Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

«Кешіріңізші, әке! Менің де жақсылық жасағым келді!..»

Иман


(болған оқиғаның желісімен)

Оның әкесі ол құрсақта жатқан кезінде-ақ қайтыс болып кеткен еді. Содан бері оның арқа сүйер әкесі де, қамқор болар анасы да, бірге ойнайтын аға-бауырлары да - осы анасы. Әйел жалғыз ұлын көштен қалдырмау үшін барын салды. Қолынан жетектеп мектепке апарды, өзі сұрап жүріп түрлі сайыстарға қатыстырды. Баласы не қаласа, соны әперуге тырысты. Оқуға түскенде де, ала сөмкесін арқалап, қалаға артынан бірге келді. Енді, міне, баласы оқу бітіріп, жұмысқа тұрып, өз қолы өз аузына жете бергенде аяқ астынан қатты ауырып, ол да бақилық болды.

Қайсар өте естияр еді. Мектепте де естігенін қағып алатын алғыр болды. Сыныптастары оны сол бірбеткей, тапқырлығы үшін жақсы көретін. Кейін студент атанды. Бұл кезде де қарап жүрген жоқ, ғылыми жобалар жазды, түрлі жарыстарға қатысты. «Қайтсем де, адам болып, анамды асыраймын, оның маған жасаған жақсылығын екі еселеп қайтарамын» деп ойлайтын еді. «Жұмысқа тұрып, анамды қуантсам, анам менің үйленгенімді көрсе, оған демалып жататын жұмсақ диван алып берсем...» дейтін. Алайда, анасы оған дейін күте алмады. Баласына айтпай, жасырып жүрген ауруы меңдеп, бас-аяғы бір аптаның ішінде ауруханада жатып көз жұмды.

Қайсар қанша қайсар болса да, дәл осы қиындыққа төтеп бере алмады. Оның ендігі өмірі қапастағы түнек секілді, осы уақытқа дейін көрген қызығының еш мәні қалмағандай мең-зең күй кешті. «Сонша жыл бағып-қағып өсірген, мен үшін отқа да, суға да түскен, бүкіл өмірін маған ғана арнаған анама ештеңе жасай алмағаным ба? Оны шипажайларға, емдеу орталықтарына апарып емдете алмағаным қалай? Оған сыйлық беріп те үлгермедім ау... қолынан ұстап көшені неге қыдыртпадым?» деген ойлар оны жиі мазалайтын болды. Алайда, қолдан келер қайран жоқ. Енді не істемек керек?

Қайсар қайтыс болған адамның артынан жасайтын ең абзал жақсылық – садақа екенін білетін. Анасының да әкесінің атынан талай рет садақа бергенін көрген. Осыны ойлаған ол бірден атып тұрып, ең жақсы садақаның не екенін білу үшін жақын маңдағы мешіттердің біріне бас сұқты. Имам садақаның түрі көп екенін және ең бастысы, не берсең де таза ниетпен беру керектігін алға тартты. «Алайда, хадисте ең абзал садақаның адамдардың шөлін қандыру, оларға су тарату екендігі айтылған», - деді. Осыдан кейін Қайсар құдық қазу, суы жоқ елді мекендерге су құбырын тарту, адамдарға су тарату ісімен айналыса бастады. Кейін ісі алға басып, кірісі де көбейген кезде адамдар көп жиналатын мекемелерге ыстықтан қорғайтын салқындатқыштарды да  орнатты.  Үйленді, балалы-шағалы болды. Бірақ анасының атынан жасалатын бұл жақсылығын тоқтатқан жоқ. Арада аттай жиырма жыл өтті. Бұл күнде Қайсардың есімін бәрі біледі. 

Бір күні қала орталығындағы үлкен бір мешіттің имамы келіп, Қайсардың қолын қысты. «Алла саған разы болсын, бауырым, біздің мешітке су ішетін аппарат орнатып кеткен екенсің. Қаншама адам сол сумен ауыз ашып, шөлдегендер шөлін басып жүр, Алла разы болсын», - деп арқасынан қақты. Алайда Қайсар ол мешітке ешқандай аппарат орнатпағанын айтып ақталып көріп еді, имам жымия қарап, «сен екеніңді білеміз ғой, бауырым, Алла жасаған қайырымыңның қарымтасын еселеп қайтарсын», - деді. Қайсар ештеңені түсіне алар емес. Аң-таң. Өзінің ол мешітке бармағанын жақсы біледі. Сол кезде қасында тұрған баласы: «Кешіріңізші, әке, сіз күнде өз анаңыздың атынан деп адамдарға жақсылық жасайсыз ғой. Мен де сіздің атыңыздан бір жақсылық жасағым келді», - деді. Мұндайды күтпеген әкенің жүрегі езіліп кетті. Ол жасаған жақсылығының сыйын осы өмірде де көріп жатқанына қуанды. Өзі анасынан көргенін істесе, енді, міне, баласы одан көргенін жасап отыр! «Бала айтқаныңды емес, көргенін істейді», «Әлемді адамгершілік құтқарады, зұлымдықты ізгілік, жақсылық жояды» деген сөздер осындайдан қалған екен-ау!..


Зерде Қадырбекқызы,

«Қайырымдылыққа қалай қарайсыз?» байқауынан

ПІКІР (11)

Қаршыға Мадина
2018-11-13 14:52:20

Мақала өте қатты ұнады.Болашақ жастарға үлгі өнеге болар оқиға екен.Тәлім-тәрбиені осылай көрсете де білу керек шығар

2018-11-13 16:02:48

Өте əсерлі,жүректі толғандыратын мақала екен...Тəрбиелік мағынасы көп..."Ұя да не көрсең,ұшқан да соны аласың" деген осы ғой АЛЛА ҰЛЫҚ!

Аметкулова Калима
2018-11-13 16:36:06

Мақала өте әсерлі. Оқушыларыма оқып беремін. Адамгершілік, тәрбиелік маңызы бар. Рақмет! Алла разы болсын.

Керимкул
2018-11-13 16:52:02

Не деген ангиме.не деген создер журегимди тебирентип жиберди.

Асанбаева Алтыншаш.
2018-11-13 17:16:39

Йя. Әңгіме өте әсерлі және тәрбие алуға болатын жүректі елжіретіп имандылыққа үйрететін мақала екен.Алла разы болсын.жастарымыз оқыса екен.

Ләззат
2018-11-13 17:52:03

Өте керемет. Менда ата- анамның атынан садақа беру керектігін білдім

Буркитова Акнур
2018-11-13 18:24:59

Керемет мақала. Өте ұнады.Рахмет

Кортаева Арайлым
2018-11-14 02:14:57

Бул макала, адамды ойландырып кояды екен, тарбиелик мани зор,иманымыз кушейип,Армандарымыз орындала берсин, макала авторына Алла разы болсын!!!

Айгерім
2018-11-14 04:00:49

Мақала оте керемет.Аллах разы болсын.Аллахым өзіне жакындататын Амалымызды арттырсын

2018-11-14 04:39:48

Өте керемет

Гулжан
2018-11-21 08:01:49

Өте керемет.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер