Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

«ФАТИХА» СҮРЕСІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Иман


Бүкіл әлемнің Жаратушысы Алланың сөзі, жүрегіміздің көктемі, ұлы қорғанымыз  қасиетті Құранда адам баласы үшін шипа бар. Бұл туралы Алла Тағала «Исра» сүресінің 82-аятында: «Құраннан мүміндерге шипа және мейірім түсіреміз», - десе, «Йунус» сүресінің 57-аятында: «Ей, адамдар! Ақиқатында, сендерге өздеріңнің Раббыңнан насихат, көкіректегі нәрселерге шипа және имандылар үшін жолбасшы әрі мейірім Құран келді», - дейді. Қасиетті Құранның барлық аяттарында шипа бар. Дегенмен, хадистерде белгілі бір сүрелердің ерекше қасиеттері туралы баяндалады. Соның бірі – «Кітаптың анасы» болған «Фатиха» сүресі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қайыры ең көп болған сүре  – Фатиха, ол – барлық дертке дауа», - деген. (Байһақи)

Сонымен, үнемі қайталап оқып жүрген ең қайырлы сүре туралы не білеміз?

  1. «Фатиха» – бес уақыт намазда үнемі оқылатын, әрі ең жиі қайталанатын сүре. Ол намаздың әрбір рәкағатында айтылады. Сондықтан бұл сүрені «Жеті қайталанушы аят» (әс-Сабъул мәсәни) деп те атайды. «Фатихасыз» намаз жоқ. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кітаптың Фатихасын оқымаған адамның намазы (толық) емес», тағы бір риуаятта:  «намазы намаз емес» ,  деген. (Бұхари)
  2. Фатиха - кітаптың беташары, кітапты ашушы (“Фатихатул китәб”).  Біз Құранды ашқанда ең алдымен осы сүрені көреміз. Бұған қоса Құран сүрелері арасынан ең бірінші толық түскен де – осы сүре.
  3. Фатиха -  «Уммуль Қуран»  (Құранның анасы) . Ум (ана) деген сөз негіз, бастау деген мағыналарды қамтиды. Құранда барлығы 114 сүре болса, ғалымдар қалған 113 сүрені сол «Фатиха» сүресінің тәпсірі, түсіндірмесі іспетті деп бағалаған. Тәбиғиндердің бірі Хасан Басри: «Алла Тағаладан келген 104 кітап бар. Сол 104 кітаптағы мағынаның барлығын Алла Тағала ықшамдап 4 кітапқа сыйғызған. (Тәурат, Зәбур, Інжіл, Құран). Ал сол 4 кітаптың мағынасын тек бір кітаптың ішіне сыйғызған. Ол – Құран. Ал Құрандағы сөздердің мағынасының бәрін «Фатиха» сүресінің ішіне кіргізіп қойған. Ал «Фатиха» сүресінің бүкіл мәні – ондағы жалғыз аятта тұр. Ол - Я, Алла, Саған ғана құлшылық жасаймыз әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз деген аят. Біздің барлық міндетіміз осы аятта тұр», - дейді. 
  4. Фатиха – Аллаға мақтау, мадақ айтумен басталатын бес сүренің бірі. Ол Құрандағы  «Әлхамдулилләһ» деп басталатын бес сүренің (Фатиха, Әнъам, Сәбә, Фатыр, Кәһф) қатарына кіреді. Байқасаңыз, «Әлхамд», яғни «мақтау» деген сөзден кейін бірден Алла деген сөз келген. Бұл – мақтау тек  қана Аллаға  тән дегенді білдіреді. Демек, бүкіл құлшылық, бүкіл мақтау Аллаға ғана арналады. Себебі, Ол – барлық тіршіліктің Жаратушысы, әлемнің Егесі.
  5. Фатиха  - шипа, ем болушы сүре. Ол – өлімнен басқа барлық ауруларға ем. Бұхариден жеткен хадисте сахабалар жорықта жүргенде бір ауылға барып өздерін қонақ етуді өтінеді. Алайда, ауыл адамдары сараңдық танытып, оларды қабылдай қоймайды. Сол күні ауыл көсемін шаян шағып алған еді. Ауру меңдеп, жанын қоярға жер таппаған соң олар өздері қонақ етуден бас тартқан әлгі сахабаларға келіп, жәрдем сұрайды. Осы кезде Әбу Сағид әл-Худри (р.а) орнынан тұрып, әлгі науқасқа «Фатиха» сүресі арқылы дем салып, ауыл көсемі сол арқылыжазылып кеткені хабарланған. Демек, «Фатиха» –шипа болушы сүре.

Ауырып тұрған жерге қолыңызды қойып «Фатиха» сүресін жеті рет оқисыз немесе суға, балға 7 рет оқып, үрлеу арқылы дем салуға болады.

  1. Фатиха – дұға сүресі. Ол - адам баласының жаратылудағы ең негізгі мақсатын айқындайтын сүре.

Тіпті, кейбір ғалымдар дұғалардың ең үлкені осы сүре деп атаған.
«Бізді тура жолмен жүргізе гөр, игілікке бөленгендеріңнің жолымен! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!» («Фатиха» сүресі,6-7-аят). Тура жолдың екі түрі болады: тура жолды көрсету, тура жолдан тайғызбау. Екеуі де –Алланың қолында. Бес уақыт намазда оқылатын «Фатиха» сүресінде тура жолдың осы екі түрі де қамтылған.
Келтірілген аяттарда Алла Тағала тура жолға түсіруді сұрауды үйреткеннен кейін тура жолдан айныған екі топтың мысалын келтіреді: ашуға ұшырағандар және адасқандар. Біз бұдан тура жолға түсуге кедергі болатын, айнытатын екі түрлі сипатты көреміз. Біріншісі – білімсіздік, надандық болса, екіншісі – тәкаппарлық пен қырсықтық. Ашуға ұшыраудың себебі – тәкаппарлық, қырсықтық, адасуға ұшыраудың себебі – білімсіздік, надандық.
Бұл аят Исламның өзімшілдік емес, жамағаттың діні екендігін көрсетеді. Асыл дініміз жеке бастың қамын күйттеуге емес, көптің қамын күзетуге шақырады. Өйткені, мұсылман «Мені тура жолға сала гөр!» деп емес, «Бізді тура жолға сала гөр!» деп дұға жасайды.



  1. Фатиха – тек Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ғана берілген нұр!

Бірде Жәбірейіл періште (а.с.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанында отырған уақытта, төбеден есiктiң ашылғанына ұқсаған дыбыс естіледi. Сонда Жәбірейіл (а.с) басын көтерiп: “Бұл – дүние аспанының қақпасы. Ол осы күнге дейiн жабық болып, ендi ашылды”, – дейдi. Ол қақпадан бұған дейiн жер бетiне түспеген бір перiште түседі де, Пайғамбарымызбен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сәлемдесiп: “Сүйiншi! Саған осы уақытқа дейiн ешбiр Пайғамбарға берiлмеген екi нұр берiлдi. Ол - “Фатиха” сүресi мен “Бақара” сүресiнiң соңғы бөлiгi. Бұл екеуiнiң қайсысын оқысаң да, тiлегенiң берiледi!” – дейдi. (Муслим)

Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Һурайраға (р.а): “Саған Інжілде де, Тәуратта да, Зәбурде де келмеген сүрені айтайын ба?” - дейді. Әбу Һурайра: “Иә, айтыңыз”, - дегенде Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы Фатиха сүресін атаған. (Тирмизи)

  1. Фатиха – Құрандағы ең ұлы сүре. Әбу Сағид ал-Муъалла (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бірде мен мешітте намаз оқып отырғанымда мені пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) шақырды. «Сен мешіттен шықпастан бұрын мен саған бір сүре жайында хабар беремін, ол – Құрандағы ең ұлы сүре», – деді де, қолымды ұстады. Кейін ол кісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) шыға бергенде мен: «Я, Алланың  елшісі! Сіз маған: «Бір сүре жайында хабар беремін, ол Құрандағы ең ұлы сүре» деп едіңіз ғой?»,- дегенімде ол кісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әлхамду лилләһи роббил ъаләмийн. Бұл маған берілген «әс-Сәбъул мәсәни (қайталанатын жетеу) «және «әл-Қуранул ғазыйм (ұлы Құран)«,- деді». (Бұхари)


  1. Фатиха – Алламен тілдесудің таптырмайтын мүмкіндігі. 

Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен құдси хадисте Алла Тағала былай деген: «Намазды Өзім мен құлымның арасында екіге бөлдім, жартысы Маған, жартысы құлыма әрі құлыма сұрағаны тиесілі. Егер де ол: «Әл-хамду лилләһи роббил ъаләмийн» десе, Алла: «Құлым Маған мадақ айтты, Мені мақтады», – дейді. Егер де ол: «Әр-рахманир рахим» десе, Алла: «Құлым Маған шүкірлігін айтты, алғыс айтты», – дейді. Егер де ол: «Мәәлики иәумиддин» десе, Алла: «Құлым Мені ұлықтады», – дейді. Егер де құлым: «Ийәкә нәғбуду уә ийәкә нәстәғийн», – десе, Алла Тағала: «Бұл Мені мен құлымның арасындағы нәрсе әрі құлыма сұрағаны тиесілі, Мен оған сұрағанын беремін», – дейді. Егер құл: «Иһдинас сыратал мустәқийм. Сыраталләзинә әнғамта ғаләйһим ғойрил мағдууби ғаләйһим уәләд-дооллийн», – десе, Алла: «Бұл құлымдікі әрі құлыма сұрағаны тиесілі», – дейді», — деген. (Муслим). Осыданкейін ғалымдар кім Фатиха сүресін түсініп, оған амал жасаса, ол адамға Құдай дүниеде де, ақиретте де береді деген. Себебі, Алла: «Бұл – құлымдікі әрі құлыма сұрағаны тиесілі», — деді.

Ендеше, «Құранның анасы» болған ұлы сүрені жаттап,  соған сай амал ете алсақ, еш ұтылмайтынымыз анық. 

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер