Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Есектің есті баласы

Мәдениет

Бір күні есектің баласын аяқ астынан ауру шалады. Ұзын құлақтары салбырап, жем-судан бас тартады. Күні бойы басын тұқыртады да тұнжырап, ақыр соңында жатып қалады. Баласының жағдайына мазасызданған әкесі қасына келіп не болғанын сұрайды. -Баласы: «Бәріне кінәлі адамдар» - дейді басын көтеріп. 
-Адамдар не істеп қойды?- дейді әкесі таңдана аузын ашып. 
-Олар бір ұнамсыз әрекет көрсе бір-біріне: «Есексің!» - дейді. Араларындағы ақымақтарын есекке теңейді. Біз ондай емеспіз ғой, әке! Айтыңызшы! Еңбек етеміз, жалықпаймыз. Бізде де түйсік бар, сезім бар. Түсінеміз.
Күтпеген сөздерге әкесі алғашында не дерін білмеді. Сосын қос құлағын оңды-солды қайшылап, аз-кем ойланды да сабырмен:
- Қарашы балам! Оларға Алла тағалам ақыл беріп, жаратылыстардың ішіндегі ең артығы етіп жаратты. Соған қарамай олар бізден бұрын өздеріне көп зиян тигізуде. Мысалы, сен өміріңде өз бауырының дүниесін ұрлаған есекті көріп пе едің?! Ең құрымаса естідің бе?! Есектердің арасында біреудің ақшасын тартып алған, ұрсысып, ренжісіп, бір-бірін ғайбаттаған жағдайларды көзің шалды ма?! Балалары мен әйелін, әке-шешесін ұрып немесе қараусыз тастап кететін есекті көріп пе едің?! Жем-шөп пен жайылым себепті бір-бірінің иелігіне басып кірген есектер жайлы естідің бе?! Өз «қорасын» сатып, өзгенің пайдасы үшін жұмыс жасайтын «сатқын есек» жайлы естіп пе едің?! Арамызда бірлікке сына қағып, есектерді екіге бөлетіндер бар ма?! Үйірдің басшы айғырын беталды жамандап, бағынбай, оған есектерді қарсы айдап салып, ақыр соңында анталаған қасқырларға жем болған есектерді көрдің бе? Олардың сөздерін көңіліңе алма! Басыңды көтер! Қораласымызды күндемеу, ештеңесін ұрламау, ғайбаттап өсектемеу- біздің артықшылығымыз бен мақтанышымыз емес пе?! -деді.
Әкесінің өткір сөздері бала есекті дүр сілкіндірді. Лезде көңілі көтеріліп, арпаға тәбеті шабады да: «Әке! Онда абыроймен өмір бойы «Есектің ұлы!» болғанымды мақтан тұтып өтемін!» - деді.

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер