Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ЖҮСІП ПАЙҒАМБАРДЫҢ (А.С) ТҮС ЖОРУЫ

Иман


(«Йусуф» сүресінің 36-57 - аяттарына негізделген)

Алла тарапынан жіберілген пайғамбарлардың бірі Жүсіп - түс жору қасиетіне ие пайғамбар болатын. Бір күні ол «менің көңілімді өзіне тартпақ болды» деген әйелдің кесірінен жала жабылып, түрмеге түседі және сол кезде түрмеге онымен бірге тағы екі жігіт түседі. Бұл екі жігіт түс көріп, біреуі: «Мен түсімде шарап сығып жатқанымды көрдім» десе, екіншісі: «Мен басымда нан көтеріп жүргенімді көрдім. Одан құстар жеп жатыр екен» дейді де, Йусуфке: «Осыны бізге жорып берші» деп өтінеді. Сонда Йусуф екеуіне көркем түрде насихат айтып былай дейді: 

«Сендерге ризық етіп берілетін қандай да бір тағам келмесін, әлбетте ол келгенге дейін оны түсіндіріп екеуіңе айтып беремін. Бұл - маған Раббымның үйреткені. Ақиқатында, мен Аллаға сенбейтін адамдардың дінін тәрк еттім және олар - Ақырет күніне күпірлік етушілер. Әрі мен аталарым Ибраһимнің, Исхақтың және Йаъқубтың дініне ердім. Бізге Аллаға бір нәрсені серік етіп қосуымызға болмайды. Бұл Алланың бізге және адамдарға жасаған ұлы кеңшілігінен. Алайда, адамдардың көбі шүкір етпейді.

Әй, түрмелес жолдастарым! Бөлек-бөлек түрлі иелер жақсы ма, әлде Жалғыз, бәрін Бағындырушы Алла жақсы ма?

Сендердің Алладан басқа табынатындарың – өздерің мен аталарың ат қойып алған бір есімдер ғана. Алла олар туралы ешбір дәлел түсірмеген. Үкім ету билігі тек бір Аллада. Ол Өзінен басқа ешкімге құлшылық етпеулеріңді бұйырды. Міне, осы - тура дін. Бірақ адамдардың көбі білмейді», - дейді.

Содан кейін ол түсті жорып: 

«Әй, түрмелес жолдастарым! Біреуің қожайындарыңа шарап құйып беретін боласыңдар, ал бірің дар ағашқа керілесіңдер. Және сенің басыңды құстар шоқиды. Сендер менен сұраған бұл іс осылай шешіліп қойған», - дейді. Содан кейін әлгі түрмеден шығатын жолдасына қарап: «Осы жерден шыққаннан кейін қожайыныңа мен туралы айт», - дейді. Алайда, шайтан ұмыттырып, бостандыққа шыққан әлгі жігіт Йусуфты ұмытып кетеді. Сондықтан Жүсіп пайғамбар түрмеде тағы бірнеше жыл жатып қалады. 

Күндердің бір күнінде әлгі елдің патшасы:

«Мен түсімде жеті семіз сиырды жеті арық сиырдың жеп жатқанын және жеті жасыл масақты, жеті қураған масақты көрдім. Бұл не? Маған түсімнің жай-жапсарын айтып беріңдер», - дейді. 

Олар: «Бұл бір шым-шытырық түс екен, біз жори алмаймыз» деп дағдарады. 

Сонда бостандыққа шыққан әлгі түрмедегі жолдасы Йусуфты есіне түсіріп, «Мен оны жоритын адамды білемін!» деп Йусуфке келеді. 

Йусуф түсті тыңдап болып: 

«Жеті жыл қатарынан егін егіңдер. Орып алғандарыңды, өздерің жейтіннен басқасының бәрін масағында қалдырыңдар. Себебі, одан кейін жеті ауыр жыл келеді де, алдын-ала жинап қамдағандарыңды жейсіңдер. Осыдан кейін көктен жаңбыр жауып, адамдар жеміс сығатын молшылық жылы келеді», - дейді. 

Мұны естіген патша: «Оны маған алып келіңдер, мен оны өз адамым етіп аламын», - дейді де, «Сен бүгін біздің алдымызда мәртебеге ие, сенімді адамсың», - дейді. Сөйтіп, жазығы жоқ, әділ әрі ісіне адал жігітті патша сол елдің қазыналарын басқарушы етіп қояды.

Міне, Құдайдан қорқып, күнәдан қашқан адал құлын Алла қиындықтан осылай алып шығады!

Алла Тағала осы оқиғаны адамдарға үлгі ете отырып, «Біз мейірімімізді қалаған адамымызға нәсіп етеміз. Әрі Біз жақсылықты ықыласпен істеушілердің сыйын зая кетірмейміз!» – дейді.

Өнеге алатын бұл керемет оқиға қасиетті Құранның 36-57- аяттарында баян етілген.

ПІКІР (1)

Акылбек Кожабергенулы
2019-03-10 16:29:57

Юсуп Пайгамбар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер