Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

«ЕНЕСІ ТЕПКЕН ҚҰЛЫН»

Әдебиет


Бұл Алматы қаласы Абай атындағы МПУ-де болған оқиға. Университет ауласында екі жігіт соқтығысып қалады. Бірі – арғы беттен келген, оқуға жаңа түскен жас жігіт те, екіншісі – жоғарғы курста оқитын, ысылған, жергілікті жігіт. «Кешіріңіз» деп жүре берген балаң жігітті беделі бес жатақханаға белгілі «аға қораз» қолынан ұстап тоқтатады.

- Ей, тоқтай тұр! Сен не, көзің жоқ па?

- Кешіріңіз, байқамай қалдым.

- Байқамай қалдым? – Мырс еткен «старшак» ызбарлана тіл қатты. – Сен не мені танымайсың ба?

- Жоқ, танымаймын. Сіз кімсіз?

- Е-е, «танымаймын» де... Жақсы онда. Кешке танысайық жақсылап... Қай бөлмеде тұрасың?

- 23-ші бөлмеде, 2-ші жатақхана.

- Болды. Күт. Кешке барам.

- Жақсы. Келіңіз.

«Шынымен аңқау ма? Әлде өтірік монтансыған түрі ма?.. «Қытайлықтырың» қу болады-ей... Кешке сазайыңды берермін бәлем!..» 

«Қызық жігіт екен. «Кешке танысамыз» дейді. Қазір таныса салмай ма?.. Бұл жақтағылар қызық өзі...»

Содан кеш батады. Есік тықылдайды. Барып, ашса, бағанағы «қызық жігіт» екі-үш жолдасымен келіпті.

- О, келіңіздер. Жоғары шығыңыздар!

- Келдік. Кел, танысайық.

- Менің атым... – деп қолын соза бергені сол еді, әлгі әккі жылдамдықпен мұның созған қолын тарта бере, екінші қолымен іштен періп кеп жібергені. Бүктетіліп түсті. 

- Қазір бұдан да жақсырақ танысамыз! – Мысқылдай күлген «старшак» бұған жақындай берді. «Қытайлық» бірдеме деген-ді. – Не дедің? Естілмей қалды, не дедің? Қаттырақ айтшы!

- Жақындап кеп, төне түскен «жергілікті» өз құлағына сенбегендей аңырып қалды.

- Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды! Өз бауырымсың ғой...

- А-а?! – Мұндай жауапты күтпеген «жергіліктінің» тұла бойын қызу жалын шарпып өткен-ді! – Бауырым?!.. Айналайын, бауырым-ай, кешірші мені!..

Жерде жатқан бауырын қапсыра көтеріп алды да, төсектің үстіне әкеп отырғызды!..

P.S: «Содан бастап екеуі айырылмас дос болып кетті» дейді көрген жігіттер...

Алғадай Әбілғазыұлы 

«Қасиетпен қауышу» кітабынан.

27.02.17


ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер