Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ЖАЛҚАУЛЫҚТЫ ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ!

Мәдениет


Жалқаулық пен еріншектік – жақсылық атаулыдан мақұрым қалдыратын бірден-бір себеп. Жалқаулығы басым адамның рухы сынғыш келеді. Сондықтан да ол көп нәрсеге қол сілтей салуға құмар. Ал «ертеңі бітпейтін еріншектіктен қалай құтыламыз, жалқаулықты жеңуге бола ма?» десеңіз, оның жауабы бар! Жалқаулықты жеңуге болады. Ол үшін сәл ғана әрекет етсеңіз болғаны:

Бірінші, өзіңізді «әлсізбін» деп сендірмеңіз. Өйткені, адам өзінің сенген нәрсесінің құлына айналады. Керісінше: «Жоқ. Мен шаршап тұрған жоқпын! Қазір барлығы жасалады!» – деген секілді сергектік сыйлайтын ойларға санаңызды жеңдіріңіз.


2) Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, Алла! Менің қауымыма таңертеңгі уақытта береке бер!», – деп дұға жасаған. Ендеше, осы сөзді басшылыққа алыңыз. Күннің берекесі сол күннің таң намазынан басталады. Егер, осы уақытта ұйқыдан оянып, дәрет алып, төрт рәкағат таң намазын оқитын болсаңыз, онда Ұлы Алла Тағаланың: «Ей, Адам ұрпағы! Мен үшін күннің басында төрт рәкағат намаз оқы, (сонда) Мен сені күннің қалған бөлігінде (зұлымдықтан, бәле-жаладан...) қорғаймын!» – деген уәдесіне сай амал жасап, Оның мейіріміне бөленесіз!
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, күн шыққанша тіліңіз зікірде, қолыңыз шаруада болса, сол күннің сіз үшін берекеге толы болатынына күмән жоқ.


3) Алладан талабы таудай, мықты адамдардың қатарынан болуды сұрап дұға жасаңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жалқаулықтан арылғысы келген адамға: «Иә, Алла! Әлсіздіктен және жалқаулықтан Өзіңе сиынамын!» («Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл-ъаджзи уәл-кәсәл») деген дұғаны үйреткен.


4) Тамақты мөлшерден тыс көп жеп қоюдан сақтаныңыз. Адам тамақты неғұрлым көп жесе, жалқаулық та соғұрлым желкесінен баса түседі. Сіз тамақты емес, тамақ сізді көтеретінін ұмытпаңыз!


5) Шама келгенше біреуді жұмсауды әдетке айналдырмағаныңыз дұрыс. Ілгерідегі сахабалар ат үстінде отырып, қамшысын түсіріп алса, оны көтеріп беруін ешкімнен сұрамай, өздері алатын болған. (Муслим) Ендеше, ешкімнің уақытын, мазасын алмай, қолыңыздан келсе, өз шаруаңызды өзіңіз атқаруға тырысыңыз.


6) Бүгін бітетін істі ертеңге қалдырмаңыз! Әр күннің өз ісі бар. «Еріншектің ертеңі бітпейді» демекші, еріншекке бүгіннен ертең оңай көрініп тұрады. Ал өз уақытында жасалмаған жұмыс көбейе келе, ақыры еңсеңізді басып, уайымыңызды, шаршаңқылығыңызды одан әрі күшейте түседі. Сондықтан әр нәрсені өз уақытында тындыруға күш салыңыз.
Алла қасиетті Құранда: «Ал енді босай қалсаң тырыс, әрекет ет және Раббыңа қарай ұмтыл», - деп бұйырған. («Шарх» сүресі, 7,8 - аяттар) Сондықтан босай қалсаңыз, қарап отырмай бірдеңеге жарап отыруға әдеттеніңіз. Себебі, адам өз ойларымен, жұмыссыз қалып қойса, нәпсі мен шайтанның жетегінде кетіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да Пайғамбарымыз (
оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, Алла! Мені қас-қағым сәтке де өзіммен-өзімді жалғыз қалдырма!..» ‒ деп дұға қылуды үйреткен. (Әбу Дауд, Ахмад)

Алла сіз бен бізді қоғамға пайдасы тиер еңбекқор, табанды, жігерлі құлдарының қатарынан етсін!

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер