Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

«КҮЙЕУІМНІҢ КӨҢІЛІНЕН ҚАЛАЙ ШЫҒАМЫН?!»

Мақалалар

(әйелдерге арналған маңызды кеңестер)

 

Бізге Алла Тағала ерлі-зайыпты екі жасқа олардың отау көтерудегі мақсатын айқындап берген: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят). Яғни, ер мен әйел үнемі «Алла берген сүйіспеншілік, мейірім-жанашырлықты қалай сақтап қаламыз?»және «Жарымның тыныштық, тыным табуы үшін не істей аламын?» деген сауалдарға жауап іздеп, тапқанын амалына асыра алғанда ғана отбасы баянды болмақ.

 

«Ұмытшақ» болған жақсы! Сіз бір күнә жасасаңыз, дереу «Астағфируллаһ» деп Алладан кешірім сұрайсыз. Сол секілді, жарыңыздың кейбір ұсақ қате-кемшіліктеріне де «жарайды» деп қол сілтеуге, елеп-ескермей өткізіп жіберуге тура келеді. Сіз бір үлкен күнә жасасаңыз, арнайы тәубе намазын оқып, сол күнәңізді тастайсыз, өкінесіз, содан кейін қайталамайсыз. Дәл осылай, арада болған үлкен кикілжің, түсініспеушілітерді біржола ұмытып, «тез қайтқыштық», «ұмытшақтық» қасиетіне орын беріп, жүрегіңізді өкпе-реніштен босатыңыз. Жарыңыздың одан кейінгі қарым-қатынастарына есік ашып беру керек болады. Бұл – өте қиын. Әйтсе де бұлай жасау сіздің қолыңыздан келеді!

 

«Сен әлемдегі ең керемет күйеусің!» Жақсы сөз – садақа. Сіздіңаузыңыздан шығатын бұл садақаға жан жарыңыздан артық лайық адам бар ма? Оның сізге жасаған қамқорлығы мен сүйіспеншілігіне орынды айтылған бір ауыз комплимент – екі есе керемет істермен қайтады. Мақтау, қолдау сөздерді естіген ер адам алға жылжиды. Ол одан да жақсысын жасауға талпынады. Сіз білесіз бе, асыл дініміз ер мен әйелге араларын жақындастыру мақсатында осындай әдістерге баруға рұқсат берген. Сол себепті әйелдердің күн сайын (олай болса да, болмаса да): «Сіз әлемдегі ең керемет күйеусіз!», «Әлемдегі барлық әйелдің күйеуі сіз сияқты болса, ешкім де бақытсыз болмас еді!», «Сіз Алланың маған берген ең үлкен бақытысыз!», «Сізсіз өмір сүре алмайтындаймын» деген сөздерді айтып тұрғаны жақсы.

 

Оған мына үшеуін де жасап көріңіз! Еркек үйдің отағасы, тіреуі бола тұра, күтімі жағынан келгенде үйдің үлкен баласы екенін ұмытпайық.Алған әйелінің анасы сияқты өзіне қамқорлық жасайтын, қарындасы сияқты өзін сыйлайтын және сүйген жар ретінде өзіне адал болғанын қалайды. Ал, сен оған осы үшеуін де жасап, солай жасай біліңіз. Және көбіне анасындай болып қамқорлық танытуды да ұмытпаңыз!

 

 

Жарыңызды мына әдіспен баурап алыңыз! Күйеуіңізді алдай біліңіз. Бұл жердегі «алдау» сөзін – арбау, өтірік айтумен, жалған сөйлеумен шатастырмаңыз. «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» деп Бұқар жырау айтқандай, ер адамды қылығыңызбен баурап үйреніңіз. Еркелете біліңіз, өзіңіз де еркелей біліңіз. Тек шектен шығып кетпеңіз. Ақылды ерке атаныңыз. Себебі, «әйел еркелесе – бәрін де жеңеді...» Осыны ұмытпаңыз!

 

Тәтті сөздерді де қолдануыңызға болады! Жолдасыңыз іс-сапармен немесе жұмыс бабымен сыртта жүргенде әсерлі сәттерді суретке түсіріп, оған жолдап отырыңыз. Сезіміңізді білдіретін тәтті сөздерді СМС арқылы жолдап, әлеуметтік желілерде түрлі жағымды смайликтерді пайдалануға болады. Бұл әдістерді жастар қауымы жиі пайдаланып жүрген болар, ал орта жастағы ерлі-зайыптылардың қатынасына серпіліс әкелетініне сенімдіміз.

 

Мына әдіс арадағы сезімнің күшеюіне себеп болады! Күйеуіңізге ыстық ванна дайындап, бөлмеңізді сәндеп, естен кетпес кештер ұйымдастырыңыз. Және оны өз қолыңызбен тамақтандырыңыз, массаж жасап беру секілді әрекеттердің өзі – арадағы сезімнің күшеюіне себеп болмақ. Әйелінің тізесін жастанып Құран оқыған еркектің бейнесі нендей керемет еді?! Ендеше осы әдісті күнделікті әдетке айналдырып үйреніңіз!

 

Бұл – рұқсат етілген әрі ең өтімді әдіс! Сезіммен сиқырлаудың тағы бір ұтымды әдісі бар. Ілгергі буынның ізгі ғалымдары: «Егер, қайсыбір әйел күйеуі үшін күнде әтірленетін болса, ерінің көзінше әсем киініп, үнемі оның сүйікті тамағын дайындап, ол жоқ кезде дүние-мүлкіне сақ болатын болса, ол әйел күйеуін сиқырлап алады» деген. Бұл – рұқсат етілген әрі ең өтімді әдіс! «Өзіміз ғой, сыртқа шыққанда киінемін, үйде боянуға уақыт жоқ» деу – үлкен ағаттық. Сіздің сұлу кейпіңізді көруге лайықты жалғыз жан,ол – тек жарыңыз ғана!

 

Осылай да жасап көріңіз! Сыйлық берудің арадағы сүйіспеншіліктің арттыратындығы хадисте айтылады. Және бұл – ер адамды тәрбиелеудің бір әдісі. Егер сіз күйеуіңізге бұрын да сыйлық беріп жүрген болсаңыз, сыйлық берудің жаңа әдістерін ойлап табыңыз. Ұсақ сыйлық алып, оны үлкен қорапқа салып бересіз. Сыйлықты үйдің бір бұрышына жасырып, күйеуіңізге түрлі жұмбақтар айту арқылы іздетесіз т.б. Қаражатыңыз болмаса, қолдан әдемі ашық хаттар немесе бұйымдар жасауға да әбден болады.Бәрі ниетіңіз бен шынайы көңіліңізге байланысты.

 

Күйеуінің көңілін аулағысы келген әйел мынаны міндетті түрде жасасын! Жақсы әйелге немесе еркекке ең бірінші жәрдем – Алладан. Күйеуінің көңілін аулағысы келген әйел Алламен қарым-қатынасын түзеп, алақанын жайсын. Жүрекке Алланың ғана әмірі жүреді. Қос жүрекке махаббат пен мейірімді салатын – Алла! Сондай-ақ, ешбір әйел өзінің сымбаты, мінезі, байлығымен отбасын ұстап тұра алмайды. Ешбір әйел күйеуі үшін ғана жасаған амалдарымен, сұлулығымен мінезімен, дәмді тағамдарымен Жәннатқа жете алмайды. Ол барлық амалдарын Алла разылығы үшін жасауы тиіс. Алла сұлулықты жақсы көреді, бір-біріміз үшін сұлуланайық, Алла тазалықты, жаратылыстарының мейірімді болғанын жақсы көреді, біз де соған талпынайық деп сәт сайын ниетті түземек керек. Мұсылман алдымен Алланы жақсы көреді, ал жарын – Алла разылығы үшін жақсы көреді.

 

 

ПІКІР (1)

эльвира абсамат

оте керемет айтылган соз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер