Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Ердос Қанаев: ОТБАСЫНДАҒЫ БЕРЕКЕНІ САҚТАУ ҮШІН ҮШ НӘРСЕ ҚАЖЕТ

Сұхбат


Бүгінде көптеген игі істерге атсалысып, жастарға үлгі көрсетіп жүрген әнші, «Жігіттер» квартетінің мүшесі Ердос Қанаевпен қызықты сұхбат құрудың сәті түсті. Риясыз сұхбатымызда бал балалық қызықтарынан бастап, ата-анаға құрмет, отбасындағы берекенің негізі, бала тәрбиесі және алға жетелеген арманымен қоса, өмірлік мақсаттары туралы әңгіме шерткен еді... 

"Анамнан таяқ жеген мен ғана емес болармын"

Асыл арна: Ассалаумағалейкум, Ердос аға! Алланың қалауымен бүгін сізбен сұхбаттасудың сәті түсіп тұрғанына өте қуаныштымын! Балалық шақ десе, кім-кім де тәтті, балғын кездерін еске түсіреді ғой. Сол балалық шағыңыздан қандай қызықты жайларды айтар едіңіз?

Ердос Қанаев: Уағалейкумассалам! Биссмилләхи рохмәнир рохим! Әмин, сіздерге де көп-көп рахмет, «Асыл арна» ұжымы! Алла істеріңіздің берекесін берсін! Осындай рухани әңгіменің шымылдығы балалық шағымды еске алумен ашылып жатқанына балаша қуанып отырмын. Ойын қуған балдәурен шағым Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекенінде өтті. Сонда туып-өстім. 11 жылдық мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚ мемлекеттік университетінде филология факультетіне, яғни қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түстім. Балалық шағымның бейнеті мен зейнеті де, еркелігі де көп болды. Бейнеті дейтін себебім, біздің ауылда мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы, диханшылық өте қатты дамыған. Ес білгелі әкеміз бен анамызға көмекші болып, көктем бастала салысымен егіннің басына барып баптап, шөп шауып, күзде жем-терімін жасап ер жеттік. Ал енді еркелікке толы дегенім, Аллаға шүкір, ата-анамыз үйдегі үш баланы (мен, ағам, інім) бар мейіріміне бөлеп, жұрт қатарлы оқытты, тәлім-тәрбие беруде бар жағдайымызды жасады. Анам мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі болатын, әкем егіншілікпен, диханшылықпен айналысатын. Қолымыз аузымызға жеткен кезге дейін үнемі қамқорлығында ұстады. «Әттеген-ай», «осылай болғанда ғой», «шіркін...» деп өкініш білдіретін тұстарым болған емес. Қызықты сәт демекші, бұрын біздің кезімізде үйде ыдыс-аяқ қоятын сөрені сервант деп атайтын. Сондай сервант біздің үйдің үлкен залында да бар еді. Анамыз біздің бойымыз жетпейді деп ең төбесіне барбарис сияқты тәтті кәмпиттерді тығып қоятын. Үйдегі үш баланың ішінде тәттіге ең құмары мен болатынмын. Бір күні, анам жоқта, сол кәмпиттерді алам деп серванттың басқыштарына мініп, үстіне қарай өрмеледім. Содан не керек, мені көтере алмаған сервант қимылдай бастады. Құлап түстім. Мен ғана құласам жақсы ғой, менің үстіме сервант құлады. Ойлаңызшы, үстінде қаншама ыдыс-аяқ бар. Сөйтіп кәмпитке ешқашан жоламастай болып анамнан таяқ жегем (күлді). Бірге оқитын Асқар деген сыныптасым бар еді. Яғни, әнші Асқар Жүнісбеков, Еркін Нұржанов үшеуміз бірге оқығанбыз. Мен Асқардың үйіне соқпай сабаққа бармайтынмын. Ұрлап алған кәмпиттерімді Асқармен бөлісетінмін. Екеуміз кәмпит жеп сабаққа баратынбыз. Қазір еске алып отырсам, ең ыстық, ең тәтті кездер балалық шақта болған екен. 



"Армандағанымнан да асып түсті"

Асыл арна: Жалпы, арман атаулының негізі балалық шақта екені мәлім. Бала Ердос нені арман етті? Арманыңыз арман болып қалмады ма? 

Ердос Қанаев: Иә, өте орынды сұрақ. Бала кезімде мен достарым сияқты әншілікті аса арман еткен жоқпын. Екінші сыныпта анам қолымнан жетектеп музыкалық мектепке апарғаны есімде. Сөйтіп домбыра курсына жазылғанмын. Дыбыс қабылдау қабілетім жақсы болғанымен, сабаққа аса құлық таныта алмадым. Содан бесінші сыныбымда өлең жазуды шығардым. Жазба ақындыққа біржола ден қойып, осы өнер түрін дамытуға тырыстым. Оның үстіне 1998 жылдар Жүрсін Ерман көкеміздің айтысты қайта жандандырып жүрген кезі болатын. Бекарыс Шойбек, Меліс Қосымбаев, Мұхаметжан Тазабеков, Әбілхайыр Сыздық ағаларымыз сахнаға шығып, айтыс дәурені қызып жатқан кез бізге де өз әсерін тигізді. «Өнер десе ішкен асын жерге қояды» деген сөз Еркін екеумізға арналғандай сезінетінбіз (күлді).  Содан не керек, үлкен ағаларымыз секілді шабыттанып, жазба ақындық пен айтыс өнерін қолға алуды қатты армандадық. 2001 жылы мектепті бітірдік те, «Ақын боламыз, сөздік қорды дамытамыз» деген ниетпен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына тапсырған болатынбыз. Одан бөлек, мектеп кезінен өзім тіл-әдебиетке жақын болдым, сүйіп оқыдым. Қалааралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен қайтып жүретінмін. Анам мұғалім болғандықтан ба, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болсам деген тағы бір арманым бар еді. Семей қаласында Абай, Шәкәрім оқуларынан жылда жарыс өтетін. Бір жылдары осы жарысқа «арнау» бойынша, яғни ақындықпен қатысқан болатынмын. Сол жерде Бекболат ағамыз консерваториядағы Жыр факультетіне сабаққа шақырғаны есімде. Бірақ Алланың бұйыртуымен филология факультетіне түстік. Бар қызық сонда басталды. Еркін екеуміздің ақын болуға деген арманымыз сол жерде өзгеріп, эстрадаға көбірек көңіл бөліп кеттік. Кейіннен «Жігіттер» квартеті құрылды, біз сол құрамда алғаш рет үлкен сахнаға аяқ бастық. М.Әуезов атамыз «Әдебиет пен өнер егіз» дейді ғой, сол сияқты бала кезде  мұғалім болуды армандасам, оны да оқып, Аллаға шүкір, дипломын алдым. Ал кейіннен туындаған әншілік арманым да бүгінгі күнде шынайы өміріме ұласып отыр. Сондықтан да барлық арманым орындалды деп толықтай айта алам.



Асыл арна: Бұхар жырау атамыз:

"Бесінші тілек тілеңіз, 

Бес уақытта бес намаз

Біреуі қаза қалмасқа" - деп айтып кеткен. Жалпы намазға қалай келдіңіз? Есіңізде қалған ерекше оқиға... 

Ердос Қанаев: - Менің өмірімдегі ең үлкен өзгерістер осы намазға келген күннен басталды. Ол сәттерді ұмыту мүмкін емес шығар. 2006 жылдары «Нұр Мүбәрак» университетінің балаларымен жақын араласа бастадық. Өйткені, біздің үй сол маңайға жақын орналасқан еді. Жұма намазға сол мешітке барып жүрдік. Кәзіргі өнерде жүрген Бейбіт Қошқалиев ағаларымызбен де сол жерде жақын танысып, арласа бастадық. Ол кезде бес уақыт болмаса да, намазға құлшыныс танытып жүрген кезім болатын. Оның үстіне біздің «Жігіттердегі» Айдар бауырымыз Абдуғаппар, Абдужаппар Смановтардың жиені, ал ол кісілер Айдардың анасының інілері, яғни нағашысы боп келеді. Сол кісілердің бауырлары Айдарға қонаққа жиі келетін. Сөйлесіп, жақын араласқан сайын дінге, намазға деген ықыласымыз арта түсті. Сол тақырыптағы әңгімелерге де қызыға бастадық. Міне, бірінші Алланың қалауы, одан кейін осы кісілердің себепкерлігімен намаз бастаған болатынмын. 2006 жылдың жұмасында  Бейбіт бауырымызды умра сапарына шығарып салдық. Қай ай екені есімде жоқ, бірақ жұма болатын. Сонда Бейбітке «Тура жұма күні мен намаз бастап жатсам, сен умраға кетіп бара жатсың, ал жолың болсын» деп айтқан сөзім әлі есімде.

Асыл арна: Көп адам «намаз оқиын десем, жұмысым бар» деп сылтауратып жатады. Сіздің жұмыс кез-келген уақытта, күтпеген жерден шығып қалуы мүмкін. Сондай сәттерде не істейсіз? Қалай үлгересіз?

Ердос Қанаев: - Шындығында маған осы сұрақты қоятындар көп. Бірақ, Құдай сақтасын, намаздың жұмысыма зиянын тигізіп, уақытымды алған кездері ешқашан болған емес. Керісінше, мен оған береке деп қараймын. Шаршаған сәттерімнен намаз оқып демалатын сәттерім көбірек деп айта алам. Ұзақ жол жүретін кездер болады, бірақ бәрінің өз шешімі бар. Ондай кезде сапар намазын оқып, берілген жеңілдіктерге қарай өз уақытынан кешіктірмейміз. Шыны керек, осы нәрсе жұмысымнан қалдырды деген сылтау ешқашан болмапты. Намазды жұмысқа емес, жұмысты намазға қарап туралаймыз. Мысалы, түс уақытысында бір жерге баруымыз керек болса, сол жаққа жақын маңайда мына мешіт бар, бесінді осы жерде оқимыз, екінтіні мына жерде оқимыз деп алдын-ала жоспарлап жүреміз. Иман деген нәрсе адамға берілген ең үлкен нығмет болғандықтан, бұл сыйдан құралақан қалуға біз де қорқамыз. Кейде қандай жақсылығымыз үшін Алланың осы рахымшылығына ие болдық екен деп өз-өзімізге сұрақ қойып, осындай екі дүниенің байлығын жүрегімізге беріп қойған Алла тағалаға шүкірлік етеміз. 



Асыл арна: Ең алғаш намаз бастаған кездегі күйіңіз бен ішкі толқынысыңызды қалай сипаттап берер едіңіз?

Ердос Қанаев: - Ең алғаш намазға келген кезімде көрген адамыма уағыз айта беретінмін (күлді). Үйге жолдас балалар келеді, көршілер келеді, отырғызып алам да, бәріне уағыз айта берем. Онда да өзім оқымаймын ғой, кімнен не естіп алсам, соны осындай да осындай деп келесі адамға барынша түсіндіруге тырысатынмын. Дін деген - насихат. Бірақ ол нәрсенің де айтатын, айтпайтын жері болады екен. Оның бәрін кейіннен түсіндік. Мысалы, қазір көрген адамыңа бас салып ораза ұста, намаз оқы дей алмайсың ғой. «Сабақты ине сәтімен» деп әр нәрсенің өз орайына қарап ретімен айтатын болдық. Ең алғаш оқыған намаз деген - шынымен иманның ләззәті. Адамға иман мен Аллаға деген сенім нәсіп болғанда, ол соның ләззәтін сезінеді. Бізге де соны сезінуді нәсіп еткен Аллаға шүкір етуден ешқашан жалықпаймын... 

"Менің де сүйікті амалым - осы"

Асыл арна: Дұрыс айтасыз, намазға қарай жұмысты жоспарлау керек. Мұндай шынайы ниеттеріңіз осы мақаланы оқып отырған басқа адамдарды да қамшылай түседі деген сенімдемін. Қолдарыңыз босай бермейтінін білсем де, сұрағым келіп отыр: Қасиетті Құранды қаншалықты жиі оқисыз немесе мешітте азан шақырып көрдіңіз бе?

Ердос Қанаев: - Мешітке барып жатсам имамдар танып, «Ереке, азан шақырып көрсеңізші. Қанша дегенмен әншілердің даусы жақсы ғой» деп қолқа салып жатады. Ондай кезде «биссмиллә» деп қолдан келгенше тырысып жатамыз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да «Азаншылардың бойлары ұзын болып келеді» деген сынды хадистері бар. Сол сияқты шама-шарқым келгенше азан шақыруға тырысам. Ал Қасиетті Құранға келсек, күніне бір аят болса да оқып, күніне бір рет болса да көзімді Құранға салып отыруды өзіме міндеттеймін. Қолым сәл босап қалса, бір отырғанда бірнеше параны оқып тастайтын кездер болады. Енді қазір заман дамуына орай, ұялы телефонға да енгізіп ап, кез-келген жерде, кез-келген уақытта оқи аласың ғой. Бір ұстазым бар, сол кісі «Менің ең сүйікті амалым - Құран оқу. Құран оқуды сондай жақсы көрем» деп үнемі айтып отырады және бізге де осы нәрсені ең сүйікті амал етуді өсиеттейді. Құран - ертең қиямет күні бізге шапағат ететін ең үлкен мүмкіндік. Сондықтан, аз-аздан болса да жиі-жиі оқып отыруға тырысам.



Асыл арна: Ислам діні ата-анаға лайықты құрмет көрсетуге бұйырады. Көбіне сапарда жүресіз ғой. Әке-шешеңізді қаншалықты жиі қуантасыз?


Ердос Қанаев: - Аллаға шүкір, ата-анам аман-есен, көзі тірі. Алла өмір-жастарын ұзақ қылсын. Осы кісілер үшін көп дұға етемін. Менің өмірге келуіме себепші болып, кішкентайымнан бағып-қағып өсірген аяулы жандар ғой. Тоғыз ай көтеріп, тас құрсағын кеңіткен анама «жәннәтім», «қуанышым», «қазынам», «дұғагөйім», «барым» деп жиі айтып отырамын. Кәзір о кісілер Шымкенттегі ауылда тұрады. Алматыға қыдырып келсе, біз үшін үлкен мереке, үлкен той. Ата-анамның, әсіресе анамның аяғын жумай, оны сүймей жатпаймын. Солай істеймін де, балаларыма да, қызыма да көрсетемін. Өйткені соны көріп өскен ұл-қыз ертең екі есе қып қайтарады, бұл да тәрбиенің ең үлкен бір түрі деп білем. Қазақ «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деп біліп айтқан ғой. Солай Алматыға бір келгенінде тауға апарып, қаланың өздері көрмеген әсем жерлерін аралатып, сыйлықтар әперіп жүруге тырысам. Келіншегім де осы нәрсені өзіне міндет етіп алған. Біз жаққа келе жатса болды, үнемі бір сыйлығын дайындап отырады. Біздегі ең бірінші мақсат олардың көңілдеріне қаяу түсірмеу. «Біреуге жақсылық жасай алмасаң да, жамандық жасаушы болма» дейді ғой. Тіпті қабағымызды шытуға қорқамыз. Мысалы, үйдегі балалар әлі кішкентай, еркеліктері бар. Ата-әжесі келсе, бала одан сайын құтырып кетеді ғой. Сондай сәттерде ата-анамның көзінше балаларыма дауыс көтермеуге тырысам. Өйткені, менің бір кішкентай зекігенім әкеме немесе анама айтылып қалғандай болмаса екен деп өзімді ұстап қаламын. Алла қаласа, осы кісілердің басына жәннәтта нұрдан тәж кигізетін ұрпақтан болсақ екен. Құранды басынан аяқ жаттауды Алла бәріне нәсіп ете бермейді, бірақ сонда да Алладан сұраудан танбаймыз. 


Асыл арна: Жалпы ұл бала әкесіне көбірек жақын болады дейді ғой. Әкеңізге қаншалықты жақынсыз?


Ердос Қанаев: - Шынымды айтсам, мен әкемнен гөрі анама жақынмын. Ал әкенің орны әрқашан бөлек. Ол - біз үшін үлкен тұлға, үлкен ұстаз, асқар тау. Керемет сөз бар ғой «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген. Сол сияқты ананың мейірімі мен әкенің қамқорлығы адам баласы үшін үлкен мектеп, үлкен университет десем артық емес. Кейде әкем шамалы қабағын шытып, көңіл-күйі болмай отырған кезде, әкеме не боп қалды, не жақпай қалды екен деп қорқып отырам. Сондай сәттерде жанына барып, көңілін аулап, бірден қабағын жазып алып жатамыз. 




"Менің басымда да сынақ бар"



Асыл арна: Сіздің ойыңызша, отбасындағы берекені сақтап тұру кімге байланысты?


Ердос Қанаев: - Отбасындағы береке ерге де, әйелге де тікелей қатысты. Алла Тағала отбасын, ондағы тыныштық пен берекені сақтау үшін ер мен әйелдің әрқайсысына міндеттер жүктеп қойған. Мен үнемі отбасындағы берекені, тыныштықты сақтау үшін үш нәрсе қажет деп айтып жүрем. Олар: мейірім, кешірімділік және махаббат. Кей кісілер «отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді де, айқай-шу, дауласуға дейін барып жатады. Адам баласы кейде шаршайды, кейде қажиды. Бірақ осындай сәттегі әйелдің мейірімі мен махаббаты үлкен рөл ойнайды. Аллаға шүкір, келіншегім маған дейін де ата-анасы намазхан кісі болғандықтан, діни тәрбиені көріп-біліп өскен. Анасы, яғни енем менен жасырып та, менің көзімше де үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Осы үшін де сол кісілерге үлкен алғыс білдіргім келеді. Ал кешірімділікке келер болсақ, бір мысал бар ғой, үлкен кісіге баласы үйленгісі келетінін білдіреді. Сонда әкесі «кешірім сұра» дейді. Бала түсінбейді. Екінші күні тағы келеді, әкесі тағы да «кешірім сұра» дейді. Үшінші күні тағы келсе, әкесі сол сөзді айтады. «Не үшін?» деп сұраса, үндемейді. Бір ғана сөзді қайталайды, басқа ештеңе түсіндірмейді. Бала түк ұқпаған күйі «Кешір, әке» депті. Сонда әкесі «Міне, сен енді үйленуге дайынсың» деген екен. Сол сияқты отбасындағы кешірімділіктің маңызы зор. Бір кемшілікті көріп қалдың ба, іштей кешіре салуға үйрен. Сонда сен еш жамандықты көрмейтін боласың. Одан кейінгі орында - сабыр. Әлеуметтік қажеттілік болады, қаржылай жетіспеушілік болады немес ауру-сырқау бар, соның бәріне сабыр ете білу керек. Мұны неге айтып отырмын? Себебі, менің отбасымда, яғни үлкен ұлым аздап ауырады, яғни кішігірім сынағымыз бар. Алла Тағала осы сынақ арқылы біздің кемшіліктерімізді кешіріп, біздің сабырымызды сынап жатыр деп үнемі айтып отырамын. Өйткені, ер адам болғасын мен көп сыртта жүрем де, келіншегім үйде балаларға қарап қалады. Әйел адам болғасын, табиғаты нәзік, жылап қалып жатады. Сол сәттерде осындай сөздермен жігерлендіріп, сабырға шақырып отырамын.


Асыл арна: Келіншегім, жарым деп айтып жатсыз. Келіншегіңіздің қандай қасиеттерін жоғары бағалайсыз?


Ердос Қанаев: - Маған ең қатты ұнайтыны, келіншегім - өте сабырлы. Көп сөйлемейді, сонысымен де тартымды. Кейде мен ашуға беріліп қап жатам, сондай сәттерде мені үнемі сабырға шақырып, жұбатып отырады. Одан кейінгі бір жақсы қасиеті - садақа беруге жаны құмар. Ақшалай болсын, киім-кешегі болсын, балалардан қалған заттар болсын, қажетті құралдар болсын, үнемі беріп тұрады. Мысалы, желіден қаражатқа мұқтаж ауру балаларды көріп қалса, осыған былай көмектесейік, мынанша ақша салып жіберейік деп садақаны жиі есіме салып отырады. 


Асыл арна: Жетіліп келе жатқан баланы тұлға ретінде қалыптастыру, мақсатқа жете алатын табысты азамат етіп тәрбиелеу үлкен еңбек пен ыждаһаттылықты қажет етеді. Өз балаларыңызға қандай тәрбие беріп жатырсыз? 


Ердос Қанаев: - «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген рас екен (күлді). Баламыз тыңдамай, шектен тыс еркелеп кетсе де ұрмай-соқпай, жәйлап айтып түсіндіремін. Әзірге балаларым ержете қойған жоқ. Бірақ алдағы уақытта жақсы нәрселерді жиі айтып, бойларына сіңіруге ниеттімін. Одан бөлек, қазақтың алты ауызы, қазақ батырлары жайлы және Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін айтып берем. Үйден шыққанда, үйге кіргенде не айту керек, тамақ ішіп болған соң не айту керек, суды қалай ішу керек деген сияқты күнделікті дұғаларды үйретіп, санасына құйып отырамын. Негізгі тәрбие сөзімізден емес, ісімізден көрінеді ғой. Біз әйеліміз екеуміз намаз оқып жатсақ, балаларымыз да артымызда бізбен бірге намазға жығылып, біздің жасағанымызды қайталап жатады. Сондай сәттерде бір күліп, екінші жағынан Аллаға шүкір қылып отырасың. Мен жоқта анасы бата беруді үйретіп қойыпты. Шәйдан кейін мен бата берем, менен кейін міндетті түрде солар бата береді. Алла қаласа, осының бәрін көріп өскен бала ертең де соны істейді, жаман болмайды деп ойлаймын.




"Жалақымның жиырма пайызын беріп отырамын"


Асыл арна: Сізді жасырын жақсылықты көп жасайды деп естиміз. Қаншалықты рас? Және сіз үшін ең жақсы қайырымдылық қайсы?


Ердос Қанаев: - Жалпы садақаның екі түрі болады ғой. Бірі - жария, екіншісі - жасырын. Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін деген. Жасырын садақа жеткілікті, Аллаға шүкір. Қазіргі қоғам үшін жария садақа да керек екен. Өйткені, қаншама міскіндер, қаншама мұқтаждар бар, ақша таппай отырған аурулар бар, ешкімі жоқ қарттарымыз бар, ата-анасыз жетімдеріміз бар, осының бәрін жиі ойлаймын. Шамам жеткенше садақа беріп отырам. Мысалы, бір айда түскен қаржының жиырма пайызын міскін-мұқтаждарға беруді өзіме арнайы міндеттеп алғам. Мен үшін ең үлкен садақа - бұл отбасыма берген садақам. Яғни, ер адам азанда Аллаға тәуекел етіп шығып, кешкісін табыс әкелсе, бұл отбасыға берілген садақа болып есептеледі екен. Одан кейінгі орында ағайын-туыстар тұру керек.Бірақ, ағайын-туыстарымның ішінде, Аллаға шүкір, мұқтаждық жоқ болғандықтан, қоғамдағы мұқтаж жандарға көмек етеміз. 


Асыл арна: Абай атамыз: «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» дейді. Өзіне есеп беріп отыратын адамдар қатарындасыз ба?


Ердос Қанаев: - Мен де «Бүгін Алланың разылығы үшін не істедім?», «Не бітірдім?», «Ақыретіме нендей азық жинадым?» деп өз-өзіме сұрақ қойып отырамын. Пенде болғасын, кейде жұмыстан шаршап келесің, ештеңе ойлауға шамаң келмей жататын сәттер де болады, оның жасыратын ештеңесі жоқ. Бірақ көбіне осы нәрсені ойлап жүрем. Омар (оған Алла разы болсын) айтады ғой «Сенен есеп алмай тұрып, өз-өзіңе есеп бер» деп. Сол сияқты, өзіме есеп берген сайын есебім жеңілдеп жатқандай көрінеді.




Асыл арна: Адам бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?


Ердос Қанаев: Адам бойындағы өміріне де, ақыретіне де керекті қасиет - кішіпейілділік. Кішіпейіл адамдарды ерекше құрметтеймін. Жақында ғана осы туралы әлеуметтік парақшамда жазған едім. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ кейбір кісілер болады, амандасып жатсаң, басқа кісілермен сөйлесіп тұрып қол бере салады немесе берген қолының жартысын зорға ұстап жатасың. Сондай сәттерде біздің қоғамға кішіпейілділік деген үлкен қасиеттің жетіспей жатқанын түсінем. Ал кішіпейіл болу әр адамның қолынан келетін нәрсе деп ойлаймын. Осы қасиетті мықтап ұстап алса, қалғандары өзі-ақ жәймендеп келе берер еді.


Асыл арна: Сөзіңіз аузыңызда, әлеуметтік желі деп жатсыз ғой. Осы әлеуметтік желіні қалай тиімді пайдаланасыз?


Ердос Қанаев: - Әлеуметтік желіге бұрын мүлде қызықпаушы ем, қазір жиі пайдаланушылардың бірімін. Бұл өнер адамдары үшін жарнаманың ошағы болды ғой. Әнші болған соң, жаңадан шыққан әндер болады, оны бөлісіп отыру керек дегендей... Былайша айтқанда мұның зиян жақтары да, пайдалы жақтары да бар. Жақсылыққа қолдана білсеңіз сауабын аласыз. Өз басым, инстаграм желісінде ғана отырамын. Алғаш иманға келгенім сияқты, инстаграм парақшасына алғаш тіркелген кезімде діни әңгімелерді жиі салып жүрдім. Дегенмен, халық алдында әнші ретінде танылып жүрген соң, оны дұрыс түсінетіні бар, түсінбейтіні бар, талай жағымды-жағымсыз пікірлер келіп жатты. Халық әнші деп танығасын, соған сай әрекет ету керек екен. Ара-арасында істеп жүрген әрекеттеріме лайықтап ғибратты нәрселер жазып қоюға тырысам. Мысалы, бір ретінде анаммен түскен суретімді салып, астына «Анам - менің Жәннәтім» деген сынды сөздер жазып қойған ем, халық оны жақсы жағынан қабылдап, кей кісілер «Анам тірі болғанда мен де осылай қамқорлығыма алар ем», «Аға, Алла разы болсын сізге!» деген сынды ыстық лебіздерін білдіріп жатты. Жалпы айтқанда, қазір ашық түрде емес, кішігірім амалдармен ғана осылай түсіндіруге тырысамыз.


"Мені танымаса да кешірім сұраймын"


Асыл арна: Кешірім сұрай білу де өнер! Өз қатеңді мойындау да бір ерлік!Мойындай білесіз бе?


Ердос Қанаев: - Пенде болғасын, кейде әңгіме айтып отырамыз да, пікір білдіреміз деп, өзгелерге тіл тигізіп қалып жатамыз. Сондай кездерде ғайбаттап қоймадым ба деп қорқам. Әлгі кісінің алдында өзімді кінәлі сезініп жүрем. Ол кісі мені білмеуі де, менің солай айтып жатқанымды естімеуі де мүмкін. Бірақ мен сол сөзім, сол ісім үшін алдына барып, осындай нәрсе айтып қалып ем, ғайбат болып қалмаса екен деп бір ауыз кешірім сұраймын. Ол кісі риза болып, рахметін айтып жатады. Яғни, кешірім сұрай білу - жәннәттың бір қақпасы сияқты. 

Асыл арна: Алға қойған айқын мақсат пен анық межеңіз қандай?

Ердос Қанаев: - Аллаға шүкір, мақсаттар көп. Соның бірі - әншілік өнер.  «Жігіттер» квартетінің халық алдында жүргеніне биыл 15 жыл толып отыр. Қазір үлкен дайындық үстіндеміз. Бұйыртса, желтоқсан айында халық алдында есеп берсек, 15 жылдық мерейтойымызды атап өтсек деген ниетіміз бар. Ал жеке өзімнің айқын мақсатым - балаларымның тәрбиесі. Осылар еліне, дініне, ата-анасына, әсіресе халқына қызмет қылатын ізгі ұрпақтардан болса деп дұға етем. Алдағы уақыттағы бар күш-жігерімді, уақытымды балаларыма арнасам деймін. Абай атамыз «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылып, шен алсын деп бермедім» дейді ғой. Менің де мақсатым - балаларымды екі өміріне азық боларлық біліммен қауыштыру, соған жөн сілтеу.



"Қайда баратынымыз жұмбақ"

Асыл арна: «Қайдан келдім? Қайда кетемін?» деген сұрақтарға ойланып көрдіңіз бе? Адам жүрегі тыныштық табуы үшін не қажет деп ойлайсыз?


Ердос Қанаев: - «Қайдан келдім? Қайда кетемін?» деген сұрақ мен үшін өте қорқынышты сұрақтардың бірі. Алла Тағала бізді бір тамшы судан жаратты. Ол анық. Құранда да жазылды. Хадисте де айтылды. Ал енді қайда баратынымыз тек қана Аллаға мәлім. Біздің ең соңғы табан тірер жеріміз не Жәннат, не Тозақ. Сондықтан Алладан жәннат үшін дұға етеміз. Адамның ақылы жетпейтін деңгейдегі, тек разы болған құлдарына ғана нәсіп қылатын Алланың мекенінен үміт ету, соған жету - бәріміздің мақсатымыз. Сол жолда амал етуге тырысып жатырмын. Ал енді адамның жүрегі не нәрседен тыныштық табады десек, бұған жауап Құранда ап-анық жазылып тұр.  Рағыд сүресінде «Жүректер Алланы еске алумен тыныштық табады» деген аят бар. 


Асыл арна: Алла сізге разы болсын, аға! Сөз соңында жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?


Ердос Қанаев: Ең бірінші орында жастарға ата-аналарыңызды тыңдаңыздар дер едім. Өйткені, қазіргі қоғамның бір «әттеген-айы» жастардың ата-анасына ден қоймауында, құлақ аспауында жатыр. Ата-ананың разылығын алмаған бала Алланың да разылығына ие бола алмайды. Ал Алланың разылығына ие болмаған баланың істеген ісінде береке болмайды. Береке болмаған соң, қажыған адам әлсіздікпен ішіп кетеді, не басқа да нашар жолдарға түсуі мүмкін. Сондықтан, ата-анадан алатын тәрбиенің маңызы зор. Екі қолыңызды бос қойып, екі құлағыңызды түріп тұрып ата-анаңыздың әр айтқан сөзі мен ақылына ден қоятын болсаңыз, ешқандай адам жаман болмайды. 

Асыл арна: Риясыз әңгімеңізге, арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет!


Сұхбаттасқан 

Үміт ҚОНЫСБЕК



ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер