Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

950 ЖЫЛ БОЙЫ АЛЛАНЫ АЙТҚАН АДАМ

Мақалалар

 

 

Алла Тағаланың адамдарға тура жол көрсету үшін түсірген асыл қазынасы  Құранда өз қауымын 950 жыл бойы тура жолға шақырған Нұх пайғамбардың (а.с) оқиғасы баяндалады. Бұл қауымға Алла Тағала тарапынан ауыр азап келіп, олар жер бетінен біржола жойылған еді. Сондықтан да Нұх пайғамбарды (а.с) «Адамзаттың екінші атасы» деп атайды. Неге бұл қауымды Алла Тағала жойып жіберді? Осыншалық ауыр азапқа ұшырайтындай олар қандай күнә жасаған еді? Бұл оқиға қасиетті Құранда былай баяндалады:

 

 

 Тура жолға шақырудағы алғашқы қадамдар

 

Нұх пайғамбар – өте көркем мінезді, әрі  парасатты болатын. Ол жаны жоқ тас мүсіндердің дұғаларды қабылдай алмайтындығын, әрі ешқандай зиянды қайтаруға шамасы жетпейтiндiгiн анық түсінді. Сондықтан да өз-өзіне сұрақ қоя отырып: «Қалайша біз өз қолымызбен қойған тастарға құлшылық жасап сиынамыз? Бұл ісіміз нағыз надандық әрі орасан зор адасушылық емес пе?» – деп ойлана бастады. Алла Тағала Нұхқа (а.с) терең бiлiм, ақыл берген едi. Ол мына әлемді және ондағы барша жаратылысты жаратушы жалғыз Құдайдың бар екенiн және адамзаттың сол бір Құдайға ғана ғибадат қылып, қажеттерiн Одан ғана сұрау керектігiн түсінді. Сөйтіп, Нұх (а.с) Алла Тағалаға сенуімен ғана шектелiп қалмай, басқаларды да бір Аллаға ғана бойұсынуға, Оның дініне толығымен кіруге шақыруды қалады.

Осылайша Нұх өз қауымын тура жолға шақырып, үгiт-насихат жүргiзе бастады. Нұх пайғамбардың ізгі бір қасиеті өз қауымына түсiнiктi етiп сөйлейтiні едi. Оларға: «Ей, қауымым! Аллаға құлшылық жасаңдар. Сендер үшiн Одан өзге құдай жоқ», – дейтін. Нұх оларды осындай түсiнiктi де жұмсақ тiлімен шақырып, үгiттеді. Оларға хақ діннің шақыруын даналықпен жеткiздi, ешкіммен айтысып-тартыспады. Нұх оларға: «Ей, қауымым! Кiм Алла Тағалаға сенбесе, Қиямет күнi ол Алла Тағаланың азабына ұшырайды. Ал кiм Аллаға сенiп, Оған құлшылық жасаca, Алла оны жаннатқа кiргiзедi. Сондықтан, ей, қауымым! Иманға келіп, жаннатқа кіруге асығыңдар!» – деді.

Бiрақ санасын шайтанның азғыруы әбден жаулаған қараңғы қауым Нұхқа: «Біз не үшiн Аллаға ғана құлшылық жасауымыз керек? Қиямет күнi дегенің не? Сен де – өзіміз сияқты адамсың. Алла бізге пайғамбар жiберетiн болса, сен сияқты адамды емес, перiштенi жiберуі керек еді», – дедi. Нұх оларға: «Құлшылыққа жалғыз Алла ғана лайық. Ол бiздi жаратты және есепсіз игіліктерге бөледі. Жақын уақытта барлығымыз да бұл дүниеден өтеміз. Одан соң Алла Тағала бiздi есепке тарту үшін Қиямет күні қайта тiрiлтiп, Өзіне иман келтірген мүміндерді жәннатқа, ал қарсы шыққан кәпiрлердi тозаққа кiргiзедi. Пайғамбар да – өздерің сияқты жұмыр басты пенде. Ендеше, Алланың мені пайғамбар етіп жіберуінің еш таңғаларлығы жоқ», – деп уағызын жалғастырды.

 

 

Сылтау айтып сытылу

 

Нұх пайғамбардың соңына ілесіп, айтқанына сенгендер, негізінен, әлсіздер мен кедейлер еді. Ал қарсы келгендер: «Ей, Нұх! Саған сенiп, артыңнан ергендеріңе бір қарасаңшы?! Олар – ризық-несiбесi аз, әлсіз біреулер ғана… Олар – мал-дүние, байлық, абырой-атақтан жұрдай, ештеңесі жоқ бейшаралар. Егер сен өзiң шақырып жатқан жаңа дiнге бiздiң де сенгенімізді қаласаң, кедей-кепшiктi қасыңнан алыстат. Негізінде, олар бiз сияқты бай әрі ақылды болғанда, сенің сөзіңе ермес еді, сен айтқан діннен алыс болар еді. Егер сенiң шақырып жатқаның жақсылық болғанда, олардан бұрын абыройлы да мәртебелi бiздер сенiң шақыруыңды қабылдап, сен айтқан Аллаға бойұсынған болар едiк», – дедi.

Олар өздерiнiң надандығын, ақымақтығын айқындайтын осындай пасық сылтауларын айтқаннан кейiн де Нұх уағызын тоқтатпады: «Ей, қауымым! Ақылға келіп, ойланып көріңдершi. Алла Тағала сендерге жақсы мен жаманды айыру үшін, ойлану үшін ақыл нығметiн бердi емес пе?! Өздерiң айтыңдаршы! Бұл мүсiндер сендерге бiрер пайда яки зиян тигізе ме? Олардан тілек тілесеңдер, олар сендердi көрiп, ести ала ма? О, халайық! Бiр Аллаға ғана құлшылық қылыңдар. Сендерге ризық беріп, дұғаларыңды қабыл ететін – бір Алла ғана», – деді.

 

 

Қарғыс сұраған қауым

 

Қауымы мен Нұхтың арасындағы бұл талас-тартыстан жалыққан қауым ақыры: «Ей, Нұх! Расында, сен бiзбен көп айтыстың. Егер айтқандарың рас болса, уәде еткен азабыңды келтiр», – дедi. Амалы қалмаған Нұх қатты қапаланып: «Сендер ақымақтық пен надандық жасаудасыңдар. Сендерге азап тек Алладан келеді. Мен – сендердей адаммын. Сендер Аллаға ешқандай серік қоспай, Оған ғана ғибадат жасауларың керек. Егер иман келтiрсеңдер, сендерді жәннатпен сүйiншiлеп, қуандырамын. Барлық iс Алла Тағаланың қолында. Егер қаласа, күпiрлiктерiң үшiн сендердi бұл дүниеде және Ақыретте азаптайды», – деді.

 

 

Келекеге айналған кеме

 

Нұх ұзақ уақыт сабыр сақтады. Ол өзінің пайғамбарлық мiндетiн тоғыз жүз елу жыл бойы шыдамдылықпен атқарып, қауымын дiнге шақырды. Содан кейiн қауымының күпiрлiгi мен надандығына, тәкаппарлығы мен қасарысқандығына және күндiз-түнi ашық әрі жасырын тынбастан уағыз жүргiзсе де, иман келтірушілердің аздығына Аллаға шағымдана бастады. Сонда Алла Тағала оған: «Қауымыңның iшiнен қазірге дейін иман келтiргендерден басқасы мүлде иманға келмейдi», – деп аян бердi. Сонда Нұх Алла Тағаладан ақылын пайдаланбай, пұттарға табынып, нәпсiсіне және шайтанға ерiп жүрген бұзақыларды жойып жiберуiн сұрап: «Уа, Раббым! Жер бетiнде қарсы келгендердiң бiреуiн де тірі қалдырма. Егер Сен оларды тірі қалдыратын болсаң, пенделерiңдi адастырады және олар бұзақы қарсы келгендердi ғана дүниеге келтiрiп, көбейтедi», – дедi.

Алла Тағала Нұхтың дұғасын қабыл алып, оған үлкен кеме жасауды бұйырды. Нұх қауымынан алыстап, кеме жасауға кірісті. Қауымы оның дінді насихаттауды тоқтатып, кеме жасауға кіріскенін көрiп: «Ей, Нұх! Саған не болды? Кеше ғана пайғамбар едiң, ендi бүгiн ұста болып кеттің бе? Кеменi кiмге жасап жатырсың? Кеме жүзетiн теңiз қайда? Ол бұл жерден өте алыс қой», – деп әжуалай бастады. Нұх олардың мазағына төзімділікпен сабыр етіп, жұмысын соңына жеткiздi.

 

 

Алладан келген ауыр азап

 

Алып кемені жасау аяқталғанда, Алла Тағала Нұхқа Аллаға сенгендерді және барша тiрi мақұлықтан бiр-бiр жұптан алып, кемеге мінуін бұйырды. Алла Тағала қарсы болып, пайғамбардың шақыруын қабылдамаған қауым адамдарына топан су тасқынын жiберетiндiгiн хабарлады. Нұх бұйрықты орындап, мүміндермен бiрге кемеге мiндi. Осы сәтте өте көп жаңбыр жауып, жер астынан су атқылап, жер жүзін топан су басты да, кеме су бетiне көтерiле бастады. Ал Алланың бар екендігіне, әрі Оның бірлігіне күмән келтіргендер толқындардың қойнына батып бара жатты. Кенет Нұх биiк кеменің үстінен суға батып арпалысқан адамдарға қарап тұрып, араларынан өз баласын көрді. Ол жан ұшырып: «Ей, балам! Әлi де суға батып өлiп, тозаққа кетпейiн десең, Аллаға иман келтiрiп, бiзбен кемеге мiн!» – дедi. Бiрақ баласы әке сөзiн тыңдамады. Ол батып кетпеуге әрекеттеніп, жартасқа жармаса бастады. Алайда Алла Тағаланың құдіретімен жауған мол жаңбыр барлық жерге, тiптi, таулардың шыңдарына дейiн жеткен еді. Аллаға шәк келтіріп, сенбегендердің барлығы дерлік түгелімен суға батып кеттi. Олардың ешқайсысы аман қалмады. Олар Нұхтан: «Егер шын пайғамбар болсаң, уәде еткен азабыңды келтір», – деп талап еткен едi. Алла Тағала Өз елшісі Нұхтың дұғасын қабыл етіп, қарсы келгендерді суға батырып, өздері сұранған азапқа душар етті...

 

 

Баласына алаңдаған әке

 

Осыдан соң Нұх пайғамбар өз баласының жағдайына қатты алаңдап,  «Уа, Раббым! Балам – менiң жанұямнан. Сен «менi және отбасымды құтқарамын» деп уәде бергенсiң», – деп сұрады. Алла Тағала аян етiп: «Ей, Нұх! Балаң – сенiң отбасыңнан емес. Сенiң нағыз жанұяң – саған иман келтiрiп, шақыруыңды қабылдағандар. Мен тек қана мүміндерге жәрдем беремiн. Ал әйелiң, балаң секiлдi адасқандардан болғандарға жәрдем де, жәннат та, нығмет те жоқ», – дедi. Сол кезде Нұх әкелiк мейiрiмi себепті білместік жасағанына көзі жетіп, қайтадан тәубе қылып, Раббысынан бұл iсi үшін кешiрім сұрады. Алла Тағала оны кешiрдi. Кеме су бетінде ұзақ уақыт жүзгеннен соң, Алланың әмірімен су тасқыны тоқтады да, кемедегілер аман-есен жер бетіне шықты!

 

P.S: Иә, Құрандағы бұл ғибратты оқиға тек бір Алла Тағаладан ғана жәрдем сұрап, Оған ғана құлшылық ету керектігін, әрі мұсылмандардың бір-біріне жақын бауыр екендігін білдіреді. Және Алла Тағала Өзіне бойұсынып, жіберген пайғамбарының соңынан ергендерді азапқа салмайды, оларды кез келген азаптан құтқарып, жеңіс пен жеңілдік береді!

 

 

 

 

ПІКІР (10)

Гүлнұр

Алла құдыреті шексіз.Әлхамдулиллах.

jalgas

ALLA

Арайлым
2018-10-26 17:06:28

Керемееет екен

مختار
2018-10-27 01:37:29

ما شا الله

Жансая
2018-10-27 03:44:40

Мейірімі Шексіз Аллаға сансыз шүкіршілік болсын

Жансая
2018-10-27 03:44:41

Мейірімі Шексіз Аллаға сансыз шүкіршілік болсын

Жанар
2018-10-27 07:01:57

Алланың құдіреті шексіз! Аллауəкпар!

Балжан
2018-10-27 08:21:54

Алланың құдыреті шексіз ғой Аллаға шүкірлік етіп жүрейік

Балжан
2018-10-27 08:21:55

Алланың құдыреті шексіз ғой Аллаға шүкірлік етіп жүрейік

тұрғнбек
2018-10-27 12:42:46

алла шексыз құдретт алладан басқа тәңір жоқ мұқамет оның елшысі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер