Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

КЕЗ КЕЛГЕН ДЕРТТІҢ ДАУАСЫН - ҚАСИЕТТІ ҚҰРАННАН ТАБАСЫҢ

Иман


Күнделікті өмірде «Бәленше қатты ауырып, жазылмай, сабыры сарқылған шақта Құран аяттарын оқытып дем салдырған екен, қазір аяғынан тік тұрып шапқылып жүр» деген сөздерді құлағымыз жиі шалып қалып жатса да, аса мән бермей өте беретініміз өтірік емес. Деніміз сау, жанымыз жайдары болып жүре бергенге не жетсін, әрине. Бірақ, күтпеген жерден айтып келмейтін ауру жабысса, не амал жасарымызды білмей, абдырап қалатынымыз тағы бар. Осы орайда қандай жолдармен емделу тиімді немесе діни тұрғыда не нәрсеге рұқсат етіледі деген сұрақ туындайды.


Күнәларының (бірін) жуады

Ислам дінін бек ұстанған қазақ халқы ықылым заманнан бері «Бірінші байлық - денсаулық», яки болмаса «Денсаулық – терең байлық» деген даналық мәтелдерін тіршіліктің нағыз өзегіне енгізе отырып, оның адам өмірінде алатын маңызды орнын айшықтаған. Және «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп жан мен тән саулығын ұштастырып, денсаулықты нығайтуға түрлі пайдалы әрекеттер жасап отырған. Ал сырқатқа шалдыққан жағдайда  «Ауру - Алланың сынағы» деп сабыр ете білген. 

Иә, ауру – Алла Тағаланың пендесіне берген уақытша сынағы. Сабырлық сақтап, сүрінбей өте білген кісінің өткен күнәлары кешіріледі және сауапқа кенеледі. Ауру-сырқауға басқа түскен пәлекет ретінде емес, Алланың мейірімі деп қарағанымыз орынды болмақ. Негізінде, аурудың астарында түсінген жанға мол ғибрат бар. Мұсылмандар одан дәріс алуы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) былай деген: «Мұсылманға шаршап-шалдығу, дерт, уайым, қайғы-қасірет, жайсыздық, күйінуден не жетсе де, (тіпті) оған тікен кірсе де, Алла міндетті түрде ол арқылы оның күнәларының (бірін) жуады».

Сондай-ақ, ауырған адам Алланы көп еске алады, көп зікір етеді. Есесіне, онысы арқылы көп сауапқа ие болады. Ауру-сынақтың бұдан басқа да біз білетін және білмейтін сырлары өте көп. Алайда басқа келген дерттің дауасын іздемеу де құптарлық іс емес, қол қусырып отыру да шариғатта жөн саналмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде ауырғандарды емделуге шақырады. Сондықтан дерті бар адам оның дауасын іздеуі қажет. Аллаға құлшылықты да дені сау адам дұрысырақ және ыждағаттылықпен жасайды. 



Бір оқпен екі қоян атып алу мүмкіндігі

Алла Тағаладан түскен ұлы кітапта айтылғандай,  барлық аурудың шипасы - қасиетті Құранда. Ал Құранның бір әрібін оқыған адамның қаншалықты сауап алатыны туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса – бір сауап, ал бір сауап он сауапқа тең. Әлиф-ләм-мим («Бақара» сүресінің басы) бір әріп деп айтпаймын, әлиф бір әріп, ләм бір әріп, мим бір әріп» - деген екен (Тирмизи). Құранды оқи отыра ауруыңызға шипа табумен қатар, өлшеусіз сауаптың иесі болады екенсіз. Демек, қандай жағдайда да ұтылмайтыныңыз анық!


Дауаның ең қайырлысы – Құран

Шипа аяттары туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын): «Дауаның ең қайырлысы – Құран» (Ибн Мажәһ),  «Мына екі нәрсеге көңіл бөліңдер: Құран және бал» (Ибн Мажәһ) деп анық айтып өткен.

Діни ғұламалар мен емдік жүйесімен шұғылданатын ғалым-емшілердің көп ғасырлық емдік-сауықтыру тәжірибесі Құран аяттарының дұғалары арқылы өте қауіпті кері қуатпен әсер ететін сиқыр мен дуаны жойып, ақылынан адасқандарды, әртүрлі сырқатқа ұшырағандарды, тіл-көз тигендерді және толып жатқан басқа да ағзалық сырқаттарды емдеуге болатынын толық анықтаған. Құранның соңғы "Ықылас", "Фәләқ", "Нас" сүрелерін таңертең және кешке оқыған адам сиқырдан және шайтанның азғыруынан аман болады. Сондай-ақ, Алла Тағала ол адамды тіл-көзден қорғайды!


Құранның анасы

Сонымен қатар Құран Кәрімде түрлі дерттерге қарсы оқылатын ерекше бір дұға бар. Ол, көпшілігіміз жатқа білсек те, қасиетіне толық ой жүгірте бермейтін – «Фатиха» сүресі. 

«Фатиха» сүресі «Уммул-китаб», яғни Құранның анасы, негізі. «Фатиха» сүресінің атауларының бірі – «әш-Шафия», яғни дерттерге шипа беруші. 

Нақты мысалмен айтатын болсақ: Сахаба Әбу Сайд әл-Худри бірде  жылан шаққан бір адамға «Фатиха» сүресін оқып, оны емдегені туралы айтылады. (Қуртуби, Тәфсир Х, 312 б.) Орын алған осы оқиғаға қарап-ақ «Фатиха» сүресін оқи отырып, дем салу, шипа ретінде оқу маңызды саналғандығын байқауға болады. 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) бір науқасқа барғанда, не алдына (науқасты) әкелгенде: «Әзһибил-бә-сә, Раббән-нәси, ишфи уә әнтәш-Шәфи, лә шифә-ә иллә шифә-укә, шифә-ән лә йуғадиру сақаман (Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа бер, Сен—шипа берушісің, Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ауру қалмайтындай шипа бергейсің!)» – деп айтатын. (Әл-Бұхари)

Негізінде адамның ауруына шипа беруші - тек қана Алла Тағала. Құранның нақты осы сүресі мына ауруыңызға ем болады деп те айту қиын. Себебі, шипаны белгілі бір себептерге байлап қоюы да мүмкін. Емделу шарттарын орындап, шипаны Алладан күту - ең басты мәселе. Сонымен қатар, аурудан айығатынына, емделетіндігіне сенім, жақсы ниет, талпыныс білдіріп, көбірек Алладан «дұға»  тілеу, жалбарыну, шипа ниетінде Құран аяттарын оқу өте маңызды. 

Ендеше, Алланың асыл сөзі адамды сақтаушы деп біліңіз!


ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер