгілген, жылы шырайлы Жамал апа тұрған еді. Асыл ана деген өзінше бір тұлға екен ғой! Дәл қазақтың байырғы батыр аналарының жұрнағындай еді. Таныстықтықтан соң, Жамал апамен етене жақын араласып бір кітапқа арқау болатын өмір жолынан хабардар болғандықтан, жүрген жерімде ол кісіні үлгі етіп айтуды әдетке айналдырдым.

Жетісай өңіріне аты кеңінен танымал, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, немерелі-шөберелі Жамал апа туралы кейін деректі фильм де түсірілді.

Мен мынадай ерекше қасиеттерінің астын сызып айтқым келеді. Жамал апа – мемлекеттен керемет бір қолдау көрмесе де, күйеуінен ерте айырылып қалса да, ешкімге қол жаймай, бір Аллаға сүйеніп, тұқымында бар тектілігімен, тағдырдың қиыншылығына мойынсұнбаған қайсар жан. Толықсыған жас кезінде жұбайынан ерте жесір қалса да, он шақты баланы уысынан шығармай бағып-қаққан. Күнін қалай өткізеді, түнде не істейді, ұлдары көшеде қатарластарынан таяқ жеп жүр ме деген сияқты ұсақ-түйектен бастау алатын өмірлік тәрбиесіне де аса зор көңіл бөлген. Есесі кетіп жатса, кәдімгідей қайрап, артық кетсе, тізгіндеп, былайша айтқанда, ұлдарын жігіт, қыздарын биязы етіп есейткен. Жалғыз қалдым демей-ақ, бар күш-жігерін сарқа жұмсап, бір өзі ғана күллі балаларын ер жеткізді, киіндірді, оқытты. Ұлдарының есімі Қазақстанға танымал. Нағыз азамат деген атқа лайық. Қыздары да мінезге бай, ашық-жарқын, кез келген адаммен тіл табысқыш. Перзенттерінің ішінде алабөтен таланттылары да бар, ешқайсысы жерге қаратып отырған жоқ. Себебі, «қыранның жұмыртқасы қарда жатып шыңдалады» демекші, бұл кісі балаларын ыстыққа да, суыққа да төзімді етіп, еңбекке де жегіп, бейнетке де сала жүріп, бар мейіріміне бөлей жүріп жетілдірген.

Ұлды «шағын мемлекетті» емін-еркін басқаратын қайраткер, ал қыз баланы барған жеріне «балдай батып, судай сіңетін» келін етіп өсіре алмай отырғанда, мұндай кісілер ғажап үлгі. Бұл – бір. Екіншіден, Жамал апа – тамаша жомарт, қолы ашық адам. Өзін құдды бір елдің барлығына қарыз адамдай сезінеді. Бұл қазақ қана емес, бүкіл адамзаттың жоғалтып алған қасиеті ғой. Себебі, ілгеріде өткен ізгілер, сахабалар сұрасаң қолыңды қайтармайтын жомарт еді. Сондай-ақ, сұрағаныңнан асырып беретіндері де бар еді. Оған қоса, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі сахи жомарт еді, ол сұратпай беретін. Жамал апамыз сол үдеден шыға білген адам. Қашан көрсең, сұратпай беруге, қажетіңді өтеп жіберуге асығып тұрады.

Мәселен, мен апамен ұлы сапарда бірге болдым. Қасында жүрдім, қолынан ұстадым, қағбаны бірге айналдық. Бірге зәмзам суын ішіп, жолда сапарлас болдық. Сол сапарда Жамал апа көшеде кездескен жүзі салыңқы, иығы салбырағын кез келген мүсәпірге садақа бере берді. Мына бір жәйт қызық. Ол кісі балаларының жағдайының бар екенін біледі: әрқайсысына «әй, әмияныңды бер, ішіндегісін тегіс бер деп» еркелей әрі талапшыл кейіппен ақшаларын алып алады да, Меккедегі бүкіл жұртшылыққа, ол мейлі өзіміздің ұлт болсын, мейлі басқа болсын, уыстап ақша ұстатты. Айта кететін тағы бір ерекше жәйт, алғаш Меккеге табанымыз тигенде, Аллаға сансыз шүкіршілік етіп, ішкі жан-тәнімен екі қолын қусыра кеудесіне қойып, «О, Жаратқан, тиді ғой мына қасиетті жерге аяғымыз, тиді!» деп егіле құлшылық еткені – жүректі елжіретті, көңілді толқытты.

Жамал апа – елдің анасы, кәдімгі тура мағынасындағы ел анасы. Теледидар, радио жаңалықтарын мұқият тыңдап, жақсыларына қуанып, жамандарына кейіс білдіріп отырады. Тіпті, олардың байланыс нөмерлерін тауып алып, бергісі жүргізушіс-журналист, арғысы басшысына шығып, қарапайым халықтың пікірін жеткізе білетін сыншы деуге де болады. Талай бағдарламалардың түзетілуіне, мен өткір ойлардың айтылуына себепкер болды.

Әжеміз жайында айтатын тағы бір жәйт, ол кісі – айбынды адам. Неге қазір қыздарды еркектер басынады? Көп жағдайда бұл нәзік жандыларға байланысты. Шын мәнінде, қыз баланың бойында имандылық пен ибалық тұнып тұрса, қарсы жақ еріксіз ығар еді. Басынбақ түгілі, артық тіл қатуға бата алмас еді. Қыз балада қызға тән қылық пен айбын болуы керек. Көрінген еркек көзіне қарап, ойындағысын істеп кетпеуі керек. Соның кесірі, талай әйел затын орға омақата жығып, орны толмас өкініш қалдырып жатыр. Бір себебі, діні бөлек, азаматтық түр, сипаты жоқ адамдар олжалап жатыр, етектен төмен ойлайтын ұсақ жігіттер қыздарды қолжаулық қылуды машық қылуда. Ибасы мен иманы төгіліп тұрса, ешкім қия баспас еді. Қырғилардан аман қалар еді. Осы екі қасиет қанмен келеді, тәрбиемен келеді, Құдайдан тілеп жүріп келеді. Ал, бұл қасиеттер апамызда бар. Ибалы мен иманы болуы өз алдына, азулы мен айбыны өз алдына бір төбе. Осындай аналардан көпке нұрын төгетін тұлға жігіттер өмірге келмегенде ше?! Небір алтын құрсақты ана болатын қыздар өмірге келеді.

Апамыз бірде былай деген еді: «Мен ерімді құрметтеп, қадірлеймін. Отасқан жылдарымызда бетіне келіп, бір ауыз тіл қайырып көрмеппін. Сапарлап кеткенде, бір рет те есік қақтырып көрген емеспін...»

Иә, оны ұйқысынан оятатын есіктің қоңырауы емес, жүрегіндегі қоңырау еді. Апамыз күйеуіне  шын жан дүниесімен беріліп, оның көңілінен шығуға  ұмтылып, барлық ниетімен берілді. Соған орай, Алла оған күйеуінің тықырын алыстан сезетін сақтық берген. Ал «не бопты сонша, келсе келер» деп ықылассыз болса, таңға дейін есік тоқылдатса да, оянбауы мүмкін еді.

Міне, дәл осындай қазақ аналарын қалай құрметтемейміз, қалай қадірлемейміз?!

 

ПІКІР (3)

Болат

Елге жасап жатқан қызметтеріңізге көп рахмет мерейлерің үстем болсын алға қойған мақсат мүдделеріңізге жетіңіздер екі дүниенің жақсылығын көріңіздер

Н.Шафиға

Өте əсерлі екен.Нағыз қазақилық тəрбие.Ар-ұят,ибасы бар жан ешқашан қор болмас.

Айкүл.Айдарова

Я мен білем.Жамал апамен қалай жолығуға болады

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер