Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ: "ҚАҒАЗДАҒЫ ҒАНА ЕМЕС, ӨМІРДЕГІ ҮТІР МЕН НҮКТЕ ДЕ ӨЗ ОРНЫНА ҚОЙЫЛУҒА ТИІС"

Сұхбат


Өмір туралы өрілген ойлар және қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистика саласының білікті маманы болу үшін қандай сатылардан өту қажет? Ақпарат алмасудағы жаңа бетбұрыстар мен өзгерістердің бізге берері не? Бала тәрбиесінде қандай тиімді тәсілдерді қолдану керек? Осы орайда журналист, белгілі спорт комментаторы, ақын Есей Жеңісұлы бізбен ой бөліскен еді.

«Бәрін білемін» деген сөз – барлық бәленің басы!»

Асыл арна: Есей аға, журналистика саласында «аға буынға» аяқ бастыңыз. Жалпы білімді әрі білікті журналист болу үшін не істеу керек? Қиындығы мен қызық тұстарына тоқталып өтсеңіз?


Есей Жеңісұлы: Кез келген пенде өмірге келгеннен кейін бүгін бар, ертең жоқ лауазымға, дүние-мүлікке, жұрт көзіне жақсы болып көріну сынды уақытша нәрселерге болсын-болмасын ұмтылады. Саналы адам болып жаралғасын, ең бірінші білуге ұмтылсақ керек еді. Алайда сыртқы қажеттіліктерге көп елігеміз. Содан келіп қоғамды сауатсыздық, ашкөздік, санасыздық, білімсіздік, өркеуделік сынды індет жайлайды. Тоқтаусыз ізденіп, білмейтінін білуге ұмтылған сайын адам өзінің жер бетіндегі жеті миллиард жанның біреуі ғана екенін, оның басқалардың алдында көкірегін соншалықты жоғары көтеріп жүретіндей еш себептің жоғын, мына өмір, тән адамға берілген игілік екенін түсіне түсетін секілді. Білімді әрі білікті журналист болу үшін де, әрдайым білімге талпынып отырмай болмайды. «Бәрін білемін» деген сөз – барлық бәленің басы. Біздің әріптестердің ақсап жататын тұсы осы. Оның да өз себептері жоқ емес, әрине. Көп жағдайда біздің әмбебап журналист болуымызға тура келеді. Бүгін спортты, ертең экономиканы, арғы күні ауыл шаруашылығы мәселесін жазуға, көрсетуге, тақырып етуге тура келеді. Жан-жақты болу да керек. Бірақ бір салаға маманданып алған дұрыс екенін уақыт айқындап келе жатыр. 

Журналистикағадағы жиырма жыл ішінде түрлі қиындықтар мен қызықтарға тап болдық. Қызығы көп, әрине... Мамандығымның арқасында әлемнің 10-15 елін аралап, айтулы спорт жарыстарына бардым.  Ал енді қиындықсыз іс болмайды. Біз бұл саланы жаңа бастаған кезде газеттердің қоғамдағы орны өте жоғары болатын. Бірақ салыстырмалы түрде әлеуметтік жағдайымыз төмен еді. Пәтер, оқу, жұмыс деп, бірді бірге жалғап жүрген кездер де өтті. Ол үшін түк те өкінбеймін. Өйткені, біз жақсы мектеп пен тәрбие көрдік. Нұртөре Жүсіп ағамыз 1998 жылдың жазында «Жас Алашқа» жұмысқа алғаннан кейін Бағдат Жандосай атамыздан бастап, Бақтияр Тайжан, Сәлима Ысқақова, Берік Бейсенұлы, Роза Қараева, Абылай Сабдалин, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Гүлзат Нұрмолдақызы, Гүлнар Жұмабайқызы, Айгүл Аханбайқызы сынды мықты-мықты журналистердің ортасына топ ете қалдық. Күн сайын үйрендік, сағат сайын жаңа нәрсені жадымызға тоқыдық. Сол жақсы ортаға жолыққаным бағым деп санаймын. 

 


Асыл арна: Біліктілік білгендерден тәжірибе алмасу арқылы да келеді дейсіз ғой?


Есей Жеңісұлы: Иә, дұрыс айтасыз. Жас адамда «Мен бәрін істей аламын», «Бәрі қолымнан келеді», «Мен қырамын, жоямын» деген кеудемен қоса, «Ой, ол қырыққа келгенше қыр аспапты», «Алпысқа келгенше ай қарап жүріпті» деген ой көп кездеседі. Ал кейін, уақыт өте келе, өздерінен бір-екі жейде болса да ерте тоздырған адамдардың өмірден көргені мен жинаған тәжірибесі көп болатынын мойындайсыз. Сондықтан білікті журналист боламын деп талпынған адам қашанда кішіпейіл болса, білікті мамандардың тәрбиесін көрсе, ешқашан жаман болмайды. Мысалы, Қасым Аманжолұлы, Айдын Қаба үшеуміз «Жас Алашта» ең жас журналист болдық. Берген тапсырманы тап-тұйнақтай етуге тырысып, үлкендер жұмсаған шаруаға шапқылап кететінбіз. Жазғанымыз ең алдымен сол кісілердің көңілінен шықса екен деп тұратынбыз. 


«Тағдырымның талқыға түскен сәттері де болды»


Асыл арна: Бір сөзіңізде былай деп едіңіз: «Өмірге келу бар, заңдылықтарын қабылдау бар, өмірдің заңына бағыну деген бар екен! Ең бастысы – өзіңнің заңыңды өмірге өткізу». Жалпы адамның өмірге өз заңын орната алу мүмкіндігі қаншалықты деңгейде? Сіз орнатып үлгердіңіз бе?


Есей Жеңісұлы: Шынында да, қазір жүріп өткен күндерге қарасақ, өзіміз қалағаннан мүлде басқа жолмен жүріп өткенімізді түсінеміз. Егер өмірге өз заңдылығымызды орнататын мүмкіндігіміз болып, қашан үйленетінімізді, қай уақытта балалы болатынымызды, қай жерден үй алатынымызды білсек, тіпті жұмыс орнымызды өзіміз таңдасақ, әлдеқайда атақты, бай, ауқымы мол, құлашы кең, бірақ шүкірсіз, қанағатсыз адамға айналып кетер ме едік? Бірақ Жаратушы Ие адамға көтере алатын бақ, төзе алатын сынақ, құрметтей алатын орта беретіндіне уақыт өте келе көз жеткізеді екенсің. Осы жиырма жылдың ішінде сегіз, тоғыз жерде жұмыс істеппін. Егер менің еркіме салса, бір жерде ғана жұмыс істеп немесе қазіргі журналистиканың талабына сай бастаған «statsport.kz» деп аталатын сайтымды жүргізіп қана тыныш отыратын едім. Өмірдің заңы басқа. «Жанымды бағуым керек, отбасымды асырауым керек» деген қажеттіліктерді алдыңа тізбектеп әкеледі. Өз жұмысыммен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінде төрт жыл оқытушы да болдым, 2008 жылдан бері тұрақты түрде комментаторлықпен айналысып келе жатырмын. Мұның бәрі менің жеке қалауыммен емес, шынында Алланың берген мүмкіндігі деп топшылаймын. Тағдырымның талқыға түскен сәттері де болды. Бәріне қолымды бір сілтеп, бала-шағамды Астанадан Алматыға алып кеткенде, бәрін нөлден бастауға тура келді. Сонда жоқ жерден мүмкіндік беріп, қайта қатарға қосқан Аллаға шүкір етемін. Егер жақсы тілек-ниетпен жүрсең, өмір жолында жақсы адамдар кездеспей тұрмайды. 

Біз қолымыздан жасаған шағын қайықпен өмір толқынына түсіп кетіп, сол асау толқын үстінде тұрсақ та, қайығымызды кемеге айналдыруға жанталасып жүрген жандар тәріздіміз. Қаласаң да, қаламасаң да көшінен қалмас үшін өмір саған өз заңына бағынуды міндеттейді. 1990 жылдардың соңынан бергі бас-аяғы 15-20 жылдың ішінде адами құндылықтар да, жалпы қолданатын заттар да мүлдем өзгеріп кетті. Себебі, өміріміз өте асығыс. Адамзатты ақырына осы жылдамдық жеткізетін сияқты. Кез келген нәрсеге жылдам қол жеткізу, табысқа оңай тап болу сынды ішкі аңсар өмірді мүлдем басқа арнаға оңай бұрады.Сондықтан біз өзіміздің қалауымызды өмірге орнаттық  дей алмаймыз, керісінше, жаңа уақытта қалыптасқан трендтерге лайықты болуға тырысып өмір сүріп жатырмыз. Қазір «компьютерді білмеймін», «смартфон пайдаланбаймын» деп отырсақ, уақыт көшінен қалып қоямыз. Сөйтіп, біз ілесушілер санатына кіреміз. Өзіміз жасаушылар емес, тек тұтынушылармыз. Болашақ ұрпағымыз тұтынушылықтан өздері өндірушіге айналуға тиіс. Өйткені, олар – жаңа заманның перзенттері.


«Ағылшын тілінің қажет екенін біледі»



Асыл арна: Көп адам қалам тербеуге жүрексінетін балалар əдебиетіне де бір кісідей үлес қосып жүрсіз. «Балаға жүк арта берудің қажеті жоқ. Ол көргенін іледі» деген ойыңыз да орынды. Өзіңізді балам мақтан тұтып, айта алатын әкемін деп ойлайсыз ба? Бала тәрбиесінде баса назар аударатын тұстарыңызбен бөліссеңіз? 


Есей Жеңісұлы: «Балалар әдебиетінде бір кісідей еңбек етіп жүр» деген сөз маған артық болып кетеді-ау! (күлді) Бірақ орайы келгенде жазып жүргенім рас. «Ұлан» газетінде төрт жыл бас редактор қызметін атқарғанда, сол саланың ой-шұңқырын сезінуге мүмкіндік туды. «Дарабоз» бәйгесіне өзім де қатыстым, қазылар алқасында да болдым. Сондықтан балалар әдебиетінде қандай бағыттар өріс алып тұрғанын белгілі бір дәрежеде шамалай аламын деп ойлаймын. Ал «Ұланнан»  кеткелі бері көбінесе журналистиканың қара шаруаларымен айналысып, жазбаларым кешеуілдеп жатыр. Мүлде қолға алмай қалдым деуге тағы да болмайды. Аяқ астынан ой салатын оқиғалар болған кезде жазып, сызып қоятыным болады. Өткенде қаттырақ жүріп келе жатсам, көліктің алдына бір шымшық қона қалды. Балам мен қағып кетпесін деп жалма-жан  үркітіп жатыр. Сол сәт маған қатты ұнады. Сөйтіп, «сол шымшықты үркітіп үлгердім, әйпесе әкемнің көлігінің астына түсіп кетер еді» деп өлең жаздым. Яғни, өмірдің сондай көріністері балаларымның іс-әрекеттерінен туындап жатса, міндетті түрде өлең етіп жазуға тырысамын. Өзім әкемнен ертерек, тоғыз жасымда айырылсам да, әкем күткен әке болуға барынша тырысып жүрмін. Әкем көзі ашық адам еді. Кез келген нәрсеге сергек қарайтын. Мен де солай болуға ұмтылып жүрмін. Кейін балаларымыз өмірімізді салмақатағанда, «жақсы әке болды!», «жақсы шеше болды!» деп бағаласа, одан артық ешқандай бақыт жоқ. Әлі күнге дейін қиялымдағы әкемнің образын өте қатты үлгі тұтамын. Анам: «Сенің тырнақтарың, қолдарың тура әкеңдікіне ұқсайды, қаралығың болмаса, бет-әлпетің де әкеңнен аумайды», – дейді. Қырыққа келсем де, әлі күнге осы сөзді көңіліме медет тұтамын. Қандай болса да, перзент әкесін бәрінен жоғары санайды. Әкесінің қолынан  көп нәрсе келсе де, келмесе де, әке қашанда бала үшін – әке. 

Мен өз балаларыма қинап кітап оқытып көрдім. Болмайды екен. Бұл мәселеде балаға қатты әсер ететін нәрсе – отбасындағы ата-ананың іс-әрекеті. Мысалы, мен қайын жұртыма барғанда әйелімнің ата-анасын сыйламай тұрсам, олар міндетті түрде нағашы атасы мен апасын сыйламайды. Керісінше, келіншегім менің өз анамды сыйламай тұрса, балалардың да көзқарасы соған бейімделеді. Бала шынымен көргенін іледі. Мүмкіндігінше, қиындық болса, туыстарыммен бірге шешімін тауып, қуанышында қастарында болып, басымызды қосуға бейімбіз. Балаларым бауырларынан, туыстарынан алыстап кетпегенін қалаймын. Сол тәрбиені бізге ата-анамыз берді. Біздің бойымызға сіңіргені осы. Енді соны өз балаларымызға да бере білсек деп ойлаймыз. 

Бір ескеретін дүние, үлкен қала жағдайында балаларды қазақы тәрбиемен өсіру де қиын. Менің  кішкентай қызым биыл алты жаста. Кейде «орысша сөйлеп келдім» деп, мақтанышпен айтып отырады. Бір есептен оны тыйып тастауға да болар еді, бірақ орысша да үйрене берсін деп ойлайсың. Арасында балаларды жігерлендіріп: «Сендер барып қазақ қызымен орысша сөйлесіп кетесіңдер. Сонда намыстарың жоқ па? Қазақша сөйлеуге ұяласыңдар ма?» – деп қамшылап отырамын. Тіл білгеннен жаман болмайды. Үлкен қызым 5-сынып оқитын кезінде ауылға барған туристермен ағылшынша сөйлесіп, олардың «your english very good» деп мақтағанын айтып, қуанып келді. Демек, ол өзіне ағылшын тілінің қажет екенін осы бастан-ақ түсінді. Сондықтан мен олардың тіл үйренуіне, басқа ортамен араласуына ешқандай қарсы емеспін. Бірақ бәрібір өзегі қазақы тәрбие болғанын қалаймын. 


«Мен» деген сөзді көп айтудың қажеті жоқ»


Асыл арна: «Мен» деген сөзді аса ұнатпайтыныңызды байқадық. Оның сыры неде? 


Есей Жеңісұлы: Ұстаздарым өте жақсы болды. Сол кісілерден үйренген, түйген нәрсемнің бірі – журналистикада ғана емес, өмірде де «Мен!» деген сөзді айтудың қажеті жоқ. «Мен» дей беру адамның түк білмейтінін көрсетеді екен. Адам өзіне есеп беретін сәттер болады. «Ұлан» газетінде жүрген кезімде жазған біршама материалдарымды кейін қарап отырып, «Менің кегімді қайтарыңдаршы» деп жазған бір мақаламды қайта оқыдым. Бір есептен, аса бір ұялатындай нәрсе емес. Өйткені, ондағы ой – «мектеп бітіргенше қазақ әдебиетін ғана оқыппын, жоғары оқу орнына келгеннен кейін әлем әдебиетін білмейтінім үшін қатты қысылдым» дегенге саяды. Әрине, ол кезде қазақ тіліндегі аудармалар аз болды. Дегенмен үйде Александр Дюманың «Үш нояны» тұрды, Виктор Гюгоның «Тоқсан үшінші жылы» да болды. Сол қатарлы аудармаларды дер кезінде оқымағаным бәрібір алдымнан шықты.  «Сондықтан, балалар, сендер менің қателігімді қайталамас үшін кегімді қайтарып, қазірден бастап оқыңдаршы» деген нәрсе. Бірақ соны «біздің» десем, әлдеқайда тиімді болар еді. Бұл жеке адамның өмір тәжірибесі болса да, сол кездегі біздің буынға тән ортақ кемшілік еді. Тіпті қазіргі балалар да сондай қателік жасап жүргені анық. «Мен» деген сөз адамның тоғышарлығын бетіне шығарып көрсетеді. «Біз» деген дұрыс. Ол біздің қоғаммен етене жақын өмір сүріп, онымен санасып жатқанымызды көрсетеді. «Біз» деген адам аса төмендей қоймайды. 

 



Асыл арна: Бір сұхбатыңызда: «Үтір орнына қойылмай кетсе, мен үшін трагедия!» - деген екенсіз. Ізіңізден ерген жастарға айтар ағалық ақылыңыз қандай? Сіз үшін сауатты, көзі ашық адам деген кім? 


Есей Жеңісұлы: Үтір деген де жақсы мектептен келіп шығады. «Жас Алашта» біздің жазғанымызға жоғарыда айтып өткен аға журналистерден бөлек, Бағдат, Әйкен сынды өте сауатты корректор апайларымыз да қатал қарап отыратын. Қатемізді көрсету арқылы жақсы жол да нұсқап отыратын. Сондықтан сол апайларымызды да өмірлік ұстазымыз санаймыз. «Бір үтір орнына қойылмай кетсе, мен үшін трагедия!» деген сөз – осындай ұстаздарыма құрмет. Оның астарында тағы бір үлкен нәрсе бар. Яғни, өмірде әр нәрсенің өз орны бар. Адам қателеспей тұрмайды. Бәрін дұрыс істеп жүрмін десе де шалыс басады. Үтір қоятын жерде нүкте қойып, нүкте қоятын жерде леп белгісін қойып кететін жағдайларымыз да жоқ емес. Осы нәрсені де жастарға көбірек айтқанымыз дұрыс. Жастар дәл осы сәтте өмір сүреді, дәл осы сәттегі ақыл-пайымымен жүреді және өзі дұрыс деп тапқан нәрсені істейді. Уақыт өте келе олар да біз сияқты өмірден тәжірибе жинайды. Сол кезде: «Ой, ана бір ісім қате болыпты ғой», «Мына жерде кеуде соққаным дұрыс болмапты ғой», «Қап, мына жерде жаза басқаным-ай!» – деп өзіне есеп береді. Сол үшін жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп отыру керек сияқты. Ыбырай Алтынсариннің жақсы бір тәмсілі бар. Екі қыз салмағы бірдей жүк көтеріп келе жатады. Біреуі аһылап-үһілеп, шаршап әзер келе жатса, екінші қыз ойнап-күліп, жүктің салмағын сезінбейтіндей әндетеді. Сонда қиналып келе жатқан қыз: «Мен шаршап келе жатырмын. Сенің түк болмағандай шаттанып келе жатқаныңның себебі неде?» – деп сұрағанда, жаңағы екінші қыз: «Менің тілімнің астында адамды шаршатпайтын бір шөп бар, оның аты – сабыр», – деген екен. Жастар алып ұшпай, кез келген дүниеге сабырмен қараса, барлық нәрсе ақырындап орнына келеді. Басында айтқанымыздай, адамды тығырыққа тіреп, ақырына жеткізетін нәрсе жылдамдық болса, сол жылдамдыққа тежеуіш басатын нәрсе – сабыр. Асыл дінімізде де сабырдың орны жоғары. Сабырды адам серік етсе жаман болмайды. Мен үшін сауатты көзі ашық жан – білгенін сабырмен ұштастыра білген адам. 


Асыл арна: «Адам бойында қанағаттанбайтын білімге деген құштарлық сезімі болуы керек!» деп едіңіз. Сіздің қазіргі жеткен білім деңгейіңіз қандай? 


Есей Жеңісұлы: Адамның білімге қанағаттануы мүмкін емес. Негізі адамды ортасы өсіреді. Университет бітіріп, «Жас Алашта» жұмыс істеп жүрген кезімде, қасыма курстасым Қасым Аманжолұлы келді.  Қасым арқылы бала күнімнен танысам да, Қанағат Әбілқайырмен қайта табыстым, сосын Болат Мүрсәліммен іргеміз ажырамайтын болды. Сәл кейін Рахат Мамырбекпен, бала күнгі досым Ермек Тілегенмен де Қасым табыстырды. Осы жігіттердің арқасында өмірге деген көзқарасым мүлдем жаңарды десем болады. Өйткені, олардың, былайша айтқанда, оқымағаны жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Еуропаға жолым түсіп, Прагада тұрып жатқан Ермек досымның үйінде төрт күндей қонақ болдым. Сол кезде Ермектің қалта телефонмен-ақ 200-ден астам кітап оқып бітіргенін көріп таңғалдым. «Ой, көзім ауырады», «кітаптан оқыған жақсы ғой», «біз ескі адамдармыз ғой» деп сылтаурата беруіміздің орынсыз, түкке татымайтынын аңғардым. Ал Болат досым, марқұм Рахат досым Еуропаның алдыңғы қатарлы ой иелерінің бірін қалдырмай оқып, мен мүлде беттей алмайтын салаларда еркін пікірлесіп отыратын. Сонда өзімнің тақырыпқа ілесуге жарамайтыныма іштей ұялыс табатынмын. Сіз, жарайды, Виктор Гюгоның, Джон Голсуорсидің, Иван Тургеневтің, Лев Толстойдың барлық кітабын ден қоя оқыған шығарсыз? Бірақ көркем әдебиет әлемінен бөлек, қаншама сіз білуге тиіс қаншама сала бар десеңізші! Жаңа мемлекеттің қалыптасу жолындағы мықты тәжірибелерді неге оқып-білмеске? Осы бес досым өмірге, білім алуға деген көзқарасымды мүлде жаңартты. 

 


Асыл арна: Дәреже мен деңгей айырмасы туралы не айтасыз? 


Есей Жеңісұлы: Қазіргі қоғамда рухани деңгейді көтеруді ойлайтындар аз секілді. Елімізде 18 милион адам бар десек,соның шамамен 11-12 миллионы тек тіршілік қамымен жүр. Сәбилеріміз бен тым қарт адамдарды есептемегенде, 500 мың, тіпті одан да аз адам рухани дүниеге ұмтылады. Бірақ, 17 милион адам таразының бір басында тұрса, 500 мың адам таразының екінші басын тең ұстап тұруға қауқары жетеді. Бұл Америка да, Батыс Еуропада да, бүкіл әлемде де солай. Ел халқының 0,5 немесе 0,7 пайызы рухани құндылыққа ұмтылатын болса, ол қоғам жаман болмайды. 

Қырық жасқа жеткенше түрлі ортада жұмыс істеп көрдім. Сонда дәреже қуып қана өмір сүретін адамдарды да жолықтырдым. Бүгін бір қызметке қол жеткізсе, ертең одан жоғары қызметті армандайды. Ал ішкі деңгей оған жете ме? Соған лайық па? Өзін халық тани ма? Егер ертең билік басына отыра қалса, халыққа айтары бар ма? Мұндай мәселелерді мүлде ойламайтын жандарды да көрдім. Түптеп келгенде, мұның барлығы адамның ақылына, санасына байланысты. 


«Өмірдің мәнін бір категорияның шеңберіне сыйғызу мүмкін емес»


Асыл арна: Қырықтың қырқасына жетіп, орта буынға аяқ басқан шақта өмірдің мәнін не деп түйіндедіңіз? 


Есей Жеңісұлы: 1994 жылы қазақ тілі мен әдебиет пәнінен республикалық олимпиадаға қатыстым. Сол кезде маған «Өмірдің мәні неде?» деген сұрақ келді. «Өмірдің мәні – өмір сүре білуде» деп жауап бергенім есімде. Бір қарағанда, дұрыс жауап. Бірақ қазір қарасам, өмірге көзқарасы қалыптаса қоймаған, «бәрін ертең бағындырып аламын» деп  өзін мықты санайтын алкеуде жастың жауабы екен. Өмірдің мәні жалқы нәрсе емес. Біріншіден, мынау ғазиз дүниеге ойлана алатын, саналы адам болып дүниеге келдіңіз. Бұдан асқан бақыт жоқ.  Демек, өмірдің мәні – өмірдің өзі. Екіншіден, ата-ана. Сізді өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіру үшін бар қиындыққа қасқая қарсы тұра білген ата-анаңыздың алдында жауаптысыз, қарыздарсыз, жақсы перзент болуға міндеттісіз. Үшіншіден, жақсы орта. Ондай  ортаға жолыққан адамда адал дос, сүйікті жұмыс, берекелі білім де болады.Содан кейін, қазақ ұрпағын «жалғасым» деп, іштей «мен көрген азапты көрмесе екен» деген тілекпен жүреді. Шынында да, өз перзентің дүниеге келгенде, өмір сүруге ерекше құлшыныс пен таяныш пайда болады екен. Яғни, ізгі ұрпақты да бұл қатарға қоса аламыз. Айта берсек, осылай тізбектей береріміз хақ. Сондықтан өмірдің мәнін нақты бір ғана категорияның шеңберіне сыйғызу мүмкін болмайды. Оның адамға берліген үлкен мүмкіндік екенін түсінгенде ғана «Өмірдің мәні не?» деген сұраққа шешім табылатын сияқты.  


Асыл арна: Сіз өнеге тұтатын адам? 


Есей Жеңісұлы: 8 сыныптан бастап футболға ерекше қызықтым. Кейінірек, 1990 жылдардың ортасында Роберто Баджо деген футболшыны үлгі тұттым. 


Асыл арна: Неге Роберто Баджо? 


Есей Жеңісұлы: 1994 жылғы әлем чемпионатында көппен бірге Бразилияға жанкүйер болдым. Ал Италия екінші орын алды. Баджо финалда шешуші пенальтиді соға алмай қалды. Кейін ол жігіттің сол биікке өзін қалай арнағанын зерттеп көріп, жоқтан бар жасағанын түсіндім. Сол чемпионаттан соң футболшы екі тізесінен өте қатты жарақат алды. Күрделі оталар жасатып, жазылып, қайтадан футбол әлеміне оралып қана қоймай, 1997/1998 жылғы Италия чемпионатында 22 гол соғып, қайтадан әлемдік додаға барды және пенальти соқты. Нағыз жігерлі, ішкі рухы мықты адам екенін миллион адамға дәлелдеді. Баджоның сол мықтылығы, өмірге құштарлығы маған үлкен серпін берді.

«Жүре берсең, көре бересің» дейді. Өмір жолында үлгі аларлық адам біреу болып қалмайды. «Мен бәріне өзім жетемін» деп кеуде қағатын мінез 25-30 жасқа дейін болар. Ары қарай «Маған дейінгілер не істеді?», «Артымнан кім еріп келе жатыр?» деген сұрақтар жиі ұшыраса береді. Сөйтіп, айналаңа зер сала қарап, өнеге тұтарлық адам іздей бастайсың. Сондай қажыр-қайратына жаным сүйсінетін жазушы – Әбіш Кекілбаев. Әкесінен ерте айырылса да, өзін шыңдап, өсіріп, кейін түрлі мемлекеттік қызмет атқара жүріп үлкен-үлкен туындылар жазып, «Шыңырау», «Күйші», «Елең-алаң» сынды өлмейтін  шығармалар тудырған ағамыздың еңбегіне өте құрметпен қараймын. Ал Мұхтар Мағауиннің бізге беймәлім болып келген қазақ жыраулар поэзиясын XIV-XV ғасырларға, тіпті, есте жоқ ескі замандарға жылжытып апарған еңбегін бағаламау мүмкін емес. Кейде санаңа сәуле түсіп, туған анаңның сен үшін барлық қиындықтарға төзіп, үлкен құрбандыққа барған жанкештілігін бағалайсың. Демек, өмір мектебінде үлгі аларлық адамдар өте көп. Оның ішінде менің құрдастарым да, үлкен шаруалардың басын қайырып жүрген жастар да бар. Бастысы, адам біреуден көргенін, одан сырттай дәріс алғанын, өмірін өнеге еткенін ешқашан ар көрмеуі тиіс. Өнеге тұту – өзіңде жоқ нәрсені көру, бағалай білу!


Асыл арна: Адам бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?


Есей Жеңісұлы: Адам бойындағы білімге құштарлықты бағалауымыз керек. Сабыр да, бағалай білу де үйрену арқылы келеді. Қазір менің үлкен қызым 6-сыныпқа көшті. Басында кітапты күштеп оқытатынмын, қазір өзі сұрап оқитын дәрежеге жетті. Осы жазда үш кітап бітірді. Балаларым қатарынан қалмас үшін кез келген нәрсені алып беруге дайынмын. Дегенмен олардың білімге деген құштарлығы болмаса, ата-ананың еңбегі зая кеткені. 


Денис Тенге пышақ жұмсаған екі жігіт мүлде ойланбағандай көрінеді...


Асыл арна: Абай атамыз: «Адам боп келдім өмірге, адам боп қалу арманым» - десе, сіз: «Адам деген өте үлкен атақ. Біз – пендеміз», – депсіз. Сөзіңіздің астарында не мән жатыр? Пенде адам деңгейіне жету үшін қандай сатылардан өтуі керек деп ойлайсыз? 


Есей Жеңісұлы: Абай атамыздың сөзінен соң, мені мысалға алғаныңызға қысылып отырмын. Абай – тұңғиық. Оның ширегіне жетудің өзі тіпті қиын. Абайдың ұғымындағы «адам болу» аса қиын шаруа ғой. Шынында, кейде пендеуи әрекеттерді елемей, соншалықты деңгейде төмендемей өмір сүргіміз келеді. Дегенмен қажеттілік деген нәрсе адамның пенде екенін үнемі есіне салып отырады екен. Адамдыққа жетемін деп, пенделіктен арылу мүлде мүмкін емес деуге болар. Кейде ащы айтатын жерде сипай қамшылап, адамдардың көңіліне қараймыз, өміріне көлеңке түсіргіміз келмейді. Мұның өзегінің бәрі – ойлану. Егер адам ойланбаса, адамдыққа ешқашан жол салынбайды. Денис Теннің қазасында бүкіл қазақ халқы қатты аза тұтты. Соған пышақ жұмсаған екі жігіт бір сәттік табыс үшін көп ештеңеге ой жүгіртпеді деп ойлаймын. Тіпті олар чемпионның кім екенін де таныған жоқ...

1990 жылдар өте ауыр болды. Кей жігіттердің оп-оңай есірткі шегіп кеткенін, тіпті, сондай батпаққа батып барып, өзін арашалап алған адамдарды да көрдім. Осының бәрі де ойланудан келіп шығады. Яғни, адам ойланса, дұрыс ойлана білсе, адамдыққа жол ашылар еді. Адамды алға жетелейтін – ой, ой және ой. Ізгі ой!


Асыл арна: "Асыл арна" телеарнасының «Менің анам, менің әкем» бағдарламасында:  « Мен ұл туған екенмін» - деп мақтанышпен айтқан анаңыз жайлы айтып едіңіз. Егер, көзі тірі болғанда, әкеңізден сол сөзді ести алатын деңгейге жеттім деп ойлайсыз ба? 


Есей Жеңісұлы: Ол деңгейге жеттім деп ойламаймын. Біз жұмсақтау болып өскен тәріздіміз... Әкенің ашулы қабағы жетпей қалғандай көрінеді. «Мен ұл туыппын» дер ме еді, кім білсін... Ол тек бір Аллаға аян!


Асыл арна: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына біршама тер төккеніңізден хабардармыз. Бұл бастаманың халыққа берер пайдалы тұстары қандай? 


Есей Жеңісұлы: Қазақ қоғамына үлкен серпін болатынына сенемін. Өткен жылы 18 кітап аударылды. Аударма процесіне қатыса отырып, әлемдік білімнің бағыты біздің шамалап жүргенімізден әлдеқайда өрістеп кеткенін аңғардық. Ол кітаптар кез келген саланы кез келген оқырманға, білімге ұмтылған адамға жан-жақты әрі түсінікті етіп талдап береді және оқырманды өсіреді. Мысалы, қазір қалта телефондар неге сонша халыққа жақын? Арнайы үйретпесек те, кішкентай балаларымыз да тілін түсініп алған. Оның құпиясы – адам санасына артық жүк артпайтындығында, қолжетімділігінде, қиындықсыз пайдалануға лайықталып жасалғандығында. Біз аударып жатқан оқулықтардың артықшылығы да – жалпыға түсініктілігінде. Сол арқылы ғылым мен білім толысып қана қоймай, жаңа бағыттар мен тың бастамаларға жол ашылады және қазақ тілінің дамуына көп серпін береді. 

 



Асыл арна: Қасиетті қажылық сапарына бару екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт! Қажылыққа дейінгі өміріңіз бен кейінгі өміріңізде алған өзгерістерге тоқталсаңыз?


Есей Жеңісұлы: Қажылық маған тосыннан келген Алланың сыйы болды. Қаншама мың, миллион адамның бір Алла деп намазға жығылып, бір Алла деп парызын өтеп жатқанын көру дегеніңіз керемет қой. Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) уахи түскен Хира үңгіріне бара жатқан жолда намаз уақыты кіріп, жайнамаз іздей қалдық. Жүргінші көп болғандықтан, шаңы шығып жатқан жер еді. Сол жерде бізді мүлде танымайтын, алыс Америкадан келген қажылар өз жайнамаздарын ұсынды. Мұндай мысалдар өте көп. Сонда Исламның мейірім мен ізгілікке толы дін екеніне көзіңіз жете түседі екен. Қасиетті мекенге келген 4-5 миллион адамның ішінде сіз жәй ғана ноқатсыз, жақсылықтан үміттісіз. Ендеше, мейлінше ізгі болыңыз, айналаңа игі ниетпен қараңыз. Бұл сапардан кейін өзімнің әрбір ісіме есеп беріп жүретін болдым. Белгілі бір дәрежеде өмірге көзқарасым да өзгерді. Бастысы, Алла Тағала пендесін ешқашан ұмытпайтынына көзім жетті. 


«Өзімді ақынмын деуге қысыламын»


Асыл арна: «Өзіме-өзім бекіткен миссияны орындап алмай ақынмын, жазушымын деуге ұялам» деп, сол бағыттарға ден қоятыныңызды ескертіп өткен едіңіз. Жақында ғана жарық көрген «Шуақ» атты кітабыңыздың жарыққа шығуымен құттықтаймыз!  Кітап сіз ойлаған жарық нұрын тарата алды ма? 


Есей Жеңісұлы: Әдебиет әлеміне тәуекел еткеннен кейін, оның ыстық-суығына күйіп, белгілі бір дәрежеде өміріңді сол жолға арнауың керек. Ойға алған дүниеңнің ширегін де жаза алмай жүрген соң, өзіңді ақын, жазушы деген атаққа олқы көресің. Бірақ Төлеген ақын: «Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын», – дейтініндей,  жақсы күндерден, жақсы нәтижеден үміт етеміз. 

Өзіңнің туындыңды өмір теңізіне салып кеп жібергенде, оны қай толқын қалай қақпақылдайтынын білмейсің. Негізі, ең алғашқы кітабымның атауын «Шуақ» деп қойғым келген. Төртіншісіне сол атау бұйырып отыр. Оған өлеңдерім мен әңгімелерім топтастырылды. Өткенде осы кітаптағы «Ардақ тұтушы ем есіміңізді» деген өлеңімді бір оқырман: «Аға, бұл өлең сіздікі екенін білмей жүріппін. Осы уақытқа дейін өзімнің жүрек сөзімдей қабылдап келдім», – деп жатыр. Бұл автор ретінде менің кішкентай бақытым деп санаймын. Егер «Шуағымнан» 4-5 өлең басқа бір тағдырды иеленіп, яғни, басқа бір адамның жүрек сөзі болып, араға уақыт салып өзіме қайтып келіп жатса, оның өз миссясын орындай алғаны.

   



Асыл арна: Кешірім сұрай білу де өнер! Өз қатеңді мойындау да бір ерлік!Мойындай білесіз бе?


Есей Жеңісұлы: Осы мәселеде біз «пендеміз» дегенге әкеліп тірей саламыз. Мүмкіндігінше мойындауға тырысасың, бірақ шын көңілден шықпай жатады-ау! Жасырып, бүгіп қалып жататын сәттер де кездеспей тұрмайды. Кейде бір сәттік ашуға бой алдырып, қолыңды бір сілтей салған кедергілерде өзіңнен басқа ешкімнің ұтылмағанына көз жеткізіп, артынан мойындап жатасың. «Ештен кеш жақсы», кеш болса да, түбі мойындаған дұрыс. 


Асыл арна: «Кітап оқымайтын адам – өзінің кім екенін білмейтін адам». Қазіргі оқып жатқан кітабыңыз?


Есей Жеңісұлы: Кітапты көп оқуға тырысамын. 4-5 кітапты қатарынан оқып жүретін кездер де болады. Оның бәрі – оқитын кезде оқымағандығымыздан ғой. Бұл – уақыты өткеннен кейінгі өкінішті оқу.  Бірақ қалайда оқу керек! Өйткені, сені көзі ашық адам ретінде қабылдап тұрған қоғамның сұрағына жауап бере алмай қалсаң, өзіңе сын болады. 

Бұрын Гюгоның «Аласталғандар» романын үзіп-жұлып оқыған едім, қазір толықтай оқуды қолға алдым. Сосын Ермек досымнан ұялып, ұялы телефоннан 4-5 кітап оқыдым. Қазір Грегори Робертстің «Тен горы» романын телефонымнан тауысып қалдым.


Асыл арна: Сылтауым жайында қалды дейсіз ғой?


Есей Жеңісұлы: Ой, оқиды екенсіз! Сақылдатып оқисыз (күлді).


Асыл арна: Алға қойған айқын мақсат пен анық межеңіз қандай? Арманыңыз қандай? 



Есей Жеңісұлы: Ойға алған межем өте көп. Оның барлығын тізбектеп жария ете берудің де қажеті шамалы. Себебі, қайсысының орындалатынына көзіміз жетпейді...

Адам армандау керек екен. Бір кездегі арман болған дүниелер түбі орындалып жатады. Бір арманым – анама әлемді аралатсам деймін. Құдай қаласа, сол арманыма шешемнің де, менің де ғұмырым жетсе екен. 

 


«Өсу үрдіске айналу үшін уақыт керек»


Асыл арна: Сіз айтатын «сәби қоғам» өсуге бет бұрды деп ойлайсыз ба?


Есей Жеңісұлы: Өз бетінше азды-кем ерлік жасап, өсуге бет алғандар бар. Бірақ жалпы қоғам емес. Себебі «біреудің қаңсығын таңсық көру» біздің қоғамымыздың басты мәселесі болып тұр. Өсу үрдіске айналу үшін әлі де уақыт керек. Мысалы, мектеп бітіріп жатқан түлектер «грантпен оқысам болды» деп, өзі ұнатпаса да, балы жетіп тұрған кез- келген мамандыққа тапсыра салып жатады.  Содан кейін дипломын сандыққа салып қойып, күзетші болып жүргенін көресің!..Осы мәселеге қатысты адам өзіне екі-ақ сұрақ қоюы керек. Біріншісі –  осы маған керек пе? Екіншісі – таңдадым, сонымен жақсылыққа жете аламын ба? Кез келген істі бастамас бұрын осы екеуіне жауап тауып алғаннан кейін ғана әрекет еткен дұрыс сияқты. Сонда іс нәтижелі болады. Ал іс нәтижелі болған жерде өсу болады. 


Асыл арна: Өзіңіз айтқан «әлеуметтік баспалдақ» пен «сананың баспалдағы» деген ұғымдарды тарқатып берсеңіз?


Есей Жеңісұлы: Әлеуметтік баспалдақ адамды тез қанағаттандырады және тез жалықтырады (жақсы оқу, жұмыс, көлік, үй, т.б) Әлеуметтік баспалдақ болмаса, сананың да баспалдағы болмайды. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Бірақ әлеуметтік бапалдақ қол жеткен сайын аласара түседі де, сананың баспалдағы өскен үстіне өсе береді. 


Асыл арна: «Қайдан келдім? Қайда кетемін?» деген сұрақтарға ойланып көрдіңіз бе? Адам жүрегі тыныштық табуы үшін не қажет деп ойлайсыз?


Есей Жеңісұлы: Жасың өскен сайын жоғалтатының да көп болады. Әкемнің ерте кеткені де, жуырда ғана өмірден өткен Рахат досымның қазасы да жаныма қатты батады. Бірақ тағдырға сенесің. Сөйтіп, жоғалтқаныңа да көнуге тура келеді. Өмірге келу мен мәңгілікке қайтудың арасында сенің ойың да, санаң да, тәнің де сынаққа түседі. Адами ғұмыр кешесің бе? Пендешілікті бағыт етесің бе? Бәрі соған байланысты...

Адамның жүрегі ешқашан тыныштық таппайды. Өйткені, бір сұрақтың шешімін тапқаннан кейін, екінші жұмбақ алдыңнан шығады. Кейде жүректің тыныштықты аңсайтын кездері де болады. Аңсаған тыныштығын табады да. Бірақ қайтадан майданға түсуге жанталасады. Сол үшін жүректі тыныштандыруға емес, оның тынышсызданған нәрсесінің жұмбағын шешуге ұмтылғаны дұрыс секілді. Жалпы саналы адамның өмірі үнемі ұмтылумен мәнді болса керек. 


Сұқбаттасқан 

Үміт ҚОНЫСБЕК

ПІКІР (1)

Меруерт
2018-09-13 02:30:20

маган өте ұнады.Өнеге алуғ болады.Осындай ағаларымыздын барына шүкір.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер