Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Жындар әлемінің құпиясы

Иман

Жын – адам мен періштелер секілді Алла Тағаланың жаратылыстарының бірі. Жындар да адамдар секілді құлшылыққа, халалға бұйырылған, харамнан тосылған. Яғни, адамның да, жынның да шариғи мағынасы пендешілік жасау, өзінің құл екенін сезіну. Олар ақыл, кемшілік, күш сынды қасиеттерге, ақиқат пен өтірікті, жақсы мен жаманды таңдау еркіне ие болғанымен, адамдардан көп жағынан ерекшеленеді.

Жындар неден жаратылған?

Жындардың жаратылысы туралы «Рахман» сүресінде: «Ол адамды (Адам атаны) (қыш) (құмыра) секілді құрғақ лайдан жаратты. Ал жынды оттың жалынынан жаратты» делінген. («Рахман» сүресі, 14-15-аяттар). Абдулла ибн Аббас келтірілген аятқа байланысты: «жын тобын оттың таза жалынынан жаратты» деген түсініктеме береді. Мұны естіген кейбір адамдар жын оттан жаралса, Тозақ отына қалай жанбақ деп сұрауы мүмкін? Мәселен, адам топырақтан жаралған, бірақ, ол топырақ емес қой?! Әбу Саид әл-Худри баяндайды: «Бір күні Алла Елшісі таңертең тұрып намаз оқыды, мен де онымен бірге тұрдым. Ол әндетіп оқып жатыр еді, кенет мүдіріп қалды. Кейін намазын аяқтаған соң: «Егер сен менің Ібілісті қалай ұстап алып, сілекейінің салқындығы қолыма білінгенге дейін тұншықтырғанымды көре алғаныңда ғой» деп айтты» (Ахмад).

Сонда күйдіретін отты дененің сілекейі қалай суық болуы мүмкін? Отты жаратылыстың сілекейінің болуы мүмкін емес! Пайғамбарымыз ﷺ тағы бір хадисте: «Алланың дұшпаны – Ібіліс менің бетіме қою үшін көмірдің шоғын әкеліпті» (ән-Нас) деген. Егер ол өзі от болса, өзгені күйдіретін басқа бір нәрсе әкелмес еді. Яғни, жындар да біз секілді оттан алыс тәнін қанағаттандыру, өсу үшін тамақтанады.

Жындар қашан пайда болды?

Алла оларды адамдардан бұрын жаратқан: «Біз адамды қара балшықтың өзгертіліп, кепкенінен жараттық. Ал, жынды (адамнан) алдын, қызуы қатты (түтінсіз) оттан жараттық» («Хижир» сүресі, 26-27-аят).

Жындардың қандай түрлері бар?

Хадисте жынның үш түрі көрсетілген. Біріншісі – аспанда ұшып жүреді. Екіншісі – жыландар мен иттерде өмір сүреді. Үшіншісі – бір орынға негізделген, алайда, жылжуға қабілетті.

Қазақ тілінде жынға байланысты шайтан, Ібіліс, Әзәзіл, пері, дию секілді атаулар бар. Тіпті, кейде шайтан мен жын екі бөлек жаратылыс па деген сауал да қойылады. Шайтан мен жынның айырмашылығына келсек, шайтан – жын топтарының өте тәкәппарлы, зияндыларынан болып табылады. Шайтан «алыстатылған», «шектен шыққан» деген мағынаны білдіретін, жынға байланысты айтылған сипат. Олардың иман келтіргендерін «жын» деп атаса, имансыздары тек шайтан деп аталады және бұлар Ібілістің әскерінің қатарында болады.  Ібіліс – Адам атаға сәжде жасаудан бас тартқан жындардың атасы.

Жынның денесі бар ма?

Бұл сауалға қатысты екі пайым бар. Бірінші топ – олардың денесі жоқ, тәнге тәуелсіз өмір сүреді десе, екіншілері – әлсін-әлсін көрінетін белгілі бір тығыз пішінге ие деп айтады. Алайда адамдар жындарды көре алмайтын болғандықтан, бұл туралы ілім Аллаға ғана аян. Құранда: «Негізінде, ол және оның тектестері (жын тайпасы) сендерді, сендер олар көре алмайтын жерден көреді» деген («Аъраф» сүресі, 27-аят).

Жындар өзгере ала ма?

Оларға сыртқы пішінді өзгерту қасиеті берілген. Адамдар жындарды түрлі бейнелерде: ешкі, жылан, жолбарыс, сарышаян, ат, түйе, қой, құс, адам т.б қалпында көре алады. Сахих хадисте үш түстің бірінің шайтани түс екендігі де атап өтілді. Сондай-ақ хадисте: «Кімде-кім мені түсінде көрсе, расымен де көрді, себебі, шайтан менің бейнеме ене алмайды» делінген. (Бұхари). Лағынеті шайтан тек қана Пайғамбарымыздың ﷺ бейнесіне ғана ене алмайды, қалған кез келген жаратылыс кейпінде сөйлесе береді деген тұжырым шығып тұр.

Жындардың күші мен қабілеті

Жындарға әдеттен тыс жылдам қозғалу мүмкіндігі берілген. Оның дәлелі – Ифрит атты жынның Сүлеймен Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) Йемендегі Билқис патшайымның тағын Иерусалимге орнынан тұрып үлгермейінше әкеліп беруге уәде беруі. «Нәмл» сүресінің 39-аятында жындардың бір күштісі Сүлейменге: «Мен оны саған орныңнан тұрғаныңнан бұрын алып келемін. Бұл іске күшім жетеді әрі сеніп тапсыруға лайықтымын» деген.

Жындар өле ме?

Сөзсіз, жындар өледі. Себебі, Алла Тағала Өзінен басқа барлық жаратылыстың өлім дәмін тататындығын баяндаған. Ал Пайғамбарымыз ﷺ дұғасында: «Мен Сенің Ұлылығыңнан пана іздеймін. Сенен басқа Тәңір жоқ, уа, Мәңгі Алла! Адамдар мен жындар ажал құшады» деген (Бұхари). Тарихта Халид ибн әл-Уалидтың әл-Уззу атты жынды өлтіргендігі туралы оқиға айтылады. Олар тіршіліктерін Қиямет күнге дейін жалғастыра береді. «Ол: «Маған қайта тірілетін күнге дейін мерзім бер» деді. Алла: «Сен – уақыт берілгендерденсің» деді». («Аъраф» сүресі, 14-15-аяттар).

Жындар Аллаға құлшылық ете ме? 

Құранда Алла Тағала: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым. Олардан бір несібе тілемеймін әрі олардың Мені тамақтандыруларын да қаламаймын» дейді.(«Зәрият» сүресі, 56-57 аяттар).  Ал жындар: «Ақиқатында, біздің арамызда түзулер де бар және арамызда одан өзгелер де бар. Біз тура жолдарда едік» дейді («Жин» сүресі, 11-аят).

Демек аяттардан түсінгеніміздей жындардың арасында да Аллаға иман келтіріп  құлшылық ететін мұсылмандары  да, адасушылары, түрлі топтағылары да болады екен.   Мұсылман жындар адамдармен байланысқа түспейді. Себебі, ол тыйым салынған. Сондықтан, адамдармен  кәпір шайтандар байланыс жасайды, тіпті, ішіне кіріп кетуі бек мүмкін.

Жындар үйленіп, балалы бола ма?

Иә, жындар да үйленеді және балалы бола алады. Алла Тағала Ібіліс туралы: «Сонда ол сендерге дұшпан болса да, Мені қойып оны (шайтанды) және оның ұрпағын қамқоршы етіп аласыңдар ма?» деген. Бұл аят олардың ұрпақ қалдыру үшін үйленетіндіктерін нұсқайды.

Олардың бейматериалдық жаратылыстары көбеюлеріне кедергі болмайды.

Сондай-ақ, «Рахман» сүресіндегі Жәннаттағы қыздар туралы: «Онда олардан (адам мен жыннан) бұрын адам да, жын да жақындамаған, көздерін тыйып, сақтаушылар» бар делінеді. («Рахман» сүресі, 56-аят). Бұл аят оларда жыныстық қатынастың болатындығына нұсқайды. Ал Пайғамбарымыз: «Жындар да Адам ұрпақтары секілді көбейеді, бірақ, олардың саны көп» деген (Әби Хатим)

Жындар ішіп-жей ме?

 Умаийа бин Махши баяндайды: «Күндердің күнінде бір адам Алла Елшісінің ﷺ жанында отырып тамақ жеді және ол соңғы түйір қалғанға дейін Алланы еске алмап еді. Соңғысын аузына апара беріп: «Басында да, соңында да, Алланың атымен» деп еді, Пайғамбарымыз ﷺ күліп: «Шайтан бағанадан бері онымен бірге тамақтанып отыр еді, ол Алланы еске алғанда қарнындағысының бәрін шығарып жіберді» деп айтты (Әбу Дауд, Насаи).

Әрбір мұсылман тамақты ауызға алмас бұрын «Бисмилләһ», яғни, «Алланың атымен бастаймын» деп айтуы қажет. «Кісі үйіне кіргенде және тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алса, шайтан: «Бізге (бұл үйде) түнейтін орын да, кешкі ас та жоқ» дейді. Ол (үйіне) кіргенде Алланы есіне алмаса: «Біз түнейтін орын таптық» дейді. Ал тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алмаса (шайтан): «Біз түнейтін орынды да, кешкі асты да таптық» дейді. (Муслим)

Бірде сахабалар Пайғамбардан ﷺ көз жазып қалады. Таңертең Хира үңгірі жақтан келе жатқан Пайғамбарды ﷺ көріп қайда болғандығын сұрай бастайды. Сонда ол : «Маған жындардың шақырушысы келіп, сонымен бірге бардым және оларға Құран оқып бердім», – деді. Сөйтіп, ол бізді апарып, бізге олардың іздерін және оттарының орындарын көрсетті», – деп айтты», – деді. Сонда жындар Пайғамбардан ﷺ жолазық сұрапты. Пайғамбар ﷺ: «Сендер үшін қолдарыңа түскен, Алланың есімі аталған әрбір сүйектің еті бұрынғысынан да молырақ және әрбір тезек – жануарларың үшін азық», – депті. Алла Елшісі ﷺ: «(Дәретке отырғаннан кейін) осы екеуімен тазаланбаңдар, өйткені олар – бауырларыңның азығы», – деді», – деп айтқан (Муслим).

 Басқа сахих хадистерде олардың сол қолымен ішіп-жейтіндіктері айтылып, адамдарға оң қолымен тамақтану бұйырылады.

Жындар қай жерді мекендейді?

Олар жердің барлық бұрышында өмір сүреді, алайда, ең жиі мекен ететін орындары: шөл дала, қираған орындар, қи үйінділерінде, моншада, қабір, дәретхана, жердің тесік-жарықтарында т.б.

Сол себепті, Пайғамбарымыз ﷺ үмбетіне моншада және қабірде намаз оқуға тыйым салды. Жындар негізінен адамға көп зиян тигізуге болатын жерлерді таңдайды. Мәселен, базарды алайық. Хадисте: «Мүмкіндіктерің болса, базарға бірінші болып келмеңдер және ең соңғы болып қайтпаңдар. Бұл шайтанның ұрыс алаңы және ол сол жерге өз туын тіккен» (Бұхари, Муслим).

Шайтандар Адам ұрпақтарының үйін де мекен ете береді. Әрбір мұсылман тамақты ауызға алмас бұрын «Бисмилләһ», яғни, «Алланың атымен бастаймын» деп айтуы қажет. «Кісі үйіне кіргенде және тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алса, шайтан: «Бізге (бұл үйде) түнейтін орын да, кешкі ас та жоқ» дейді. Ол (үйіне) кіргенде Алланы есіне алмаса: «Біз түнейтін орын таптық» дейді. Ал тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алмаса (шайтан): «Біз түнейтін орынды да, кешкі асты да таптық» дейді (Муслим).

Сондай-ақ, жынның ең жақсы көріп отыратын жері – күн мен көлеңкенің арасы. Пайғамбарымыз адамдарға дәл осы жерде отыруға рұқсат етпейтін.

 

Жындар мешіттегі адамдарға әсер ете ала ма?

Иә. Алла Елшісі ﷺ: «Қатарларды біркелкі және тығыз етіп ұстаңдар, иықтарыңды иықтарыңа тақаңдар... Шайтан қатардағы аралықтар арқылы кішкентай қара қойдың бейнесінде өтеді» деген (Әбу Дәуд).

Пайғамбар тағы бірде: «Адам мешітте болғанда, шайтан оған келіп адам әлсіреген жануарды соққаны секілді, оны да (адамды) сындыруға әрекет жасайды. Егер дегеніне жетсе, оның ақсақ етеді немесе оған ноқта салады» деген.Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) осы хадиске байланысты: «Мынаны көрдіңдер ме? Шайтан оны ақсақ қылса, ол Алланы еске алмастан бос сандалып жүреді; егер шайтан оған ноқта салса, оның аузы ашылады бірақ, Алланы еске алмайды» деген (Ахмад).

Жынның негізгі мақсаты?

Бар күшін салып тырмысатын негізгі мақсаты – барлық Адам ұрпақтарының Тозақ отына түсуіне ат салысу. Алла Тағала бұл туралы: «Ақиқатында, шайтан сендерге жау, сондықтан, оны жау тұтыңдар. Ол өз тобын (оған ерушілерді) Саъирға  (Тозақтың бір аты) кіргізілетіндер қатарында болуға шақырады»(«Фатыр» сүресі, 6-аят).

Жын адамдарды неге шақырады?

Шайтанның адамдардан ең бірінші қалайтыны – имансыздық, Аллаға серік қостыру, Аллаға және Оның Елшісіне дұшпан қылдыру. Егер ол мұның белгілерін адамнан байқайтын болса, аз ғана күшін салады да, осы адамның бойында демалады. Құранда бұл туралы: «Ол адамға: «Күпірлік ет (бойсұнба)» деп, ал ол күпірлік еткен (бойсұнудан бас тартқанда) кезде: «Негізінен менің саған қатысым жоқ. Шын мәнінде, мен әлемдердің Раббысы – Алладан қорықамын» деді» делінген («Хашр» сүресі, 16-аят). 

Алла Тағала адам баласын дұрыстықта жаратқан және бәрінің бағыты оң болатын. Кейін оларған жындар ұшырасып, адасушылыққа итермелеп, тура жолдан тайдырады. Ешбір билігі, құдіреті жоқ нәрселерді Аллаға теңестіруді бұйырады.

Егер шайтан адамды имансыздыққа итермелей алмаса, ол үшін қам жемейді. Азғантайды қанағат тұтады. Енді ол адамды дінді негізі жлқ істерге еруге азғырады. Адамға көп зиянын тигізетіндіктен, діндегі жаңалыққа итермелеуді бәрінен де жақсы көреді. Ғалымдар мұны былай түсіндіреді: «Ібіліс адамды бүлікке бастағаннан көрі, дінде жоқ нәрсені жасатуды құп көреді. Себебі, адам бүлік үшін тәубе жасап, Алланың кешіріміне ие болады, ал істеген ісінің дінде негізі жоқ екендігін білмегендіктен, ол үшін тәубе жасамайды».

Егер көрсетілген істер жындардың қолынан келмесе, Адам ұрпақтарын күнәлі істерге, тыйым салынғанды жасатуға барын салады. Ол мұсылмандар арасында дұшпандық, жек көрушілік орнатады.

Құрандағы аяттарға назар аударыңыз: «Шын мәнінде, ол сендерге жамандық пен жиіркенішті істерді әрі Алла туралы білмейтіндеріңді айтуды бұйырады» («Бақара» сүресі, 169-аят); «Негізінен, шайтан мас қылатын ішімдіктер және құмар ойындар арқылы, араларыңа дұшпандық пен жеккөрушілік салып, сендерді Алланы еске алудан және намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаудан тосуды қалайды. Енді тыйыларсыңдар?» («Мәида» сүресі, 91-аят).

Жындар үнемі адаммен бірге ме?

Шайтан адамның барлық ісіне қатысады. Тіпті, ер мен әйел бір-бірінің алдындағы міндеттерін өтемес бұрын, Алладан пана сұрамаса оған да қатыса алады. Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Шайтан сендердің барлық істерің қатысады. Ол тіпті сендер тамақ жегенде де кетпейді. Тамақтың кішкентай түйірін түсіріп алсаңдар, ол оны көтереді. Сондықтан, сендер оны тазалап, жеп қойыңдар да, шайтанға қалдырмаңдар. Жеп болғаннан кейін қолдарыңды жалаңдар. Ешкім берекенің тамақтың қай түйірінде екендігін білмейді» (Муслим).

Әр адамның жыны бола ма?

Муслимде келетін хадисте: «Пайғамбар ﷺ бірде адамдарға: «Сендердің қайсыбіреулеріңде болсын жындардан болған қосақталған серіктерің болады» деді. Сонда адамдар: «Уа, Алла Елшісі, сенің де ме?» деп сұрайды. Ол: «Иә менің де, Алла Тағала маған оған қарсы жәрдем берді де, ол мұсылман болды. Енді, ол мен тек жақсылыққа бұйырады» делінген. Яғни, хадистен аңғарғанымыздай әр адамның жанында бір жын болады екен.

 

Жын қанша жерден адам баласының дұшпаны болғанымен, Құран мен сүннет олардың қорғанудың жолдарын көрсеткен. Оның ең басты тәсілдері – Аллаға жақындау, Оның бұйырғандарын орындау, Құран мен сүннетте келген дұғаларды оқып жүру. Толығырақ білу үшін мына сілтемеге өтіңіз: http://asylarna.kz/article/shaitannan_korganudyn_zholdary

ПІКІР (4)

Amanzhol

Әр адамның жыны бола ма? Бұл тақырыпта Пайғамбарымыз с.а.с нәфс туралы айтқаны шығар? Қателессем - кешіріңіз

Айнур

Адамдардан жасалган зиянды калай кетиреди?

Жарылгап

Ассалямуалейкум о рахматулаху о баракаду! ! ! Калдарыныз калай Менын есимым Жарылгап мен 19 жастамын менын ишимде жын бар бырак оны шыгаратын Адам издеп журмын коп ай болды кыйналып журмын Алла разылыгы ушун комектесиниздерш отунуш Казыр Астанадамын маган тез арада керек отунуш кутемын бир кысылерге бардым бырак олар алаяк болып шыкты баска есигим калмады сиздерден баска кутемын

Аида

Саламатсыздар ма мен киналып журмин озимди баска адамша сезинем ишимде жын бар екен кандай жаксы кари билесиздер Астанада комектесиниздерши курсагымда сабиде бар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер