Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ЖАҚСЫ ТҮСТЕР – АЛЛАДАН!

Иман


Ұйқыдан көңілді тұрып, әр ісімізді тиянақты атқарып, ерекше белсенділік танытып жүрсек, жақындарымыз "бүгін ұйқыдан оң аяғыңмен тұрған сияқтысың ғой" немесе "жақсы түс көрген шығарсың, ә!?" деп әзілдеп жатады. Иә, расында, жақсы түс көрсек шаттанып, өзгемен бөліскенше асық болып тұратынымыз бар. Ендеше бүгінгі мақаламызда жақсы түс туралы сөз етсек.


ЖАҚСЫ ТҮСТЕР – АЛЛАДАН!


Жақсы түс адамның көңілін көтеріп, кейде оған ерекше екпін, жігер, талпыныс сыйлайды. Шынында, жақсы түс көру – Алланың пендесіне сыйлаған нығметтерінің бірі. Сондықтан жақсы түс көрген адам Аллаға мақтау айтып, оны жақын адамдарымен бөліскені дұрыс. Себебі, Әбу Сағид әл-Худриден (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Біреуің өздеріңе ұнайтын түс көрсеңдер, ол - Алладан, сондықтан Аллаға мадақ айтып, (көрген түстеріңді басқаларға) айтыңдар, ал басқа, яғни өздеріңе ұнамайтын жаман түс көрсеңдер, ол - шайтаннан, сондықтан оның жамандығынан Алладан пана сұраңдар және жаман түсті ешкімге айтпаңдар, сол кезде ол сендерге ешқандай зиян келтірмейді», - деген. (Бұхари)

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы түстің қуанышты хабар екенін айтып: «Пайғамбарлықтан қуанышты хабарлардан басқа ешнәрсе қалмады», - дейді. Адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Қуанышты хабар деген не?» - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (): «Игі түстер», - деп жауап берген. (Бұхари) 


ШЫНШЫЛ АДАМ ЖАҚСЫ ТҮСТЕР КӨРЕДІ!


Қайырлы түстер – Алладан. Шыншыл адам жақсы түс көреді! Өзіңізге ұнайтын түс көрген жағдайда Аллаға мақтау айтып, көрген түсіңізді басқаларға айтсаңыз болады. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы түс көруші туралы: «Ең шыншыл түстерді араларыңдағы сөзінде шыншылдарың көретін болады», - деген. (Муслим)


ТҮС АРҚЫЛЫ АЛЛА ПЕНДЕГЕ ЕСКЕРТЕДІ, ОНЫ ТУРА ЖОЛҒА ШАҚЫРАДЫ!


 «Мен түсімде намаз оқып жүр екенмін, бұл нені білдіреді?» 

«Мен түсімде Құран оқып жүрмін»

 «Мен түсімде көп алма өсіріп, оны адамдарға таратып беріппін»
деген секілді мағынадағы түстер көреміз. Иә, кей адамдар түсінде апатқа ұшырағанын не болмаса бір ағайынының қайтыс болғанын, кейде өзінің намаз оқып жүргенін, ренжісіп қалған бір ағайынымен татуласып, сөйлесіп жүргенін, т.б. көріп жатады. Негізі мұндай түсті Алла тарапынан болған бір ескерту деп қабылдаған абзал. Иә, бұл – хабар, бұл – Алланың ескертуі.
Демек, сіз сол нәрселерге қатты мән беруіңіз керек. Мысалы, түсіңізге Құран кірсе, онда оған жабысыңыз, қолдан келгенше оқуға, амал жасауға тырысыңыз. Себебі, Алла сізді сол жаққа қарай бағыттап тұр. Ойлануға мүмкіндік беріп тұр. 

Жер бетінде ескертілмейтін пенде жоқ. Алла сізге жақсылықтың жолын көрсетіп жатқан болса, оны жақсы түс деп есептеңіз де, соған сай әрекет жасаңыз. Яғни өмірде соны жүзеге асырыңыз.


АЯН ТЕК ПАЙҒАМБАРЛАРҒА ҒАНА БЕРІЛЕДІ


Қазір көп адамдар ескертуді аян берумен шатастырып «түсімде аян берді», «маған Алла білдірді», «маған көктен уахи түсті», «түсімде ақ сақалды кісі менімен сөйлесті», «маған қасиет қонды», т.б. деп жатады. 

Біріншіден, аян беру, яғни уахи – бұл тек пайғамбарларға ғана берілетін хабар. «Уахи» сөзі араб тілінен аударғанда «жасырын сөйлесу, сыбырлау, айту, сөйлеу» деген мағыналарды білдіреді. Алла Тағала Өзі жеткізуді қалаған ақпаратты Өз пайғамбарларына осы уахи (аян беру) арқылы жеткізіп отырған. Бұл нәрсе тек пайғамбарларға тән қасиет, сондықтан соңғы пайғамбар Мұхаммедтен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейін енді ол ешкімге де келмейді.


КЕЙБІР АДАМДАРДЫҢ ТҮСІ НЕГЕ ӨҢІНДЕ ОРЫНДАЛАДЫ?


Иә, кейбір адамдар шыншыл түс көріп, онысы өңінде орындалып жатуы мүмкін. Бірақ бұл аян не уахи емес, хадисте келгендей, «қуанышты хабар» болып саналады. Сондықтан өзіне не өзгеге қатысты жақсы түс көрген адам онысын айтып, бауырларын қуантуға асығуы керек.


ЖАҚСЫ ТҮС КӨРУ ҮШІН МЫНА АМАЛДАРДЫ ОРЫНДАҒАН АБЗАЛ


Тағы бір айта кетеріміз, ұйқыға жатар алдында мына амалдарды орындаған абзал. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінде келген мына амалдарды : «Фатиха», «Ықылас», «Фәлақ», «Нәс» сүрелерін, «Аятул- Күрсиді» оқып, содан соң 33-рет «Субхан-аллаһ», 33-рет «Əл-хамдулиллаһ», 33-рет «Аллаһу Əкбар» деп тəсбі тартып оң жақпен жатқан жөн.

Біз айтқан кеңестерді құнттап амал етсеңіз, әрдайым ұйқыдан сергек тұрып, жаман түс көруден мүлдем айығасыз. Алла Тағала әр күніңізді берекелі етсін! Әмин!


ПІКІР (3)

Алпанова Айгул
2019-02-25 12:26:27

Оте унады.осындай макала коп болсын. Егер олген адамдар киргенде калай болады

Алпанова Айгул
2019-02-25 12:26:27

Оте унады.осындай макала коп болсын. Егер олген адамдар киргенде калай болады

Маметова Бекжамал
2019-02-25 18:23:25

Маган унады оте Бир асерли ангиме екен осындай сайттар кобейсе екен Алла разы болсын

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер