Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Дәреттің пайдасы

Мақалалар

 

Әдетте екі дүние игілігін уысымызға түсіріп, Раббымыздың разылығына жеткізетін, күнәларымыздың кешірілуіне себеп болып, мәңгілік рахат бақтарына  кіргізетін амалдарға үлкен күш-қайрат, көп уақыт, биік ұмтылыс қажет деп ойлап жатамыз. Алайда, теңдессіз, шүбәсіз, пәк діннің иесі болған Алла Тағала:  «Алла сендерге жеңілдік қалайды, Ол сендерге қиыншылық қаламайды» деген екен («Бақара» сүресі, 185-аят). Сөйткен Жаратушы жомарттық пен мейірбандық танытып, Өзінің ең ұлы сыйына жеткізетін оңай жолдарды көрсетіп берді. Соның бірі – дәрет алу. Дәрет алуға көп уақыт та, күшті те керек емес. Есесіне, ол сергектік тарту етеді, көңіл-күйді көтереді, тәннің тазалығын қамтамасыз етеді. Бәрін айт та, бірін айт тәннің әрбір мүшесі жасаған күнәларды жуып-шайып, Жәннаттың сегіз қақпасын ашып береді. Қалай дейсіз бе?! Төмендегі дәрет алушыға арналған сүйіншілер топтамасына көз жүгіртсеңіз, бәрін де түсінесіз.

 

Дәрет дәрежелерді көтереді

«Адамның жамағатпен оқыған намазы, үйінде, не базарда оқыған намазынан жиырма есе дәреже жоғары. Өйткені мұсылмандардың кез келгені, дұрыстап дәрет алса, ал одан кейін мешітке тек қана намаз оқу ниетімен ғана, одан басқа ешбір ниетпен келмеген болса, онда ол мешітке кіргенге дейінгі әр қадамы үшін міндетті түрде бір дәреже көтеріледі және одан кішігірім бір күнәдан түсіп отырады. Ол мешітке кіргеннен кейін, егер де ол онда тек қана намаз үшін қалса, онда ол сол жердегі болған барлық уақытында намаз үстінде болған болып есептеледі (ол кісі намаз оқымаса да, намаз күткені үшін) және періштелер, намаз орнында болған кез-келгенің үшін былай: “Я, Алла оған рахым көрсет, я, Алла, кешір оны, я, Алла оның тәубесін қабыл ал!", – деп жалбарынады және бұл жағдай, ол үшін, сол жерде ешкімді ренжітпегенше және дәреті бұзлмағанша жалғасады» (Бұхари, Муслим).

Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізеді: «Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардан: «Сендерге Алла не арқылы кішігірім күнәләрді кешіріп, дәрежелерді көтеретінін (Жәннатт) айтайын ба?», – деп сұрады. Олар: «Әрине, уа, Алланың Елшісі!», – деді. Сонда ол: «Бұл – кейбір ыңғайсыздықтарға (суық су секілді) қарамай дәретті толық алу, Мешітке қарай жасалған көптеген қадамдар және намаздан кейін келесі намазды күту және бұл сендер үшін – рибат (яғни нәпсіңе қарсы күрес)», –деді. (Муслим)

 

Дәрет анаңнан жаңа туылғандай кіші күнәларыңды төгеді

 Әмр бин Абас (оған Алла разы болсын) баяндайды:  «...Одан кейін мен: «Я, Алланың Елшісі, маған дәрет жайлы айтып берші», – деп сұрадым. Ол: “Егер сендерден біреулерің дәрет алуға су дайындап, одан кейін аузын және мұрнын шайса, онда оның бетінен, аузынан және мұрнынан оның жасаған кішігірім күнәләрі түседі. Ал одан кейін ол Алла әмір еткендей бетін жуса, онда сумен бірге оның сақалының ұштарынан міндетті түрде бетінің кішігірім күнәләрі түседі (бұл жерде көздің жасаған күнәләрінің түсуі жайлы айтылып тұр). Ал одан кейін ол қолдарын шынтақтарына дейін жуса, онда оның саусақтарының ұштарынан міндетті түрде оның қолының кішігірім күнәләрі түседі. Ал одан кейін ол басын сүртсе, онда шашының ұштарынан міндетті түрде оның басының кішігірім күнәләрі түседі. Ал одан кейін аяқтарын қызыл асықтарына дейін жуса, онда  аяқтарының саусақтарының ұшынан міндетті түрде кішігірім күнәләрі түседі. Егер де осыдан кейін Аллаға  лайықты түрде, Оған мақтау айтып, Оны мәртебелеп, Оны дәріптеп, жүрегін Алла Тағаладан басқаның бәрінен тазартып (яғни, Алла Тағаладан басқа ешнәрсе ойламай) намаз оқыса, онда анасынан жаңа туған баладай, (кішігірім) күнәләрінен арылады».

Әмр бин Абас бұл хадисті сахабалардың бірі Әбу Умамаға (оған Алла разы болсын) жеткізгенде, Әбу Умама оған: «Я, Әмр бин Абас, сен мына бір жеріңде не айтып жатқаныңа қара: шынымен-ақ соны жасаған адамға (кешірілу) бұйырады ма?!», – деді. Жауап ретінде Әмр: «Иә, Әбу Умама, мен қартайып сүйектерім тозып жіңішкерді және маған өмір сүруге көп уақыт қалған жоқ, сондықтан мен Алла пен Алланың Елшісіне жала жауып өтірік айтуға мұқтаж емеспін! Егер мен бұл айтқанымда Алланың Елшісінің өзінен бір рет, не екі рет, не үш рет…», – деп жетіге дейін жетті де – «естімесем, онда мен бұл сөздерді қайталамас едім, бірақ мен бұл сөздерді жеті реттен көп естідім!», – деді (Муслим).

Осман  Аффаннан (оған Алла разы болсын): «Бірде мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тура осылай мен дәрет алғандай дәрет алғанын көрдім, сонда ол (дәрет алып болған соң): «Кімде-кім осылай дәрет алатын болса, оның өткен күнәләрі кешіріледі (яғни, кішігірім күнәләрі кешіріледі), ал оның намазы мен мешітке барғанына қосымша сауап табады» дегенін естідім» (Муслим).

Кірпігіңнен, құлағыңнан, тіпті аяғыңның тырнағының астынан күнәларыңның төгілгенін қалайсың ба? Онда дәрет ал.

Абдуллаһ ибн әс-Сунабихиден (оған Алла разы болсын): «Егер мүмін пенде дәрет алып, аузын шайса, күнәлары аузынан шығады. Егер сіңбірсе, күнәлар мұрнынан шығады. Егер бетін жуса, күнәлары бетінен, тіпті, көзінің кірпіктерінің ішкі астарынан шығады. Егер екі қолын жуса, күнәлар қолдарының, тіпті, қолының тырнақтарының астынан шығады. Егер басына мәсіх тартса, күнәлар басынан, тіпті, екі құлағынан шығады. Екі аяқтарын жуса, күнәлар аяқтарынан, тіпті, аяқтарының тырнақтарының астынан шығады. Сосын оның мешітке баруы мен намазы ол үшін нәпіл болады».

 

Дәрет ашуды сөндіреді

«Расында, ашу – шайтаннан, ал шайтан оттан жаратылған, отты сумен өшірмей ме, сондықтан, егер де араларыңызда біреуіңіз ашуланса, дәрет алсын» (Ахмад).

 

Дәрет алушының  маңдайы, аяқ-қолы жарқырайды

Нұғайм ибн Абдуллаһ әл-Мужмирден (оған Алла разы болсын): «Мен Әбу Һурайраның (оған Алла разы болсын) дәрет алып жатқанын көрдім. Ол жақсылап бетін жуды, сосын оң қолын қарына жеткізе жуды, сосын сол қолын дәл солай жуды, одан соң басына мәсіх тартты, сосын оң аяғын балтырына жеткізе жуды да, артынша сол аяғын балтырына жеткізе жуды. Сөйтіп: «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осылай дәрет алып жатқанын көрдім», – деді. Сондай-ақ ол: «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Толық дәрет алғандықтарың себепті Қиямет күні сендердің маңдайларыңнан ақ нұр әрі аяқ-қолдарыңнан да ақ нұр шашылатын болады. Ендеше, сендерден кімде-кімнің шамасы келсе, маңдайындағы ақ нұры мен аяқ-қолдарындағы ақ нұрын үлкейте түссін», – деді», деп айтты», – деген (Муслим). Яғни Қиямет күні мұсылмандардың беті және қол-аяқтары толық дәрет алғандары себепті жарқырап, нұр шашып тұрады. Мұнда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) толық дәрет алу нәтижесінде пайда болатын нұрды арттыра түсуді бұйырған.

 

Дәрет алушыны Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Кәусарда күтеді

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын): (Бірде) қорымға келген Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге сәлем болсын, мүміндер қауымының мекені! Алла қаласа, біз де сендерге қосыламыз және мен бауырларымызды көруімізді қалаймын», – дейді. (Сахабалар): «Біз де сенің бауырларың емеспіз бе, уа, Алланың Елшісі?» – деп (сұрағанда, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер – менің сахабаларымсыңдар, ал біздің бауырларымыз әлі (дүниеге) келген жоқ», – деп айтқан (олар өзінің әрі бауырлары, әрі сахабалары болып табылатынын, ал басқа мұсылмандардың оған тек бауырлары болып табылатынын нұсқаған). Олар: «Сен үмбетіңнен әлі (дүниеге) келмегендерді қалай танисың, уа, Алланың Елшісі?» – деп (сұрағанда), ол: «Қалай қарайсыңдар, кісінің бір түсті қара жылқылар арасында ақ қасқалы, ақ аяқты арғымақтары болса, ол өз арғымақтарын тани ма?» – деп (қарсы сұрақ қойған). Олар: «Әрине, уа, Алланың Елшісі!» – дейді. (Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)): «Олар да дәрет алғандықтары себепті маңдайларынан ақ нұр әрі аяқ-қолдарынан да ақ нұр шашылған күйлерінде келеді. Мен хауызға (Кәусар деп аталатын хауызы. Оның суынан Қиямет күні мүміндер шөлдерін қандырады) олардан бұрын келемін...» деген (Муслим).

 

Әшекейлерің дәрет алған жерлеріңді жабады

Әбу Хазимнан (оған Алла разы болсын): «(Бірде) намазға дәрет алып жатқан Әбу Һурайраның артында тұрғанымда, ол қолын қолтығына жеткенше созды. Мен одан: «Ей, Әбу Һурайра! Бұл дәреттің қандай түрі?» – деп (сұраған едім), ол: «Ей, Фаррух әулеті! Сендер осындасыңдар ма? Сендердің осында екендеріңді білгенімде, бұлай дәрет алмас едім (Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) адамдар дәретте қолды қолтыққа дейін жуу міндетті нұсқаулардың бірі деп қабылдауларын қаламаған. Мен сүйікті досымның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «(Жәннатта) мүміннің әшекейі дәрет су жеткен жерлерге жетеді», – деп айтқанын естідім», – деп айтты», – деген (басқаша айтқанда, мұндай әшекейдің (жарқыраған ақ түс пен нұрдың) көлемі дәрет алу кезінде жуылған дене мүшелерін толық қамтиды).

 

Дәрет алушыға Жәннатың сегіз қақпасы ашылады

Ғұқба ибн Амирден (оған Алла разы болсын): «Бізге түйелерді бағу жүктелген еді. (Бірде) менің кезегім келді де, оларды кешке айдап әкелдім. Келсем, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түрегеп тұрған қалпында адамдарға сөйлеп тұр екен. Мен оның сөзінен: «Қайсыбір мұсылман жақсылап дәрет алса, сосын тұрып жүрегімен және жүзімен бұрыла (яғни, жан-тәнімен беріле) екі ракағат намаз оқыса, оған міндетті түрде Жәннат тиісті болады», – дегенін (естіп) үлгердім. Мен (мұны естіп): «Бұл қандай ғажап!» – дедім. Сонда алдымда тұрған біреу: «Мұның алдындағы (айтқаны) тіпті ғажап!» – деді. Қарасам, Омар екен. Ол: «Мен сенің жаңа ғана келгеніңді көрдім. (Осының алдында Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)): «Қайсыбірің кемеліне жеткізе (не толық) дәрет алып, сосын «Әшһәду әллә иләһә илләллаһ(у), уә әннә Мухаммадән абдуллаһи уә расулуһ(у) (Аллатан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед Алланың құлы әрі елшісі екеніне куәлік беремін)» деп айтса, оған міндетті түрде Жәннаттың сегіз қақпасы ашылып, ол бұлардың өзі қалағанынан кіреді», – деп айтты», – деді», деген (Муслим).

Бұл хадистің Тирмизи келтірген нұсқасында Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтқаны келтіріледі: «Я, Алла мені тәубеге келушелердің бірі және тазарушылардың бірі қыл. /Аллаһумма джаъальни мин ат-тауабина уә джаъальни мин аль-мутаттаһһарина/.

 

Дәрет шайтанға тойтарыс береді

«Сендерден кез келгенің ұйықтағанда шайтан оның желкесіне үш түйін түйіп, әр қайсысына: «Сенің түнің ұзақ болады, ұйықта!» деп түйген жеріне ұрады. Егер адам оянып, Алланы еске алса, онда бірінші түйін шешіледі. Ал егер дәрет алса, екінші түйін шешіледі. Ал егер намаз оқыса, онда үшінші түйіні шешіледі» (Бұхари).

«Қайсыбірің ұйқысынан оянса, қолын үш рет жумай тұрып, ыдысқа батырмасын. Өйткені ол қолының түнде қайда болғанын білмейді», «Сендерден біреу ұйқысынан тұрып дәрет алса, үш рет мұрнын қағып тастасын, өйткені шайтан түнді оның танауларында өткізеді» (Бұхари).

 Тіл ғалымдары хадистің арабша мәтініндегі «хайшум» (танау) сөзінің мағынасы жайында түрлі пікірлер айтқан. Біреулері «бұл – мұрынның кеңсірігі» десе, тағы біреулері «ол мұрынның өзін білдіреді» деп санаған. Бұл хадиске қатысты «шайтан, шынымен де, мұрынның кеңсірігінде түнеп шығады» деген пікір бар. Ал өзге бір пікірге сүйенсек, «бұл – бейнелі сөз, оның негізі түнде мұрынға сіңбірік жиналып, адамға қиындық тудырғаны үшін шайтан бұған қуанады» дегенге саяды.

 

Түнде тұрып дәрет алғанның жеңісі

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім түнде оянып: «Алла Тағаладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Бүкіл билік Оған тән әрі барлық мақтау-мадақ Оған ғана лайық. Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән, Алла пәк, Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ, Алла ұлы, Алла Тағаланың күш қуатынан асатан ешқандай күш-қуат жоқ» (Лә иләһа-иллә-лләһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу ләһул-мулку, уә ләһул-хамду, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир. Әл-хамду лиллаһ, субханаллаһ, уа ләә иләәһа илләллаһ, уаллаһу акбар, уа лә хаулә уа лә қууата иллә билләһ»,- деп Алладан кешірім сұраса яки, дұға қылса, дұғасы қабыл болады. Егер дәрет алып, намаз оқыса, намазы қабыл болады» (Бұхари).

 

Дәрет алып ұйықтағанның жейдесіне періште түнейді

«Кімде-кім дәрет алып ұйықтаса, оның жейдесіне періште түнейді. Және түнде оның: «Я, Алла пәлен деген құлыңды кешір, расында, ол дәретпен ұйықтады» демеген бірде-бір сағаты болмайды» («ас-Сильсиля ас-Сахиха» 2539)

 

Дәрет алып, қайтыс болған адамның жағдайы

Бара ибн Азибтан (оған Алла разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған: «Ұйқыға жатар болсаң, намазға дәрет алғаныңдай дәрет алып, сосын оң жағыңмен жат та: «Уа, Алла! Жүзімді Саған бағыштадым, ісімді Өзіңе тапсырдым және (сауабыңды) үміт етіп әрі (азабыңнан) қорқып арқамды Саған сүйедім. Өзіңнен басқа сенен паналар, қашып құтылар мекен жоқ. Уа, Алла! Түсірген кітабың мен жіберген пайғамбарыңа иман келтірдім» (Аллаһуммә, инни әсләмту уәжһи иләйкә, уә фәууадту әмри иләйкә, уә әлжәту заһри иләйкә рағбәтән уә раһбәтән иләйкә. Лә мәлжә-ә уә лә мәнжә минкә иллә иләйкә! Аллаһуммә, әмәнту бикитәбикәл-ләзи әнзәлтә, уә бинәбийикәл-ләзи арсәлт) деп айт. Егер сол түні өлсең, туылғандағыңдай пәк қалпыңда боласың. Бұларды сөздеріңнің соңғысы ет» деп айтты» деген.

 

Дәрет – намаздың кілті, намаз – Жәннаттың кілті

«Тазалану – иманның жартысы, «әл-хамду лилләһ (барлық мақтау Аллаға тән)» (деген сөз) таразыны толтырады, «субханаллаһ, уәл-хамду лилләһ (Алла пәк және барлық мақтау Аллаға тән)» (деген сөз) аспандар мен жердің арасындағы (кеңістікті) толтырады. Намаз – нұр, садақа – дәлел, сабыр – жарық сәуле, Құран – сенің пайдаңа не саған қарсы құжат. Барлық адам таңертең (өз шаруаларына) аттанады және өз жанын сатып, оны құтқарады не опат етеді» (Муслим).

Муслимнің хадистер жинағында «тазалану» – дәрет алу, сондай-ақ ғұсыл құйыну немесе киімді, денені және орынды нәжістен тазарту мағынасында берілген болуы мүмкін делінген. Ал «мұндағы «иман» сөзі намазды білдіреді. Яғни тазаланудың сауабы намаз сауабының жартысын құрайды, өйткені тиісті тазаланусыз оқылған намаз жарамсыз саналады» деп жазылған.

Дәреттің бойына жиналған осыншама сый мен сауапты білген жан бүгін міндетті түрде дәрет алуға асығады деп сенеміз. Ал күнделікті дәрет алып жүрген әпке-бауырларымыз дәретін аялап, әрбір рәсіміне ыждағаттылық танытып, Алланың разылығын үміт ететініне де күмән жоқ. Өйткені, осыншама жеңіл амалдың ұлы сауабынан мақұрым қалу нендей өкініш...

ПІКІР (24)

Гульмира

Ма ша Аллаһ жаксы жазылган,Аллаһ риза болсын сиздерге,билгенимизге караганда билмейтинимиз коп,сондыктан осындай макалалар кобейсе екен деп тилеймин. ....

Венера

Аллах разы болсын!

Гулбану

бызге осыншама ныгымет сыилаган Раббыма сансыз мадак

Галуа

Барлық мадақ Аллаға ғана тән!

Марат

Алла разы болсын

Нəзипа

Алла разы болсын!

Акан

Кушти окып шыктым АллА разы болсын. комтесе алсаныз жазып жибериндерши мен Намаз бастагым келип жур, соны калай бастасам болады?

Қалыбек

СубxанАллаһи уа ӘлxамдулилЛяһи Лә илләһә илләлләһу уа Алла акбар Лә xәулә уа лә қууатә иллә билляһ الله اكبٓرْ

Женискуль

Барлық мадақ Аллаға ғана тән! Алла разы болсын!

Ұлжан Серікхан

Аллах разы болсын

Гулжаухар

Ма ша Аллаh! Алла разы болсын!

Гулжаухар

Ма ша Аллаh! Алла разы болсын!

Гүлсара

Алла разы болсын

Гүлмайда

Керемет. Көп нәрсе білдім. Алла разы болсын

Гүлмаида

Керемет. Көп нәрсе білдім. Алла разы болсын

Меруерт Нурлан

Алла разы болсын!

қадыров Азамат

Whatsapp-қа қоссаңыздар...

майра

рахмет коп коп Алла разы болсын

Киясова Жанерке

Алла разы болсыын!Керемет жазылган)Коп комегин тигизди

Киясова Жанерке

Алла разы болсыын!Керемет жазылган)Коп комегин тигизди

Апа

МашааАлла, Алла разы болсын!

Әсел

Алла разы болсын !!!!

Бегалиева Сания

Оте пайдалы макала.

Гүлдана Əлібай

Аллаһ разы болсын!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер