Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ДЕМ САЛУДЫҢ 7 ТҮРІ

Медицина


1. Адамның өз-өзіне дем салуы. 

Кез келген ауырған адам алдымен өз-өзіне дем салып, кейін дәрігердің көмегіне жүгінуіне болады. Ол үшін науқас ауырып тұрған жерге қолын қойып Құранның анасы болған «Фатиха» сүресін жеті рет оқуы керек. Сонымен бірге, суға, балға «Фатиха» сүресін 7 рет оқып, үрлеп, кейін ішуіне де болады. Бұдан бөлек, ауырған жеріне қолын қойып, «Иә, Алла, адамдардың Раббысы,  кеселдерді кетіруші, сауықтыр! Сен – Шипагерсің, Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ, бұдан кейін ауру қалмайтындай сауықтыр!» /Аллаһумма, Раббан-нәәси, музһибәл-бә'си, ишфи Әнтәш-Шәәфи, лә шәәфиә иллә Әнта шифәә'ән лә юғадиру сақаман!/- деген дұғаны оқыса да, Алланың қалауымен дертіне шипа табады.   

2. Саусақтың ұшын пайдалана отырып дем салу. 

Яғни, дұға оқып отырып, науқастың ауырған жеріне топырақ жағу арқылы дем салу.  Айша анамыздан (оған Алла разы болсын)  жеткен хадисте: Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте науқасқа: «Бисмилләһ! Турбәту ардина, бириқати баъдина, йушфа сақимунә, би-изни Раббина» (Алланың есімімен! Біздің топырағымыз біреуіміздің түкірігімізбен, науқасымызға Раббымыздың рұқсатымен шипа болады!) - деп айтатыныны жеткізілген. (Бұхари).  Яғни Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сөздерді айта отырып, сұқ саусағын түкіріктеп, топыраққа тигізіп, пайда болған лай топырақты ауырған жерге жағатын болған.   

3. Науқастың ауырған жерін қолмен уқалап отырып дем салу. 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біреу ауырып қалса, оның ауырған жерін оң қолымен уқалап отырып: «Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс, бийәдикәш-шифәә, лә кәшифә ләһу иллә Әнтә. Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа Сенің қолыңда, Сенен өзге оны кетіруші жоқ", - деген сөзбен дем салатын. (Муслим)   

4. Ер адамның өз отбасына дем салуы. 

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біреуіміз ауырсақ, оны оң қолымен сипап: "Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс, уәшфи Әнтәш-Шәфи, лә шифәә иллә шифәәукә, шифәән лә йуғадиру сақаман! Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа бер, Сен – Шипа берушісің, Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ауруды қалдырмайтындай шипа бер" деп айтатын», - деген. Сонымен бірге Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс, бийәдикәш-шифәә, лә кәшифә ләһу иллә Әнтә. Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа Сенің қолыңда, Сенен өзге оны кетіруші жоқ", - деген сөзбен де дем салатын. (Муслим)   

5. Балаға дем салу. 

Баланың басын не ауырған жерін ұстап отырып төмендегі сүрелер мен дұғаларды оқисыз және әр сүре аяқталған кезде балаға сүф деп үрлейсіз: 

1. «Фатиxа» сүресін 7 рет оқу; 

2. Аятул Курсиді («Бақара» сүресі, 255-аят) 3 рет оқу; 

3. «Кәфирун» сүресін 1 рет  оқу; 

4. «Ықылас» сүресін 3 рет оқу; 

5. «Фәләқ» сүресін 3 рет оқу; 

6. «Нас» сүресін 3 рет оқу. 

Кейін мына дұғаларды оқыса болады: 

1)    «Әъузу би кәлимәәтилләәһит- тәәммәһ, мин кулли шайтанин уә һәәммәһ, уә мин кулли ъайнин ләммәһ. Мағынасы: Әрбір шайтаннан және улы жәндіктерден, сондай-ақ, әрбір сұқ көзден Алланың кәміл сөздерімен пана сұраймын. 

2)    Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс, уәшфи, Әнтәш-Шәфи, лә шифә’ә иллә шифә’укә, шифә’ән лә йуғадиру сақама(н). Мағынасы: Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа бер, Сен – Шипа берушісің, Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ауруды қалдырмайтындай шипа бер! 

3)     «Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс, бийәдикәш-шифәә, лә кәшифә ләһу иллә Әнтә Мағынасы: Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа Сенің қолыңда, Сенен өзге оны кетіруші жоқ.   

6. Көз тиюге қарсы дем салу. 

Айша (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған көз тиюге қарсы дем салдыруымды бұйыратын», – деп айтқан (Муслим). Жәбир ибн Абдуллаһтан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хазмның отбасына жылан(шаққанға) қарсы дем салуға рұқсат етті. Сондай-ақ ол (бірде) Әсмә бинт Ғұмайстен: «Неге мен бауырымның балаларының денелері арық екенін көремін, олар ауырып жүр ме?» – деп (сұрады). Ол: «Жоқ, бірақ оларға көз тиіп жүр», – деді. (Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Оларға дем салдыр», – деді», – деп айтқан. Мұнда Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көкесінің ұлы Жағфар ибн Әбу Талибтің (оған Алла разы болсын) балалары туралы айтқан.   (Әсмә бинт Ғұмайс): «Мен (балаларымды Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көрсеткен едім, ол: «Бұларға дем салдыр», – деп айтты», – деген ( Муслим).   Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайы Умму Сәләмәдан (оған Алла разы болсын). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Умму Сәләмәның үйінде бір қыздың бетінен теңбіл дақ көріп: «Бұған көз тиіпті, дем салдырыңдар», – деген. Яғни ол (қыздың) бетінде сарғыш реңк бар еді (Муслим).   

7. Сиқырдан дем салу. 

Арамызда «дуалау», «сиқырлау», «магия», «көз байлау» сияқты сөздерді құлағы шалмаған адам жоқ шығар. Дегенмен, бұл ұғымның мағынасы мен астарында қандай құпия жатқанын біле бермейміз. Сиқыр - адамды біреуге ессіз ғашық ету үшін немесе ерлі-зайыптыларды ажырату, тіпті, кісінің жолын жауып, бизнесін тартып алуға әрі өзін өлтіру мақсатында жасалуы мүмкін.   Араб тілінен тікелей аударғанда «сиқыр» (cихp) сөзі – заттың ақиқи болмысының өзгеруі дегенді білдіреді. Ал дінімізде бұл ұғым сиқыршы (магия, дуамен айналысушы) мен жын-шайтандар арасында болатын одақ деп  түсіндіріледі.  «Дуа» сөзі негізі араб тілінен аударғанда Алладан дұға ету, жалбарыну, Алланың жәрдеміне жүгіну деген мағынадан туады. Ал сиқыр – жын-шайтанның көмегіне жүгіну. Жоғарыдағы іс-амалдарды  Аллаға емес, жын-шайтанға арнау. Бірақ, өкінішке орай, дуа сөзі қазіргі қоғамда дұға сөзінің антонимі, яғни сиқыр (адамның көзін байлау) мағынасын беретін сөз ретінде қолданысқа еніп кетті.     

Сиқыр мына екі көріністе жүзеге асады:   

1)    Сиқыр немесе магия (дуа) жасаушы, ақыға біреуге дуа жасатуға келген кісінің өтініші бойынша өзі тыйым салынған рәсімдерді жасап, күнә істейді.  Көп жағдайда Аллаға серік қосып, күнәнің ең ауырына бас ұрады. Сиқыр жасатуға келген адамға да  күнә істетеді. 

2)    Осыдан кейін шайтан оның талаптарын орындау жолында қызмет етеді. Себебі, Алла Құранда келтіргендей, шайтанның  негізгі мақсаты – адамды тозаққа алып кету. Сиқыршы имансыз болған сайын жындардан болған шайтан оның айтқандарын бұлжытпай орындайды. Сондай-ақ, магиямен айналысушы тәуіптің сиқырының күші оның имансыздығы тереңдеген сайын арта түседі.  Сиқыршы егер істеп жүрген ауыр күнәсін тоқтатса, олар да бағынудан бас тартады.  

Сиқыршының жүзіне үңілген адам оның  өте ұсқынсыз әрі нұрсыз екенін аңғарады. Ол жарымен, балаларымен қатынаста бақытсыз, жалғыз қалғанда тыныштық таба алмайды. Дұрыс ұйықтай алмайды, қорқынышты түстер көріп оянады. Өйткені, Аса Ұлы Раббымыз: « Ал кім Менің еске салуымнан (Құраннан) теріс бұрылса, оған тар өмір болады» деп ескерткен. («Та һа» сүресі, 124-аят)      

Сөз соңында сырқаттанған, сиқырланған не көз тиген адамға оқылатын шипа аяттарын (РУҚИИЯ) назарларыңызға ұсынамыз: 

1. «Фатиха» сүресі; (7рет) 

2. «Бақара» сүресінің 1-5 аяттары; 

3. «Бақара» сүресі, 163-165 аяттар; 

4. «Аятул-Курсі» («Бақара» сүресі, 255-аят); 3 рет 

5. «Бақара» сүресі, 284-286-аяттар; 

6. «Әли Имран» сүресінің 1-5 –аяттары; 

7. «Әли Имран» сүресінің 18-аяты; 

8. «Әли Имран» сүресі, 26, 27-аяттар; 

9. «Аъраф» сүресі, 54, 55, 56-аяттар; 

10. «Аъраф» сүресі, 117, 118, 119-аяттар; 

11. «Юнус» сүресі, 79, 80, 81, 82 –аяттар; 

12. «Та һа» сүресінің 65, 66, 67, 68, 69-аяттары; 

13. «Му’минун» сүресі, 115, 116, 117, 118-аяттар; 

14. «Хашр» сүресінің 21, 22, 23, 24-аяттары; 

15. «Саффат» сүресі, 1-5-аяттар; 

16. «Рахман» сүресі, 31, 32, 33, 34-аяттар; 

17. «Мүлк» сүресінің 3, 4-аяттары; 

18. «Қалам» сүресі, 51, 52-аяттар; 

19. «Жын» сүресі, 3-аят 

20. «Кәфирун» сүресі; (1 рет) 

21. «Ықылас» сүресі; (3 рет) 

22. «Фәлақ» сүресі; (3 рет) 

23. «Нас» сүресі. (3 рет) 

Қашқанның да, қуғанның да, әлсіздің де, күштінің де, зұлымның да, ізгінің де Раббысы болған, барлық нәрсеге күш-құдіреті жетуші Алла Тағаладан пана сұраймыз! Өйткені, Ол қаламаса, күллі әлем жиылып келсе де, бізге ешкім зиян тигізе алмайды. Ал егер, ол бізді бір жамандыққа ұрындырса, оны Одан өзге ешкім кетіре алмайды. Мейірімді Жаратушы тілі зікірден құрғамайтын, иманы мығым, тәуекелі тастай құлдардың қатарынан болуымызды нәсіп етсін!

ПІКІР (1)

Айдана
2019-04-03 17:00:43

Калай сактап алсам болады дал казир тамагым ауырып жур еди

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер