Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ЖАҚСЫ ӘКЕГЕ ҮШ КЕҢЕС

Отбасы


БАЛАҒА ҚОНАҚ КҮТУДІ ҮЙРЕТУ КЕРЕК!

Баланың көпшіл, қонақжай болып өскені жақсы. Балаға келген қонақтың қамын жасауды әкесі айтып, үйретуі керек. Сонда бала өзін сол үйдің егесі, әкесінен кейінгі бас көтерер азаматы ретінде сезіне бастайды.
Мысалы, балаға мына сөздерді айтып, оны үлкендерді сыйлауға үйрете беріңіз:

1. «Балам, қонақтың алдынан шық» 

2. «Балам, үлкен кісілердің киімін ал» 

3. «Балам, қонақтарға құманмен су әкел» 

4. «Балам, қонақ келгенде «төрлетіңіздер, үйге кіріңіздер» деп айтуды үйрен» 

5. «Балам, қонақтарға көрпе төсе» 

6. «Балам, қонақтарға қымыз ұсын» 

7. «Шынтағына жастық бер» 

8. «Ас ұсын» 

9. «Үйдегі барды алдына тос» 

10. «Балам, қонақтарды шығарып сал»

Міне, осы нәрселерді айтып, үйретіп отырсаңыз, бала қызмет ете жүріп, үлкендердің тілек, батасына ілігуге, барынша кішіпейіл, өзгелерге жұғымды болуға мүмкіндік алады. 

Оның үстіне, қонақ күту деген - ерекше сауапты амал. Қазақ «қонақ құтымен келеді», «қонақ он береке әкеліп, тоғызын сол үйге қалдырып кетеді» деп бекер айтпаған. Қонағына құрмет көрсете алатын адам Алланың разылығына, сыйына бөленеді! 

БАЛАНЫ ІСКЕРЛІККЕ БАУЛУ ҮШІН...

Баланы іскерлікке, еңбекқорлыққа баулу үшін оған кейде шамасы келмейтін істерді де тапсырып отыру керек. Мысалы, «еденді жу» десеңіз, оның тап-таза қылып жууға шамасы жетпесе де, әйтеуір жауапкершілікті сезініп, соны істеп шығады. 6-7 жастағы ұл балаға «көлікті жуып шықшы» десеңіз, ол шала жууы мүмкін. Бірақ шама-шарқы жеткенше тырысып, талпынатыны анық. Дәл осылай он рет, он бес рет жуғаннан кейін бала әбден ысылып, әдіс-тәсілдерін біліп алады да, бірте-бірте жақсы жуа бастайды. 
«Жуатын уақыты келеді», «әлі ерте», «әлі кішкентай» деп жүрсеңіз, уақыты келгенде оны жұмсай алмай қаласыз. Ол сізді тыңдамай кетуі мүмкін. Сондықтан кейде шамасы келмейтін істерге де жұмсап, бойын үйрете берген абзал.

«ӘКЕМ БІЛМЕЙДІ, МЕН БІЛЕМІН...»

Қазір үлкендердің барлығы «біз кезінде әкемізден жасқанып тұрушы ек, әкең келе жатыр, әкеңе айтам деген сөз бізді тәрбиелеп еді, қазіргі балалар әкеден именбейді, анадан жасқанбайды» деп шағымданады. Шынында неге?

Мұның бірден-бір себебі - көп баланың расымен де «білімді» болып кетуінде. Заманауи технология балаларды шынымен де білімді етті. Компьютердің тілін түсінбеген әке амалсыз баласының көмегіне жүгінеді. Үйге жаңа зат сатып алған ата-ана құрастыру, орнату жолдарын баласынан сұрайды. Телефонды қалай пайдалануды да қазір әке мен шешеге баласы үйретеді. Осының салдарынан бала «әкем білмейді, мен білемін» деген ойды сіңіріп үлгереді. Бала ондай ойда боламын деп ойламаса да, еріксіз оның санасында осы нәрсе қалыптаса бастайды.

Иә, балам, әкең смартфонды, пультті, ноутбукты білмеуі мүмкін. Бірақ, айтшы, өмір сүруді, өмірдің қалтарыстары мен бұлтарыстарындағы маңызды сұрақтардың жауабын әкеден артық кім білуі мүмкін? Ол көрді. Сен жүріп келе жатқан жолда талай кедергіге тап болып, аман-есен шықты. Сенің заманауи заттарға қатысты білетінің көп шығар, бірақ әкеңнің тәжірибесі мол. Сондықтан әкеңнен асып ақыл айтып, оның алдын орап ісіне араласып кетпе, орныңды, әлі таяқ жеп үлгермеген бала екеніңді біл. Үлкеннің сөзінде, ақылында береке болады. Ата-анаңды тыңдап, сыйлағаның үшін Алла сауаппен қоса, өміріңе, ісіңе жақсылық дарытып қоятынын ұмытпа.





ПІКІР (3)

Шарипов Данияр
2019-02-20 19:09:08

Ассалаумағалейкүм! әрине ұнады,аллаһ тағала разы болсын сіздерге...

Жангабаева Алия
2019-02-21 09:51:23

Ассаламу Алейкум бызге катты унады арине Алла разы болсын сыздерге коп рахмет!

Жангабаева Алия
2019-02-21 09:51:23

Ассаламу Алейкум бызге катты унады арине Алла разы болсын сыздерге коп рахмет!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер