Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

КӨЗ ТИЮ. АЛДЫН-АЛУ ШАРАЛАРЫ МЕН ОНЫҢ БЕЛГІЛЕРІ, ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

Иман


         «Көз – жылқыны қазанға, ал адамды қабірге салады» деген ескінің есті сөзін қазақ халқы әуелден-ақ біледі. Бұл сөздің тамыры тереңнен, яғни, дінімізден негіз алып отыр. Себебі, сахаба Жәбир (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Көз - адамды қабірге, түйені қазанға салады» деген хадисін жеткізген екен.
Имам Әбу Нуъим осы хадистің түсіндірмесінде: «Егер адамға көз тисе, оның әсерінен адам өлім құшуы да мүмкін», - деген.
Ислам ғұламалары: «Көз тию - ол бір нәрсеге адамның таңдануымен жүзеге асады. Егер адам қалқан-қорғансыз болса, көз міндетті түрде өз зиянын тигізеді. Ал егер бес уақыт намазы түгел, құлшылығы бүтін адам болса, ондай адамға улы оқтың зиян тигізуі екіталай. Тіпті, егесіне қайтып оралуы да мүмкін» деген. («Ақырет азығы» кітабынан)

        Демек, көз тию немесе назарлану – адам алдын-алып емделмесе өлімге алып келетін қатерлі дерт.



КӨЗ ТИЮ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУІПТІ?


        Адам үнемі Құран сүрелерін оқып сақтанып жүрмесе, тіл, көз тию – арты өлімге алып келетін өте қатерлі ауру. Бірде Пайғамбарымыздан: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Иә, Алланың Елшісі! Жаъфардың балаларына көз тиеді. Оларға дем салдырайын ба?"- деп сұрағанда, Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Иә, күмәнсіз егер адам тағдырынан озып кететін қандай да бір нәрсе болғанда, көз тию озып кетер еді" – деген.

(Тирмизи, Ибн Мәжаһ, Байһақи)

        Бұрынғы сахабалардың кезінде көзі тигіш адамдарды елдің ортасынан аулақ ұстауды бұйырған басшылар да болған. Имам Науауи Муслимнің "Сахих" атты кітабына жазған түсіндірмесінде: "Көзі тигіш адам өзгелердің арасынан өзін аулақ ұстағаны абзал. Егер ол адам кедей болса, оның адамдарға зиянын кетіру үшін оған арнайы ақша бөлінуі тиіс. Өйткені, оның зарары туралы Омар ибн әл-Хаттаб (Алла ол кісіге разы болсын): «Көз тиюдің зияны жұқпалы аурулардан да ауыр» деп айтты", - деген.
Сонымен бірге «Көптеген арты өлімге алып келетін асқынған аурулардың, сондай-ақ, қаржылық проблемалар мен отбасылық кикілжіңдердің себебі көз тиюден болуы ықтимал. Тіпті, кейбір отбасы ажырасып, туыстық қарым-қатынастар үзілуі де мүмкін. Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың жазуымен тағдырынан кейін менің үмметімнің ішінде қайтыс болатындардың көбісі - көз тиюдің себебінен болады» деген сөздері дәлел болады», - деген.



ЕҢ ҚАТЕРЛІ ҮШ ІНДЕТ


        Қасиетті Құрандағы соңғы сүрелердің бірі «Фәлақ» деп аталады. Бұл сүреде Алла Тағала:

«(Мұхаммед!): Айт: «Таңның Раббысына сиынып, қорғауын тілеймін,

Жаратқан нәрселерінің жамандығынан,

Әрі қараңғылықтың жамандығынан, ол жапқан кезде,

Және түйіндерге үрлеушілердің жамандығынан,

Әрі хасадшының (күншілдің) қызғанған кездегі жамандығынан», - деген.
Бұл сүре Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы сиқыр жасалып, ол ауырған кезде түскен еді. Кейін Алла Елшісі (оған Алланың иглілігі мен сәлемі болсын) сиқырға және көз тиюге қарсы осы сүрені оқитын болған.

        Сахабалардың бірі Әбу Саъид (оған Алла разы болсын): "Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жындардың жамандығынан және адамдардың көздерінің тиюінің кесірінен пана сұрайтын, ал "Фәлақ" және "Нас" сүрелері түскенде осы екеуін (жындардың жамандығына және көз тиюге) қарсы оқитын болды", - деген.
(Тирмизи, Нәсаи, Ибн Мәжаһ)


***


Бұл аяттарды түсіндірген ғалымдар: "Жаратқан нәрселердің ішінде жындардың, мақұлықтардың адамдардың барлығының кесірі қамтылған", - деген. Алайда, келесі аятта Алла Тағала барлық жаратылыстың ішінен ерекшелеп үш түрлі кесірді атайды. Ол - «түннің», «сиқыршылардың» және «күншілдердің» кесірі. Бұдан осы аталған үш нәрсенің өте қауіпті екенін байқауға болады. Себебі, ондағы кесірлер жасырынған, яғни ғайып, адамдарға белгісіз. Ал олардан келетін зиян - ешбір заманауи ғылымның жетістігімен анықталмайтын құбылыс.



ПАЙҒАМБАРЛАР ДА БАЛАЛАРЫНА КӨЗ ТИЮДЕН ҚОРЫҚҚАН


        Көз тию ақиқат болғандықтан, бұрынғы адамдар, тіпті, ізгі деген пайғамбарлардың өздері балаларына, өздеріне көз өтіп кетуден қорқып сақтанатын болған. Алла Тағала Құранда Яқуб (Жақып) пайғамбардың (а.с) балаларына айтқан сөздерін былай деп келтіреді:
«Әй, балаларым! Қалаға бір қақпадан кірмей, бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер. Мен сендерге Алладан келгенге көмек бере алмаймын. Үкім ету иелігі Аллада ғана, мен Аллаға жүгініп, Оған ісімді тапсырдым. (тәуекел еттім). Біреуге жүгініп, сенім артушылар Аллаға жүгініп, Оған істерін тапсырсын» («Йусуф» сүресі, 67-аят)

        Яқуб неге балаларына «қалаға бір қақпадан кірмеңдер» деді?
Құран аяттарын түсіндіретін тәпсір ғалымдары бұл туралы: «Себебі, Яқуб пайғамбардың (а.с) балаларының көптігі, олардың тұлғалық тартымдылығы мен сұлулығы және барлығы да бір-ақ адамның ұлдары болуы - адамдардың көреалмаушылығын туғызып, көздері тиіп кете ме деп қорыққан, алдын-ала сақтанған», - дейді.


        

КӨЗ ТИЮДІҢ БЕЛГІЛЕРІ


        Ғұлама ғалым  Мұхаммед Ас-Садхан адамға көз тию тәжірибеде көбінесе төмендегі жағдайларда анықталатынын айтқан:

  1. Бастың әр жері үздік-үздік болып ауырады;
  2. Бет сарғаяды;
  3. Көп терлеп, дәретке жиі баратын боласыз;
  4. Тәбетіңіз әлсірейді;
  5. Аяқ-қолдарыңыздың басы ұйып қалады, тоңады;
  6. Жүрек қағысы жиілейді;
  7. Иық пен арқаңыз ауырады;
  8. Күйзеліске түсіп, кеудеңіз сығылады;
  9. Ұйқысыздық пайда болады, түнде ұйықтай алмайсыз;
  10. Бойыңызды қорқыныш билейді;
  11. Жиі кекіресіз, есінеу, ауыр тыныс алу деген секілді құбылыстар көбейеді;
  12. Бөлектену, жалғыздыққа қашу жиілейді;
  13. Енжарлық пен жалқаулыққа ұрынып, ұйқы басады;
  14. Медицина нақты диагноз қоя алмайды;
  15. Денеңізде немесе жүзіңізде ерекше қара дақ пайда болуы мүмкін. 


Егер осы белгілердің бірі бойыңыздан немесе туыстарыңыздан табылып жатса, дәрігерлердің көмегіне жүгінуіңіз керек. Ал олар ауруды анықтай алмай, көз тигені анық болатын болса, онда тек шариғат рұқсат еткен амалдармен емдейтін сенімді адамдарға ғана баруыңыз керек. (ғалым, имам, т.б) Дем салушы адам науқастың тамырын ұстап, құмалақ салып, «өлілермен сөйлесемін» деп шайтандармен байланысқа түсетін «бақсы», «балшы» болмауы шарт. Себебі, олар сізді адастырып серік қосу сияқты кешірілмес күнәға ұрындыруы мүмкін және олардың тілектері қабыл емес. Алла Тағала: «Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар», - деген.
(«Мәида» сүресі, 90-аят)

Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кімде-кім көріпкелге барып, одан бір жайт жайлы сұрап, оған сенетін болса, оның қырық күндік намазы қабыл болмайды", - дейді. (Муслим)

(яғни бұл жерде қырық күндік намазының сауабы болмайды, бірақ сол үшін намаздарын мүлде тастап кетуіне болмайтындығы айтылған)



КЕЙДЕ АДАМ ӨЗ-ӨЗІНЕ ДЕ КӨЗ ТИГІЗЕДІ


        Кейде адам өзінің жасаған бір ісіне, сөйлеген сөзіне іштей риза болып, масаттанып қалатын кездері де болады. Өз-өзіне тоқмейілсу, көңілі толып, «мен ғой енді» дегендей, өзінің зеректігіне, тапқырлығына, ақылдылығына риза болу – өзіне-өзінің көзі тиюіне жол ашуы әбден мүмкін. Мұндай адамның ісінде үнемі қателік пайда болып, өзгелермен сөзі жараспай, ісі қабыспай, ойға алған жұмыстары жүрмей қалып, қырсығып, жолы байланып, сәтсіздіктерге тап болып қалып жатады. Сондықтан адам қандай да бір жетістікке жетпесін, үнемі ол талант пен білімді, денсаулықты оған Алланың беріп тұрғанын есінен шығармауы керек. Адамға абыройды беретін, оның құрметін арттырып, қара басын қадірлі етіп қоятын - Алла Тағала. Қаласа, абыройыңды бір-ақ сәтте түсіріп, жеңісіңнің, атақ-дәрежеңнің күл-талқанын шығарады. Сондықтан егер жолың болып, жеңістің дәмін татып жатсаң, өмірің тыныш болса, «өзімнің еңбекқорлығымнан не менің ғана ақылдылығымнан» деп ойлама. Бар болғаны Мейірімді Алла Тағала ісіңе жеңілдік беріп, өміріңді реттеп жатқанын естен шығармағайсың.



АЙНАҒА ҚАРАП ТҰРЫП ТА ӨЗ-ӨЗІҢІЗГЕ КӨЗ ТИГІЗЕ АЛАСЫЗ...


        Бірде бүкіл аң-құстардың тілін түсінетін Сүлеймен пайғамбар (а.с) өзінің әскерін жинап келе жатады. Кенет әскер құмырсқалар жүретін алқапқа жақындағанда бір аналық құмырсқа: «Ей, құмырсқалар! Илеулеріңе кіріңдер. Сүлеймен мен оның әскері сендерді байқамай таптап кетпесін», - дейді. («Нәмл» сүресі, 18-аят). Жанындағылардың ешқайсысы байқамаса да, ерекше қабілет берілген Сүлеймен пайғамбар құмырсқаның бұл сөздерін естіп, күліп жібереді. Және сол кезде өзінің бойындағы артықшылығы үшін өзін басқалардан артық, зор санап, масаттанбайды. Әйтпесе, «мен жалғыз өзім ғана құмырсқалардың даусын естіп, түсініп тұрмын!» деп мақтанса, мұнысы өтірік болмас еді ғой? Алайда, ол мұның барлығы Алланың өзіне берген кеңшілігі мен сыйы екенін мойындап, бірден: «Раббым, Сенің маған және ата-анама берген игілігің үшін шүкір етуімді әрі Өзің разы болатын ізгі амалдар істеуімді нәсіп ет. Әрі мені Өз мейіріміңмен ізгі құлдарыңның арасына кіргіз», - деп дұға жасайды. («Нәмл» сүресі, 19-аят)
Міне, 
осы екі аят  бізге үлкен ғибрат.

        Біз мұны не үшін айтып отырмыз?

Біз көбінесе айнаға өзіміздің түрімізді дұрыстау үшін, киімімізді ретке келтіру үшін қараймыз және көбінесе өз-өзімізге сүйсініп, сұқтанамыз. Дұрыс, Алла осындай нығмет беріп тұрғанда неге сүйсінбеске? Алайда, біз бір нәрсені ұмытып кетеді екенбіз ғой.

Алла – Мусаууир. Бейне беруші, Суреттеуші. Алла Құранда: «Ей, адам баласы! Әл-Кәрим /аса Жомарт/ Раббың жайлы сені не алдады? Ол сені жаратты, дене мүшелеріңді үйлесімді етіп теңестірді және тұла бойыңды түзулеп, Өзі қалаған бейнеде құрастырды», - дейді. («Инфитар» сүресі, 6-8 аяттар)
Ендеше, айнаға қараған кезде бұл нығметті беріп тұрған Жаратушымызды да еске
 алып:

«Алләһуммә әхсәнтә холқии фә әхсин хулуқии»
«Иә, Раббым! 
Жаратылысымды көркем еткеніңдей, мінез-құлқымды да дұрыстай гөр!» - деп дұға жасауды ұмытпайық!


أحمد (24392) ، وأبو يعلى (5075) ، والطيالسي (372) ، والبيهقي في " الشعب " (8183) عَنِ عائشة قالت: " كَانَ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: ( اللهُمَّ أَحْسَنْتَ خَلْقِي ، فَأَحْسِنْ خُلُقِي )
(Ахмад 24392, әбу Яълә 5075, Таялиси 372)



КӨЗ ТИІП КЕТУДІҢ АЛДЫН-АЛУ ҮШІН...


Кейде көз тиіп кетуден сақтану үшін:


баламыздың киімін теріс айналдырып кигізіп;


көзмоншақ тағып;


көлігімізге қызыл шүберек байлап;


үйімізге таға іліп деген сияқты әртүрлі амалдарды жасап жатамыз. Бірақ бұл істердің ешқайсысы бізді жер бетіндегі ешқандай медицинаның шамасы келмейтін дерт – көз тиюден қорғай алмайды. Егер көзмоншақ ілу, шүберек байлау көз тиюден сақтайтын болса, Алла Тағала оған байланысты аят түсірмес пе еді? Және Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) төменде көрсетілген мына дұғаларды өсиет етпес еді ғой:



1. БАЛАҢЫЗҒА КӨЗ ТИЮДІҢ АЛДЫН-АЛУ ҮШІН МЫНА ДҰҒАНЫ ОҚЫП ЖҮРУІҢІЗ КЕРЕК:


«Уғизукумә би кәлимәтилләһи-тәммәһ, мин кулли шайтанин уә һәммәһ, уә мин кулли айнин ләәммәһ», яғни «Сен екеуіңді Алланың кемел сөздерімен; бүкіл шайтаннан, әрі түрлі улы жәндіктерден және сұқ көзден сақтай гөр» деп пана сұраймын»


Бұл дұғаны Ибраһим пайғамбар (а.с) өзінің балалары Исмаил мен Ысқаққа оқитын болған және Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жиендері Хасан мен Хусейнге осы дұғаны оқитын.
أعيذكما بكلمات الله التامات من كل شيطان وهامة ومن كل عين لامة
(Тирмизи, Әбу Дәуд)



2. ЖАҚСЫ НӘРСЕНІ КӨРСЕҢІЗ, ОҒАН ӨЗІҢІЗДІҢ КӨЗІҢІЗ ТИІП КЕТПЕС ҮШІН АЛЛАДАН БЕРЕКЕ ТІЛЕҢІЗ!


Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кім де кім өзінің бауырынан өзіне ұнайтын бір қасиет көрсе, бірден оған Алланың берекесін тілесін, себебі, көз тиіп кетуі мүмкін", - деген.
(Малик, Ибн Мәжәһ)

Сондықтан адам қандай да бір таңданысын туғызған нәрсеге қарағанда (мысалы, сәбиге, көлікке, үйге, киімге, т.б) дереу оған Алланың берекесін тілеп «Тәбәрак Аллаһ» немесе «Баракалла» секілді сөздерді айтуы керек. Қазақтың көңілі сүйсінгенде «Бәрекелді!» деп айтуы осы хадиске негізделген.

3. ӘСІРЕСЕ, НӘРЕСТЕНІ БАРЫНША ЖАСЫРУҒА ТЫРЫСЫҢЫЗ!


        Көз тиюдің алдын-алудың келесі бір жолы - адамдардың шектен тыс таңданысын тудыратын артықшылықтарды мүмкіндігінше жасыру. Мәселен, сұлулығымен көз тартар нәрестелерді көзінің сұғы бар адамдардан қорғаштаған абзал. Себебі, сахабалардың бірі Осман ибн Аффан бірде сүйкімді нәрестені көріп: «Мына балаға көз тиіп кетпеу үшін иегіндегі шұқырды бүркемелеңдер», - деген. (Бұхари, Муслим)

Әсіресе, қазір кішкентай балалардың, қыздардың, әйел адамдардың әлеуметтік желіге сурет жариялауы қалыпты құбылысқа айналды. Бұл әрекеттер - елдің көзінен сақтану емес, керісінше өзгелердің көзіне түсуге ұмтылыс. Егер алдын-ала сақтанбаса, дұғамен, аяттармен қаруланбаса, бұл нәрсе әлгі адамдарға қандай да бір зиянын тигізуі, ауруға шалдығуына себепкер болып қалуы әбден мүмкін. Соңғы жылдары әйелдердің көкірек безі қатерлі ісік ауруларының, т.б көбеюі осының айғағы болса керек.

4. ТАҢЕРТЕҢ ЖӘНЕ КЕШКЕ МЫНА ДҰҒАНЫ АЙТУ БАРЛЫҚ ЗИЯННАН САҚТАЙДЫ:


        Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Жердегi және аспандағы ешбiр нәрсе зиян тигiзе алмайтын Алланың атымен. Ол - Естушi әрi Бiлушi" деп айтатын кiсiге еш нәрсе зиян тигiзе алмайды», - деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи, Ибн Мәжаһ)


Дұғаның оқылуы: Бисмил-ләһил-ләзи лә ядурру маъас-миһи шай-ун фил-арди уә лә фис-сама, уә һуәс-самиъул-ъалиим”



5. КӨЗ ТИЮ – КӨРЕАЛМАУШЫЛЫҚ ДЕРТІНЕН ТУЫНДАЙТЫН СЫРҚАТ.


        Ғұлама Мұхаммед Ас-Садхан:  «Көреалмаушы адам зиянын тигізу үшін адамды көруі шарт емес. Адам күншіл адамның көзіне түспей-ақ құрбанына айналуы мүмкін. Күншілдікпен зиянын тигізуші адам (көз тигізуші) науқастың бойындағы артық қасиеттерді білуі жеткілікті. Өйткені күншілдің зияны көзінен емес науқастың бойындағы игіліктердің жоқ болуын қалайтын көреалмаушының жүрегінен туады», -деген.Яғни көз тию вирусы туындайтын орын – жүрек. Сондықтан көз тиюдің зиянын кетіру үшін алдымен әлгі күншіл адамның жүрегіндегі көреалмаушылығын кетіру керек.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңізге сыйлық беріңіздер. Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректегі кірбіңді тазартады», - деген. (Табарани)


Осыны білген бабаларымыз бір-біріне ат мінгізіп, шапан жауып, сәлемдеме жолдап, арадағы қарым-қатынасқа сызат түсіріп алмау үшін сый-жоралғылар жасаған.
Демек, жаңа көлік алсаңыз немесе жақсы қызметке тұрсаңыз, зәулім үй тұрғызып, игілікке қол жеткізсеңіз, жақын-жуықтардың көреалмаушылығы оянбауы үшін Құдайы тамақ беріп, өзгелерге сыйлық үлестіре жүріңіз.



«ТФӘЙ, ТФӘЙ КӨЗ ТИМЕСІН...»

        Ел арасында «тфәй, тфәй көз тимесін» деген сөз бар. Бұл сөзді шариғат білген бабаларымыздың тіл-көзге қарсы жасаған рәсімдерінің қалдығы деп қарастырсақ болады. Жоғарыда шариғат шарттарына сай  Құранды оқып көз тиген адамға дем салудың болатынын тілге тиек еткенбіз.  Ертеректе ел ішіндегі діни сауатты аталарымыз осылай жасаған болса керек. Кейінгі атеистік қоғамның әсерінен Құран оқып, арабша хаттанитын адамдар азайып, тіл-көз тиген адамға жәй «тфәй» деп түкірік шашу рәсімі ғана қалды. Ақиқатында қасиет қызыл шүберекте  немесетүкірігімізде де емес, қасиет Құранда. Демек, ешқандай Құран аятын оқымай, құр «тфәй-тфәй» дегеннен пайда жоқ. 



КӨЗ ТИЮДЕН ҚАЛАЙ ЕМДЕЛЕМІЗ?


        Адам қаншалықты Аллаға жақын болып, Оны әрдайым есіне алып әрі Құран оқып жүретін болса, ол көз тию мен жын иектеуден соншалықты алыс болады. Сондай-ақ, таңертең және кешке айтылатын зікірлер, ұйықтар алдында, ұйқыдан оянғанда, үйден шыққанда, т.б жағдайларда айтылатын дұғалар адамды сұқ көзден сақтауға әсерін тигізеді.

Ал көз тиіп, ауырып қалған адамды мына әдістермен емдей аламыз:

  1. Көз тиген адамды емдеу үшін ең әуелі егер көзін тигізген адам белгілі болса, сол адамға дәрет алғызып, сол судың бір бөлігімен науқасқа ғұсыл құйындырамыз, яғни бүкіл денесіне тиетіндей етіп жуындыру керек. 

Бұл туралы Айша анамыз (р.а): «Көзі тиген кісі дәрет алуға бұйырылатын. Сосын науқас сол сумен жуынатын», - деген. (Әбу Дәуд)

2. Науқасқа Құрандағы  «Фатиха» сүресін жеті рет, «Бақара» сүресінің алғашқы бес аятын, «Аятул курси» аятын, «Ықылас», «Фәлақ»,  «Нас» сүрелерін үш реттен және шипа дұғаларын оқып, аз ғана түкірік араластырып сүфілеу керек. Бұл рәсімді «дем салу» деп атайды. Алла Тағала Құранда: «Құраннан мүміндерге шипа және мейірім түсіреміз...» - деген. («Исра» сүресі, 82-аят) Ал Айша анамыз (р.а): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған көз тиюден дем салуға бұйыратын», - деген. (Муслим, Ахмад, Тирмизи)

3. Науқас адам өзі  жоғарыда көрсетілген Құран аяттарын суға оқып, түкірігін шашыратпай сүфілейді. Кейін судың біразын ішіп қалған бөлігімен денесін ысқылайды. Әбу Дәуд хасан иснадпен жеткізген хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сәбит Ибн Қайс деген сахабаға суға дем салып үстіне құйғызғандығы айтылған.

Сондай ақ, дәл осы аяттар мен дұғаларды «зәйтүн майына» оқып назарланған адамның денесін сүртсе немесе зәмзәм суына дем салып науқасқа ішкізсе де болады.   Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Зәмзәм суын қандай мақсатта ішсең, сол мақсатта пайдалы», - деген.  (Ахмад, Байһақи)

4. Құранда және хадистерде келген пана сұрау дұғаларын оқу қажет. Мысалы:

«Әғузу бикәлимәәтилләһи мин шәрри мә халәқ» (Алланың кемел сөздерімен жаратқан нәрселерінің зиянынан пана тілеймін)

«Әғузу би кәлимәәтилләһит-тәммәти мин ғадабиһи уә иқабиһи, уә мин шәрри ғибәдиһи, уә мин һәмәзәтиш-шайатиин, уә ән яхдурун» (Алланың кемел сөздерімен Оның азабы мен жазасынан, құлдарының зиянынан, шайтандардың үрлеуінен және олардың келуінен пана сұраймын)

«Хасби Аллаһу лә иләһә иллә һу, алейһи тәуәккәлту, уа һуа Раббул аршил азыйм» (Алла маған жеткілікті, Одан басқа тәңір жоқ, Оған тәуекел еттім, Ол - ұлы аршының Раббысы)

5. Науқасқа дем салудың келесі түрі Құран аяттарын және шипа дұғаларын оқу барысында науқас ауырған жерге қолын қойып отырады немесе алақанымен уқалайды. Осман ибн Әби әл-Ас бір күні Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп:  «Иә, Алланың Елшісі, менің ауруым қатты үдегені соншалық, мен өліп кететін сияқтымын» - дегенде, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ауырған жеріңе қолыңды қой да жеті рет: «Мені мазалаған жамандықтың кесірінен  Алланың Құдіреті мен Күшіне сыйынамын» деп айт», - дегенін келтірген. 

Дұғаның оқылуы: Әғузу би-ъиззатил-ләһи уә қудратиһи мин шәрри мә әжиду уә ухазир.

Айша анамыз (р.а):  «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің жанұясында біреу ауырып қалса, ауырған жерін оң қолымен уқалап отырып: «Иә, адамдардың  Раббысы Алла! Сен –Шипа Берушісің, Сенен басқа жазылмайтын аурудан Айықтырушы жоқ. Ендеше, оның қайғысын кетіріп, шипа бер» деп айтатын», - деген. (Бұхари)


ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер