Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы
Иман

КИТТІҢ ІШІНЕН АМАН ШЫҚҚАН...

Ол жүрегі иманмен суарылған, әрдайым адалдықты көздейтін қарапайым адамдардың бірі еді. Алайда, оның қауымы өз қолдарымен жасап алған мүсiндерге құлшылық етiп, бас иетін, яғни бір Құдайдан басқа сүйек, мата, зат, тас секілді жаратылған бұйымдардан жәрдем сұрайтын.  Юнус пайғамбар (а.с) олардың бұл әрекеттеріне таң қалатын. Себебі, ақылға салып, зерделеп қараған адам Алланың құлшылық етуге лайық жалғыз ғана Жаратушы екенін түсінер еді. Алла Тағала Юнусты (а.с) пайғамбар еткеннен кейiн, ол өз қауымына осыны айта бастайды. «Әй, қауымым! Сендер мүсiнге сиынып жатырсыңдар. Мүсiн сендерге ешқандай пайда бермейді және дұғаларыңды да қабылдай алмайтынын қалайша түсінбейсіңдер? Жаратылған нәрселерге құлшылық жасауды тоқтатыңдар! Сендердi де, мүсiндердi де жаратқан бiр Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Әй, қауымым! Сендер Алла Тағаланың азабына ұшырамай тұрып, Алла Тағаланы бiр деп бiлуге асығыңдар». Міне, Юнус пайғамбар (а.с) осылайша өз елін тура жолға шақыра бастады. Алайда, оның қауымы: «Ей, Юнус! Сен ешқандай пайғамбар емессің, бар болғаны бiз сияқты адамсың. Бiз сенiң сөзiңдi тыңдамаймыз. Бiз саған бағынатындай сенің бiзден артықшылығың неде? Неге Алла елшi етiп сенi жiбердi?! Сенен басқа елшіге сай ешкім жоқ па екен?! Бiзден аулақ жүр. Бiз сенің Құдайыңа ешқашан сенiп, бойсұнбаймыз», – деп қасарысты. 

Қауымы: «Ей, Юнус! Бiз сенiң шақыруыңды ешқашан қабылдамаймыз және Раббыңның азабынан да қорықпаймыз. Егер сен шын пайғамбар болсаң, қорқытып жатқан азабың қане? Бiз сенiң Раббыңның азабын көргiмiз келеді», – дестi. Олардың бұл қорқынышты сөздерiн естiген Юнустың (а.с) жүрегi қысылып, олардың иманға келулерінен үмiтiн үздi. Расында, Юнус (а.с) оларды иманға шақырды. Олар тыңдамады, сенбедi. Юнус (а.с): «Ендi менiң міндетім бiттi. Мен пайғамбарлық міндетіммен уағызды жеткiзiп, аманатты орындадым», – деді де, қауымынан түңіліп, қала сыртына бет алды.   


АЗАП ПЕН ТӘУБЕ

Юнус қауымынан алыстап, елiнен шығып кеткеннен кейiн ескертілген азаптың белгiлерi көрiне бастады. Қауым адамдарының беттерi, дене мүшелері, түстерi өзгерiп кеттi. Айналада шаң-тозаң көтерiлiп, ешкім оң-солына қарай алмай қалды. Олар Юнустың сөздерiнiң растығын, оның шын пайғамбарлығын мойындап, бұл азаптан құтылудың жолы тәубеге келiп, Юнустың дiнiне кiру ғана екенiне көз жеткiздi. Алла Тағаладан бұл азаптан құтқаруды сұрап, жалбарынып, шулап тау-тасқа, сахараға, алыс-алыс жерлерге босып кеттi. Алла Тағала олардың тәубелерін қабылдап, бастарына төнген азапты кетірді. Олар мүмін болып, аман-есен үйлерiне оралды. Сөйтiп, Юнустың да өздеріне келiп, уағыз-насихатын жалғастырып, тура жолға бастайтынынан үмiт еттi.   


КИТ ЖҰТҚАН ПАЙҒАМБАР 

Алайда, бұл кезде Юнус «қауымым Алланың азабына ұшырап, жойылып кеттi» деген оймен теңізге қарай бет түзеген еді. Ол қауымының тәубеге келгенінен және Алла Тағала олардан азапты кетіргенінен бейхабар еді. Теңiзге жеткен кезiнде бiр топ жолаушы оны да өздерiмен бiрге кемелерiне мiнгiзiп алады. Олар теңiздiң ортасына жеткенде, қатты толқын тұрып, кеме шайқала бастайды. Жолаушылар кеменi жеңiлдету үшін азын-аулақ азықтан басқа жүктің барлығын суға лақтырады. Бірақ кемеге төнген қауiп сейiлмейдi. Ендi жолаушылар басқалардың аман қалуы үшiн өздерінің ішіндегі біреуін суға тастау керек екендiгiн түсінеді. Олар кiмнiң суға тасталатындығын анықтау үшiн орталарына жеребе тастайды. Таңдау Юнусқа түсіп, ол теңiзге тасталатын болады. 

Юнус бұл iстiң артында Аллаға ғана аян бiр сырдың бар екендігін түйсініп, басқалардың аман қалуы үшiн өзiнiң теңiзге тасталуына келісімін береді. Кемедегілер Юнусты теңізге лақтырады. Алла Тағаланың әмірімен бiр үлкен кит Юнусқа ешқандай зиян келтiрмей, жұтып жібереді де, теңiздiң ең төменгi, қараңғы түкпіріне сүңгидi. Кит қарнында Юнустың жүрегi қысылады. 

Юнус өзiнiң Алла Тағаланы риза етпейтiн іс жасап, қауымын Раббысының әмiрi келместен бұрын тастап кеткенi үшiн Алла Тағала оның басына бұл қиындықты салғанын бiледі. Ол Алла Тағалаға жалбарынып: 

«Сенен өзге Құдай жоқ. Сенi ғана дәрiптеймiн. Расында, мен өзiме зұлымдық қылушылардан болдым», – деп iстеген iсiне өкiнiп, кiнәсiн мойындап, кит қарнында тұрып, жылап дұға жасайды. Алла Тағала оның дұғасын қабыл алады. Оны Өз құдiретiмен киттің қарнынан, теңiз тұңғиығынан шығарады. Алла Ұлық! Алып киттің ішінде аман қалдырып, оны қайтадан аман-сау сыртқа шығарған Алла Тағала қандай Құдіретті! 

Осыдан соң Юнус түпсіз теңiзден, алып киттің қарнынан құтқарған Раббысына сансыз шүкiршілiк етеді. Енді ол өз еліне қарай қайтадан жол тартады. Елiне жетiп, қауымындағы өзгерiстердi көргенде, таң-тамаша болады. Қауымы Алла Тағалаға сиынып, құлшылық етiп жатыр екен. Олар тәубелеріне келiп, Аллаға қайтыпты. Мұны көрiп шексiз қуанған Юнус сол сәтте: «Уа, Раббым! Саған сансыз шүкiрлер, мадақтар болсын! Сен менi де, қауымымды да құтқардың! Менi де, қауымды да кешiрдiң! Сенен өзге Құдай жоқ. Сенi ғана дәрiптеймiн. Расында, Сен – тәубенi қабыл Етушi, Мейiрiмдiсiң!» – дейді.

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер